Келесі жылы Қазақстанда футболдан қыздар арасында турнир өткізу жоспарлануда
Алдымен, биыл 10-шы маусымын өткізетін «Coca-Cola Былғары доп» жобасына қатысты ойын айтқан ол бұл нағыз мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің нәтижесі екенін атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Футбол федерациясы мен «Coca-Cola» компаниясы 10 жылдан бері жасөспірімдер мен балалар арасындағы бұқаралық футболды дамыту мақсатында «Coca-Cola Былғары доп» жобасын жүзеге асырып келеді. «Бұл жоба («Coca-Cola Былғары доп» - агенттік) мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тамаша көрінісі деп ойлаймын. Жыл сайын осы турнирге қатысатын 400 мың баланың арасынан талантты футболшылар тәрбиеленіп жатқаны анық. Жалпы, Білім және ғылым министрлігі бұл жобаны толықтай қолдайды. Әрі қарайғы дамуына өз көмегін тигізе бермек»,- дейді Р.Кәрібжанова. Білім министрлігінің өкілі тағы бір жаңалық таратты. Келесі жылдан бастап Қазақстанда футболдан қыздар арасындағы «Теңбіл доп» турнирі басталады. «Дене шынықтыру жөніндегі ғылыми-тәжірибелік орталық хабарлап отырғандай, келесі жылы футболға қыз балалар да қатысады. Қыздар арасындағы футболды да дамытамыз. Жарысты «Теңбіл доп» деп атаймыз деп отырмыз. Бұл әзірге бастама ғана. Қанша команда қатысуға өтініш беретінін байқаймыз, дегенмен, қызығушылық бар екенін атап өтейін. Қызығушылық болғандықтан да, қыздар арасындағы футболдан осындай бастама көтердік. Бастаманың келешегі, қатысушылардың қанша болатыны уақыт еншісінде», - дейді Р.Кәрібжанова. Естеріңізге сала кетейік, жасөспірімдер мен балалар арасындағы «Coca-Cola Былғары доп» футбол турнирінің мерейтойлы 10-шы маусымында жеңген футбол командасы Францияда өтетін 2016 жылғы футболдан Еуропа чемпионатының финалын тамашалауға мүмкіндік алады.