Кентау экологиялық аймақ танылса, 100 мың адамның өмір сүру сапасы жақсарады – депутат
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Кентау қаласындағы экологиялық жағдай күннен күнге күшейіп келеді. Қазіргі кезде қаладағы ауа мен судың ластануынан қала тұрғындарының арасында онкологиялық аурулар да асқына түскен. Бұл туралы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Кентау қаласында өткен жиында мәлімдеді.

Кентау қаласында 2020 жылы онкологиялық аурумен науқастанып, қайтыс болғандардың көрсеткіші 49,5 болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 51,5-ке көбейген. Ал, 2022 жылы 62,4 болып отыр.
«Жалпы, бұл - өте үлкен, ауқымды мәселе. Себебі, Кентау қаласындағы экологиялық жағдай күннен күнге күшейіп келеді. Бұл дабыл қағарлық жағдай деп білемін. Бір таңқаларлығы, Кентау қаласына қарасты Құсшы ата ауылындағы жолдың арғы беті экологиялық аймаққа жатса, бергі беті экологиялық аймақ деп есептелмейді. Барлық тұрғынның жұтып отырғаны бір ауа. Бәйдібек ауданында да дәл осындай жағдай бар. Қызыл көпір аталып кеткен Екпінді ауылының Арыс аймағына қарасты бөлігі экологиялық аймаққа енеді де, Бәйдібек бөлігі бұл артықшылықты ала алмай келеді. Бұл мәселе де оңтайлы шешуді қажет етеді», - деді Ұласбек Сәдібеков.
Кентау қаласын экологиялық аймаққа ендіру жайы бойынша жұмыстардың қолға алынғанына да 10 жылға жуық уақыт болған. Алғаш рет бүгінгі сенатор Әли Әбдікәрімұлы Бектаев Парламентте Кентау қаласын экологиялық аймаққа ендіру қажеттін айтып, жергілікті халықтың жанайқайын Үкіметке жеткізген болатын. Содан бері мәселе өзектілігін жойған жоқ.
«Соңғы жылдары Кентаудың жағдайын күн тәртібіне қайта алып шықтық. Үкіметке жағдайды түсіндіріп, 100 мыңға жуық халықты толғандырған жайт екендігіне көз жеткіздік. Содан қаншама жылдан бері тоқтап тұрған «сең» қозғалып, назар аударылды. Бүгінде әрбір министрлік пен комитет тарапынан жұмыстар жүріп жатыр. Арада түсінбеушіліктер мен сұрақтар да туындауда. Сондықтан, аталған мәселеге қатысты сала мамандары бірігіп, мәселені Кентау қаласында халықпен бірге қарап, талқылаудан өткіздік. «Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданының экологиялық жағдайы» жөніндегі арнайы мәжіліске Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Экологиялық саясат департаментінен, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінен, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаментінен және Түркістан облысы әкімдігінен сала мамандары мен жергілікті басқарма басшылары және әкімдер, мәслихат депутаттары мен ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Министрлік өкілдері Кентау қаласын экологиялық аймаққа ендіру мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстармен таныстырды. Жалпы, біз Кентауды экологиялық аймақ деп тану арқылы 100 мың халықтың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз», - деді Ұласбек Сәдібеков.