Кентаудағы интернатта екі дәрігер тиісті құжаттарсыз жұмыс жасаған
Айталық, интернаттың педиатр-дәрігерінің лицензиясы болмаған, тағы бір медицина қызметкері сертификатсыз жұмыс істеген.
Бұдан басқа да кемшіліктер белгілі болды. Интернатта тәрбиеленушілердің жеке іс қағаздары жиі жоғалып кетеді, өрт қауіпсіздігі, санитарлық ережелер бұзылады.
Прокуратура облыстық әкімдікке заңдылықтың бұзылуын жою және лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұйғарым түсірді.
Көптеген кемшіліктер қайтадан анықталды. Бұдан бір жыл бұрын да облыс прокуратурасы интернат жұмысын тексерген болатын. Онда жұмыстағы өрескел кемшіліктері үшін интернат директоры жұмысынан босатылып, тағы 5 қызметкер жауапкершілікке тартылған болатын.
«Тексерулер қайтадан жүргізілді. Сонда тәрбиеленушілерді күтіп ұстау жағдайларында көптеген заң бұзушылықтар болған еді, - деп әңгімелейді ОҚО прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары Роман Беріков, - онда балалардың жасына қарай жатын бөлмелерге орналастырылуы сақталмаған болатын, қыздар мен ұлдардың бір-бірінің бөлмелеріне еркін кіруі орын алған, әр жыныстағы балаларды бөлек ұстау шаралары алынбаған».
Прокуратура мәліметтері бойынша, режимдік интернатта қызметкерлер штаттағы тиісті саннан аз болып шықты. Директордың режим жөніндегі орынбасарының арнайы білімі болмаған. Прокурорлар 8 тәрбиеленуші негізсіз үйлеріне қайтарылғанын, ал одан кейін интернатқа қайтарудан мүлдем бас тартқанын анықтады. Бұл интернаттағы жасөспірімдердің ауыр қылмыстар жасауына әкеп соқты.
«2012 жылы бірнеше тәрбиеленуші қыз мекемеден кетіп қалды, - дейді Роман Беріков. - Полиция оларды қайтаруға тырысты. Ал мекеме аумағына келгенде төбелес шықты. 6 жасөспірім полицейлерге шабуыл жасап, оларды балағаттады, содан кейін погондарын жұлып алды, машинаның алдыңғы терезесін сындырды. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық кінәлілер тиісті жазасын алды».
Тағы бір өрескел факті прокурорларды таңғалтты. Олардың анықтауынша, мекеме директоры тәртіп орнату үшін білекті биресми көшбасшыларды қолдап отырған.
«Интернатта биресми көшбасшыларға қолдау көрсетілген. Бұл балалардың сабақтарға қатыспауына, режимді сақтамауына, интернат аумағынан шығып кетуіне мүмкіндік берген. Кейбіреулері олардың ырқына бағынып, олардан үлгі алған. Басшылық мұндай жөнсіздікті тоқтатуға шаралар алмаған», - деді Р.Беріков.
Бір жылдан кейін жаңа директордың тұсында бюджеттен бөллінген 107 млн. теңгеге спорт залы, шеберхана, монша салынған. Дегенмен интернат тәрбиесіндегі заң бұзушылықтар түпкілікті жойылған жоқ.