Кен қазуға рұқсат алу үшін қоғамдық тыңдау өткізу талабы жойылуы мүмкін — вице-министр

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев кен қазуға рұқсат алу үшін жергілікті тұрғындармен қоғамдық тыңдау өткізу талабын Экология кодексінен алып тастауды ұсынды. 

Кен қазуға рұқсат алу үшін қоғамдық тыңдау өткізу талабы жойылуы мүмкін — вице-министр
Фото: видеодан алынған скрин

— Пайдалы қазбаларды жергілікті ауыл тұрғындары ешбір лицензия алмай-ақ қазып жатқан жайттар көбейіп келеді. Бізге сондай шағымдар түсіп жатыр. Ал заңға бағынатын кәсіпкерлер жерді аукционнан алып, лицензиясын рәсімдеп, Экология министрлігінің рұқсатын алып, салық төлеуші ретінде компаниясын сол жерге тіркейді. Ең соңында қоғамдық тыңдау өткізген кезде жер қойнауын заңсыз игеріп жүргендердің өкілдері 50-60 адам болып келіп, кездесудің шырқын бұзады. Осылайша бәрін заңды рәсімдеген кәсіпкерлер қайтып кетіп жатыр. 3-4 жылдан бері осындай проблема пайда болды. Осыған байланысты Экология кодексінің 96-бабынан қоғамдық тыңдауды алып тастап, рұқсат беру шешімін жергілікті уәкілетті органға беруді ұсынғанмын. Соған Экология министрлігі мен сіздің ұстанымыңызды білгім келеді, — деді депутат.

Вице-министр ол ұсынысты қолдайтынын ашып айтты.

— Өте маңызды мәселені көтеріп отырсыз. Өзіңіз айтқандай, қоғамдық тыңдау экологиялық бағыттан экономикалық бағытқа ойысып кетті. Ол дұрыс емес, менің ойымша, біздің ұстанымымыз сол. Біз сіз айтқан норманы Экология министрлігімен бірге жетілдіруге дайынбыз. Бірақ мен таныстырып тұрған заң жобасының тұжырымдамасы сәйкес келмейді деген қисынмен қарастырған жоқпыз. Келесі жылы өзгерістердің екінші пакеті болады. Сол кезде сізбен бірге осы норманы қосуға дайынбыз, — деді министрдің орынбасары.

Бұған дейін жыл басынан бері жер қойнауын пайдаланушылармен 17 келісімшарт бұзылғанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар