«Келісіп пішкен тон»: Халық кеңесі не үшін керек?

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына Халық кеңесін құруды ұсынған болатын. Қазір елде жаңа саяси институттың қызметі мен құрылымы нақтылануда. Әсіресе аталған мәселе жаңа Ата заңда қалай бекітілетіні туралы сұрақ көптің көкейінде жүр. Осы орайда Kazinform-ның аналитикалық шолушысы Халық кеңесінің жай-жапсарын сарапшылардан сұрап білді.

Халық Кеңесі
Коллаж: Kazinform, Chatgpt, freepik

Жаңа диалог алаңы

Бұған дейін халықтың ұсыныс-пікірін жинатын, арнайы талқыға салатын бірнеше саяси алаң бар-тын. Оның қатарында 30 жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен 2022 жылы бастау алған Ұлттық құрылтай кіреді. Екеуі де әртүрлі саяси-әлеуметтік топтардан, белсенділер мен зиялы қауымдардан келіп түскен ой-пікірді билікке жеткізуші арнаға айналды десек болады. Қос құрылымның түрткі болуымен ондаған заң қабылданып, көптеген әлеуметтік мәселе шешім тапты.

Енді елге саяси салмағы бар, тіпті нақты заң ұсынуға әлеуетті консультативті орган керек. Себебі қоғамдық диалог алаңдары кей жағдайда тұтас жалпыұлттық мүддені қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан Халық кеңесінде тек сала мамандары ғана емес, азаматтық қоғамның барлық өкілдері бас қосуға мүмкіндік алады және қоғамның заң шығару үдерісіне тікелей қатысуы артады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың атауы жойылғанымен, қалыптасқан билік пен қоғам арасын­дағы байланыс дәстүрі жалғаспақ. Мемлекет басшысы жаңа институт арқылы бұл құндылықтарды нығайта түсуге көңіл аударып отыр.

– Реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе биік мінбер қажет. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда.

Ұлттық Құрылтай және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Шерзод Пулатовтың айтуынша, Халық кеңесін құру – саяси-әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа деңгейі болмақ.

Шерзод Пулатов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

– Ассамблея қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп келді және шешімін ұсынуда да аянып қалған жоқ. Мысалы, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту ісінде белсенді жұмыс істеп келеді. Халық кеңесі құрылса, бұл жұмыстар тек қоғамдық деңгейде емес, мемлекеттік деңгейге көтерілер еді, – деді Шерзод Пулатов. 

Жаңа институттың басты ерекшелігі – оған заң шығару бастамасы құқығының берілуі. Бұл қоғамдық құрылымдардың саяси үдеріске қатысу логикасын түбегейлі өзгертеді. Кеңес мүшелері тиісті жаңа заңдардың қабылдануына ықпал етуге құқылы. Демек, Кеңес аясында әзірленген ұсыныстар тек консультативтік форматта емес, заңнама деңгейінде қаралу мүмкіндігіне ие болады.

«Халық кеңесі делиберативті органға айналады»

Бұған дейін мұндай ұқсас қадам Ұлттық құрылтайда болғанын білеміз. Әр жиында айтылған ұсыныс аясында заңдарға өзгеріс енгізіліп, жаңа құқықтық құжаттар қабылданып отырды. Мысалы, 2022 жылдан бері Құрылтай мүшелерінің түрткі болуымен 26 заң шықты. Биыл Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтай жиынында 200-ден астам ұсыныс айтылды. Алдағы уақытта мұндай тиімді механизм жүйеленіп, арнайы ұсыныстар консультативті органның атынан жолданатын болады.

Сарапшылардың пікірінше, Халық кеңесі ішкі саясат, қоғамдық келісім және ұлттық құндылықтар мәселелері бойынша кәсіби ұсыныстар әзірлеуі мүмкін. Алайда нақты құқықтық бөлінісі арнайы заңмен нақтыланбақ. Саяси шолушы Ғазиз Әбішев Халық кеңесінің делиберативті органға (шешім шығаруда тек көпшіліктің басым дауысына емес, теңқұқылы азаматтардың мәселені жан-жақты талқылап, келісімге келуіне негізделген модель – ред.) айналатынына сенімді.

Ғазиз Абишев
Фото: Kazinform

– Делиберативті демократия тұрғысынан алғанда Ұлттық құрылтай сараптамалық кеңес беру мен қоғамдық талқылаудың арасындағы аралық орынды иеленіп, өңірлердің, әлеуметтік топтардың және түрлі салалардың өкілдерін біріктірді. Халық кеңесі рәсімдердің ашықтығы мен қоғамдық ұсыныстарға негізделсе, толыққанды делиберативті органға айналу әлеуетіне ие, – деді Ғазиз Әбішев.

Ал ҚЗСИ бөлім басшысы Жанар Санхаеваның пайымдауынша, Халық кеңесі саяси процеске ықпал етпек.

– Халық кеңесінің заң жобасын, түрлі бастаманы ұсыну мүмкіндігі бар екенін көріп отырмыз. Менің түсінгенімше, бұл ұсыныстар Парламентке жолданады. Бұл – Үкіметпен өзара іс-қимылдың, саясатқа кірудің мүлде өзге арнасы деуге болады. Яғни саяси процеске қатысудың жаңа жолы. Бұл мобильділікті арттырып, мүмкіндіктерді кеңейтеді деп ойлаймын. Өйткені Халық кеңесі қызметінің ықпалы да өзгеше, – деді сарапшы.

Жанар Санхаева
Фото: Жанар Санхаеваның жеке мұрағатынан

Сонымен, Халық кеңесінде жоғарыда атаған екі қоғамдық институтың жұмысы біріктіріледі. Бұрын атқарған қызметі жаңа сипатқа еніп, Кеңес құрамында қайта топтаспақ. Мысалы, болашақ Халық кеңесінің құрамында 126 мүше болады. Оның ішінде 42 мүшесі елдегі этностардың өкілдері болса, 42-сі қоғамдық бірлестіктерден, тағы 42-сі өңірлердегі мәслихаттардан қосылады.

Халық Кеңесінің құрамы
Инфографика: Kazinform

Ата заңдағы жаңа бөлім

Жаңа Ата заң қабылданар тұста Халық кеңесі ескерусіз қалмады. Тұңғыш рет «Халық кеңесі» туралы жеке бап, дербес бөлім пайда болды. Онда Кеңестің келешек міндеті туралы тұғырлы ұстанымдар қамтылған.

Мысалы, Ата заңның жаңа редакциясындағы VI бөлім «Қазақстан Халық Кеңесі» деп аталады.Ондағы70-бапта Кеңестің мазмұны айтылса, 71-бапта «Қазақстан Халық Кеңесі» Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады деп нақты көрсетілген.

Жаңа Конституциядағы Халық кеңесі
Инфографика: Kazinform

Бұдан бөлек 60, 92-бапттарда жаңа институттың заң шығаруға бастама жасау құқығы айқындалыпты.

Маңыздысы, бұған дейін бірде-бір кеңесші органға берілмеген өкілет – референдум өткізуді ұсыну Кеңестің құқына қосылды: 71-бапта таңбаланған.

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың айтуынша, Ата заңдағы өзгеріс арқылы Халық кеңесінің маңызы арта түседі. Ол жаңа саяси алаңға, мемлекеттік шешімдерге ықпал ететін орталыққа айналады.

– Бұл – халықтың пікірін мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне жүйелі енгізуге арналған саяси институт. Яғни, жоғары консультативтік органның мүшесі болып табылатын кез келген Қазақстан азаматы заң шығару бастамасын көтере алады. Бұл – азаматтарға берілген нақты конституциялық мүмкіндік, – деді депутат.

Мақсат Толықбай
Фото: parlam.kz

Әлемдік тәжірибе

Консультативті органның арнайы статус алуы мемлекеттік басқару құрылымындағы елеулі оқиға екені даусыз. Өйткені мұндай институт дамыған мемлекеттердің көбінде бар, тіпті негізгі құқықтық шешімді қалыптастырып отыр десек, артық емес.

Мәселен, Қытайда — Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі, Нидерландта – Мемлекеттік кеңес (Raad van State), Францияда – Экономикалық, әлеуметтік және экологиялық кеңес, Германияда – үкімет жанындағы Экономикалық сарапшылар кеңесі, Сауд Арабиясында – Консультативтік кеңес (Шура), Қатарда – Консультативтік кеңес бар. Ал АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Мексикада бір емес, бірнеше консультативтік кеңестер жұмыс істейді.

Мәжіліс депутаты Данабек Исабектің ойынша, Қазақстанның әлемдік тәжірибеден үйренері көп.

– Кеңесші органдардың рөлі шетелде айқын көрінеді. Мысалы, Канадада ше­шім қабылдау процесіне азаматтық ұсын­ыстарды енгізу арқылы демократиялық бақылау күшейеді. Қазақстандағы жаңа Халық Кеңесінің негізгі міндеті – қоғамдық пікірді тың­дау, ұсын­ыстар мен бас­тамаларды жүйе­лі талдау, олар­ды билікке ұсыныс ретінде жеткізу. Өзгеріс азамат­тық қоғамды күш­ейтіп, ше­шім қабылдау процесін ашық әрі демократиялық жолға түсіреді, – дейді Данабек Исабеков.

Қоғам Халық кеңесі мемлекеттік басқару мазмұны мен архитектурасын түбегейлі жаңартады деп үміттеніп отыр. Көпшілікке оның формалды мәртебесінен гөрі құқықтық ілгерілеуге қалай әсер ететіні маңызды. Сондықтан жаңа институттың келешегін айтылатын ұсыныстар, қабылданатын заңдар шешетіні сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар