Кеменің апатқа ұшыраған кезінен бері 100 жыл өткен соң «Титаниктің» қалдықтары ЮНЕСКО қорғауына өтеді

АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Кеме апатынан кейін 100 жыл өткен соң  «Титаниктің» қалдықтары жерасты мәдени мұрасы нысаны ретінде ЮНЕСКО қорғауына өтеді, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.  Бұл туралы кеше ұйымның коммюникесінде мәлім етілді.
None
None

«Титаник» 1912 жылғы 14 сәуірден 15-іне қараған түні Алтантика суларында мұзтаумен соқтығысып су түбіне батқан болатын. «Биыл бұл қайғылы оқиғаға 100 жыл толып отыр, сондықтан да оның қирандылары суасты мұраларын қорғау туралы 2001 жылғы ЮНЕСКО Конвенциясымен қорғауға алынды», делінген мәтінде.

Ұйымда кеме қирандылары Ньюфаунленд аралы маңындағы халықаралық суларда төрт шақырымдық тереңдікке батқан, сондықтан да бірде бір елдің апат орнын иеленуге құқығы жоқ деп атап көрсетті. «Бұдан былай конвенцияға қатысушылар апат орнында табылған нысандарды рұқсатсыз таратуға, сатуға, тонауға және жоюға кедергі жасай алады, - деп атап өтілген құжатта. - Олар қирандыларды қорғап, онда қалған адам мүрделеріне мұқият болуды қамтамасыз етуге барлық мүмкін болған шараларды қабылдай алады».

ЮНЕСКО-ның суасты мәдени мұраларын қорғау туралы конвенциясы 2009 жылдың қаңтарында күшіне енді. Қазіргі кезде оны 41 мемлекет ратификациялады.

 «Титаник» 1911 жылы 31 мамырда суға түсірілген кезде ол әлемдегі ең ірі кеме болды. 1912 жылы 10 сәуірде ол ағылшынның Саутгемптон айлағынан шығып, Ньюй-Йоркке бет алды. Төрт күн өткен соң кеме Солтүстік Алтантикада мұзтаумен соқтығысып, суға батып кетті. Оның бортындағы 2224 жолаушы мен экипаж мүшелерінің 1513-і қазаға ұшырады.

Соңғы жаңалықтар