Келесі жылы елдегі 99 базар жаңғыртудан өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әділбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында келер жылы елдегі 99 базар жаңғыртылатынын айтты.

Орталық базар Центральный рынок
Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform

«Жыл басынан бері сауда базарларының жай-күйін бағалау еліміздің барлық өңірлеріне барып егжей-тегжей түгендеу жұмысы жүргізілді. Бұл жұмысты біз әкімдіктермен, мемлекеттік кірістер, төтенше жағдайлар, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау өкілдерімен бірлесіп жүргіздік. Өңірлік сапарлардың қорытындысы бойынша сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасын өзектендірдік. Осылайша, өзектендірілген 2024-2025 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес 115 базарды жаңғырту жоспарланған», - деді ол.

Комитет басшысының айтуныша, биыл 16 базарда жаңғырту жұмыстары аяқталуы керек. 

«Оның ішінде Алматыдағы «Сауран», «Сарыарқа», «Сауда кент», «Тигрохауд», «Кенжехан-1» және «Кенжехан 2» базарлары бар. Жыл соңына дейін Шымкент қаласында 3 базар, Алматы облысында 1, Жамбыл облысында 2, Қостанай және Ұлытау облыстарында 1 базар, Түркістан облысында 2 сауда базары жаңартылады. Ал келесі 2025 жылы 99 базарды жаңғырту жоспарланған», - деді Айдар Әділбеков.

Соңғы жаңалықтар