Кентау тұрғыны Конго-Қырым безгегіне шалдығу күдігімен ауруханаға жатқызылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Кентаулық тұрғын Конго-Қырым қанды безгегіне шалдықты деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ғазиза Егембердиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кентау тұрғыны Конго-Қырым безгегіне шалдығу күдігімен ауруханаға жатқызылды

Қала тұрғыны кене шаққаннан үш күн өткен соң дәрігерге қаралған.

«Біздің қолданыстағы бұйрықтарға сәйкес кене шаққан адамның дене қызуы көтерілсе, дереу стационарға жатқызамыз. Басты мақсат – аурудың бар-жоғын тексеріп, асқынулардың алдын алу. Сондай алгоритм бар. Қазіргі кезде науқас ауру жұқтырды деген күдікпен бақылауға алынды. Денсаулығы бірқалыпты» - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ Ғазиза Егембердиева желілерде аталған жағдайға қатысты жалған ақпараттар тарап жатқанын жеткізді.

«Желіде тарап жатқан ақпараттар шындыққа сай емес. Отбасындағы және қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы үйінде, ешқайсысы ауруханада жатқан жоқ. Науқас үйінде болған сәтте ешқандай қан кету жағдайлары орын алмаған. Қолданыстағы бұйырықтарға сәйкес отбасындағы мүшелері 14 күнге медициналық бақылауға алынады. Таңертең және кешкілік дене қызулары тексеріледі. Бұл ол адамдардың барлығы ауру деген сөз емес» - деді ол.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Түркістанда кене шаққан екі адам қайтыс болғаны, ал Кентауда кене шаққан бір адамнан қан кетіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ дыбыстық хабарлама жазған адам «қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы ауруханаға түсті» деген мәлімет айтады.