Кендірлі зауытында теңіз суын тұщыту процесі басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысындағы жобалық қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын «Кендірлі» зауытында теңіз суын тұщыту процесі басталды.

Кендірлі зауытында теңіз суын тұщыту процесі басталды
Фото: ҚазМұнайГаз

Кәсіпорындағы құрылыс жұмыстары 30 мамыр күні аяқталған. Суды тұщыту, тұзсыздандыру және минералдандыру цехтары, сорғы станциясы, екі қосалқы станция, жөндеу-механикалық цех, гараж, қоймалар, зертхана, өрт сөндіру бекеті, қазандық орнатылды.

Сонымен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым — ұзындығы 80,1 км электр беру желісі, жалпы ұзындығы 201,4 км екі тармақты магистралды су құбыры, 48,1 км газ құбыры, 40,1 км автожол салынып бітті. Теңіз түбіндегі траншеяға полиэтилен құбырлары төселді.

Қазіргі кезде зауытта іске қосу-баптау іс-шаралары жүріп жатыр.

Бүгін технологиялық жабдықтардың бүкіл циклі іске қосылды, оның барысында теңіз суын тұщытуға арналған өндірістік желі тексеріледі және жуылады. Бұл процесс 72 сағатқа созылады.

Сынақ іс-шаралары сәтті аяқталған кезде зауыт жұмыс режиміне көшеді.

Кендірлі зауытында теңіз суын тұщыту процесі басталды
Фото: ҚазМұнайГаз

Теңіз суын тазарту мен тұщыту — күрделі процесс. Теңіз суы зауыттан 730 метр қашықтықта, теңіз үстінде орналасқан арнайы су жинайтын құрылғы арқылы тереңдігі 12 метрлік құдыққа келіп құйылады. Одан кейін қондырғылардың көмегімен құбыр арқылы кәсіпорынға жетеді.

Тұщыту цехында суды лайдан тазартуға және басқа заттарды жоюға бағытталған бірқатар процедура жасалады.

Келесі қадам – су автоматтандырылған өздігінен тазартатын сүзгілерге жіберіледі. Осыдан кейін су ультра сүзгілеу процесінен өтеді. Бұл тәсіл су құрамындағы органикалық заттарды 70-75% дейін төмендетуге және барлық қоспаларды, соның ішінде бактерияларды, бір жасушалы балдырларды және басқа да элементтерді толық жоюға (100%) ықпал етеді.

Кері осмос технологиясы судың құрамын минералды қоспалардан тазартып, 99,5% тұщытуға мүмкіндік береді. Реминерализация процесі тұщы суды жоғары сапаға жеткізу үшін қажет. Хлорланғаннан кейін ол ауыз су резервуарларына жіберіледі.

Кендірлі зауытында теңіз суын тұщыту процесі басталды
Фото: ҚазМұнайГаз

- Тұщытылған теңіз суы барлық қажетті талдау мен зертханалық зерттеулер жүргізілгеннен кейін ұзындығы 100,7 км құбыр арқылы Жаңаөзен қаласына жеткізу үшін «Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне жіберіледі. Зауыт суды бастапқы кезде «қосымша режимде» тұщытатын болады, яғни қалаға жетіспейтін көлемін қамтамасыз етеді.

Жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін Жаңаөзен тұрғындары мен іргелес жатқан елді мекендер ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ нысан «Астрахань — Маңғышлақ» магистралды су құбырына жүктемені азайтып, өңірдегі өнеркәсіп әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ зауыт 91 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, - делінген «ҚазМұнайГаз» ҰК хабарламасында. 

Кендірлі зауытында теңіз суын тұщыту процесі басталды
Фото: ҚазМұнайГаз

Айта кетейік, ірі әлеуметтік жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатыр. Барлық эксплуатациялық, соның ішінде жабдықтарды жасаған компаниялардың қатысуымен өтетін іс-шаралар аяқталғаннан кейін нысан Маңғыстау облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беріледі. 

Кендірлі зауытында теңіз суын тұщыту процесі басталды
Фото: ҚазМұнайГаз

 

Соңғы жаңалықтар