Келесте алғашқы қарбыздар сатылымға шықты

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Келес ауданында қарбыз маусымы ерте басталды.

Келесте алғашқы қарбыздар сатылымға шықты
Фото: Келес ауданының әкімдігі

Бозай ауылдық округіне қарасты Тартоғай елді мекеніндегі «Жүсіпбек» шаруа қожалығы алғашқы өнімін нарыққа шығарды. Шаруа қожалық биыл 25 гектар суармалы алқапқа қарбыз еккен. Заманауи агротехнологиялар мен тамшылатып суару әдісін қолдану нәтижесінде өнім жылдағыдан бір апта бұрын пісіп жетілді.

Келесте алғашқы қарбыздар сатылымға шықты
Фото: Келес ауданының әкімдігі

— Қарбыздардың орташа салмағы — 10 келі, ал ең ірілері 15 келіге дейін жетеді. Қазіргі таңда өнімнің келісі 200 теңгеден сатып жатырмыз, — дейді шаруа Жүсіпбек Әшірбеков.
Қожалық маусым кезінде ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып отыр. Мұнда күніне 40-қа жуық адам маусымдық жұмыстарға тартылған. Бұл ауыл халқы үшін табыс көзі болса, кәсіп иесі үшін — өнімділікті арттырудың бір жолы.

Келесте алғашқы қарбыздар сатылымға шықты
Фото: Келес ауданының әкімдігі
Келесте алғашқы қарбыздар сатылымға шықты
Фото: Келес ауданының әкімдігі

Айта кетейік, өткен жылы Келес ауданында 22 871 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жалпы өнім көлемі 70,1 млрд теңгені құраған. Ал биылғы жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіш 7,6 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ, жаңбырлатып суару технологиясы да кеңінен енгізілген. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жетісайда қауын піскенін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар