Келешекте Қазақстанда қорғаныстық өнеркәсіп министрлігін құру мәселесі туындауы мүмкін - вице-министр

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат -  Келешекте Қазақстанда қорғаныстық өнеркәсіп министрлігін құру мәселесі туындауы мүмкін.
None
None

Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҰҚШҰ шеңберінде әскери мақсаттағы өнім жасауға қатысатын кәсіпорындардың мамандануын сақтау туралы келісімді талқылау барысында Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов мәлім етті.

«2009 жылдары Қазақстанның әскери қорғаныстық өнеркәсіп кешен саласының жағдайы тым ауыр еді. Мәселен, сол 2009 жылы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының шоғырландырылған таза табысы 258 млн. теңге залалды көрсетіп тұрған еді. Кейіннен бұл функция Қорғаныс министрлігіне берілген соң, 2010 жылы компанияның таза табысы 350 млн. теңгені құрады. Былтырғы жылғы табыс 1,7 млрд. теңгені құрады. Ал биылғы жылы көрсеткішті 3 млрд. теңгеге дейін арттыруды көздейміз», - дейді министрдің орынбасары. Оның айтуынша, қорғаныстық өнеркәсіп кешенін Индустрия министрлігінің қарамағынан алып, Қорғаныс министрлігіне берудің пайдасы мол болды. Оның үстіне бұл әлемдік тәжірибемен де ұштасады.

«Менің ойымша, қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенді дамыту жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес мемлекеттік басшылықта болуы шарт. Өйткені, бұл сала мемлекеттің  аса маңызды әрі өзекті мәселелерін қамтиды. Дегенмен, кәсіпорындар дамыған сайын, олардың қуаты экспорттық әлеуетті арттырған сайын елімізде қорғаныстық өнеркәсіп министрлігін құру мәселесі де туындауы мүмкін. Яғни, қалыптасқан экономикалық, әлеуметтік-саяси жағдайларға орай Қорғаныс министрлігі мәселені шешудің жаңа жолдарын қарастыратын болады», - дейді Т. Жанжүменов.

Соңғы жаңалықтар