Келесі кездесуде міндетті түрде қазақша сөйлеймін - Малыбаев

Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев халық алдында қаңтар айынан бастап кіріскен жұмысы жайында есеп берді. Бірақ, Малыбаевтың баяндамасы бастан аяқ ресми тілде дайындалған екен. Халық та Жергілікті полиция қызметінің басшысына тек орыс тілінде сұрақ қойып жатты.
Мемлекеттік қызметтегі лауазым иесі ресми баяндаманы мемлекеттік және орыс тілінде жасауға міндетті емес пе деген ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына жауап берген Малыбаев өз кемшілігін мойындады.
«Мен қазақ тілін білемін, мемлекеттік тілде сұрақ-жауап жүргізе аламын. Мен халық алдында бірінші рет есеп беріп тұрмын, сондықтан, келесі кездесулерде осы кемшілікті ескереміз»,-деді Малыбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, 2016 жылдың қаңтарында Астана қаласының сол кездегі əкімі Əділбек Жақсыбеков елордалық Ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметіне Бақытжан Малыбаевты басшы етіп тағайындаған болатын.