Келешекте IT әйелдердің үйреншікті мамандығына айналады — Аида Балаева
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева Technowomen Central Asia халықаралық форумының қатсушыларына құттықтау хатын жолдап, әйелдер мен қыздардың цифрлық дағдыларын арттыру үшін қандай жұмыс атқарылғанын айтып берді.
Құттықтау хатты «TechnoWomen» КЕҰ басқарма төрағасы Әзиза Шөжеева оқып берді.
«Бүгінде IT әлеміндегі әйел ешкімді таң қалдырмайды. Өз өмірін жоғары технологиямен байланыстыратын әйелдер саны жылдан-жылға артып келеді. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Орталық Азияның ірі халықаралық IT стартаптар технопаркі „Астана Хабқа“ жәрдемдесіп, IT саласындағы бірқатар жобалардың бастамашысы болды. Өңірлерде әйелдер мен қыздардың цифрлық дағдылары мен құзыреттілігін іске асыру үшін жоғары оқу орындары мен колледждер базасында „Technogirls“ клубтарын құру бастамасы көтерілді», - деп жазылған А. Балаева құттықтауында.
Беделді әлемдік сарапшылардың болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай IT әйелдердің үйреншікті мамандығына айналады.
«Біздің міндетіміз — әйелдерге арналған цифрлық дағдыларды ілгерілету, цифрлық бизнесте әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, әйелдерге цифрлық экономикада өз қабілеттеріне деген сенімділікті арттырып, бизнесті басқару бойынша оқытуды ынталандыру. Осы бастамалардың бәрін жүзеге асыру үшін Қазақстанда TechnoWomen коммерциялық емес ұйымы құрылды. Бүгін сіздердің назарларыңызға маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған қазақстандық әйелдердің жобалары ұсынылады. Сондай-ақ бүгін жасанды интеллект бойынша жаңа прогрессивті көшбасшыларды, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қазақстандық IT кәсіпкерлермен бірлесіп маңызды міндеттерді шеше алатын жаңа жобаларды көреміз. Сіздердің әрқайсыларыңызда жасанды интеллект технологиялары арқылы әлемді жақсарту үшін жаңа инвестициялық көкжиектер ашатын идеяларыңыз, бастамаларыңыз, жобаларыңыз бар екеніне сенімдімін», - дейді ұлттық комиссия төрағасы.
Айта кетейік, Астанада жасанды интеллект тақырыбына арналған «Technowomen Central Asia» халықаралық форумы өтуде. Бұған дейін жасанды интеллект мамандықтарды қалай өзгертетіні туралы сарапшы пікірі айтылған еді.