Кентауда жол ережесін бұзған 76 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды

КЕНТАУ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Кентау қаласында полицейлер үш күн бойы «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Ауа-райының қолайсыздығы салдарынан болатын жол-апаттарының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шарада жол ережелерін бұзған 76 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кентауда жол ережесін бұзған 76 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, рейдке Патрульдік полиция тобының 14 қызметкері жұмылдырылған. Шара барысында 1 жүргізушінің автокөлікті мас халде басқарғаны анықталып, құжаттары Кентау қалалық сотына жолданды. Өзге көлік тізгіндеушілерге жол бойында абай болуға шақыратын ескертулер мен жаднамалар таратылды.

Айта кетейік, өңірге күні кеше ғана қар жауып жүргізушілер біраз әбігерге түскені белгілі. Ал, Қазығұрт ауданында тіпті бірден төрт көлік соқтығысып, 15 адам зардап шеккен болатын.

Жарақат алған 14 жолаушы ауруханаға жеткізіліп, 8 адам жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер науқастардың жағдайларын қанағаттанарлық деп бағалауда.