«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі қандай мүмкіндік береді
АСТАНА. KAZINFORM – «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі қашаннан бастап іске қосылады? Салымшылар ай сайын қанша қаражат аударуы керек? Жалпы, осы бағдарлама балаларға қандай мүмкіндік береді? Осы сұрақтарға Ғылым және жоғары білім министрлігі жауап берді.

Жүйенің мәні
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленіп, оны Қазақстан Республикасының Парламенті талқылады. Жақында Сенат «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысты заңды мақұлдады.
Жүйе бойынша Қазақстанда, шетелде кәсіптік-техникалық, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білімге ақы төлеу мақсатында қаражатты жинақтауға болады. Ағымдағы күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балалар үшін салымдарды екінші деңгейдегі банктерде және өмірді сақтандыру компанияларында ашу мүмкіндігі беріледі. Мұның тартымдылығын арттыру ретінде салымшыларға мемлекеттен жыл сайынғы сыйлықақы беру, инвестициялық кіріс алу (бастапқы білім беру капиталын (60 АЕК), жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы (5% және 7%), банктің сыйақысын немесе сақтандыру ұйымының инвестициялық кірісі (орта есеппен 12%) алады), салымға кепілдік беру, өндіріп алудан босатылу және оқу орнын таңдау бойынша шектеулердің болмауы мүмкіндіктері қаралған.
Жүйенің міндеті
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, «Келешек» жүйесі мемлекеттен бастапқы білім беру капиталын, мемлекеттік сыйлықақыны жыл сайын төлеуді, инвестициялық табысты ескеріп отыр. Бұл жинақтар «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында қалыптастырылған қаражатпен бірге балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді.
«Келешек» алдында үш негізгі міндет тұр:
- білімге қолжетімділікті кеңейту
- мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бір бірыңғай жүйеге шоғырландыру
- әрбір ата-ана баласының кішкентай кезінен бастап оқу траекториясын құра алатын жүйені құру.
Айта кету керек, «Келешек» - мемлекеттік қолдаудың қосымша шарасы және мемлекеттік гранттарды беруді алмастырмайды. Сонымен қатар, ол толығымен ерікті негізде болады.
- «Келешек» салымдары екінші деңгейдегі банктерде және өмірді сақтандыру компанияларында ашылады, онда мемлекеттен жыл сайынғы сыйлықақылар, инвестициялық табыс, салымдарға кепілдік беру, сондай-ақ өндіріп алудан қорғау қарастырылған. Бастапқы білім беру капиталы 5 жасар балаларға бюджеттен бір рет 60 АЕК мөлшерінде, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін – 120 АЕК мөлшерінде есептелетін болады, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

«Неліктен 5 жасар балалар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл тұрғыда 18 жасқа толғанға дейін 13 жыл ішінде отбасылық бюджетке айтарлықтай жүктеме салмай, білім алуға қаражат жинауға болады. Сонымен қатар, азаматтың қалауы бойынша бала 18 жасқа толғанда жинақталған соманы ұлғайту үшін «Келешекке» Ұлттық қордың ақшасын аудара алады.
Атап айтқанда, «Келешек» жүйесінің тұжырымдамасын әзірлеу кезінде инфляциялық және девальвациялық тәуекелдерге байланысты жинақтардың сақталуын және жүйенің тартымдылығын қамтамасыз ету мәселесі де қаралды.
Бұл ретте, егер бала білім беру ұйымына грантқа түссе, онда одан әрі ол жинақтауды жалғастыру, өз жинақтарын үшінші адамның пайдасына аудару, білім берудің басқа деңгейлерін алуға жіберу, тұрғын үй алуға игеру мүмкіндігін алады. Ал диплом алған жағдайда, барлық төлемдермен қосымша қаражат алу мүмкіндігі пайда болады.
Келешек шоттарын екінші деңгейдегі банктерде және балаларға арналған Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне (МБЖЖ) қатысушы сақтандыру компанияларында ашуға болады. Осыған байланысты ата-аналар осы шоттарды ашқаннан кейін, жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалар үшін 12 АЕК (ай сайын 1 АЕК-тен) және қалған балаларға 24 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна төлеуі тиіс.
Жүйенің артықшылықтары:
- ата-аналар мен мемлекет мүдделерінің симбиозы
- ата-аналар жинақтарының орташа көлемі 3 млн теңгені және одан да көп соманы құрайды
- ата-аналар мемлекет тарапынан жәрдемдесу арқылы болашақта өз балалары үшін білім алудың өзіндік стратегиясын құра алады
- білім беру шотында жинақталған қаражатты құнсызданудан қорғайды
- грант/диплом алған кезде жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға пайдалануға мүмкіндік береді.
Білім гранттарының саны азаймайды
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына қарағанда, қазіргі кезде мемлекеттік білім беру тапсырысы мектеп түлектерінің 40 пайыздан астамын грантпен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, 2020 жылдан бастап гранттар саны жыл сайын орта есеппен 10 пайызға ұлғайтылады.
- Дегенмен, белсенді демографиялық өсімге байланысты гранттардың бұл саны жеткіліксіз. «Келешек» жүйесі - мемлекеттік гранттарды бөлумен қатар іске асырылатын қосымша мемлекеттік шара екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, бұл жүйені толығымен ерікті түрде қолдана алады, - делінген Ғылым министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Келесі жылдары білім гранттарының саны артады. Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, сұранысы бар даярлау бағыттары, оның ішінде техникалық бағыттар бойынша жоғары білім алу үшін мемлекеттік білім беру гранттары санын ұлғайту (2029 жылға қарай кемінде 75 мың) ескерілген.
Ведомство мәліметінше, 2024-2025 оқу жылында білім беру гранттарының саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 5000 білім беру грантына көбейген.
— Бұл ретте, білім беру гранттарының санын көбейту бойынша тиісті жұмыстарды министрлік үздіксіз жалғастырады, — деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Ережелер 2025 жылы күшіне енеді
Биыл 12 желтоқсанда Сенатта мақұлданған заң аясында «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысты нормалар бекітілді. Осы орайда Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов 2025 жылдың басынан «Келешек» ережелері күшіне енетінін мәлім етті.
- Бұл заңға қол қойылғаннан кейін 60 күннің ішінде «Келешекке» қатысты нормалар күшіне енеді, яғни келесі жылға жоспарланып отыр. «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі осыған дейін іске қосылған мемлекеттік білім беру жүйесінің платформасында жүзеге асырылады. «Келешектің» ерекшеліктеріне тоқталсақ, оның жүйесінде алғашқы білім беру капиталы ескерілген. Бұған дейін осындай мүмкіндік болмаған. Енді есепшот ашылғаннан кейін, күнтізбелік жылда 5 жасқа толған балалардың (есепшоты барларға) барлығына мемлекет жағынан бастапқы білім беру капиталы құйылады. Оның сомасы барлық балаға мемлекеттен 60 АЕК көлемінде, ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 120 АЕК қарастырылған, - деді Т. Ешенқұлов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол кейіннен жоғары білім алуға талпынған жастарға «Келешек» жүйесі мен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жинақтарын пайдалануға қатысты түсінік берді.
- Негізі, «Келешек» білім алудың қосымша бағыты ретінде қаралып отыр. Мұнымен қоса, жыл сайын бөлінетін мемлекеттік білім гранттары да сақталады. Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы да қосымша мүмкіндік береді. Бірақ, ата-аналар екі есепшотты біріктіреміз десе, осы қаражатты кейіннен «Келешек» шотында жинақтау мүмкіндігі болады. Бұл бағытта тиісті қадамдар пысықталады, - деді вице-министр.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқтығына тоқталған болатын. Осы ретте 5 жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырған еді.