Керқұлан қазақ даласына қалай жерсіндіріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Керқұланды жерсіндіруге бағытталған жоспары жүзеге асырыла бастады. Бастапқыда елімізге Керқұланың 8 дарасының 3-еуі Арқалық қаласына жеткізілсе, қалған жануарлар 6 маусымда әкелінеді. Осы жаңалыққа орай агенттік тілшісі «Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РМК жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы мамандарымен жылқылардың жай-күйі жайында әңгімелескен болатын.
Аталған бөлімнің бас маманы Рүстем Бидебаевтың айтуынша, ұшақпен жеткізілген жануарлардың жағдайы жақсы. Қазіргі уақытта олар жергілікті жерге жерсіндіріліп жатыр.
Ертең Керқұланның тағы 5 дарасы жеткізіледі. Олардың бәрін бір мезетте әкелу техникалық себептерге байланысты мүмкін болмады. Жалпы, Амангелді мен Жангелдин аудандарында осынау жоғалып бара жатқан жануардың 40 дарасын жерсіндіру жоспарланып отыр. Бүгінде еліміздің хайуанаттар бағында, атап айтқанда Алматы, Шымкент және Қарағанды хайуанаттар бағында Керқұланның 7 дарасы бар.
Тарихи мекеніне қайтару
Пржевальский жылқысын 1879 жылы Жоңғариядан – Моңғолия мен Қытайдың шалғай аймағынан көрнекті саяхатшы Николай Михайлович Пржевальский тауып, 1881 жылы Император зоологиялық музейі сүтқоректілер бөлімшесінің кураторы, зоология ғылымының магистрі Иван Поляков сипаттаған. Біраз уақыт ол қолға үйретілген жылқының арғы атасы саналды. Бірақ генетикалық зерттеулер жаңсақ тұжырым екенін көрсетті. Пржевальский жылқысының жасушаларында 66 хромосома, ал үй жылқыларында 64 хромосома болады.
Керқұлан IUCN Қызыл тізімінде және Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның (CITES) I қосымшасында «Қауіп төну» санатына енгізілген. Соңғы тіршілік аймағы Моңғолия (жылқылар 1970 жылға дейін кездескен) болды. Қазіргі уақытта жануарлар хайуанаттар бағы мен питомниктерде, асылдандыру орталықтарында өсіріліп, бірнеше елдің кей аймақтарында қайта жерсіндірілген. Ертеректе жылқының бұл түрі Қазақстаннан Тянь-Шань мен Моңғолия Алтайының етегіне дейінгі Азия далаларының аумағын мекендеген.
Пржевальский жылқысының жойылуына 40-жылдардағы ату, қатал қыс, жайылымдықтар мен суаттарды ауыл шаруашылығында пайдалану әсер еткені айтылып жүр. Дегенмен, мамандар басты себеп ретінде адами факторды атайды. Адамдар жылқының бұл түрін даладан шөлейтті аймаққа ығыстырып жіберген. Сол себепті Қазақстанда жабайы жылқылар құландарға қарағанда тұтас бір ғасыр бойы біртіндеп жойылды.
Керқұландарды сақтап қалу мақсатында жануарлар Еуропадағы хайуанаттар бағына жеткізіле бастады. Ұсталған жануарлардың жартысынан астамы жолда өлді. Сондықтан көп ұзамай хайуанаттар бағы қолға түскеннен туған жылқылардың құлындарын сатып ала бастады. Бұл Моңғолияға агент жіберіп, тасымалдау ақысын төлеуден әлдеқайда арзанға түсетін. Барлығы 1899 жылдан бастап 1903 жылға дейін Моңғолиядан Еуропаға 52 асыл тұқымды Пржевальский жылқысы және үй жылқысымен 2 буданы жеткізілді.
Нәтижесінде жүзге жуық құлын туды. Бірақ жабайы жылқылардың көбеюі өткен ғасырдың 30-жылдары соңына қарай азайып, қолда ұстаған жылқының барлығы дерлік жойылып кетті. Қалалық хайуанаттар бағының еркіндікке үйренген жылқыларға жақсы күтім көрсете алмауы, хайуанаттар бағының коммерциялық мақсаттары мен жылқылардың генофондының әртүрлілігін сақтау мақсаттарының сәйкес келмеуі аталған жануарлардың өліміне әкеп соқтырған.
Неліктен таңдау Қостанай облысына түсті
Керқұландарды қазақ жеріне жерсіндіру мәселесі алғаш рет көтерілген кезде ең оңтайлы жер ретінде қазіргі «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы ұсынылған болатын. Сонау 90-шы жылдары осынау жабайы жануарларды жерсіндіру үшін аталған парк аумағына Керқұланның алғашқы экспериментті үйірін жіберу көзделген еді. Ал, жабайы жылқыларды Украинаның Аскания-Нова қорығына жеткізу жоспарланған. Ғалымдар ұсынған екінші ең қолайлы жер – Маңырақ дала қорығы. Бұл жерде Тарбағатай қорықшасын құру мәселесі де күн тәртібіне шығарылды. Алайда Халықаралық табиғатты қорғау одағының ұсынымдарынан кейін бастапқы екі жердің де жарамсыздығы анықталды.
Одақ ұсынымдары мынадай: күзеттің болуы, броконьерлердің баруына аумақтың қолайсыздығы, физикалық-географиялық жағдайдың, жайылым-суаттың, қорғаныс жағдайының сай болуы, сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығы. Осы ұсынымдар негізігінде келесі аумақтар айқындалды: «Алтын дала» МТР (Қостанай облысы), «Алтын емес» МҰТП (Алматы облысы), Қарабас тауы (ШҚО, Тарбағатай МҰТП) және Солтүстік Зайсан маңы (ШҚО).
Бұл ретте алғашқы екі аумақ жабайы жылқыларды жерсіндіруге өте қолайлы болатын. Осыдан кейін Керқұландарды жерсіндіру үшін «Алтын дала» резерваты мен Алтыбай аңшы шаруашылығы арасындағы Ұлы Жыланшық өзенінің бойы бастапқы нүкте ретінде таңдап алынды. Ұлы Жыланшық нүктесі Қостанай облысының Жангелді ауданында орналасқан.
Жерсіндіру үшін қандай жылқылар іріктеп алынады
Жылқыларды іріктеу барысында маңызды шарттар ескерілген. Ең алдымен денсаулығы мықты болуы, толықтай ванцинациялануы және күйлі болуы тиіс.
Қытайлық қазақ ғалымы М. Қалиасқарұлының «Қазақтың жылқы шаруашылығының шежіресі» деген кітабында Керқұланға мынадай сипаттама берген: «Тұрқы –2 метр, биіктігі – 1,5-1,3 метр, мойны қысқа, әрі жуан, жалы – тік, қысқа әрі сирек, қайратты келеді. Басы үлкен, кеңсірігі жалпақ. Танауына, астыңғы ерні мен иегіне сояуша түк өседі. Құлағы қысқа, қалың, ұшында жарты ай тәрізді ойығы болады...».
Керқұлан – өте қағылез сақ жануар. 10-20-дан топтанып үйір құрады. Қыс мезгілінде шағын үйірлер бірігіп қос құрайды. Олар бетеге, ақшөп, теріскен, итсигек, сексеуіл, ермен, жыңғыл, тасбүрген, селеу, дүзген сынды шөптерді сүйсініп жейді.
Болашаққа жоспар
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, қаржыландыру молынан болып, жұмыстар табысты жүргізілсе және жұт болмаса, онда 2029 жылға қарай Керқұланның еліміздегі саны 150-200 жылқыға дейін жетіп қалуы ықтимал. Бұл Керқұланды қазақ жеріне жерсіндіру бағдаралмасын одан ары сәтті жүзеге асыруға және шетелден жабайы жылқыны тасымалдауды тоқтатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бағдарлама құнын да біршама арзандатады.
Айта кетейік, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Қазақстандағы Прежевальский жылқысының тарихи атауы мәселесі бойынша конференция өткізді. Оған Зоология институты, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Қазақстандық биосаналуандықты сақтау қауымдастығы қатысты. Жиналыстың қорытындысы бойынша «Пржевальский жылқысының» қазақ тіліндегі атауы «Керқұлан, кертағы» деп аталып, тиісті құжаттарға өзгеріс енгізу жөнінде шешім қабылданды.
Айта кетейік, Пржеваль жылқысы қазақша Керқұлан, Кертағы деп аталады.