Кеңсе жұмысы көптеген ауыр дерттердің дамуына себеп болып жатады - терапевт
Бүгін – Дүниежүзілік терапевтер күні. Бұл көпсалалы әрі әмбебап дәрігерлердің қызметі жауапты. Дертіне ем іздеген жанның барлығы осы терапевтердің тексеруінен өтеді. Сондықтан атаулы датаға орай Kazinform тілшісі 12 жылдық тәжірибесі бар маман, Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың терапевті Арина Кирдяйкинаны әңгімеге тартып көрген еді.
- Арина Александровна, қазір тұрғындар терапевт маманға қандай дерттермен жиі жүгінеді?
- Адамдардың қандай мәселемен көп келетінін кесіп айту қиын. Өйткені, терапевт – кең салалы маман, бастапқы кезеңде қарайтын әмбебап дәрігер. Сондықтан бізге денсаулығында түрлі дерті бар науқастар жүгінеді. Дегенмен қазір, яғни күз мезгілінде бірінші кезекте келетіндердің көбі негізінен тыныс алу органдарының ауруларына шалдыққандар.
- Бүгінде науқастар бірнеше дәрігерге қаралып, мамандардың әртүрлі пікірін біліп, кеңес алып жатады. Бұл пациенттердің денсаулығына қалай әсер етеді?
- Менің ойымша, бірде-бір салада медицина сияқты кәсіби жоғары стандарттар қалыптаспаған шығар. Пациенттермен қарым-қатынас кезінде үнемі өзін-өзі бақылау, дәрігерлік құпияны, этиканы сақтау, деонтология ережелерін қаперде ұстау тәртіптері бар. Егер науқас, екінші және үшінші дәрігерге барса, онда оның алғашқы дәрігерге деген сенімінің болмауы. Диагноз қою қиынға соқса және тәжірибелі мамандардың көмегіне мұқтаждық болса, онда басқа дәрігерге баруға болады деп есептеймін. Ал жалпы, бір ауру бойынша бірнеше медицина маманына жүгіну – уақыт өткізу және артық шығын. Бүкіл дәрігер медициналық көмек көрсету стандарты, сондай-ақ клиникалық хаттамалар бойынша жұмыс істейді. Егер пациент екі, үш маманға барса, онда ол барлық үш диагнозға да күмәнданады дегенді білдіреді. Осылай жүріп, дертін асқындырып алады.
- Терапевтің профилактикалық тексеруінен өту қаншалықты маңызды ?
- Қарбалас тіршілік барысында денсаулыққа тиісті деңгейде көңіл бөлмейміз. Кейін ауру мазалағанда қаралуға барамыз. Сондықтан ауырмайтын жол іздеу керек немесе тексеруден өтіп отыру қажет. Профилактикалық іс-шаралар созылмалы инфекциялық емес ауруларды, атап айтқанда жүрек-қан тамырлары, бронх-өкпе, онкология, қант диабеті, ас қорыту жолдарының ауруларын ерте анықтауға бағытталған. Профилактикалық медициналық тексеру 18 жастан асқан азаматтар үшін жылына 1 рет жүргізіледі және ол мыналарды қамтиды: сауалнама, бой, дене салмағын, бел шеңберін, қан қысымын өлшеу, қандағы жалпы холестерин, глюкоза деңгейін анықтау. Ал 18-39 жас аралығындағы әйелдер акушер-гинеколог дәрігердің қарауынан өтуі тиіс. Бұған қоса флюорография, электрокардиография жасалады.
Профилактикалық медициналық тексеру 40 жастан асқандар үшін де жылына 1 рет өткізіледі. Онда көздің қан қысымын өлшеу, ерін және ауыз қуысының шырышты қабығын қарау, қалқанша безі, онкологиялық ауруларға тексеру шаралары қамтылады.
- Арина Александровна, науқаспен қарым-қатынас жасау кезінде психологиялық фактор қаншалықты маңызды?
- Психологиялық байланыс емнің сәтті болуына ықпал ететін маңызды фактор саналады. Ең бастысы – пациент дәрігер тарапынан зиян келмейтініне сенімді болады. Науқас дәрігер оның қалпына келуіне қамқорлық жасайтынын сезінуі керек. Сондықтан эмоционалдық қолдау өте маңызды.

- Иммунитетті нығайтуға бағытталған өзіңіздің жеке рецептіңіз бар ма?
- Жеке рецепт – дұрыс тамақтану, қалыпты ұйқы, физикалық белсенділік. Мен үшін осылар иммунитетті нығайтуға бағытталған шаралардың алғышарты. Сондай-ақ, ағзада Д дәруменінің жеткілікті деңгейде болуы маңызды. Қыс мезгілінде күн сәулесі аз түсетін солтүстік өңірлердің тұрғындарында кальциферол жетіспейді. Тиісінше, иммунитет төмендейді, кальцийдің сіңуі нашарлайды, остеопороз дамуы мүмкін. Балаларда витаминнің жетіспеушілігі рахитке әкеледі. Д витаминінің қызметі әртүрлі. Осы дәруменнің қалыпты деңгейде болуы ішектегі қатерлі ісіктің даму қаупін 4 есе сейілтеді. Бұл витамин әжімнің түсуін азайтып, Альцгеймер ауруының алдын алу үшін қолданылады.
- Қазір көпшілік ауруын дәстүрлі медицина шараларымен емдеп жатады. Сіздің кәсіби маман ретінде дәстүрлі медицинаға деген көзқарасыңыз қандай?
- Дәстүрлі медицинаның тарихы терең. Ол рационалды және догматикалық сипаттағы әртүрлі мәдениеттерге, нанымдарға және эмпирикалық деректерге негізделген. Қазіргі уақытта дәстүрлі медицина жаһандық құбылысқа айналды, оған сұраныс артып келеді. Бұл бағытта аурулар түрлі дәрілік шөптер арқылы емделеді. Олардың көпшілігі қолжетімді және пайдаланудың қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Олар табиғаттың өзінен алынған, сондықтан фармацевтикалық заттарға қарағанда қауіпсіз және денсаулыққа пайдалы саналады.
Алайда, дәстүрлі медицина әрдайым қауіпсіз бола бермейді, тиісінше денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұндай ем хаттамаларға сәйкес қолданылуы керек және пациенттер үшін олардың сапасы, тиімділігі мен қауіпсіздігі мақсатында тексерулер мен клиникалық зерттеулерден өтуі қажет.
Уринотерапия көбінесе күлкілі «емдеу» әдістерінің бірі саналады. Атап айтсам, адамдар зәрді қайнатып ішеді. Сондай-ақ, оларды жарақаттар мен ісіктерге пайдаланады. Сайып келгенде кез келген зәрде азот, қышқыл және басқа компоненттер болады. Біздің ағзамыз осындай қажетсіз элементтерді шығарып тастайды. Ал оны ішетіндер сол токсиндерді организмге қайта қабылдайды. Кейбір науқастар уринотерапияны бастағаннан кейін жеңілдегенін алға тартып жатады. Ол зәрде «стресс» гормондарының болуымен байланысты. Бұл жағдайда аурудан айықтырмайды, тек дертті уақытша басады. Зәрді ешқашан ашық жараларға қолдануға болмайды, өйткені ол іріңдеп кетуі мүмкін.
- Бүгінгі таңда кеңседе 8 сағат қызмет істейтін жұмыскерлердің қимыл-қозғалысы аз. Осындай кестемен еңбек ететіндерге қандай кеңес берер едіңіз?
- Үнемі отырып істейтін кеңсе жұмысы көптеген ауыр дерттердің дамуына себеп болып жатады. Сондықтан омыртқа мен қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін лифтімен емес, баспалдақпен көтеріліңіз. Бұл – күні бойы жасауға болатын ең жақсы кардио-жаттығулардың бірі. Аз отырып, көп жүру қажет. Ұялы телефонмен сөйлескенде немесе хабарлама жазғанда тұрыңыз. Әріптестеріңізге бірдеңе айтқыңыз келсе, телефон арқылы хабарлама жазбай, оның кабинетіне барыңыз. Бос уақыт таба қалсаңыз, дәлізге шығып жүріңіз, түскі асқа жаяу барыңыз. Қажетті заттарды алыс жерлерге орналастырыңыз. Сонда оны алу үшін бірнеше қадам болса да жүріп барасыз. Бұған қоса, принтерден қағаз шығарып тұрып, өкшеңізді көтеріп-түсіріп жаттығу жасауға болады. Сонымен бірге үстелде отырып, құлағыңызға тигізердей етіп иығыңызды жоғары көтеріңіз. Оны 10-15 рет қайталаңыз.
- Өзіңіз жұмыс істейтін медициналық ұйымда қандай бірегей емдеу әдістері мен озық технологиялар қолданылатынын айтып берсеңіз.
- Клиника көпсалалы, бізде нейрохирургия, кардиохирургияда көптеген озық технологиялар қолданылады. Біздің ұйымда геронтологиялық пациенттердің денсаулығын нығайту және өмір сүру ұзақтығын ұлғайту мақсатында әрбір науқас жеке көзқарас жасалады, халықаралық стандарттар пайдаланылады.
- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!