Кербұлақ ауданының полициясы Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде дүкен тонаған тұрғынды анықтады
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің мекенжайынан 5 дана телефон, планшет, бірнеше қол сағат, құлаққаптар, микрофлешкалар мен «Билайн» абонеттерінің нөмірлері табылды. Табылған заттар тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді»,- деді Кербұлақ ауданы ПБ бастығы полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.
Полиция басшысының ақпараты бойынша іске қатысы бар деген күдікпен ұсталған 1998 жылы туған азамат бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Алматыға жұмыс жасауға барған ол тәртіпсіздіктер орын алғанын пайдаланып, «Апорт» сауда үйіндегі дүңгіршектердің бірінен тәркіленген заттарды заңсыз иемденіп кеткен.
Тәртіп сақшыларының бұлтартпас айғақтарынан кейін күдікті қылмысын толық мойындап, заңға қайшы әрекеті үшін өкінетінін жеткізген. Оның әрекетіне сот органдары нақты баға беретін болады.
Сонымен қатар, полицейлер оның осыған ұқсас қылмыстарға қатысы барын тексеруде.