Кемел Тоқаев — детектив жанрының атасы ғана емес, қазақтан шыққан тұңғыш киносыншы

Кемел Тоқаев қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының ғана жампозы емес, қазақ кинорецензиясының да алғашқы қарлығашы. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы айтты.

Журналист
Фото: из открытых источников

Кемел Тоқаевтың шығармашылығы мен өмірбаянын зертеп жүрген жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлының айтуынша, қазақ детектив жанрының дарабозы еңбек жолын Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде бастаған екен.

«Жазуға кіріспес бұрын Кемел ағаның өмірбаянына үңілдім. Архивтерден іздедім. Біз танысқан өмірбаянда ол кісі еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастаған деп жазылған. Бірақ қаламгердің 1948 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде де тілші боп еңбек еткені туралы деректі таптым. Іздегенім де осы болатын», -  дейді Көсемәлі Сәттібайұлы

Сонымен қатар, журналист Кемел Тоқаевтың қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының ғана жампозы емес, қазақ кинорецензиясының да алғашқы қарлығашы екенін жеткізді.

«Кемел Тоқаевтың «Жас гвардия» деп аталатын кинорецензиясы біз айтып отырған газеттің 1948 жылғы 24 қазандағы нөміріне (№213 (2524) жарияланыпты. Жас журналистер бірден кинорецензияға бармайды. Ал, Кемел Тоқаев бір жылдың ішінде ауқымды үш кинорецензия жазған. Атап айтар болсам, Александр Фадеевтің романы бойынша түсірілген «Жас гвардия», «Алыстағы қалыңдық» және «Сібір жері туралы аңыз» киносы. Болашақ жазушы өзін көркем туындыға жетелейтін жолды сол кезде-ақ тапқан сияқты. Сонымен бірге, біз оны қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының ғана жампозы емес, қазақ кинорецензиясының да алғашқы қарлығашы деп айта аламыз. Ол жылдары қазақ кино өнері әлі дамымаған болатын. Сондықтан, бұл кісі детектив жанрының атасы ғана емес, қазақ кино өнеріндегі тұңғыш киносыншы. Дерек пен дәйек осының дәлелі»,- деді Көсемәлі Сәттібайұлы.

Соңғы жаңалықтар