Келер жылы салық түсімі толық жинала ма
Егер бизнестің даму қарқыны төмендейтін болса, салық түсімдерінің қажетті көлемі қалай қамтамасыз етіледі? Қосылған құн салығы бюджетке салық түсімдері мәселесін шешуге қаншалықты көмектеседі? Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палата отырысында 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңдарды қарау барысында осы және басқа да сұрақтарға жауап беруді талап етті, деп хабарлайды Kazinform.

Сенат төрағасы қараша айының басына жоспарланған 11 трлн теңге салықтың небәрі 9,6 трлн теңгесі жиналғанына назар аударды. Яғни, ол атап өткендей, 1,4 трлн теңге «минусқа» кетіп отырмыз.
«Биыл шамамен 14 триллион салық түсімі жоспарланған еді. Әрине, нақты көрсеткіш төмен болуы мүмкін. Осы жағдайда келесі жылға, 2024 жылдың бюджетіне біз шамамен 16 триллион теңге көлемінде салық түсімін саламыз. Яғни, бұл өте маңызды өсім болып отыр. Салықты әкімшілендіру салықтың бір бөлігін қамтамасыз етуге тиіс. Бірақ салық түсімдерін тағы қалай қамтамасыз ету жоспарланып отыр? Біздің ойымызша, сіздің жауабыңызда ол салықты көтеру арқылы болады. Қазір осы туралы айтылып отыр. Бірақ бюджетке салық түсімдері мәселесін шешуге қосылған құн салығының өсімі қаншалықты көмектеседі? Осыған байланысты сізде 2024 жылғы бюджетке 16 триллион теңге көлемінде салық түсімдерін қамтамасыз етуге байланысты қандай да бір пысықталған ұстанымдар бар ма? Бұл қалай қамтамасыз етіледі?» – деп сұрады Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегін Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биыл 14,6 трлн теңге жинау жоспарланғанын айтты.
«Дегенмен 13,2 трлн теңге толығымен салық түсімдерден жиналады және салық саласына жатпайтын түсімдерден қалған бөлігі жабылады... 2024 жылғы 16 трлн теңгеге тоқталсақ, бұл ретте экономиканың өсуімен байланыстырып отырмыз. Экономиканың барлық салалары өседі. Салық және кедендік әкімшілендіруден жылына кемінде 800 млрд теңгеге дейін алып отырмыз. Атап айтқанда, қосылған құн салығы келер жылы қабылданбайды. Себебі ол норма әлі де талқыланып жатыр. Сондықтан жаңа Салық кодексі аясында қарастырылып отыр, яғни 2025 жылдан бастап іске асырылмақ. Келер жылы салық түсімдерін толықтай қамтамасыз етеміз деген сенімдеміз», - деді Қаржы министрі.