Кеңес дәуіріндегі Қазақстан демографиясы зерттеліп жатыр – Олжас Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутатының сауалына жолдаған жауапта Қазақстан тарихының жаңа 7 томдығы аясында Кеңес дәуіріндегі демография мәселелері зерттеліп жатқанын мәлім етті.

Үкімет басшысы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық тарихшы ғалымдар «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жаңа жеті томдық академиялық басылым әзірлеп жатыр. 7 том аясында кеңес дәуірінің демографиясы мәселелері кеңінен зерттеліп жатыр, - деп жазылған жауапта.

Сондай-ақ, ол депутаттың Демографиялық процестерді талдаудың ұлттық орталығын құру туралы ұсынысын қазір орындау мүмкін емес екенін айтқан.

- Үкімет 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізгенін хабарлаймыз, - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Олжас Бектенов Қазақстандағы демографиялық өсім тенденциялары табыс деңгейі орташадан жоғары елдердің көрсеткішінен жоғары екенін еске салады.

- Халықаралық ұйымдардың (Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы) талдауына сәйкес Қазақстанда айтарлықтай демографиялық өзгерістер болып жатыр. Халық саны бүгінде 20,3 млн адамнан 2050 жылы 24,3 млн адамға дейін өседі деп болжанып отыр (өсім 23%). Бұл өсу өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына және туудың салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіштеріне байланысты – бір әйелге 3 бала. Бұл табыс деңгейі орташа деңгейден жоғары басқа елдердің көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары, - дейді Премьер-министр.

Есе салсақ, Сенатта өткен жиында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты-қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали де демография және көші-қон саласын реттейтін бөлек мемлекеттік орган құруды ұсынған болатын. 

Соңғы жаңалықтар