Кения желаяқ спортшыларды даярлауда Қазақстанмен тәжірибе бөліспек

Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжинге Сенім грамотасын тапсырғаннан кейін аталған елдің Төтенше және Өкілетті Елшісі Пауль Кивиботт Кургат айтты.
«Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысымен пікіралмасу кезінде мен Кения және Қазақстан арасында іскерлік салада, ғылым мен технология бағыттары бойынша байланыстарды дамытудың әлеуеті зор екенін айттым. Мәселен, Қазақстан біздің мемлекетке тыңайтқыштарды, болат және бидай жеткізеді. Сонымен қатар біз Қазақстанда мұнай мен газ саласында тәжірибесі мол болғандықтан, бұл тұрғыда көп үйреніп жатырмыз», - деді Елші.
Айта кетейік, Кениядан бүгінде Қазақстанға гүлдер, кофе мен шай жеткізіледі.
«Кения желаяқ спортшыларды даярлауда Қазақстанға өзінің тәжірибесімен бөлісуге дайын. Атап айтқанда, бізде чемпион атанған жеңіл атлеттер көптеп кездеседі», - деді Пауль Кивиботт Кургат.
Сөз соңында ол қазақстандық азаматтарды Кенияға демалуға келуге шақырды.