Келер жылдан бастап Қазақстанда ел экономикасының дамуын айқындайтын 5-7 мемлекеттік бағдарлама болады - Премьер-Министр
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта әзірленіп жатқан 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның индустриялық-инновациялық тұрғыдан шапшаң даму бағдарламасы айтырлықтай жоғары дәрежеде пысықталғандығына тоқталған Үкімет басшысы: «Осы кезеңдер ішінде бізде құжаттар саны көп болды. Қаңтардың 1-інен бастап алдыңғы бағдарламалық құжаттардың барлығы жойылады. Бізде Мемлекет басшысы бекітетін бас-аяғы 5-7-ден көп емес құжат болады», деді. Премьер-Министр экономикамен байланысты дүниелердің барлығы сол құжаттарда көрініс табатынын атап көрсетті.
Үкімет басшысының айтуынша, сол кезеңде бас-аяғы 200-ден астам құжат жойылады. «Осылайша бәріне ұғыныңқы біртұтас жоспар болады. Еліміз сол жоспар арқылы ілгерілейді, ресурстар сол жоспардың шеңберінде бөлінеді», деді К. Мәсімов.