Келесі жылдан бастап сотталғандарға жаппай электрондық білезік кигізетін болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдан бастап сотталғандарды бақылау үшін электрондық білезіктер жаппай пайдаланыла бастайды. Бұған Үкіметтен тиісті қаражат бөлінуде.
Бүгін Мәжілісте Қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерге арналған Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.
«Шетелде «білезіктер» тәжірибесі әлдеқашан қолданылуда. Бізде бұл алғашқы рет жасалайын деп отыр. Осының өзі еліміздегі жүйені ізгілендіру және Қазақстанның Қылмыстық-атқару жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруде жасалып отырған кезекті қадам», - деді Қ. Қасымов.
Бұдан бөлек, министр 2015 жылдан бастап жаңа қылмыстық заңнаманың күшіне енетінін жеткізді. Ал жаңа қылмыстық заңнамамен бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды қолдану саласы елеулі түрде кеңейе түседі.
«Бұл жерде басты мақсат - жазалау жүйесін ізгілендіру, яғни бостандықта жүріп те түзететін адамдарды түрмелерге жаба бермеу. Жалпы, заңнаманың бұл жаңалығы Қылмыстық-атқару жүйесіндегі пробациялық қызметті одан әрі дамыту мен жетілдірді талап етеді», - деді Қ. Қасымов.
Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылдан бастап пробациялық бақылау белгіленген адамдардың қатары шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, бас бостандығын шектеуге сотталғандар және әкімшілік бақылау белгіленген адамдар санатымен толықтырылады. Осыған байланысты, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар санының 2,5 есеге, яғни 55 мыңға дейін көбейетіні болжанып отыр.