Келісім vs қақтығыс: Иранның тағдыршешті таңдауы қандай болмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Иран төңірегіндегі ахуалдың қалай құбылары белгісіз, әлем демін ішіне тартып отыр. Себебі Тегеранның таңдауы Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен көрші елдердің қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен қатар жаһандық экономиканың жай-күйін өзгертуі мүмкін. Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы Парсы шығанағындағы жағдайдың ықтимал келешегіне үңілді.
Дағдарыстан тарихи бетбұрысқа дейін
АҚШ Иранға әскери соққы жасаса, соңы өңірлік соғысқа ұласуы ғажап емес. Бұл туралы Иранның лауазымды өкілдері, соның ішінде жоғарғы басшысы Аятолла Әли Хаменеи айтып отыр.
Кері шегініп, парсылардың саяси жүйесінің сипатын қарайық. 1979 жылы Ислам революциясынан кейін Иранда жаңа дәуір басталды. Сол революциядан кейін елде шииттік исламға негізделген берік идеология іргетасы қаланып, қуатты әскери-саяси құрылымы бар мемлекет бой тіктеді. Иран бір мезгілде АҚШ-қа, Израильге, сондай-ақ Парсы шығанағындағы сунниттік мемлекеттерге ашық түрде қарсы шықты.
Елдегі революцияның идеологиялық серпіні күшті болғаны соншалық, Иран ондаған жыл Таяу Шығыстың геосаяси кеңістігіндегі басты ойыншыға айналды. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Иранның әскери-өнеркәсіп әлеуеті мол әрі аталған бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді.
Екіншіден, Иран-Ирак соғысы жылдарында парсының жанкешті жастары көп-тін. Олар соғыста ержүректік танытып, тіпті миналы алқаптарға ойланбастан еніп кететін.
Иранның аймақтағы түрлі ұйымдарды қолдауы үшінші себепке айналды. Олар тек шииттік емес, сунниттік құрылымдар, соның ішінде ХАМАС-ты да қолдай білді.
Алайда қазір мұның бәрі өткен шақтағы әңгіме. Бүгінгі Иранда бұрынғыдай күш жоқ. Ауқымды соғыс болмаған күннің өзінде Иранның жайы жақсы болмай тұр. Ел сырттағы бәсекелестермен ғана емес, іштегі қарсы топпен де алысуға мәжбүр. Маңыздысы, екі фактор бір-біріне ықпал ете бастағанын байқаймыз.

Сыртқы қысым және жікке бөліну
Негізінде, Иран АҚШ-пен халықтың қолдауынсыз күресіп отыр. Биыл 8–9 қаңтарда болған жаппай толқулар кезінде Хаменеи митингіні басып-жаншып, халық қолдауынан айырылды деуге болады.
Сарапшылар биліктің мұндай қаталдығына сыртқы ықпалдың әсер еткенін жоққа шығармайды. Өйткені АҚШ президенті Дональд Трамп наразылық білдірушілерге қолдау көрсететінін мәлімдеген болатын. Содан кейін Иран билігі көтерілісті мүмкіндігінше тез басуға тырысты – 2019 және 2022 жылдары болған көтеріліс кезіндегі тактикадан бас тартты.
Ол қандай тактика еді? Ол кезде билік күш қолдануға көп жүгінбейтін. Наразыларды сабасына түсіру үшін хиджаб тағу саясатын жұмсарту секілді «ымараны» қолданатын.
Биыл Трамптың сөзінен кейін Тегеран өте қатаң шараларға барды. Тіпті наразылыққа әлеуметтік құрылымдағы басты тірек – базар саудагерлерінің қатысқанына қарамастан бәрін басып-жаншыды. Қысқаша айтсақ, Иран сыртқы қатермен күресу үшін ішкі легитимділіктің бір бөлігін құрбан еткендей.
Ирандағы наразылыққа шыққандарды қолдауға уәде беріп, кейін бас тартқан Трамптың әрекеті сынға қалғаны рас. Ақ үй басшысы Тегеранға соққы жасаудың кейінге шегерілуін «ұсталғандарды өлім жазасына кеспеуге уәде берді» деген уәжбен ақтағысы келді.
Трамптың әлі күнге соққы жасауға бұйрық бермеуіне Парсы шығанағы мемлекеттерінің ықпалы бар сынды. Олар АҚШ президентін соғыс бастамауға көндірген болуы ықтимал. Себебі АҚШ әрекетке барса, Иран жауап ретінде Қатарда, Кувейт, БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн және басқа елдердегі америкалық базаларға соққы жасайтыны шүбәсіз. Сонымен қатар Ақ үйдің әскери басшылығы да операцияның сәтті өтетініне күмәнді. Өйткені бұған дейін Иранға соққы беру үшін, әсіресе авиация тұрғысынан жеткілікті әскери қуат жоқ екені айтылғаны есте.
Дегенмен Трамптың «соққы жасаймын» дегені құр қоқай болуы да әбден мүмкін: елдерді келісім үстеліне отырғызу үшін қоқан-лоқы көрсету, стандарттан тыс қадамдарға бару оның әдетінде бар. Мысалы, 3 қаңтарда Венесуэла президенті Николас Мадуроны күзеті күшті әскери базаның аумағынан алып кеткенін ескерсек жеткілікті.
Айтпақшы, АҚШ-тың дәл осы Венесуэладағы операциясы Иран билігіне ой салды, яғни іс ушыға қалса, қатаң әрекет етуге бекініп отыр. Трамптың сөзіне бұрынғыдан да байыппен қарай бастаған. Сол себепті АҚШ-пен қақтығыс түсе қалса, ішкі қайшылықтарсыз, барынша дайын болуға асығуда.
Әрине, тактикалық тұрғыдан алғанда, Иран үшін ішкі қарсылықты тежеу тиімді. Алайда ішкі қарсылықты біржола ауыздықтау, келешек ықтимал қақтығысқа дайын болу қиынның қиыны. 8–9 қаңтардағы оқиғалардан кейін ел ішінде билікті қолдау деңгейі төмен.
Әскери кеме көлеңкесіндегі дипломатия
АҚШ Парсы шығанағына әскерін шоғырландыра бастады. Өңірге USS Abraham Lincoln ұшақ тасығышы мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесімен жабдықталған Aegis үш эсминец кемесі келіп жетті. Оның құрамында 60–90 жауынгерлік ұшақтан тұратын әуе тобы бар. Қазір өңірде әрқайсысында 96 зымыраны бар алты АҚШ эсминці тұрақтаған. Бұған қоса өңірге THAAD әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен қосымша Patriot кешендері орналастырылды.
АҚШ-тың Иорданиядағы әскери базасына F-15E Strike Eagle соққы беруші жойғыш-бомбалаушы ұшақтардың екі эскадрильясының (шамамен 35 ұшақ) келуі назар аударуға тұрарлық. Ұшақтар Иордания аумағынан Иранға әуеде жанармай құймай-ақ соққы бере алады және 9 тоннаға дейін жарылғыш зат көтере алады.
Демек, АҚШ соққы жасауға тыңғылықты дайын. Халықаралық БАҚ-та АҚШ жақында Иранға соққы беруі мүмкін деген хабар жиіледі. Әрине, бұл жағдай Иранды ғана емес, оның көршілерін де алаңдатып отыр. Ешбірі өңірде ауқымды әскери қақтығыс болғанын қаламайды.
Дегенмен түбі Парсы шығанағы елдері Ақ үйді райынан қайтаратын секілді. Бұл үшін барлық байланысты барынша пайдаланатынына сенім мол. Мысалы, жақында ғана АҚШ пен шығанақ монархиялары арасында инвестициялық жобаларға қол қойылды. Осыны ескерсек, өңірдегі мемлекеттер, бәлкім, президент Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стивен Уиткоффқа немесе Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнерге араағайындықты ұсынуы бек мүмкін. Өйткені бұл жобалардың көбі солармен тікелей немесе жанама түрде байланысы бар.
Сонымен қатар Трамп Иранмен мәміле жасауға ниетті екенін айта бастады. 3 ақпанда ол «Иран АҚШ-пен келісімге ұмтылып отыр және біз олармен келіссөз жүргізіп жатырмыз» деп мәлімдеді. Сол күні Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ-пен келіссөзге дайындық жүріп жатқанын айтып, аталған қадамды достас елдердің өтінішімен жасағанын жеткізген еді. Алғашында келіссөздер Ыстанбұлда өтеді делінсе, кейін Оманға көшіру туралы шешім қабылданды. Келіссөздер ертең – 6 ақпанда Оманда өтпек.

Осы оқиғалардың қарсаңында Уиткофф Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесті. The Times of Israel газетінің мәліметінше, кездесуде Израиль тарапы шарт ретінде Иранның байытылған уранның барлық қорын үшінші бір елге беруін, уран байытудан, баллистикалық зымырандар өндірісінен және Таяу Шығыстағы түрлі прокси-топтарды қолдаудан бас тартуын талап еткен көрінеді.
Иллюзиясыз келіссөздер
АҚШ Иранмен келіссөзде шамамен Израильмен мүдделес ұстанымды ұстануы мүмкін. Алайда Иранның мұндай талаппен келіспейтіні анық. Оның үстіне келіссөз Иранның қазіргі ішкі саясаты емес, бұрынғы ядролық мәмілелерге ойысайын деп тұр. Расын айтсақ, келіссөз елдің ішкі мәселесін шешуге қарағанда ядролық мәселеге арналған жиын болатын түрі бар. Өткен жылдың жазында тараптар ядролық мәселеге арналған келіссөздің бесінші раундын өткізген еді, ол кезде АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы 12 күндік соғысына қатысуына байланысты тоқтап қалған. Ертең Омандағы кездесу осы келіссөздердің алтыншы раунды болатыны анық.
Трамп Иранға қысым жасап, Тегеран үшін әлдеқайда күрделі жағдайда ымыраға келуге үміт артып отыр. Бұл орайда қоқан-лоқы жеткілікті ме? Өз кезегінде, Иран билігінің ел ішіндегі жағдайға қаншалықты сенімді екені де беймәлім. Тараптар ымыраға бара ма, әлде бас тарта ма – ондай жағдайда Трамп әскери күш қолдануға баруға мәжбүр бола ма, оны ешкім дөп басып айта алмайды.
Мұндағы маңызды жайт — АҚШ-тың Иранға әуеден соққы бере алатыны. Елде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің әлсіз екені белгілі, мұны 12 күндік соғыс барысында Израиль авиациясы дәлелдеп берді. Алайда әуе соққысы қуатты әскері мен халқы бар елді тізе бүктіре алмайды. Ал құрлықтағы операция туралы сөз қозғау мүлде мүмкін емес: ол жағдайда пайда Иран жағында болады әрі Трамп ұзаққа созылатын қақтығысқа қарсы. Демек, алдағы уақытта АҚШ пен Иран мәмілеге келеді немесе Венесуэла президенті Мадуроға қарсы жүргізілген операция секілді жедел нәтиже беретін қадам іске аспақ.
Иран жауабы және қақтығыс шегі
Қазіргі Иранның алдында басқа мәселе бар. Ол – халықтың, элитаның көңіл күйі. Наразылықтар ел билігінің легитимділігін едәуір әлсіретті. Осындай жағдайда Тегеран көптеген қалада Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) арнайы бөлімшелерін және «Басидж» атты жартылай әскери жасақтарды ұстауға мәжбүр. Бұған қоса ірі әскери және полиция күштері дәстүрлі түрде ұлттық азшылықтар тұратын аймақтарда — батыстағы Күрдістанда және шығыстағы Систан–Белуджистанда шоғырланған. Яғни қауіпсіздік құрылымдарының ең адал саналатын елеулі бөлігі ішкі тәртіпті сақтаумен айналысып отыр.

Осындай жағдайда Иран АҚШ соққы жасағаннан кейін өңірдегі америкалық әскери базаларға, сондай-ақ Израильге жауап ретінде соққы береді деген болжам бар. Тағы бір ықтимал сценарий, Иран тарапы Ормуз бұғазын жабуға әрекет жасауы ғажап емес.
Алайда мұндай қорғаныс стратегияларының осал тұсы жетерлік. Бірнеше соққыдан кейін Иранның зымырандары мен дрондары азаяды, көп зымыран әуе қорғанысын бұзып өте алмайды, тіпті кей зымыран мен дрон ұшыру инфрақұрылымы істен шығатыны анық. Сонымен қатар Иран Ормуз бұғазын жабық күйде көп ұстай алмайды деп топшылауға болады.
АҚШ-тың әуедегі басымдығы Иранның ішкі ахуалын күрделендіре түспек. Ирандық әскери бөлімшелер мен қауіпсіздік күштерінің қалааралық қозғалысы, әсіресе шекаралық аймақтарда емін-еркін жүріп-тұруы едәуір шектеледі. Басқаша айтқанда, АҚШ авиациясы Иранның кез келген өңірін оқшаулай алады. Мысалы, Иран Күрдістан мен Систан–Белуджистан секілді аймақтарды уақытша бақылай алмауы мүмкін. Бұл сол аймақтағы азшылық топтардың бас көтеруіне әкеліп, ескі араздықты қоздыруы ықтимал. Есте болса, Иран–Ирак соғысы кезінде иран армиясы Күрдістанда күрдтерге қарсы әскери операция жүргізген болатын.
Иран билігі халықтың қолдауына ие болса, АҚШ-тың әуедегі артықшылығының стратегиялық мәні болмас еді. Өкінішке қарай, қазір халық ішінде билікке қарсы топ бар, жағдай әлі бір қалыпқа түскен жоқ.
Иран билігі барлық ықтимал қатерді ескеріп отырғаны анық. Барынша әскери қимылдардың басталуын болдырмай, ел ішіндегі жағдайды өзгерту үшін уақыт ұтуға ниетті. Ал ел ішіндегі наразылықты бәсеңдету үшін экономикалық шешім керек, ол үшін санкция алынуы қажет. Сондықтан Иранға АҚШ-пен келіссөз жүргізуден басқа жол жоқ.