Келер жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы белгілі болды
Кастамону қаласындағы «Ататүрік» спорт кешенінде өткен мәдени шараға біздің елімізден бөлек, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан; Ресей федерациясынан: Башқұртстан, Қабардин-Балқар, Татарстан, Тува; сондай-ақ Гагаузия (Молдова), Сербия және Болгария елдерінің шығармашылық ұжымдары қатысты.
Айтулы шараға барлығы 250-ге жуық өнерпаз қатысып, Қазақстанды Ұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» атты шығармасымен елімізге танымал жас орындаушы Ayree таныстырды.
Одан бөлек, мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі өз өнерлерін ортаға салды. Шығармашылық ұжымның хореографиялық өнерінде қазақ халқының салт-дәстүрлері мен заманауилығы үйлесім тауып, көрсетілген өнердің ерекше бейнелі болуына әсерін тигізді.
Жабылу рәсімі барысында тұрақты кеңестің шешіміне сәйкес Түркі әлемінің 2019 жылғы мәдени астанасы Қырғызстанның Ош қаласы болып белгіленді. Сондай-ақ, аталған елдің өкілдеріне мәдени астананың туы мен нышаны табыс етілді.
Сонымен қатар, Кастамону қаласында ТҮРКСОЙ елдері Мәдениет министрлерінің 36-шы отырысы өтіп, оның шеңберінде үстіміздегі жылы жасалған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.
Айта кетсек, Түркі әлемінің мәдени астанасын таңдау - ТҮРІКСОЙ халықаралық ұйымының 2010 жылы ұсынған бастамасына сәйкес жүргізіледі. Қаланы түркі халықтарының мәдени орталығы етіп сайлау сол өңірдің дамуына назар аударуға мүмкіндік береді. 2012 жылы Астана қаласы - ең алғашқы мәдени астана болған еді. Бұл атақ түрлі кезеңдерде Эскишехир, Қазан, Мары, Шеки қалаларына берілді.
Еске салсақ, өткен жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы киелі Түркістан қаласы болып, оның аясында 40-қа жуық түрлі шаралар ұйымдастырылды.
Қазақстандық делегацияның Түркияға сапарын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.