Келесі жылы қазақстандықтар арызды интернет арқылы бере алады - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен қоғамдық кеңес отырысында Құқықтық статистика және және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Нұрлыбай мәлім етті.
«20 қарашадан бастап Қазақстанның бірқатар өңірлерінде электронды портал жүйесі енгізілуде. Ол бойынша электронды қолтаңбасы бар әрбір азамат интернет арқылы арыз жібере алады. Оның арызы онлайн режимінде ішкі істер органдарында тіркеледі. Қазіргі уақытта мұндай жүйе Астана, Шымкент және Павлодар қалаларында жұмыс жасауда. Келесі жылы оны бүкіл еліміз бойынша енгізуді жоспарлап отырмыз», - дейді С. Нұрлыбай.
Оның айтуынша, әрбір арызданушы адам электронды почта арқылы, интернет немесе смс хабарламалар арқылы өзінің арызы бойынша қандай процессуалдық шешім қабылданғанын біле алады.
Осы күні 7 мыңнан астам адам осы құқығын пайдаланып үлгерген.