«Керуен» СОО маңындағы жерге қатысты дау: прокуратура тексерісті бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Астана прокуратурасы «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығының жанындағы жер теліміне қатысты мәміленің заңдылығын тексеріп жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жолданған жауапта айтылған.

Прокуратураның мәліметінше, бұған дейін сот шешімімен заңды тұлғалардан Достық көшесіндегі № 7 (0,2218 га) және № 7/1 (1,0965 га) мекенжайындағы өз мақсатында пайдаланылмаған жер телімдері алынған.
2023 жылғы қыркүйек және қараша айларында № 7 мекенжайындағы жер телімі жеке тұлғаға 68 млн теңгеге, ал № 7/1 жер телімі 176,9 млн теңгеге сатылған.
Кейін, 2024 жылғы наурызда әкімдіктің қаулысымен бұл жер телімдері мемлекеттік қажеттілік үшін қайта алынатын болған. Бағалау компаниясының есебіне сәйкес, аталған учаскелердің нарықтық құны 1 млрд теңгеден асқан.
Алайда прокуратура аталған сома жергілікті атқарушы орган мен Астана мәслихатының келісімімен бекітілмегенін, сондықтан мемлекеттік бюджеттен бұл сома төленбегенін атап өтті.
Қаржылық мониторинг және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің мәліметінше, бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары тіркелмеген.
— Сонымен қатар, 2025 жылғы 16 мамырда Астана қаласы мәслихатының депутаты Смағұлов А.С.-тен прокуратураға тиісті сұрау келіп түсті, ол қазіргі таңда қаралып жатыр. Осыған байланысты Астана қаласының прокуратурасы жер және сәулет-құрылыс заңнамасының сақталуына қатысты талдау жүргізіп жатыр, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында Достық даңғылы бойындағы «Керуен» СОО жанындағы жер телімі мәселесі талқыланған болатын.
Депутаттар 2023 жылы аукционда 175 млн теңгеге сатылған аумақтың қайтадан 1 млрд теңгеге сатып алынуы мүмкін деген ақпаратқа алаңдаушылық білдірген.