Кемел Тоқаев көрген соғыс
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл очерк Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романы мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой толғау» кітабындағы деректер негізінде жазылды.

Екінші дүниежүзілік соғысты кейде «миллиондаған үйдің шаңырағын ортасына түсірген сұм соғыс» деп сипаттап жатамыз. Сәл ойланып қарасақ, қазақ даласына «Родина – мать зовёт» деген аттандар жетпей жатып-ақ шаңырағы ортасына түскен ошақтар тым көп еді. Бұларға соғыс жығылған үстіне жұдырық болып қана тиді. Халықты қисапсыз қырып, бір-бірінің етін жейтіндей шарасыз күйге түсірген соңғы ашаршылық, бір әулеттің баласын бір-біріне қарауыл еткен саяси репрессия қазақты қазақ сипатынан айыра жаздаған кезең еді бұл.

Баянсыз балалық
Біз тарихын баяндағалы отырған әулет те сондай көп шаңырақтың бірі. Тек бас кейіпкер Кемел Тоқаевтың құжат пен дерекке ықтиятпен қараған ұқыптылығының арқасында өткен күннің сұлбасын қайта тірілту қиындық туғызбайтын түрі бар.
Ұжымдастыру салдары қоңыр тұрмысты Тоқаның үйіне де ауыр тиді. Қолындағы мүлкі мен қорасындағы малынан түгел айырылған отағасы әуелі Қытайға аусақ деп бекініп, кейін Фрунзені (қазіргі Бішкек – ред.) таңдайды. Қырғыз астанасында бір орысқа жалдана жүріп ауру әйелін, екі ұл, бір қызды әупірімдеп асырайды. Тумысынан мейірман әке ауыр жұмыс пен жұпыны тұрмыстан сәл серпілген сәттерде балаларын айналып-толғанып, кішкене жүректерге мейірім дәнін егіп бағатын. Ал аналары отағасының азын-аулақ табысын аялы алақанымен молайтып, әлі тұнық саналарға сабырдың мәйегін құятын. Кейін Кемел бір ошақтан жалғыз тұяқ қалып, соғыс даласында қызғаныш пен әділетсіздіктің, сатқындық пен қанішерліктің неше атасын көрсе де, зиялы қалпынан айнымай, адамдық жолына түсе білсе, сол бір әке мен ананың құшақ жылуын сезініп үлгерген тым келте күндердің арқасы-тұғын.
Кемел 10 жасқа толған 1933 жыл болатын. Әкесі еңбегінің ақысына алған етікті базарда сатып, ауқат әкелуге кетеді. Шешелерінің аяқ-қолы салданып қалған. Ананы ауру азаптап, қарындастарын аштық қысқанын көріп отыра алмаған Қасым мен Кемел тіленшілікпен болса да талғажау тауып әкелмек болып көше аралайды. Қараусыз жетімдерді аулап жүрген сақшылардың қолына түсіп, балалар үйінен бірақ шығады. Ал артта қалған ауру ана мен қарындастарының жантүршігерлік қазасын араға айлар салып бірақ біледі.

Жетімдер үйіне бой үйрете бастаған кезде бұларды «Әкеміз неге әлі іздеп келмей жатыр?» деген сұрақ қатты мазалайды. Сол сұраққа жауап іздеп кеткен ағасы бір апта дегенде әрең оралады. Бірақ інісінен шындықты жасырып қалады. Әкелері «ауыр жұмыстан босамай жатқанын, кейін реті келгенде бұларға келуге уәде еткенін» айтып, әңгімені шорт үзген. Ал анасы мен қарындасының адам сенгісіз аянышты ажалын, қайғыдан баз кешкен әкесінің өлі-тірісі белгісіз кеткенін ішінде сақтап жүре алмай, өзінен үлкен сырласына баяндайды. Шала ұйқыда жатқан Кемел шындықты сол кезде бірақ біледі.
Бұлар үй аралап кеткенде бойын суық алған қарындастары ашық пешке жылынамын деп отқа құлаған екен. Төсектегі ана қызының отқа тірідей шыжғырылғанын көріп жатса да, тырп етіп әрекет істей алмағанына жүрегі шыдамай, тіл тартпастан кетсе керек. Орыс қожайынымен табысты оралған әке кішкене сәбиінің күлге айналған денесін, төсекте сұлық жатқан жарының мүрдесін көріп қатты күйзеледі. Ал екі ұлын іздеп жүріп, ересек адамдардың қолына түскенін естиді. Бірақ ол ересектердің сол кезде жалшы сатуға машықтанған қаныпезерлер болғанына немесе үкімет адамы болғанына ешкім жіп тағып бере алмапты. Қасым жетімханадан амалын тауып шығып, орыс қожайынның үйіне келгенде Яков Тоқаның қайда екенін білмейтін болып шығады.
Бір-бірінен басқа сүйеуі қалмаған қос жетімнің арасын көп өтпей сұрапыл соғыс ашады. Ағасы еңбекке жарап, жоқшылықтан құтылып, білім аламыз деген армандарын екінші дүниежүзілік соғыс күл-талқан қылады. Кемел кәмелет жасына толған шақта сол қамқор ағадан хат орнына «қара қағаз» келеді. 1942 жыл болатын. Өзі де Сталинград майданына алынады.

Кемел Тоқаев көрген соғыстың өзгелер өткерген майданнан қандай айырмашылығы бар?
Жазушының ұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғауында» осы сұраққа жауап болатын жолдар бар.
- «Соңғы соққы» романы жарық көргеннен кейін әкей өмірбаяндық шығарма жазуды ойластырып жүрген. Анығына келгенде оны жазуға ертеден дайын еді. Материалдары жеткілікті. Ауыр әрі жоқшылыққа толы өмірінің бүге-шігесіне дейін есінде тұрды, тек үстелге отырып, басынан өткергендерді қағазға түсіру ғана қалған. Ақыры солай істеді...
...Бұл жұмысты орындау аса қиын еді, себебі Қазақстандағы ұжымдастырудың салдарын, соғыс туралы құпияны ашуға, Кеңес Әскерінің фашистермен соғысын боямасыз жеткізуге шешім қабылдау қажет болатын. Әкей Қазақстан жазушыларының ешқайсысы соғыстың ащы шындығын толығымен оқырмандарға жеткізген жоқ деп айтатын. Тек Бауыржан Момышұлы мен Дмитрий Снегинді бөлек атау керек, бірақ олар да ресми идеология шеңберінен шыға алмай, аяғына дейін айта алмады. Оның ойынша, көбі шындықты жасырып, соғысты көңілді серуендей суреттейтін, бұл жеңіс қисапсыз құрбандықпен келгенін ескермеді. Соғыс атаулыға тән нәрселер Ұлы Отан соғысында да болды: ерлік пен ездік, командирлердің стратегиялық көрегендігі мен қарапайым топастығы, шабуылдар мен шегіністер, жеңіске деген сенім мен сенімсіздік.
Маған «Солдат соғысқа кетті» романы оның авторы әкем болғандықтан ғана емес, шыншылдығымен ұнайды, - дейді естелік иесі.
Бірінші эпизод
1942 жылдың қазан айында Сталинград майданына қосылсақ деп келе жатқан эшелонға әуеден жау тиіп, тұтас құрамды қырып кете жаздайды. Арыс стансасынан бері Мұхамедтің серігіне айналған Мейірманов жаны қысылғанда жаудың ұшқышын бастан атып, сирек кездесер ерлік көрсетеді. Бірақ оның бұл ерлігін старшина Власов иеленіп кете жаздайды. Араға байқампаз Мұхамед түседі. Басында мұны қос қазақтың ұлтшылдығына жорыған көпшілік екі мылтықтың ұңғысынан атылған оқтың ізін тексереді. Сөйтсе, старшина Власов ұстаған мылтықтан оқ атылмаған екен. Кейін сараптама арқылы Мейірмановтың ерлігі дәлелденіп, медальге ұсынылады. Бірақ өзі күткен орденге қолы жетпей, жұмбақ жағдайда өледі.
Автор осы эпизод арқылы «соғыс даласында жасалды» деп құжатқа тіркелген ерліктің бәрі өз иесін тауып жатпайтынын меңзегендей. Ойын басшыға түсінікті тілмен айқын жеткізіп, адалдығын сауатты дәлелдей алмаған қанша аңғал батырға тиесілі ерліктің игілігін әбжіл старшиналар мен алдамшы басшылар пайдаланып кетті екен деп ойланасың.
Екінші эпизод
Мұхамед жауапты жасақтың құрамында Демин атты сарбаз болады. Соның сырқаты меңдеген кезде ежелгі дұшпан Власов ұрыс даласын тастап қашуға үгіттейді. Соғысқа енді араласқан дивизияның ішінен мұндай сатқындықтың шығуы бүкіл армияның еңсесін түсіріп, жаудың айбынын асыратын оқыс оқиға еді. Абырой болғанда Мұхамед бұл тапсырманы да орындап, Деминді аман әкеледі. Қаруласының артында бала-шағасы бар екенін ескеріп, бәленің бәрін сарбазды «есінен тандырған ескі сырқатқа» жабады. Басшылар бұл уәжге сенбесе де, идеологиялық зардабын ойлана келіп, мәселені жабулы қазан күйінде қалдырады да, реті келгенде Мұхамедтің бетіне үнемі басып отырады.
Бұл деталь оқырманды соғыс жылнамасындағы дезертирлік туралы ресми статистикалар тылдағы елдің еңбекке деген құлшынысын төмендетіп, майдан шебіндегі жасақтардың рухын түсіріп кетпеу үшін саналы түрде азайтылып жазылуы мүмкін-ау деген ойға жетелейді.

Үшінші эпизод
Үдеров текті лейтенанттың экипажы жалғыз танкпен жаудың тылында қалып қояды. Бұған дейін жау тылынан тіл әкеліп, барлаушылыққа епті жауынгер ретінде көзге түскен Мұхамедті қасына екі адам қосып тағы жау жасағына қарай жұмсайды. Бұл жолы олар ауру әкесін жертөледе тығып ұстап жүрген Пауль Ланцер есімді неміс сарбазын қолға түсіріп, соның айласымен жау шебінен кедергісіз өтіп, Үдеровтің экипажына қосылады. Мұхамедтің ауру әке үшін өз отанына опасыздық жасаған Паульдің шарасыздығына түсіністікпен қарайтын сәті таңқалдырмай қоймайды.
Солдат күнделігінен:
Мен оны дастарханға шақырдым. Пауль танк қасына сүмірейе кеп тұрды. «Мен фрицпен бірге отырмаймын!» деп Галкин шырт түсті. Үдеров пен Маслов та старшинаны үнсіз қостағандай төмен қарап, теріс айнала берді. Мен:
«Бізден бұрын сіздерге көмекке дивизияның барлаушылары шыққан екен. Олар екеу еді. Осы немістің бөлімшесіне жеткенде сайдан өте алмай мерт болған. Немістер олардың киімдерін талапайлап алып, денесін найзамен шанышқылап шұқырға апарып тастапты. Мына Пауль болмағанда біз де солардың кебінін киетін едік. Бұлай сөйлесіп отырмаған болар ек. Ол фашист пе, жоқ па, онысын анық білмеймін. Бізге көмектескені хақ!» дедім.
«Мейлі, онда отыра берсін!» деді Маслов.
Пауль өзіне өлшеп кесіп берген шошқаның майын жемей бет орамалына орап, қойнына тықты.
«Неге жемейсің? Аузыңа татымай бара жатыр ма?» деген старшина Галкиннің сұрағына, ол «Әкем ауру еді. Соған апарайын. Бәлкім, осыны жеген соң оңалып қалар» деді.
Жазушы әкеге опалы перзент бола отырып, отанға опасыз сарбаз атанған Паульдің таңдауы арқылы сатқындық, адамгершілік, батырлық, босбелбеулік деген ұғымдардың біз қасаң қалыпқа салып өлшейтін кесімдерден де қатпарлы, тым күрделі екенін паш етеді.
Сталинград майданының жау қолында кеткен 0,85 биіктігін қайтарған сәтте неміс танкісінен табылған фотоальбомнан фашистердің жергілікті халыққа жасаған зорлықшыл қылмысын көріп қатты кектенген Мұхамед бұл жолы өз қаруластарының қарсылығына қарамастан Паульге араша түседі.
«Солдат соғысқа кетті» романы Кемел Тоқаевтың автобиографиялық шығармасы екенін айттық. 10 жасында шеше мен қарындастан ажал айырып, әкеден жұмбақ күйде көз жазып қалған Кемел 19 жасында жалғыз ағасының қаралы хабарын алады. Оның жалғыз ағасынан айырған қарсы тараптағы неміс замандасына аяушылық танытуы – нағыз ішкі дилемма.
Төртінші эпизод
Заһир Үдеров кейін жауға ең жақын шепте тұрған екі рота танктің басшысы болып бекітіледі. Штаб бұйрығын ала келген Мұхамед осыншама танктің ұры сайға тізіліп, бидай масағымен жасырылғанынан қатты тіксінеді. Жау қоршай шабуылдаса, қалың техника орманға сұғынып үлгермей қапыда қалатынын айтса да, лейтенант өркөкіректікке салынып, құлақ аспайды. Көп өтпей басшылыққа өзінің бекітілмегені үшін ішіне өштік сақтап жүрген капитан Колодкин немістердің қоршауға шыққаны туралы рация арқылы жеткен хабарды жасырып қалады. Әуеден атқылаған «мессершмидтер» мая астында танк жасырылғанын сезіп, бомбаның астына алады да, екі рота танктің көзі жойылады.
Соғыста совет армиясының миллиондап қырылуына фашистердің жанкештілігімен қоса әскери шенділердің бақталастығы, топастығы да себепкер болғанын көрсететін бір үзік сюжет бұл.
Командирге «жас қызды өзіңізге азғырып қойдым» деп жалған сөйлеп арандататын старшина, жау тылына кеткен барлаушылардың хабарын фашистерге жансыз арқылы жеткізетін сатқындық, Сталинградтағы мал түгіл мысықтың өзін пышаққа жыққан алапат аштық, апта бойы жау қоршауында қалған жетеуге азық жеткізу үшін өрімдей санитар қызды оққа байлаған сәтсіз шешім, бұл сияқты соғыстың боямасыз қалтарыстары романда баршылық.

Кемел Тоқаев Сталинградты азат етіскеннен кейін Беларусь, Украина, Польша аумағындағы ұрыстарға қатысады. 2,5 жылдың ішінде бірнеше рет жарақаттанып, қатарға қосылады.
1945 жылдың 21 қаңтарында алған жарақаттың қауіпті болғаны соншалық, дәрігерлер бір аяғын кеспек болады. Аяқсыз қалу оңай болсын ба? Гавриил Илизаров дейтін жас хирургтің «сүйек ұзартқыш аппаратын» өзіне сынатқан кейіпкеріміз үш ай төсекке таңылып, ақыры сау аяқпен Алматыға қайтады. Ал кейін Г. Илизаров осы құрылғының арқасында әлемге аты әйгілі хирургке айналды.
Биыл Ресейдің Қорғаныс министрлігі гвардия сержанты Кемел Тоқаевтың осы жарақат алған кезде қандай ерлік көрсеткенін баяндайтын құжатты жариялады.
Польшада көрсеткен осы ерлігі үшін ол II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.

7-ші жеке гвардиялық Ломжинск ауыр танк шабуыл полкінің командирі, гвардия подполковнигі Афанасий Поваров қол қойған құжатта былай делінген:
«1945 жылы 21 қаңтарда Еглиёвец елді мекенінің солтүстік-батыс аумағында (Польшадағы Мазовецк воеводалығына қарасты) немістер түнде біздің позицияларға қарсы шабуыл жасады. Автоматшылар өз танктерін тайсалмай қорғап, кейін қарсы шабуылға шығып, немістерді шегіндірді. Жолдас Тоқаев жау шебіне бірінші болып басып кіріп, автоматымен 5 немісті атып өлтірді және бір жаралы немісті тұтқынға алды. Тұтқынды өз бөлімшесіне әкеле жатқанда, Тоқаевтың аяғына жарылғыш оқ тиіп, жараланды (бастапқы машинкамен терілген «…және аяғынан айырылды» деген сөйлем сызылып тасталған). Тоқаев жаралы немісті атып өлтіріп, жарасын таңып, өз танктеріне жетті».
1945 жылы марқұм ағасы Қасымның арманын орындап, оқуға қабылданады. Қазақ әдебиетіне детектив жанрын әкелген жазушы «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Сіз кімсіз, Ка мырза» трилогиясына өмірі арқау болған чекистердің тарихын нақты деректермен көмкеріп, «Соңғы соққы» дейтін шытырман оқиғалы роман жазды. Оның бірнеше данасын Американың зерттеушілері аттай қалап алдыратыны және бар.

Қонаевқа қарсы қою операциясы
Кемел Тоқаевтың барлау қызметі мен милицияның ішкі құжаттары негізінде жазылған шынайы детективтеріне сұраныс жоғары болғаны «Әке туралы ой-толғауда» жан-жақты айтылған. Мұндай туындының цензурасы ол заманда айрықша қырағы болатыны айтпаса да түсінікті. Құзырлы қызмет өкілдері Кемел Тоқаев жазған кітаптың ешбірінде мемлекетке зиян келетіндей детальдің жоқтығын айтып, қорытынды беріп отырса керек. Цензураның сынына ұшыраған жазғыз еңбегі болыпты. Ол жайында Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп еске алады.
- 1978 жылдың ортасында «Жалын» журналында Кемел Тоқаевтың жаңа романынан үзінді жарияланды. Оқырман қауым баспадан толық кітап болып шығуын асыға күтті. Алайда романның журналдық нұсқасы сол кездегі идеология қызметкерлерінің «қырағы» назарына ілігіпті. Олар еңбектің бір шағын эпизодында сөз болған Сәкен Сейфуллин мен ірі көпес Шәріп Ялымов арасындағы қатынас қайшылығын «байқап» қалыпты. Сәкен Сейфуллин бұл фактіні өзінің «Тар жол тайғақ кешу» романында анық жазды әрі бұл жағдайды анықтайтын құжаттар Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ – ред.) мұрағатында да сақталған. Алайда партия идеологтерінің «төбе шашын тік тұрғызған» сенсациялық материалдағы С. Сейфулиннің жеке жауы Димаш Ахметұлы Қонаевтың жұбайының әкесі болып шықты. Пиғылы терістер тыныш жүрген бе? Республика басшысына Кемел Тоқаевтың журналдағы жазғанын сыбырлап үлгеріпті...
...Болмашы жайтқа бола күтпеген жерден мемлекеттік қызметтен (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Жаршысының» бас редакторы – ред.) босауы әкеміздің ғана емес, барша жанұямыздың көңіл-күйіне ауыр тигенін айтып жатудың қажеті бола қоймас. Оның үстіне, осы бір кездейсоқ келеңсіз оқиғаны далитып, түрлі өсек-аяңға айналдырушылар республиканың партия басшылығына барынша жарамсақтанып, жазушының әдебиетке жолын мүлде жабу керек деп өрекпігенін қайтерсіз. Газет-журналдар әкемнің мақалаларын жариялаудан бас тартса, көз көрген ескі таныстардың біразы, тіпті жұрт көзінше сәлемдесуден қашқақтаудан тайынбады. Алайда ата-анамыз қолдан жасалған дақпырттың еріксіз куәсіне айналған олардың ешқайсысына да кек сақтамады. 1984 жылы Д. Қонаевтың отставкаға кетуі жайлы әңгімелер үдей түскен шақта әке-шешеміз немересіне Зухра есімін беріп, ұзақ жылдар бойғы республика басшысына деген құрметін аңғартты, - деп еске алады «Әке туралы ой-толғауда».



Майдангер жазушы 1986 жылдың 10 қарашасында 63 жасында өмірден өтеді. Қазақ тәуелсіздігінің бастауы болған Желтоқсан трагедиясына 25 күн қалған еді. От басы, ошақ қасында «Егемен болмай, ел болмас» деген мақалды жиі айтатын қаламгердің ұрпағы, отандастары ол күнді де көрді.