Кемшіліктен көз ашпаған Алакөл: туристік аймақтың ахуалы қандай?

АСТАНА. KAZINFORM – Көпшілік білетін Алакөл қазір Қазақстандағы ең танымал демалыс орындарының бірі десек, жаңылыспаймыз. Жыл сайын мыңдаған турист келеді. Әйтсе де демалыс орнына көңілі толмай қайтатындар да аз емес. Мемлекет басшысы да «Біз мұнда келген қонақты лайықты қарсы ала алмай отырмыз» деп сынады. Қандай кемшіліктер бар, демалушыларға не ұнамайды? Jibek Joly телеарнасының арнайы репортажында тілшілер Алакөлдің жағдайын сараптауға тырысты.

Алакөл
Фото: Jibek Joly телеарнасы

Сапасыз жол, сергелдеңі көп саяхат

Жалпы, Алакөлге бет бұрған адам үшін ең басты қиындық – жол. Мысалы, елордадан демалыс орнына дейін жету үшін теміржол арқылы 20 сағат жол жүру керек. Ал көлікпен 1200 шақырымнан аса қашықтық болады. Сондықтан көпшілік Алакөлге ұшақпен жеткенді қалайды.

Алакөл
Фото: Jibek Joly телеарнасы

 

Дегенмен ұшақтың жайы да оңып тұрған жоқ. Екі араға қатынайтын әуе кемесі тым ескі. Яғни, туристер өз қауіпсіздігіне де алаңдайды. Ұшақтан түскен соң әрі қарай жағалауға дейінгі жол бар. Сапасы орташа, не тақтайдай тегіс емес, не ой-шұқыры жоқ жолсыз жер емес. Бұл жол Алакөлге бұрғызатын Қабанбай ауылының маңында бітеді.

Осы соқпақтың бойында 20-ға жуық қонақ үй орналасқан. Көшені бір маусымға жауып жөндеуге болады. Алайда қонақ үй иелері қарсы. Себебі бір маусымға жұмысы тұралап, табыстан қағылғысы келмейді.

– Жолды жөндеу мақсатымен бір маусымға жабуға қарсымыз. Мен қонақ үйімнің бөлмелерін жөндету үшін несие алғанмын. Егер келушілердің жолы жабылса, біз банкрот боламыз. Дұрысы демалыс маусым басталғанға дейін жөндеп қойсын, – дейді Константин Калмыков.

Алакөл
Фото: Jibek Joly телеарнасы

Жолдың жайын Алакөлге келген туристер жақсы біледі. Көбінің көңілі толмайтыны онсыз да белгілі. Жыл сайын қыдырып келетіндер «жол жөнделеді» деген сөзді бірнеше жыл бұрын естіген екен.

Қонақ үй бағасы қалта қағады

Жолдың соқпағына шыдағанмен, межелі жерге жеткен кезде екінші мәселе – қонақ үй күтеді. Алакөлде бір бөлме жалдау бағасы кемі 15 мыңнан басталып, 100 мың теңгеден аса береді. Бірақ баға мен сапа да сәйкеспейді.

Көп қонақ үй иелері қысқа уақытта мол қаржы табуды мақсат етіп, қызмет көрсету сапасына көңіл бөлмеген. Стандартты бір нөмірдің өзіне тәулігіне 18 мың теңге төлеуге тура келеді. Мұндай келеңсіздіктер барын кәсіпкерлер де мойындайды, алайда амалсыз осындай қадамға барған көрінеді.

– Біз демалыс маусымында 3 ай ғана жұмыс істейміз. Қалған мезгілде ешкім болмайды. Сондықтан қысқа уақытта несиелерімізді төлеп, қызметкерлердің жалақысын беруіміз керек. Амалсыз бағаны қымбаттатып қоямыз, – дейді қонақ үй иесі Шатнұр Жұмағалиқызы.

Алакөл
Инфографика: Kazinform

 

Бір қарағанда жағдай түсінікті секілді, алайда шетелдердің тәжірибесін ескеру керек. Мысалы, Грузияда туристік маусым 6 ай, бірақ сапа мен баға бір қалыпты. Өйткені жергілікті кәсіпкерлердің 3 жылға дейін пайызсыз несие алуға мүмкіндігі бар. Ал Түркияда стандарт талаптарына сай келмегендерге айыппұл емес, оқу курсы ұсынылады. Қытай кәсіпкерлеріне жеңілдік тіпті көп. Көрші елдің билігі инфрақұрылымға өзі инвестиция құяды, кейін ғана бизнеске береді.

– Туризм тек бизнес емес, бұл – елдің бет-бейнесі. Осыны түсінетін уақыт жетті, – дейді Қазақстан және Орталық Азиядағы туризм жөніндегі сарапшы Еркін Тікенов.

Алакөл
Фото: Jibek Joly телеарнасы

 

Қанша жерден баға мен сапа сәйкес келмесе де, Алакөлде жаз бойы халық толы болды. Бірақ шетелдіктер көрінбейді, дені қазақстандықтар. Әлеуметтік желі мен таныстардан баға мен сапаға қатысты түрлі сын естіп жататынымыз жасырын емес. Біреу Алакөлге 10 күн демалғаны үшін 1 млн теңге шығындалғанын айтса, кейбірі сол ақшаға шетелге барып демалмағанына күйінеді. Ал дәретхананың жоқ екені қонақтарды тіптен ашындырған.

Президент пәрмені: мәселе қалай шешілмек?

Шілденің бас кезінде бұл мәселе билік басындағылардың да назарын аудартты. Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Алакөлдің ахуалын реттеуге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тапсырма бергенін хабарлады.

– Мемлекет басшысы халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне Үкіметтің назарын аударды. Атап айтқанда, қажетті туристік инфрақұрылым, қызмет көрсету мен қауіпсіздік лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеген. Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырды, – деп жазды Руслан Желдібай.

Алакөл
Фото: Jibek Joly телеарнасы

Президенттің бұл пәрмені тек Алакөлдегі ахуалға қатысты емес. Жалпы ел туризмінің ақсап тұрғанын айқындайды. Сондықтан жауапсыздық танытқан жауаптылардың бірқатарына қатаң сөгіс жарияланды. Сынға ұшырағандардың көшін Туризм және спорт вице‑министрі бастады. Сосын Алматы, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстары әкімдерінің орынбасарлары да қатаң сөгіс алды. Бұған қоса экология және табиғи ресурстар, денсаулық сақтау, қаржы, су ресурстары және ирригация, сауда және интеграция, көлік министрліктерінің аумақтық бөлімшесінің басшылары да жауапкершілікке тартылды.

Осыдан кейін аяқ асты 2018 жылдан бері бірде-бір жөндеу көрмеген жағалауға 658 млн теңге бөлінетін болды. Оның 108 млн теңгесі Арбат алаңын салуға жұмсалады. Қазір тас төселіп, сауда нүктелеріне арналған орындар пайда бола бастады.

Келешекте Арбат маңы жаңа демалыс аймағына айналады деп жоспарланған. Ол үшін 171 млн теңге қаралған. Ал жағалауды абаттандыруға 107 млн теңге бөлініпті. Ол ақшаға 25 киім ауыстыратын орын, 50 контейнер және 2 биоәжетхана орнатылған.

– 7 пирстің 3-еуі орнатылып, құтқару мұнаралары мен жағажайды жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Әлі де біраз жұмыстар бар, оған да қосымша қаржы бөлінетін болады, – деді Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Рахат Әбдірахманов.

Алайда жұрт жиі шағымданатын мәселе мұнымен бітпейді. Демалыс аймағында қоқыс көп. Сын айтылғалы бұл проблема да шешімін тауыпты. Қосымша 100 қоқыс контейнері орнатылып, тасымалдайтын жүк көліктері де жаңартылған.

Алакөл
Фото: Jibek Joly телеарнасы

Сонымен демалыс аймағының инфрақұрылымы ақырындап жаңарып жатыр деуге негіз бар. Тазалық жұмыстары да қарқын алды. Дегенмен кемшілік әлі бар. Туристердің қауіпсіздігі әлі де толық қамтамасыз етілмеген. Түрлі жайсыз оқиғалар да болды. Жағалауда 63 жастағы әйелді катер қағып кеткені есте. Демалушы оқиға орнында қаза тапты. Ол жағадан шамамен 100 метр ұзап, жүзіп жүрген. Мұндай қайғылы оқиғалар арнаулы қайық тұрақтарын салғанша азаймауы мүмкін.

– Қайық тоқтайтын арнаулы орын жоқ. Адамдар шомылып жүреді, біз солардың арасымен өтуге мәжбүр боламыз. Бұл жеңіл көлік емес, аяғыңның астын көре алмайсың. Амалсыз жағаға келіп тоқтаймыз. Мысалы, балалар дәл менің катеріме келіп шомылады. Оларға «кет!» деп айта алмаймын. Өйткені менің тұрған жерім - заңсыз. Әкімдікке қайық тұрағын салып берсін деп талай айттық. Тыңдамады, – деп наразылығын жеткізді қайық жүргізушісі Нұрбек.

Ал құтқарушылар оқыс оқиғалардың бәрін демалушылардың өзінен көреді. Айтуларынша, туристердің көбі ескертуді елемейді. Соның салдарынан белгіленген аймақтан шығып кетіп, жазым болатындар бар.

– Кей ата-аналар балаларының қайда жүргенін білмейді. Ал балалар суға түсіп, жағадан ұзап кетіп жатады. Көбіне соларды құтқарамыз. Ересек азаматтарға «алысқа ұзамаңдар» деп жиі айтамыз, – дейді құтқарушы Тілеубек Дүйсенұлы.

Алакөл
Фото: Jibek Joly телеарнасы

Биыл Алакөлде бірде-бір ауыр қылмыс тіркелмеген. Тек 300-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Оның қатарында ішімдік ішу, жанжал шығару, қоқыс тастау бар.

Әкімдіктер туризмді ең соңғы орынға қояды

Өткен жылы Алакөлге 2 миллионға жуық демалушы келген. Бірақ салық көрсеткіштері турист санына сай келмейді. Өйткені жағалаудағы кәсіпкерлердің көбі заңсыз жұмыс істейді. Мысалы, жағалауда ресми тіркеліп, лицензиямен жұмыс істеп жатқан 300-ге жуық қонақ үй бар екен. Көзбен көрген адам көрсеткіштің одан бірнеше есе көп екенін аңғарады.

– Кейінгі жылдары Алакөл жағалауына көңіл бөлінбеді. Бірақ биыл жағдай өзгеріп жатыр, Алакөлдің басты мәселесі қазір электр тапшылығы. Сондықтан электр желісін салу бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалды. Қазір ол мемлекеттік экспертизадан өтуде, – деді Абай облыстық Туризм басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Марат Қабақов.

Алакөл
Фото: Jibek Joly телеарнасы

Жалпы жергілікті әкімдіктер туризм саласына «қалдық» принципімен қарайды. Яғни, қаржыландыруға келгенде ең соңғы кезекке қояды. Қазір елімізде 3 мегаполис пен 17 облыс болса, соның тек 7-уінде ғана Туризм басқармасы жұмыс істейді.

– Кейбір әкімдіктер туризмнің дамуына «қалдық» ретінде көңіл бөледі. Қазір бұл біздің ортақ мүддемізге сәйкес келмейтін дүние. Біз туристік аймақтарды заң бойынша тексере алмаймыз. Ұлттық стандарттарға сәйкес, біз айтқан ұсыныстар тек ұсыныс күйінде қалады. Орындауға міндетті деп есептелмейді. Бірақ өзге елдерде басқаша, – деді Kazakh Tourism ҰК АҚ жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Әлішер Тұрсын.

2025 жылдың алғашқы жартысында елімізге 7,5 млн‑нан астам шетелдік турист келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 600 мыңға артық. Соның арқасында қазынаға түсетін қаржы еселеп артуда. Былтыр шетелдік туристер Қазақстанға 2,6 млрд доллар табыс түсірген.

Президент пәрменінен кейін Үкімет пен жергілікті әкімдіктер белсенді бола бастады. Алайда бәрі уақытша науқан күйінде қалмағаны абзал.

– Қазір инвестициялық штаб бар, қауіпсіздік жөніндегі штаб бар – бәрі жақсы бастамалар. Бірақ туризмге саяси жігер жетіспейді. Институттар төменгі деңгейге дейін нақты жұмыс істеуі керек. Егер нақты мақсат пен бағыт айқындалмаса құтқарушылар санын арттыру, стандарттар енгізу сынды қадамдар нәтиже бермейді. Бұл істе дұрыс жолмен жүрсек, туризм индустриясы әлдеқайда серпінді дамушы салаға айналар еді. Ол үшін Антарктидада халықаралық курорт салуға тырысқандай болмай, барынша тиімді, бәсекеге қабілетті аймақтарды қалыптастыру керек, – дейді Қазақстан және Орталық Азиядағы туризм жөніндегі сарапшы Еркін Тікенов.

Алакөл
Фото: Jibek Joly телеарнасы

 

Сонымен, туризм саласында шешілмеген түйін көп екеніне көз жетті. Бір жағында қысқа уақытта шығынын өтегісі келіп, бағаны өсірген кәсіпкерлер, таразының екінші басында сапаға сын айтып жүрген демалушылар. Ендігі жұмыс осы ортадағы жүйесіздікті жою болса керек.

Соңғы жаңалықтар