Кентауда 92 адам астан уланды: Дәмхана қызметкерлерінен стафилококк анықталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Кентауда тұтынушылары фаст-фудтан уланған дәмхананың қызметкерлерінен сальмонеллез бен стафилококк қоздырғышы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, дәмханадағы 2 қызметкерден – сальмонеллез, 6 қызметкерден стафилококк ауруының қоздырғыштары анықталды. Сонымен қатар дәмханадан үйге әкетілген 3 чикен өнімінен сальмонеллез табылған.

Кентау қалалық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Утебаев дәмханадағы астан уланып, ауруханаға түскен науқастардың барлығы жазылып, үйлеріне жіберілгенін жеткізді. Дегенмен, баршасы учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады.

Айта кетейік, Кентау қаласында орналасқан «Ризық-Рауаны» фаст-фуд орталығында тамақтанған 92 адам уланып қалған еді. Олардың арасында 14 жасқа толмаған 40 жасөспірім, 3 жүкті әйел бар. Аталған жағдай бойынша Кентау қалалық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

1 шілде күні 17 тұрғын ауруханадан шықты.

«Астан улану диагнозымен 92 адам дәрігерге қаралған. Оның ішінде 67 науқас стационарда емделді. Ал жеңіл түрлері амбулаториялық жағдайда ем қабылдап жатыр. Бүгінгі күні 17 тұрғынның жағдайы жақсарып, ауруханадан шықты. Қазіргі кезде жағдайы ауыр науқастар жоқ. Қоғамдық тамақтану орнында тексеру жүргізіліп, іс шаралар атқарылуда», - деді Кентау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ғазиза Егембердиева.


Соңғы жаңалықтар