Кемінде 300 мың доллар инвестиция салған шетелдіктерге Қазақстанда 10 жыл тұру мүмкіндігі беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ұзақмерзімді іскерлік әріптестікті қолдауға бағытталған инвесторлық визаны алу қағидалары бекітілді. Толығырақ Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров айтып берді.

Кемінде 300 мың доллар инвестиция салған шетелдіктерге Қазақстанда 10 жыл тұру мүмкіндігі беріледі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Еліміз аймақтағы ең үздік инвестициялық ахуалы бар мемлекет ретінде кеңінен танылған. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан 425 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартты, бұл Орталық Азиядағы барлық тікелей шетелдік инвестиция көлемінің шамамен 70%-ын құрайды, — деді Әлібек Қуантыров «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында.

Министр орынбасарының мәлімдеуінше, Қазақстан халықаралық бизнеске тағы бір қадам жасады.

— Жуырда еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ұзақмерзімді іскерлік әріптестікті қолдауға бағытталған инвесторлық визаны алу қағидалары бекітілді. Жаңа талаптарға сәйкес, қазақстандық компаниялардың жарғылық капиталына немесе жергілікті бағалы қағаздарға кемінде 300 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары инвесторлық виза алу үшін электронды өтініш бере алады. Бұл «алтын виза» кейін Қазақстан Республикасында 10 жылға дейін тұруға ықтиярхат алуға мүмкіндік береді, — деп толықтырды спикер.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Қазақстан мен Қытай 25 млрд долларға 60 келісімге қол қойды

Бүгінде Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы аясында 2,7 миллиард доллар болатын 10 жоба іске асырылу сатысында. Сонымен қатар 4,1 миллиард доллар көлеміндегі 8 жоба әзірленіп жатыр

Айта кетейік, бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық ІІ форумы өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар