Кентауда 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үй 4 мың шаршы метрді құрайды. Көппәтерлі үйге республикалық бюджеттен 387 млн 225 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Ақ Жол» құрылыс мекемесі жүргізді. Жаңа баспана кезекте тұрған әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға, бюджеттік сала қызметкерлеріне және Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне берілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы өңірде өз деңгейінде жүзеге асырылып, көптеген тұрғындар баспаналы болуда. Облыста осы бағдарлама негізінде өткен жылы 36,4 мың шаршы метрді құрайтын 84 тұрғын үйдiң құрылысы жүргiзiліп, 641 пәтерлік 23 үй пайдалануға берілді. Жалпы жыл соңына дейін өңірде 61 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.