Келісілген істің керегесі кең болады - Мәжіліс депутаты Жақып Асанов

ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 7-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - ҚР Парламенті Мәжілісіне Қызылорда облысынан депутат болып сайланған Жақып Асанов ел мүддесі үшін белсенді қызмет атқарып жүрген азаматтардың бірінен саналады. Агенттік тілшісі онымен хабарласып, Парламентте соңғы уақыттары қаралып жатқан заң жобалары төңірегінде пікірлескен еді.
None
None

- Жақып Қажманұлы, маусым айында өткен «Нұр Отан» партия­сының Саяси Кеңесі жанынан құ­рыл­ған комиссия отыры­сында Үкі­меттің Парламент Мәжі­­­лісіне ен­гіз­ген «Мүдделік қол­дау туралы» заң жобасы қарал­ғанынан хабар­дар­мыз. Заңға тоқ­талмай тұрып, жалпы «мүдделік қолдау» деген не, ол нені білдіреді деген сұрақтарға түсініктеме бере кетсеңіз.

- Мүдделік қолдаудың әлемде ең көп тараған анықтамасы бар. Ол жеке азаматтардың немесе қан­дай да бір құрылымдардың мүдделерін заң шығарушы орган­дардың алдында қорғау. Қандай мақсатта? Сол қорғалатын мүдде­лердің қабылданып жатқан заң­дарда ескерілуі үшін. Мүдделік қолдауды «лоббирование» деп атайды, ал онымен айналысатын адамдарды «лоббист» дейді. Лоб­бис­ттердің қызметі адвокаттар жұ­мысына ұқсас. Айырмашылығы, адвокаттар азаматтардың, заңды тұлғалардың мүдделерін соттарда, тергеу органдарында қорғаса, лоббисттер, жаңа айтқандай, би­лік органдарының алдында қорғайды.

- Халықаралық тәжірибелерді зерттеп көрдіңіздер ме? Мүдделік қолдау деген біздің қоғам үшін мүлдем жаңа құбылыс сияқты.

- Халықаралық тәжірибеде мүдделік қолдау қызметінің мо­дельдері көп. Мүдделік қолдау Америка Құрама Штаттарында, Ұлыбританияда, Германияда, Литвада, басқа да мемлекеттерде бар. Біздің білуімізше, қазіргі уақытта мұндай заң жобалары Словакияда, Украинада, Ресейде қаралып жатыр. Мысалы, Фран­ция мен Үндістанда мұндай қызметке мүлдем тыйым салын­ған. Әрине, әр мемлекеттің өз ерек­шелігі бар. Сондықтан, оның барлығы ескерілуі тиіс. Кеңесіп пішкен тон келте болмайды.

- Бұл заң не үшін керек? Оның қазақстандық қоғам үшін берері не?

- Ата Заңымызға сәйкес Қа­зақстан азаматтары тікелей өздері немесе өкілдері арқылы мемле­кеттің ісін басқаруға қатысуға құқылы. Бірақ, барлық халық бір жерде жиналып, мемлекеттік шешімдерді қабылдауы мүмкін емес қой. Сондықтан басқа елдер­дей олар өздерінің құқықтарын сайланған Президент, барлық деңгейдегі депутаттар арқылы іске асырады. Сонымен қатар, кейбір азаматтар, әлеуметтік топтар, ұйымдар өздерінің ортақ мақсат­тарын қорғау үшін бірігіп, ком­мерциялық емес бірлестіктерін құрып жатады. Мысалы, мүгедек­тер, жастар, кәсіподақтар немесе кәсіпкерлер одақтарын, ассоциа­цияларын дегендей.

Ал, енді осы талқыланып отыр­ған заң жобасы пысықталып, Елбасының қойған талаптарына сәйкестендіріліп қабылданса, осы айтып отырған құрылымдар Пар­ла­менттегі заң шығару процесіне тікелей қатысуға, өздерінің пікір­лерін айтуға, жалпы, қабылданып жатқан заңдардың мазмұнына түзетулер енгізуге мүмкіндік ала­ды. Әрбір заң жобасы Парла­ментте жұмыс топтарында қара­лады. Енді олар сол жұмыс топта­рының отырыстарына қатысып, өз позицияларын тікелей депутат­тарға жеткізуге, өз мүдделерін қорғауға құқылы болады.

Егер мүдделік қолдау енгізіліп жатса, онда Парламент жұмысы одан сайын ашық болуы тиіс. Талқыланып жатқан заң жоба­ла­ры үнемі бұқаралық ақпарат құралдарының, жалпы қоғамның назарында болады. Екінші жағынан, заңның Парламент үшін де берері бар. Қоғам өмірінің барлық салаларын жетік білу мүмкін емес. Сондықтан заң жобаларын тал­қы­лауға әр саланың қыр-сырын білетін ұйымдарды, сарапшы­ларды тартқан дұрыс. Ал мүдделік қолдау туралы заң бұған кең жол ашады.

- Заң жобасы бойынша депу­таттар арасында қандай пікірлер бар? Естуімше, қарсылық көп сияқты.

- Иә, расында, депутаттар арасындағы пікірлер әртүрлі. Мүдделік қолдауға байланысты Елбасының арнайы тапсырмасы болған. Онда ол жеке ұйымдардың немесе ірі корпорациялардың қоғамға қайшы келетін мүдде­леріне тосқауыл қоятын заң қа­был­дау керектігін айтты. Яғни, заңдарымызда сыбайлас жемқор­лыққа мүмкіндік беретін норма­ларды азайту міндеті қойылған болатын.

Ал Үкімет тарапынан енгізіл­ген заң жобасы бұл талаптарға жауап бермейді. Сондықтан депу­тат­тар тарапынан біраз ескерт­пелер айтылды. Мәжілістегі жеті Комитеттің үшеуі заң жобасын Үкіметке кері қайтару керек деген шешім қабылдады. Басқа Коми­теттердің де көптеген ескертпелері бар. Біз солардың барлығын тал­дап, Үкіметке бірнеше ұсыныстар жібердік. Үкімет тарапынан түсі­нік бар сияқты. Бір ортақ мәмілеге келетін болсақ, жыл соңына дейін заң жобасы қабылданады деген болжам бар. Келіспеушіліктер бойынша бір-екі нақты мысал айтайын.

Үкімет ұсынып отырған жоба­да мүдделік қолдаумен айналы­самын деген бірлестіктер құра­мында кемінде он заңды тұлға бар болуы керек. Онымен депутаттар келіспей, мұндай кедергілерді алып тастауды ұсынып отыр. Сонымен қатар мүдделік қолдау тек Парламент қабырғасында болуы керек. Ал депутаттардың пікірінше, Парламентпен қатар, ол Үкімет құрылымдарында болуы керек. Себебі, заң жобалары, негізінен, осында әзірленеді.

- «Нұр Отан» партиясы фрак­циясында Сіз Үкіметтің атына біраз сын айтыпсыз. Қандай мәселе қозғадыңыз?

- Иә, жақында «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжі­лісіндегі фракциясының кеңей­тілген отырысы болып өтті. Онда мен бірнеше ұсыныс айтқанмын. Ең басты мәселе - ауылдағы жұмыссыздық жайы. Статис­тикаға сенсек, 2 миллиондай ауыл тұрғыны өз бетінше жұмыспен қамтылған екен. Ал шын мәнінде, жасырын жұмыссыздық көп. Ауыл адамдарының басым көпші­лігі өздерімен-өздері. Жеке шаруа­шылықтары жоқ, нарық зама­нына бейімделмеген, өмірде береке таба алмай жүргендердің саны аз емес. Ал тірлікпен айналысамын, отбасымды қамтамасыз етемін дегендерге жол сілтеп, көмек беретін, олардың табысқа жетуіне қамқоршы болатын құрылымдар көрінбейді. Мемлекеттік қолдау болса, көбінесе ірі кәсіпорындарға көрсетіліп жатыр. Сондықтан ауылдағы жұмыссыздықпен күре­су үшін Үкіметке бірнеше нақты ұсыныстар айтылды.

Екінші ұсынысым- ол бизнес саласын реттейтін құқықтық база­ға байланысты болды. Тәуелсіздік алған 18 жылдан бері 40 мыңдай заңдарға тәуелді актілер қабыл­данып, қолданылып жатыр. Олар­дың ішінде кәсіпкерлікпен айна­лысамын дегендерге неше түрлі кедергілер баршылық. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы, Үкімет, бизнес-ассоциациялар бірлесіп, осы құқықтық актілеріміздің қа­зір­гі жүргізіліп жатқан бизнес саласындағы саясатымызға сәй­кес­тігін қарап шықсақ деген ұсыныс еді.

- Жақып Қажманұлы, Сыр өңіріне жасаған соңғы сапар­лары­ңыз кезінде «Ертең үшін аянба!...» бағдарламасы жөнінде айттыңыз. Осы Бағдарлама қазір қалай іске асырылып жатыр? Оның нәти­жесін қазақстандықтар қашан көреді? Ол басы бар, аяғы жоқ көп шаралардың бірі болып қалмай ма?

- Елбасымыздың былтырғы Жолдауында берген тапсырма­сына сәйкес партиямыз «Ертең үшін аянба!» деген бағдарламаны бекітті. Ол отбасылық шаруашы­лықтың 100 түрі, сұранысқа ие мамандықтардың 100 түрі, әрбір қазақстандықтың өмірінде жиі кездесетін жағдайлардың 100 түрі деген үш бағытты қамтиды. Осы үш бағыт бойынша әр отбасына қажетті және пайдалы ақпараттар жеткізіледі.

Көзделіп отырған мақсат - азаматтардың еңбекке деген сауа­тын ашу, табысты болуына ынта­ландыру, мемлекеттің беріп отыр­ған мүмкіндіктерін көрсету. Кәсіп түрлеріне, олардың қыр-сырына, әдіс-тәсілдеріне, экономикасын есептей білуге үйрету. Осылай жүйелі түрде ақпараттандыру арқылы әр қазақстандықты ояту, ой салу, еңбекке баулу. «Ертең үшін аянба!» бойынша Гүлшара Әбдіқалықова басқаратын ми­нистр­лік, әріптесім Бекболат Тілеуханмен бірлесіп, қажетті жұмысты жүргізіп жатырмыз. Оның көлемі өте үлкен.

- Өзіңіз құрамында бар депу­таттар тобының Үкімет басшы­сына мемлекеттік тілге қатысты жолдаған депутаттық сауал тура­лы кеңірек әңгімелеп берсеңіз.

- Кез келген тілді үйренудің ең тиімді әдісі - сол тілдің Отанына барып, тіл үйрену курстарында оқып, сонда қоныстанып тұру. Ағылшын тілін білемін дегендер - Ұлыбританияға, қытай тілін игеремін дегендер - Қытайға, французша үйренемін дегендер - Францияға барып жатады. Бұл жағдайда тіл үйренуші қалыпты ортадан айырылып, жергілікті тұрғындармен күнделікті арала­сып, солардың тілінде сөйлеуге мәжбүр болады. Сонда тіл меңгеру үдерісі әдеттегіден жылдам жүре­ді. Мұндай әдіс «тілдік ортаға терең бойлау» деп аталады.

Бәрімізге белгілі, көптеген мемлекеттік қызметшілеріміз тіл­де­рін әлі қазақшаға «сындыра» қойған жоқ. Ал мемлекеттік тіл­дің абыройын арттыру, оның мәр­тебесін көтеру, ең алдымен, солар­ға жүктелген. Республикамызда қазақ тілінің мәселесі толығымен шешілген өңірлер бар. Мысалы, Қызылорда облысы - тіліміз бен мәдениетіміздің қаймағы бұзыл­маған, мемлекеттік тілді үйренемін дегендерге нағыз қолайлы орта. Сондықтан, қазақ тілін игеремін деген қызметкерлерді Қызылорда облысына жіберу тәжірибесі ен­гізіл­се деген ұсыныс жасалды. Онда тіл үйрену курстарын ұйым­дастырып, мемлекеттік қызмет­шілерді үйді-үйлерге орналас­ты­рып, олардың отбасылық жағдай­да тіл үйренуіне жағдай жасайтын жобаны жүзеге асырудың ұтымды жақтары көп болар еді.

Біріншіден, мемлекеттік қыз­мет­керлерімізге қазақтың қалың ортасында жүріп, қазақ тілін те­зірек үйренуіне жағдай жасалады. Екіншіден, орталық ведомство­ларда жұмыс істейтін әріптес­тері­міз қабылданған заңдарымыз бен бағдарламаларымыздың жергі­лік­ті жерде қалай орындалып жат­қанын өз көздерімен көреді. Үшін­шіден, мұндай қадам, мүмкін, осы өңірдегі ішкі туризмнің дамуына да серпін беріп қалар, ал, жер­гілікті тұрғындар үшін бұл қосым­ша табыс көзі болады.

Осы мәселені жан-жақты қа­рап, оны пилоттық жоба ретінде Қызылорда облысында жүзеге асы­руды ұсындық. Ол үшін, мы­салы, қызметшілеріміздің заңды де­малысына тағы да бір ай қосып, олардың тіл үйрену ниетін осылай қолдаған жағдайда екі айдың ішін­де олар біраз жаттығып қала­ды. Бұл тәжірибе тек мемлекеттік қызметшілер үшін ғана емес, бас­қа да азаматтарымыздың, әсіресе, жастарымыздың мемле­кеттік тілге деген қызығушылығын туғызып, құр сөзден нақты іске көшудің не­гізі болар еді.

Соңғы жаңалықтар