Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин - қаһармандық іс-қимылдарымен, терең ғылыми ізденістерімен өзгешеленетін тарихи тұлға

- Серік аға, Мәлік Ғабдуллиннің еңбектерін зерттеумен айналысып жүргеніңізге қанша болды?
- Мен 1985 жылы «Менің майдандас достарым», 2005 жылы «Алтын жұлдыз» кітаптарын және қойын дәптеріндегі жазбаларын қосқанда, осы уақытқа дейін Мәлік Ғабдуллин туралы 70-80-ге жуық мақала жарияладым.
- Сіздің Мәлікпен таныстығыңыз қалай басталды?
- Мен ҚазГУ-де оқып жүріп, Мәліктің дәрістерін тыңдадым. Алғашқы таныстығымыз 1966 жылы қыркүйек айында болатын. Содан кейін Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында 1972 жылдың басынан ол кісі қайтыс болғанға дейін бірге қызмет жасадым.
- Мәлік Ғабдуллинге қызығушылығыңыз сол кезде басталды ма?
- Менің Мәлік Ғабдуллинің тұлғасына деген қызығушылығым орта мектепте жүргенде пайда болған. 1956-1966 жылдары орта мектепте оқығанда сол кездегі «Әліппеде» мынадай сөз бар еді.
Менің атым Әліппе,
Мені анаңдай дәріпте.
Мені оқып ержеткен
Бауыржан да, Мәлік те», - деген сөз біздің жүрегімізде қатты ұялаған еді. Ол заманда біздің республикамыздағы оқушылар болсын, студент жастар болсын, барлығы да сол Бауыржан мен Мәліктей болсам деп еліктеген еді. Бәрі де батырлар жырын оқыды, бәрі де Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын сияқты батыр болғысы келді. Міне, бағыма орай, мен ол кісінің дәрісін тыңдау бақытына ие болдым. Көп сұхбаттастық, көп пікірлестік. Соның барлығы ол кісі жайында кітап жазуыма себеп болды. Биыл Мәлік Ғабдуллинің 100 жылдығына орай өз қаражатыма жалпы көлемі 22 баспатабақ болатын кітап шығарып отырмын.
- Осы кітап жайлы айтып өтсеңіз... Бұл кітаптың ерекшелігі қандай?
- Бұл жазбамда Мәлік Ғабдуллинің осы уақытқа дейін беймәлім болып келген құжаттары, ол кісінің соғысқа дейінгі қайраткерлік істері көрсетілген. Соғысқа дейін-ақ ол кісі республикамыздың әдеби-мәдени өміріне белсенді араласқан адам. Студент кезінде, әскерде жүргенде, аспирант кезінде Қарағанды шахталарында кеншілерге сабақ беріп, дәрістер оқыған. 1932 жылдары «Октябрь балалары» газетінде жұмыс жасады, әрі оқыды. Ол кезде заман ауыр болатын. Бір оқиғаны айтайын, Мәлік көп балалы отбасынан шыққан, бір үйде он бала болды. Соның ішінде Мәлікпен бірге, 6 ұл, 3 қыз болды. Сол бауырлары және шешесі Әлия бәрі 1932 жылы ашаршылықтың құрбаны болған. Аман қалғаны тек Мәлік қана. 1936-1937 жылдары әскерде болды. 1938 жылдары басында «Социалистік Қазақстан газетінде» бас редактордың көмекшісі болып істеді. 1938 жылы қазан айында аспирантураға қабылданды. Жетекшісі алғашында Сәбит Мұқанов, кейін Мұхтар Әуезов болды. Мұхтар Әуезовтің ұстаздығын көп көрген адам. Одан кейін соғыс басталып кетті. Соғыс басталғанға дейін сол кездегі Халық ағарту комиссары Төлеген Тәжібаевқа республикадағы білім беру жүйесіне байланысты, 1941 жылы Ыбырай Алтынсариннің 100 жылдығына орай хат жазған. 1941 жылдың 9 мамырында «Правда» газетінде «Аспиранты и иностранные языки» деген мақаласы шықты. Мақалада ол аспиранттардың ғылыми жұмысты жазуда неміс тілін білуі оның қазақ әдебиетін зерттеп талдауға еш септігі тимейтінін шегелеп айтқан. «Мен қазақ әдебиетінің зерттеушісімін. Неге біз ер кандидаттық минимумды неміс тілінен тапсырамыз? Қазақ әдебиеті күн шығыс елімен, солардың тарихымен, солардың әдебиетімен, тілімен байланысты»,- деп сол кездің өзінде-ақ осындай ірі бастамаларды көтерген. Міне, осындай тың деректерге кітаптың іші толы. Кітап құжаттар негізінде жазылған. Сонымен бірге 1941 жылдары бірге соғысқан өзінің майдангер досы Жұмажан Баталовтың күнделігі берілген.
Мәлік - қаһармандық, батырлық іс-қимылдарымен, терең ғылыми ізденістерімен, ұстаздық, санаткерлік ерен еңбегімен, қаламгерлік қабілет дарынымен, ақыл-парасатымен өзгешеленетін тарихи тұлға. Мен өз еңбектерімде оның осы қырларын ашуға талпындым.
- Әңгімеңізге рахмет!
Р.S. Жыл басынан бері Қазақстанда Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығы кеңінен тойланып жатыр. Көкшетауда Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне және Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына орай мамыр айында батырға ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ мерейтой қарсаңында ұйымдастырылып отырған атаулы шара барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кіреберісіне батыр ұл, парасатты тұлғаға арналған ескерткіш тақта ашылды. Наурыз айында Ақмола облысының Зеренді ауданында Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығы мен Михаил Пономаревтің 95 жылдығына орай шаңғы марафоны өтті.
Ал қазанда Көкшетауда Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойына арналған шахматтан турнир өтті.
Белгілі ғалым-сыншы Рахманқұл Бердібай: «Мәлік сынды аты аңызға айналған ардагер азамат, әрі қаһарман, әрі ғалым туралы бұл тұста айтылар әңгіме аз болмаса керек. Оның Ұлы Отан соғысында көрсеткен таңғажайып ерлігі жөнінде де естеліктер, көркем шығармалар жазылар, әдебиеттануға, фольклортануға сіңірген зерттеушілік еңбегі жайында да мақалалар, монографиялар туар. Ақырында Мәліктің қоғамдық қайраткер, үлгілі ұстаз, жастардың тәрбиешісі ретіндегі қызметтері де есепке алынар. Соның бәрі қосылып келіп, «Мәлікнама» атты Үлкен кітаптың тарауларын құрар», - деген еді.
Ендеше, Мәлік Ғабдуллиннің ерлікке толы ғұмыры келер ұрпаққа сабақ болары сөзсіз.
Айта кетейік, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада Көкшетау облысының Зеренді ауданында дүниеге келген. Қазақ жазушысы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы (1959), профессор (1959), КСРО Педагогика ҒА-ның академигі (1959), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
М.Ғабдуллин 1935 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 1936 ж. әскер қатарына барып, әскери борышын өтеп қайтқаннан кейін осы институттың аспирантурасында оқыды. М.Ғабдуллиннің ғылыми-творчестволық жұмысы 1938 жылы КСРО ҒА-ның Қазақстандағы филиалында кіші ғылыми қызметкерліктен басталды. 1941- 1946 жылдары Кеңес әскерінің генерал И. Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы сапында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Ғабдуллиннің Ұлы Отан соғысындағы ерлік даңқы бүкіл одаққа әйгілі. Оның бұл ерлігі алғаш рет белгілі жазушы Б. Полевойдың "Правдада" жарияланған "Эпостың тууы" атты очеркінде баяндалды. Көптеген қазақ ақындары Ғабдуллинге арнап, өлең-жырлар шығарды. Соңғы жылдары белгілі болған деректерге қарағанда Мәлік Ғабдуллин қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың есімі ұлықталып, оған Кеңес Одағының Батыры атағын берілуіне көп еңбек сіңірген.
Соғыс аяқталып, армиядан қайтқаннан кейін Ғабдуллин республиканың ғылыми-педагогикалық мекемелерінде қызмет атқарды. Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының директоры (1946-51), Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры (1951-63) болды. 1963-1973 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі болды. М.Ғабдуллин ғылыми-зерттеу саласында көп еңбек етті. "Қазақ халқының ауыз әдебиеті" (1958, 1964) атты күрделі монографиялық еңбегінде Ғабдуллин ауыз әдебиетін зерттеудің ғылыми-методологиялық негіздерін айқындап, қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдері, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер туралы жан-жақты терең ғылыми талдаулар жасады, олардың ғылымдық, тәлім-тәрбиелік мәнін ашып көрсетті. Бұл еңбек жоғары оқу орындарына арналған оқулық ретінде бірнеше рет қайта басылып шықты. Ол 8-сыныпқа арналған "Қазақ әдебиеті" оқулығын (1952-1957) жазды. М.Ғабдуллиннің көркем шығармадағы тырнақ алды туындылары дивизиялық, майдандық газеттерде жарық көрді. Шығармалары жеке жинақ болып, соғыстан кейін жарияланды. "Менің майдандас достарым" (1947), "Алтын жұлдыз" (1948), "Майдан очерктері" (1949), "Сұрапыл жылдар" (1971) атты кітаптарына енген әңгіме, очерктерінде М.Ғабдуллин майдан өмірін суреттеп, жауынгер тұлғасын, кеңес өкіметінің адамдарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі қаһармандық бейнесін суреттеді. Педагог-жазушы ретінде ол жас ұрпақтың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. "Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес" (1966) деген кітабында М.Ғабдуллин бесік жырынан бастап, батырлар жырына дейінгі халық поэзиясының тәрбиелік мәнін ашып, оны іс жүзінде пайдаланудың тәсілдерін көрсетеді. Сонымен бірге балаларды патриотизмге, шыншылдыққа тәрбиелеу, олардың болашаққа сенімін арттыру, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету жөнінде ата-аналарға педагогтық кеңес береді.
М.Ғабдуллин ӀӀ-ӀV сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің парламенттік тобының құрамында Финляндияда (1953), Бельгияда (1957), Югославияда (1957) болды. Ғабдуллин еңбекшілер депутаттарының Алматы облыстық, қалалық Кеңестерінің депутаттығына, Қазақстан КП Алматы облыстық, қалалық, Фрунзе аудандық комитеттерінің мүшелігіне бірнеше рет сайланды. Ленин ордені, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталған. "Қазақ халқының батырлар жыры" кітабы авторларының бірі.
Мәлік Ғабдуллин 1973 жылы 2 қаңтарда Алматыда 57 жасында дүниеден өтті.
Гүлден Оспанова