Келер жылы 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігі жарық көреді - Үкімет отырысы

18 ғасырдан бергі Ресейде жарық көрген сөздіктерді шолып өткен министрдің айтуынша, олардың сөздік қоры 40 мыңнан 180 мыңға дейін өскен. Бұл орайда ол, олардың тілдік қорын байыту барысында халықаралық терминдік сөздерді аудармастан, сөздік қорларына қосқандығын айтады. Осыған орай, қазақ тілінің терминдік қорын қалыптастыру барысында, біздің де осы жолмен жүргеніміз оң болады деп пайымдайды.
Оның айтуынша, әлем тілдерінде еркін қолданылатын паспорт, музей, архив деген сөздерді орынды-орынсыз қазақшалаудың орнына, ағылшын тілдерінде, халықаралық тілдерде қолданылатын термин сөздерді батыл енгізіп, тілдік қорымызды жетілдіру керек.
«Ендеше қазақ тілінің терминдік қорын қалыптастыруда алдағы уақытта осы бағытты ұстануымыз қажет. Келесі жылы біз осы бағдарлама аясында 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігін шығаруды аяқтаймыз», - деді М.Құл-Мұхаммед.
Бұл орайда тіл білімі институтының қазіргі уақытта аталған еңбектің 12-13-ші томдарын әзірлеп жатқандығын айтқан министр, «келесі жылы үш томы жарық көретін болса, бірінші рет қазақ халқының тарихында 150 мың қазақ сөзі қамтылған 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігі жарық көреді. Бұл бәріміздің ана тіліміз, барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілінің әлемге ең бай тілдердің бірі екендігін соқырға таяқ ұстатқандай, тайға таңба басқандай дәлелдейтін болады», - деді.