Келесі жылы дәрі-дәрмек бағасы қымбаттай ма — ДСМ жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Болашақта 4 900-ден астам дәрі-дәрмек бағасын нарық реттеуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов айтты.

дәріхана
Фото: freepik.com

Үкімет отырысынан кейінгі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген ол дәрі-дәрмек бағасын көтеру немесе көтеруді жоспарлау министрліктің құзырына жатпайтындығын айтты. 

— Біз керісінше МӘМС пен ТМККК аясында сатып алынатын дәрілердің бағасын төмендетіп жатырмыз. Көптеген дәрінің бағасы 40 пайыз шамасында төмендеді. Бұл жұмысты ары қарай жалғастыруға мүдделіміз. Министрлік қазіргі уақытта 4 900-ден астам дәрі атауының бағасын реттеп отыр. Жалпы, бұл нарықтың ісі. Болашақта бұл дәрілердің бағасы нарықта реттелмеуі мүмкін. Өйткені, нарықты одан ары кеңейту үшін қажет. Ал, жалпы дәрігер ретінде айтарым, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» керек. Денсаулығымызға қарап, дұрыс тамақтануымыз қажет. Денемізді шынықтырып жүргеніміз дұрыс, — деді Тимур Мұратов.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов келесі жылы дәр-дәрмек қымбаттайды деген ақпарат жоқ екенін айтады.

— Дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргіземіз. Қазан айының қорытындысында халық жиі қолданатын 50 шақты дәрі-дәрмектің бағасы орташа есеппен 10-11 пайызға төмендегенін байқадық. Осы тенденция ары қарай жалғасады деп үміттенеміз. Сонымен қатар Naqty Onim мобильді қосымшасы қолданысқа енгізілген. Сол арқылы кез келген дәріханадан дәрі-дәрмек сатып алған кезде арнайы QR кодпен тексеруге болады. Қосымша дәрінің заңды жолмен келгенін, сонымен қатар шекті бағасын көрсетеді. Егер дәрі-дәрмек құны шекті бағадан жоғары болса, онда қосымша арқылы өтініш бере аласыздар. Біздің департамент тиісті шара қабылдайды, — деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде дәрі-дәрмектің өткір тапшылығы жоқ. 

Соңғы жаңалықтар