Келесі жылы 40 мыңнан астам қазақстандық әскерге шақырылады
АСТАНА. KAZINFORM – Келер жылы мерзімді әскери міндетті өтеу жасындағы 41 706 Қазақстан азаматы отан алдындағы борышын өтеуге шақырылады.

Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және ҚР азаматтарын 2025 жылғы наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында кезекті мерзімді әскерге шақыру туралы Президент Жарлығын іске асыру барысында Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
- Облыстармен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне заңнамада белгіленген тәртіппен әскерге шақыру комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, оның ішінде 2025 жылғы наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға жатпайтын 18-27 жас аралығындағы 41 706 ер азаматты әскерге шақыру, әскерге шақыру пункттерін медициналық қамтамасыз ету тапсырылды, - делінген құжатта.
Сонымен қатар әскерге шақыру маусымына бірнеше құзырлы мемлекеттік органдар қатысады. Атап айтқанда Ішкі істер министрлігі әскерге шақырылушыларды жинау және жеткізуде полиция қызметкерлерінің күшейтілген кезекшілігін жүзеге асырады.
Көлік министрлігі запасқа шығарылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мен әскерге шақырылушыларды тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, Қорғаныс министрілігі, Ішкі істер министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігі мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды, сондай-ақ запасқа шығарылған әскери қызметшілерді тасымалдаушыларды республикалық бюджетте көзделген қаражат шоттары негізінде тасымалдауға арналған шығынды өтейді.
Құжат жобасы 2024 жылғы 13 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.
Айта кетсек, 2025 жылы 915 запастағы офицер әскери қызметке шақырылады.
Еске сала кетейік, енді елімізде әскерге шақыру, босату және әскери міндетті өтеуді кейінге қалдыру туралы хабарлама sms арқылы жеткізіледі.