Келер жылы Өзбекстан ТМҰ-ға мүше елдермен бірлесіп ғарышға спутник ұшырмақ
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бұл туралы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында «Өзбекғарыштың» аэроғарыштық қызмет және ғарыш мониторингі жүйелерін дамыту бөлімінің бастығы Мухиддин Ибрагимов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

- Бүгінде Өзбекстан 600 мыңнан 1 млн шаршы шақырымға дейінгі аумақты қамтитын спутник суреттерін өзі өңдей алады. Қазір біз жерді қашықтан зондтаумен айналысатын жерсеріктерді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін тиісті ұсыныстар әзірлеп жатырмыз және бірнеше елмен келіссөз бастадық, - деді Мухиддин Ибрагимов.
Сондай-ақ, спикер Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен бірлескен зерттеу жобасы қолға алынғанын атап өтті. Мухиддин Ибрагимовтің сөзінше, қазір ғылыми зерттеулер жүргізетін спутник құрастырылып жатыр. Жерсерікті жасауға «Өзбекғарыш» агенттігінің мамандары да жұмылдырылады.
- Қателеспесем, аталған спутникті 2026 жылы ғарышқа шығару жоспарланған. Айта кетейін, бұл жерсерік Өзбекстанның төл өнімі емес, біздің мамандар тек кейбір құрастыру жұмыстарына қатысады, - деп түйіндеді М.Ибрагимов.
Еске салайық, былтыр Өзбекстан ғарыш кеңістігін зерттеуге бағытталған халықаралық шартқа қосылған еді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласындағы серіктестікті нығайтуға ниетті.