Кентау экскаватор зауыты жанданып келеді

Табиғатты пайдалану басқармасына қарайтын «Табиғат қорғау» коммуналдық кәсіпорны үшін зауыт арнайы техникалар: 12 экскаватор және үш тасымалдаушы трал жасап отыр.
«Өндірушіні қолдаудың үздік жолы - тапсырыстар орналастыру, деп санаймыз. Біз осы 15 техниканы сатып алуға 140 миллион теңге бөлдік. Машиналар дайын және коммуналдық кәсіпорын жаңа жылдан бастап оларды арналарды тазалау жұмыстарына жұмылдырады», дейді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов.
Қазіргі уақытта әкімдік жаңа тендерлер өткізуге, оның ішінде «Табиғат қорғау» кәсіпорнының паркін қуаттырақ «драг-лайн» типтес экскаваторлармен жабдықтауға дайындалуда. Ал зауыттағылар өнімнің осы түрін игеруге әзірленуде. «Біз қазір Ростовтағы драг-лайн зауытымен бірлесіп жұмыс істеудеміз, бәрі дайын және осы тендерді жеңіп алуға үміттіміз», дейді Кентау экскаватор зауытының директоры Қожамберді Құрманбеков.
«Кентау экскаватор зауыты тек Оңтүстік Қазақстан облысының ғана емес, басқа да өңірлердің қажетіне жарап қалады. Республикада қазір жұмыс көп: құрылыстар жүргізілуде, егістік алқаптары қалпына келтірілуде, т.б. Сондықтан да біз Үкіметке және республика өңірлерге осындай техникаларға деген өз тапсырыстарын бізге орналастыру туралы ұсыныспен шыққалы жатырмыз», дейді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов.