Кентауда жылу температурасы кешке дейін көтеріледі – әкімдік
Кентауда жылу температурасы кешке дейін көтеріледі. Бұл туралы әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шыққан Кентау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Искаков мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
Кентау қаласында қатты желдің салдарын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жарықтың сөніп қалуынан жылу энерго орталығындағы қазандықтар өшіп, қайта іске қосылған болатын. Салдарынан қалада жылу температурасы төмендеп кетті. Сапалы жылуға қол жеткізе алмаған тұрғындар қосымша электр пештерін тұтынып отыр.
«12 желтоқсанда жарықтың өшіп қалуынан жылу энерго орталығы 10 минутқа өшіп, қосылды. Ертеңіне де электр жарығының тұрақсыздығынан жылу энерго орталықтың жабдықтары мен қазандықтары 3-4 рет өшіп, қайта қосылды. Соның салдарынан жылудың температурасын түсіріп алдық. Қаланың біреше жерінде ақау болып, су ағып кетті. Себебі қазандықтар мен жабдықтарды қайта іске қосу үшін 2 сағатқа жуық уақыт кетеді, ал қайта қалпына келтіру үшін кем дегенде 3,4 сағат уақыт жұмсалады. Қазіргі таңа қалаға 3 қазандықпен жылу беріліп жатыр. Кешке дейін жылудың температурасы көтеріледі. Таң атқанға дейін дұрысталып қалу керек» - деді Қуаныш Искаков.
Қала әкімінің орынбасары әлеуметітік желіде тарап жатқан «жылу энерго орталығында көмір жоқ» деген ақпаратқа да жауап берді. Сондай-ақ жылу ақысы қайта есептелетінін жеткізді
«Жылу энерго орталықта 20 000 тонна көмір қоры бар. Ол 1 айға жетеді. Желтоқсан айының соңында қосымша көмір жеткізу басталады. Көмір қоры жеткілікті. Ал 13 желтоқсаннан бастап жылу қалыпқа келгенге дейінгі уақыт аралығындағы күндердің ақысы қайта есептеледі» - деді Қуаныш Искаков.
Айта кетейік, бұдан алдын Кентаудағы жылу энерго орталықта ақау шыққаны жайында жазған болатынбыз.