Келесі жылдан бастап Алматыда тұрғын үйді басқару тарифі өзгереді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда тұрғын үйді күтіп-ұстауға арналған ең төменгі тарифті бекіту жоспарда.

Алматыда тарифтердің көтерілуіне байланысты өтемақы өседі
Фото: Kazinform

«2025 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін ұстауға жұмсалатын шығыстардың ең төменгі мөлшерін бекіту туралы» мәслихаттың шешімі әзірленді. Алматыда тұрғын үйді басқару және күтіп-ұстау бойынша шығыстардың ең төменгі мөлшері 1 шаршы метрге 40 теңге мөлшерінде бекітілсін», — делінген құжатта.

Тұрғын үйді басқару және күтіп-ұстау шығыстарына міндетті жалақы жарналары, банктік қызметтер, дератизация және дезинфекциялау жұмыстары және ортақ мүлікке қызмет көрсету кіреді.

«Бұрын ең төменгі тариф 1 шаршы метр үшін 25 теңге болды. Соңғы 14 жылда жылына орта есеппен 7 пайыз инфляцияны ескере отырып, жұмыс тобы тарифті қайта есептеді. 2023 жылдан бастап аулаларды күтіп ұстау жергілікті бюджеттен қаржыландырылатынын, ал күрделі жөндеу жұмыстары жеке жинақ шотынан жүргізілетінін ескеру қажет», — делінген негіздемеде.

Алматыда шамамен 9 мың көпқабатты тұрғын үй бар, олардың 5500-ден астамында тұрғын үйді күтіп-ұстауға арналған тариф 1 м² үшін 40 теңгеден төмен.

Жаңа тарифті бекіту Алматының тұрғын үй қорын басқару және күтіп-ұстау сапасын жақсартуға және қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға маңызды қадам болмақ.

Құжат 5 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылды. 

Осыған дейін Алматы қаласының ПИК қауымдастығы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару және күтіп ұстаудың минималды тарифін қайта қарауды ұсынған болатын. 

Соңғы жаңалықтар