Кеңестік кезеңде ұлттық жадымыз ауыр соққы алды - Дархан Қыдырәлі

АСТАНА.  ҚазАқпарат - 300 жылға созылған қалмақ-жоңғармен шайқаста  ұлттық жадымыз  алған соққы кеңестік кездегі  соққының жанында баланың ойыншығы сияқты. 
None
None

Мұндай пікірді бүгін Sarap Time сарапшылар клубының «Тарихи сана және қоғамның рухани қауіпсіздігі» тақырыбындағы отырысында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі тақырып шын мәнінде өте өзекті. Тарихи сана және қоғамның рухани қауіпсіздігі деп те әдемі қойылыпты. Шын мәнінде қоғамның рухани қауіпсіздігі осы тарихи сана арқылы қалыптасады. Ұлттық сана да тарихи  сана арқылы қалыптасады. Әрбір ұлттық иммунитеті болады. Сол иммунитетті, ұлттың кодын, ұлттың жадысын сақтайтын ол - ұлттың зиялылары. Ұлттың зиялыларын сақтай білсек, онда біз ұлттың кодын да, ұлттың  жадысын да  сақтай аламыз. Біздің халқымыз, ұлтымыз өте көп жарақат алған. Сондықтан тарихи жадысына біршама айырылып қалған ұлт. Біз көбінесе  хандарымызды Абылаймен шектейміз немесе көп жағдайда қалмақ-жоңғармен шайқасты айтамыз. Себебі сол 300 жылға созылған қалмақ-жоңғармен шайқас кезінде біздің ұлттық жадымыз  үлкен соққы алған. Бірақ сол соққының өзі  кеңестік кезде алған соққымыздың жанында баланың ойыншығы сияқты болып қалады», - деді ол.

Оның айтуынша, 1916 жылы ақпан төңкерісі кезінде  1 млн қазақ Жетісудан Қытайға көшіп кетті. Ал 1917 жылғы қазан төңкерісі  қазақ халқына үлкен нәубет әкелді.

«Оның артынан аштық келді. Жетісу жеріндегі, Түркістан генерал губернаторлығындағы  қазақтар үшін аштық ерте басталды. 1917-1918 жылдардағы аштықпен Тұрар Рысқұловтардың қалай күрескенін білеміз. Одан бергідегі 1921-22, 1931-32 жылдардағы аштық 2 миллионнан астам, кейбір зерттеушілердің деректерінде 3 миллионға жуық қазақты жалмады. Осы ретте мына бір үзіндіні оқып берейін. Сталинге жолданған бесеудің хатын білесіздер. Соның бірі Мансұр Ғатаулин 1937 жылы халық жауы  деп қамалған кезде былай деп жазған екен: «Бұлар халық жаулары емес, жау менмін. Сондықтан мені  соттаңдар. Бірақ,  мен де халық жауы емеспін.  Халық жауларының жауымын. Ал ондайлармен жауласуым 32 жылы командировкамен Қарқарылыға  барғанымда басталды. Машинадан түстім, айналада тірі пенде көрінбейді. Ештеңе жоқ. Ұзыннан салынған қора ғана тұр. Есігін ашсам, өліктер жатыр. Үлкен қораның іші қатар-қатар мәйіттерге толы. Кейбір адамдардың көздері ашық жатыр. Бірақ, өлетіні көрініп тұр. Айқай-шуды естіп сыртқа шықтым. Шаштары жалбырап, көздері қанталаған, қолдарында пышақтары бар әйелдер  жүргізушіме тарпа бас салды. Әуеге оқ аттым, олар жан-жаққа қашты. Жан-жағыма қарасам бір ошақта  үлкен қазан қайнап, отта тұр екен. Бірдеңе пісіп жатыр. Қақпағын ашсам қайнап жатқан судың ішінде жас баланың бірде аяғы, бірде қолы, бірде өкшесі көрінеді. Мен сол кезден бастап халық жауы болдым». Бұл алапат аштық шын мәнінде халықтың еңсесін көтерместей үлкен соққы болып тиді», - деді Дархан Қыдырәлі.

Соңғы жаңалықтар