14:14, 14 Мамыр 2009 | GMT +5
KEРCO және KEGOC Өзара түсіністік меморандумына қол қойды
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат – Кеше Астана қаласында «KEGOC» АҚ президенті Қанат Бозымбаев пен KEРCO (Korea Electric Power Corporation, Корея Республикасы) Директорлар кеңесінің төрағасы Ссанг-Су Ким Өзара түсіністік меморандумына қол қойды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат «KEGOC» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аталмыш құжат электр энергетикасы саласындағы ақпарат, технология, білім және тәжірибе алмасу мәселелерін қарастырады. Тараптардың меморандум шеңберіндегі ынтымақтастығы энергия жүйесінің сенімділігін арттыруға, шығынды азайтуға, ортақ зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ қызметкерлерді оқытуға бағытталмақ. Қол қою рәсімінде KEGOC компаниясының басшысы Қанат Бозымбаев оңтүстік корея компаниясының Қазақстанның электр энергетикасы секторына келуін құптайтынын білдірді. Ал КЕРСО Директорлар кеңесінің төрағасы Ссанг-Су Ким компания өзінің электр энергетикасын өндіру, тарату және бөлу саласындағы жұмыс тәжірибесін Балқаш ЖЭС құрылысының жобасын әзірлеуге пайдаланатындығын айтты.