Кең жолақты интернет білім саласында маңызды тірекке айналады - Е. Сағадиев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кең жолақты, жоғары жылдамдықты интернет білім саласының маңызды тірегіне айналады. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осылай мәлім етті.
«Білім беру инфрақұрылымы алдағы білім және ғылымды дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Біз еліміздегі мектеп жетіспеушілігін «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы шешетін боламыз. Биыл 24 мектептің құрылысы аяқталып, Үкімет жаңадан 42 мектептің құрылысына кірісетін болады. Бұған қоса, жергілікті әкімдіктер де мектептер салатын болады. Бұдан бөлек, білім беру саласында интернет маңызды тірекке айналады», - деді Е. Сағадиев.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта мектептер үшін интернеттің маңызы арта түсетін болады. Соған орай, алдағы үш-төрт жылда мектептер оқушыларының кең жолақты интернетпен қолжетімділігі 90 пайызға жетеді.
«Әлемде жүздеген танымал онлайн-университеттер бар, онда миллиардтаған адамдар қашықтықтан оқып жатыр. Осындай революцияны пайдаланбаудың өзі күнә. Біз өзіміздің практикамызда осыны енгізуіміз керек. Яғни, инфрақұрылымда жоғары жылдамдықты интернет білім беру жүйесінің тірегіне айналады. Осы арқылы жаңа білімдер мен осы саладағы тәсілдерді енгізуге мүмкіндік кеңейеді, барлық оқушылармен қоса, оқытушылардың деңгейі де бірдейленеді. Екіншіден, біз оқу үдерістерін жаңғыртуды айтарлықтай арттыра аламыз. Бұл біз үшін бүгінгі таңда аса қажет», - деді министр.