Келесі жылы Орталық Азия елдерінің Өңірлік экологиялық саммиті өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы Орталық Азия елдерінің Өңірлік экологиялық саммиті өтеді. Бұл туралы жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

Ерлан Нысанбаев
Фото: Үкімет

- 2026 жылы өңірдегі климат пен экология саласындағы өзекті мәселелер бойынша ортақ шешімдер қабылдау үшін Қазақстан Орталық Азия елдерінің Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді. Нәтижесі бойынша мемлекет басшыларының декларациясы мен 2026–2030 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасын қабылдау жоспарлануда, - деді Ерлан Нысанбаев.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бекітілгенін еске салды.

- Бастама аясында биыл өткізілген 1 250 экологиялық іс-шараға 6,4 млн-нан астам адам қатысты. Іс-шара аясында 795 мың тонна қалдық жиналып, 1 млн гектардан астам аумақ тазартылды, сондай-ақ 2,8 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Азаматтардың белсенділігін арттыру үшін @TazaQazBot чат-бот іске қосылды. Оған 25 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 23,6 мыңы орындалды. Ол кері байланыс құралы ретіндегі чаттың тиімділігін дәлелдеп отыр, - деді министр.

Айта кетейік, келесі жылы 5,4 млн гектар орман өртті ерте анықтау жүйесімен қамтылады.

Соңғы жаңалықтар