Кентаудағы жылу электр орталығы кеңейтілуі мүмкін
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Кентаудағы жылу электр орталығы кеңейтілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«QAZSMARTENERGO» ЖШС инвестор ретінде Кентау қаласындағы жылу орталығы базасында бу-газ станциясын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен компания директорының орынбасары Данияр Сейтеновтің кездесуінде мәлім болды. Қос тарап өңірде энергетика тапшылығын жою, атап айтқанда, Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығын кеңейтіп, қуаттылығын арттыру жолдарын талқылады.
«Кентау қаласындағы жылу электр орталығын жаңарту, кеңейту жұмыстары бойынша бірнеше инвестордан ұсыныс түсіп отыр. Біз халыққа және облыста тиімді жобаны қабылдаймыз. Жоба жүзеге асқанда тұрғындар үшін тариф төмен әрі қолжетімді болуы тиіс. Екіншіден, жобаны мұхият зерделеп барып шешім қабылдаймыз. Алдағы уақытта тағы да кездесіп, нақтылай түсейік. Әділ әріптестік, адал жұмыс болғаны жөн», - деді Дархан Сатыбалды.
Данияр Сейтенов жобаны қысқаша түсіндіріп, компания туралы мәлімет берді. Еліміздің бірнеше өңірінде энергетика саласында ірі жобаларды жүзеге асырғанын, Кентаудағы жылу орталығын дамытуға әлеует пен мүмкіндік жеткілікті екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Кентаудағы жылу орталығы жабдықтарының 85 пайызы тозғанын жазған болатынбыз.


Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі