Керекуде далада тау боп үйіліп жатқан картоп кімге тиесілі

картоп
Фото: видеодан алынған кадр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде иен далада тонналап шашылып жатқан картоптың видеосы тарады. Бейнежазбаны таратушылар бұл Павлодар облысында түсірілген деп көрсеткен.

Бейнежазба Instagram-дағы @ egovpress парақшасында жарияланды.

Тау-тау үйілген картопты камераға түсірген азамат қыстай қоймада сақталып келген өнімді қоқысқа тастағанша, жергілікті әкімдік мұқтаж жандарға үлестіріп бермей ме деген наразылығын айтып тұр.

Ал оқырман қауым бұл жылда қайталанатын әрекет деп жазып жатыр.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері аталған бейнежазба Павлодар облысының аумағында түсірілмеген деп отыр.

«Біздің басқарма мамандары қоқысқа тасталған картоп мәселесі бойынша мониторинг жүргізді. Тұқым шаруашылықтары өңірдегі тұқымды картопты толықтай сатқанын мәлімдеді. Ал ірі көкөніс қоймаларында сақталып келген картоп бұзылмаған және олар да толық сатылып кеткен. 17 сәуір күні Павлодар ауданының Заря ауылы маңындағы қоқыс алаңына жергілікті шаруашылық қоймада шіри бастаған картопты апарып төккен. Аталған өнім асқа пайдалануға және малға беруге жарамсыз. Оның жалпы көлемі 2-3 тоннадан аспайды. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері қоқыс алаңдарының барлығын тексеріп шықты. Egov.press телеграм арнасында жаряланған бейнежазбадағыдай ірі көлемдегі картоп кездеспеді. Бұл видео шындыққа сәйкес келмейді және ол біздің облыс аумағында түсірілмеген» деп хабарлады басқармадан.

Былтыр Ертіс-Баян өңірінің фермерлері 806,4 мың тонна «екінші нан» жинап, оның алдындағы жылғы рекорды бірден 133 мың тоннаға жаңартты.

Алайда мұншама аста-төк картопты қайда жіберерлерін білмей басы қатқан.

Мол өнімді арзанға сатып, көптеген шаруашылықтар шығынға да батты. 

Соңғы жаңалықтар