Кенжехан Матыжанов: Ата заң – әрбір азаматтың күнделікті өмір сүру салтын айқындап берді
«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілеп, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз»,– осыдан ширек ғасыр бұрын бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата заңның осы беташар сөзі кімнің болса да жүрегін жылытады деп ойлаймын.
Бұл біздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі өз еркімізді білдіре отырып, халықтық талқылаудан өткізіп барып қабылдаған тұңғыш Конституциямыз. Сондықтан да оның алғашқы сөзінен бастап ғасырлар бойына азаттық аңсаған елдің арман-мұраты мен «байырғы қазақ жерінде өз мемлекеттігін құрып» еркін өмірге ұмтылған бейбіт ақ ниеті айқын көрініс береді», – дейді Кенжехан Матыжанов.
Оның айтуынша, негізгі заңда, өркениетті елдердің озық үлгі өнегесі, қалыптасқан адамзаттық құндылықтары басшылыққа алынған.
«Конституцияның бүкіл болмыс-бітімі нарықтық қарым-қатынастарға негізделген, әлемдік бәсекелестікке ұмтылған, ашық, азаматтық қоғам құру идеясы алтын өзек болып тартылған. Оның: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - деп басталатын 1-бабының бірінші тармағында осындай терең мағына жатыр. Ал осы баптың екінші тармағы: «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу», - деп осы ойды нақтылап, тарата түсіндіреді»,– дейді М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.
Сонымен қатар, ол іргелі тоғыз бөлімнен тұратын Конституцияның жалпы мазмұны бір-бірімен тығыз байланысқан 98 бапқа жүйеленгенін атап өтті.
«Әрбір бап ішінара тармақтарға жіктелген. Оның әрбір тармағында қоғам мен күнделікті өмірдің өзекті мәселелерін реттейтін аса маңызды ұғым-түсініктер қамтылған. Олардың қатарындағы: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», «Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жекеменшік танылады және бірдей қорғалады», «Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді», «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі», «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды», «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды», - деген сияқты әрбір азаматтың күнделікті өмір сүру салтын айқындап, мемлекет пен қоғамға деген сенімін арттыратын маңызды баптар бар»,– дейді ол.
Оның айтуынша, ұлттық құндылықтарымыздың ұйытқысы, адамзаттық асыл қасиеттерді ардақ тұтатын Ата заңымыз халқымызбен ширек ғасыр бойына бірге жасап келеді.
«Халқымыздың қол жеткізген табыстары мен еліміздің әлемдік қауымдастық алдындағы биік беделіне Қазақстан Конституциясының осындай терең мазмұны мен өміршең баптары негіз болып келеді. Ата заңымыз өркениетті елдердегідей ғасырдан ғасырға алтын өзегі өзгермей жете берсін»,– деп қортындылады ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы К.Матыжанов.