«Керуендер қайта оралады» – баспасөзге шолу...

Аймақ басылымы «Сыр бойы» газетінде қамтылған мақалалар мен көтерілген өзекті мәселелер саналуан боп келеді. «Керуендер қайта оралады» атты мақалада тілші оңтүстік өңір, яки Ұлы Жібек жолы бойындағы қадым заманнан сыр тартқан жәдігерлер жайын, оны ел игілігіне асыру мәселелерін талқылап, ұсыныстар айтады. Автор көтерген көкейтесті проблемалар таяу болашақта жүзеге асырылса өңірдегі туризм саласын дамытуға мол мүмкіндік бары аңғарылады. Мақала көтерген өзекті мәселелерімен ғана емес, танымдық тұрғыда да құнды дүние...
Керуендер қайта оралады
... Планетаның барлық континентерін аралап шығып, өзінің туған өлкесін, әсіресе Қазақстанның оңтүстігі сияқты әсем жерді танып білмеген адамдарды түсіну қиын. Осы өлкенің көрігі Шымкент - ең қонақжайлы қалалардың бірі, шығыс тағамдарымен, тау-өзендерімен, жайнаған пейзаждарымен әйгілі. Бірде-бір саяхатшыны немқұрайды қалдырмайтын жайлы жер. Оған бір барған адам қайта-қайта оралғысы келетін үй.
Ұлы Жібек жолының қиылысында орналасқан Қазақстанның оңтүстігі - Орта Азиядағы ең дамыған өңірлердің бірі болып табылады.
Ежелде керуендер Сайрам сияқты қалалар арқылы, одан әрі шығысқа қарай Тараз, Ферғана алқабы, Ыстықкөл және Қытай арқылы өткен. Бұл түрлі халықтар мәдениетінің араласуына себеп болып, оңтүстік өлкеге шығыс сүйкімділігі мен жан таңғажайыбын берді.
Шығыс тамағының таңдаулы дәмі бүкіл әлемнің тамақ талғағыштарының назарын аударады. Хош иісті кәуап, тандыр жұқананы немесе иісі мүңкіген нағыз палау, жанынан қалай өтіп кетесің?! Дамыған инфрақұрылым мен оңтүстік климаттың жұмсақтығы жыл бойы таза ауада түрлі дәмді тағамдардан ләззат алуға мүмкіндік береді. Сіздерді күлімсіреп, баурап алатын жазғы террасалар, жайлы дәмханалар мен мейрамханалар үй жайлылығымен және өте дәмді таңдаулы тағамдармен қарсы алады. Еуропалық және азиялық тағамдарды жақсы көретіндер де аш қалмайды, мұнда шырынды америкалық стейктердің, нағыз итальяндық пиццаның, жапон сушиінің және тағы басқа тағамдардың дәмін татуға болады.
Әрине, оңтүстік өңірдегі туризмді де назарсыз қалдыруға болмайды. Бұл жағынан көркем мегаполис Қазақстанның бірде-бір қаласынан кем түспейді. Бір күн ішінде қар басқан таулардан қызған құмға өте шығуға, мөлдір тау өзенінде шомылып, нағыз минералды судың дәмін татуға болатынын көз алдына елестетуге болар ма екен?
Өзін тау шындарының бойсұндырушысы, батыл рафтшы, құмар аңшы және балықшы ретінде сезінетін белсенді демалыс әуесқойлары үшін нағыз жұмақ. Оңтүстік Қазақстанның табиғаты термалды және минералды көздерге бай, оның шипалы климаты көптеген дерттерді емдеу үшін өте пайдалы. Көптеген санаторийлер және демалыс аумақтары сізге уақытты жақсы өткізуден басқа, денсаулығыңызды нығайтуға көмектеседі.
Бұған қоса, қалада және оның маңында тарихи және архитектуралық көзтартарлық орындар, қажылық орындары, қорықтар бар.
Шымкенттің өзінде де ойын-сауық орындары аз емес. Жергілікті тұрғындардың көңіл-күйі күнтізбедегі күндерге байланысты емес, мерекелік сезім қала тұрғындарының жанына мәңгі тән болып қалған. Көшеде тұнжыраған, жұмысқа асығып бара жатқан адамдар сирек кездеседі, ал егер кездесе қалса, онда ол басқа қаланың тұрғыны. Нағыз шымкенттік еңбекқор, мейірімді және көңілді, өз ісін сүйсінушілікпен орындауды олардан үйренуге болады.
Қала тұрғындары демалуды жақсы көреді және дем ала біледі, алуан санды саябақтар мен парктер ешқашан бос болмайды. Филармонияларда, мұражайларда, кітапханаларда туристер мен қала қонақтары үшін қызықты нәрселер аз емес. Онда таңертең жүгіруге немесе бұтақты ағаштардың көлеңкесінде серуендеуге болатын Орталық саябақ, Абай атындағы мәдениет және демалыс саябағы, сирек кездесетін өсімдіктер ортасында отбасылық сейілдерді жасауға болатын Дендропарк, тамаша тоғаны мен жүз жылдық емендері бар «Кен-баба» саябағы көпшілікке танымал. Жақында «Жайлаукөл» көлінің жанында жаңа саябақ ашылды, онда елу метрлік «Altyn eye» шолу доңғалағы орнатылды.
Шымкенттің өлкетану мұражайында, саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайында оңтүстік өлкенің тарихын зерттеуге болады. Гид көмегімен экскурсиялық автобуста жүргізілетін күн сайынғы турлар негізгі тарихи ескерткіштермен, ежелгі архитектурамен таныстырады.
Осы шуақты өлкенің осындай алуан түрлі мәдени өмірге ие тұрғындары мұңлы, селқос немесе ашулы болар ма?! Мұндағы халық асықпай, толық және әсерлі өмір сүреді.
Шымкент пен оның маңайының тарихы өз білімін кеңейткісі келетін саяхатшыларды осы күнге дейін қызықтырады. Түркістан, Отрар, Сайрам және Сауран қалаларына жыл сайын сан мыңдаған туристер мен қажыға барушыларды өзіне тартады. Түркістан оңтүстік өлкенің ең ежелгі қаласы деп есептеледі. Ол мұсылман ақыны Қожа Ахмет Иассауи арқасында әйгілі болды. Ертеде бұл қалада таққа отыру рәсімі өтетін, келіссөздерді жүргізу үшін алыстағы елдерден елшілер жолданатын қазақ хандығының астанасы болған. Ақын қайтыс болғаннан кейін Темірланның бұйрығы бойынша «Қожа Ахмет Иассауи» кесенесі салынды. Осы кесенені салған кезде, салынған нысандарды дауыл бірнеше рет қиратқан деген наным бар. Сонда Темірланға алдымен Иассауидың рухани тәлімгеріне кесене салу қажет екендігі туралы түс кіреді. Осылайша көне Отырар жерінде Арыстан баб кесенесі салынды. Мүмкін сондықтан да қажыға барушылар мен туристтер ең алдымен Арыстан баб кесенесіне, ал содан кейін Түркістанға барады.
Ежелгі Отырар қаласының орны осында Темірлан соңғы баспанасын тапқанымен және әлемге әйгілі ойшыл, философ Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келгенімен әйгілі. Арыстан баб кесенесінің жанында Үкаш ата құдығы орналасқан. Құдықтың ерекшелігі, ондағы суды алатын тесік тік емес. Кінәсіз адам құдықтан толық шелекті оңай алады, ал кінәлі адам оны бос немесе тесілген түрде алып шығады деп есептеледі.
Шымкенттің тағы да бір қызықты ауданы - санғасырлық Сайрам. Ақ өзендегі ежелгі қала өз тарихына, онда ортағасырлық ғалымдар мен ислам қайраткерлері жерленген ескі кесенелер мен ескерткштерге бай. Әйгілі кесенелер - Ибрагим ата мен Қарашаш ана кесенелері Ахмет Иассауи құрметіне салынған.
Ежелгі Сауран қаласының тарихы сан ғасырлы, ғалымдар арасында ол туралы осы күнге дейін дау-талас толастар емес. Қала Қазақстанның «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына кіреді, онда бүгінгі таңға дейін археологиялық қазу жұмыстары жүргізілуде. Қазу жұмыстары кезінде табылған түрлі заттардың сынықтары қалада мектептер болғанын, ал қала тұрғындарының білім деңгейі жоғары болғанын куәландырады. Қала алты метрге дейінгі деңгейде биік қабырғамен қоршалған сопақ алаңша болып табылады. Сақталған ортағасырлық қираған үйінділер қазіргі уақытта адамдарға ескі қаланың барлық күш-қуатын көрсету үшін қайта жаңғыртылды.
Шымкенттің төңірегінде Азиядағы ең ескі «Ақсу-Жабағылы» қорығы орналасқан. Ол Қазақстандағы алғашқы қорық. Қорық Ақсу және Жабағылы атты екі өзеннің арасына орналасқан. Оның бірегейлігі алуан түрлі бояулардан тұрады. Өсімдіктер дүниесі әр алуан: қылқан жапырақ және арша орманына ауысатын құрғақ дала, тау шындарын безендіретін биік тау алқабындағы көгал. Бұл жерді табиғи жағдайларда жануарлар мен құстардың сирек кездесетін түрлері мекендейді, жойылып кету қауіпі төнген өсімдік түрлері де өседі. Нағыз флора мен фауна корольдігі. Бас айналдыратын тасқынды өзендер мен сарқырамалар, шуақты көгілдір аспанның бейнесі шағылатын тау көлдері. Табиғат пен көркемдікті бағалай білетін адамдар мұнда өздері үшін жұмақтай жерді табады. Ал, Қаратау тауларында ең жас табиғи қорық орналасқан. Таудың басында тастан «тақ» салынған, оған кез келген адам отырып, айналадағы көркемдікті бірнеше метр биіктіктен тамашалай алады. Таудың таза ауасы, шипалы өсімдіктері мен қайнар суы Қаратау қорығының бар күш-қуатын ұштастырады. Бай өсімдік әлемі жүздеген бірегей өсімдіктерді қамтиды, олардың кейбіреулері қызыл кітапқа енгізілген. Қорықтың фаунасы жабайы жануарлар мен құстарға толы, олардың құрып кету қауіпі төнген түрлерін қазір сақтауға тырысады.
Шымкенттен 50 шақырым жерде Біркөлік шатқалы бар. Шатқал бойымен мөп-мөлдір Біркөлік өзені ағып жатыр. Оның таза мөлдір салқын суы шатқалдың жасыл алқабын суландырып тұрады. Осы өлкенің ауасы адам денсаулығына қолайлы әсер ететін фитонцидтерге толы. Бұл - тыныс алу органдарын, жүйке жүйесін, жүрек ауруларын емдеу үшін қолайлы жер.
Мөлдір өзендер ағатын, таутекелер, аюлар, тіпті қар қабыланы да кездесетін көркем Сайрам-Су шатқалы өзінің екі түсті көлімен әйгілі. Бір қызығы, көлдің бір жағы көгілдір, ал екінші жағы - ақшыл-көгілдір. Бұл жайында тамаша аңыз бар. Аңыз бойынша, осы тауларда бір тайпа тұрған. Тайпаның көсемі ханмен құдаласып, оған қызын бермек болған, бірақ қыз мұны естіп, әжесінің батасын алып, қарапайым бақташымен қашып кетіпті. Қош айтысарда кемпір немересіне көгілдір тасы бар сақинаны және жылан тәрізді көк білезікті сыйға тартқан. Бұған қатты налыған әкесі қайсар қыздың соңынан қуғыншылар жіберді. Жастар құтыла алмайтынын түсініп, құшақтасты да бір-бірінен айырылмауға уәде берді. Қыз жерге сақинаны тастаған кезде, сол жерде көгілдір түсті малахитті көл пайда бола кетеді. Содан кейін ол жерге білезігін тастады. Ол жерде шексіздік белгісі болып табылатын сегіздік түріндегі көл пайда болды.
Шымкенттің жанында Ақмешіт үңгірі бар. Ағаш өсетін, құстар үшып жүретін ең құпиялы жер. Жылдың кез келген кезеңінде үңгірдегі 9-15 градусқа жуық бір ғана температура. Оңтүстік төңірегі түрлі аңыздармен әйгілі, бірақ дәл осы үңгір туралы әңгімелер ең көп. Оның бірінде жоңғарлар шабуылы кезінде үңгірде балалар мен әйелдер тығылғаны туралы баяндалады, екіншісінде бұл адамдар мен малға шабуыл жасайтын айдаһар үңгірі болғаны туралы баяндалады. Үңгір бақылаушысының сөзі бойынша, ертеде бұл жерде жерасты жолдары бар мешіт болған, үңгір өзінде осы жерде оқылған мыңдаған дұғаларды сақтайды және ғажайып күшке ие. Аурулар осында өз денсаулығы туралы, әйелдер ең жоғары сыйлық - ана бақыты туралы дұға оқиды.
Осы аймақтағы тағы да бір көркем жер - Шымкент қаласынан 40 шақырымда орналасқан Қазығұрт тау массивінде орналасқан, аңыз бойынша Нұх кемесі осында келіп тоқтаған. Осы оқиға құрметіне қазіргі шеберлер ағаштан және металдан «ұшатын кемені» жасады, оған көтерілгенде ұшы-қиыры жоқ даланы және айбынды тауларды көруге болады. Туристердің ең сүйікті жері Ата-Ана тауы оларды өз жұмбақтылығымен тартады, халық оны Адам мен Хауа деп атайды. Жартас екіге қақ жарылған және одан өткен адам кінәсіз болып, яғни оның ойы таза деп есептеледі. Өту жолының ені кей жерде 30 см-ге жуық. Кейде толық адам одан оңай өтеді, ал арық адам тұрып қалады.
Жанында тағы да бір жартас бар, ана құрсағы нышаны. Егер 13 жасқа жетпеген бала осы үңгірден өз бетімен өтсе, ол бақытты және оның дені сау болып өседі деп есептеледі.
Шынында Шымкент аумағында және оның төңірегінде әдемі жерлер көп. Бұл - жұмбақты және құпияларға толы өңірдің кішкентай ғана бөлігі. Бай табиғи және рухани әлемді көру үшін алты қырдың астына бару қажет емес. Осы жұмақ жерлер әр уақытта мыңдаған адамдарды өзіне тартқан. Ұлы керуендер осында баспана мен қонақжайлылықты тапқан. Түрлі құрлықтардан шыққан қажыға барушылар мен саяхатшылар осында ұмтылған.
Оңтүстік өлке қазір де жақсы демалысты бағалай білетін барлық адамдар үшін ашық. Қала қарқынды өсуде, туризм дамуда, тауларда, шатқалдарда, өзендер мен көлдерде тамаша демалыс аймақтары ашылуда.
Шымкент тек қазақстандықтардың ғана емес, таяу және алыс шетел тұрғындарының назарын өзіне аударып, туристтік орталыққа айналуды жоспарлайды.
Оңтүстік өңірдің қарышты дамуын, осында болған туристердің қызығушылығын бақылай отырып, керуендер қайта оралып келе жатқаны туралы сенімді айтуға болады!
«Тарихы терең Тараз өңірінің аймақпен байланысы арта түсті» атты тілшілер қосыны әзірлеген көлемді мақалада қоңсы Тараз өңірі делегациясының аймаққа сапары жан-жақты баяндалады. Екі облыстың жетістігі сөз болады. Сондай-ақ, әріптестік негізінде алдағы уақыттағы жоспарлар кеңінен талқыланып, делегация құрамының өндіріс орындары мен мәдени ошақтарда болған сапары қамтылған.
...Сыр еліне Жамбыл облысының делегациясы келді. Өндірісті облыстың өкілдері біздің аймақтың экономикалық даму көрсеткішімен танысты, тарихи орындарды аралады. Осылайша киелі Сыр мен тарихи Тараз арасындағы экономикалық және мәдени байланыс тағы бір белеске биіктеді.
Елбасының отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық мазмұнды дамыту мақсатында өңіраралық кооперацияны дамыту туралы тапсырмасы облыстарды бір-бірімен экономикалық тұрғыда байланыстырып қана қоймай, рухани-мәдени қарым-қатынастың нығаюына негіз қалайды. Қызылорда облысы бұған дейін Ақтөбе облысымен арадағы алыс-беріске жол салып, екі жаққа да тиімді шешімдерге қол жеткізген. Игі дәстүр күні кеше өз жалғасын тапты. Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Сыр топырағына табан тіреді. Мәртебелі меймандарды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев темір жол вокзалынан күтіп алып, алты Алашқа ана болған елдің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Екі мың жылдық тарихы бар Тараз төрінен келгендер алдымен «Байқоңыр» ғарыш айлағының ғарыштану мұражайын аралады. Жер кіндігі - Байқоңырдың тарихы атағы әлемге мәшһүр саңлақтардың есімімен тығыз байланысты. Олардың тынымсыз ғылыми ізденістерінің нәтижесінде ең алғаш ғарышқа Юрий Гагарин көтеріліп, аман-есен жерге оралды. Мұражайда осынау адамзат баласының таңғажайып жетістігінің қалыптасу тарихы толыққанды қамтылған. Аталған тарихи-мәдени орын академик, зымыран-ғарыш жүйелерінің бас конструкторы С.П.Королев пен полигон басшысы К.В.Герчиктің бастамасымен жүзеге асқан. Онда жеті көрініс залы бар. Төрт зал ғарыш айлағының құрылуы мен даму тарихынан сыр шертсе, екеуі ғарыш айлағы аумағындағы халықаралық ынтымақтастыққа арналған. Ал, экспозициялық зал ғарыш саласындағы мекемелер туралы ақпараттан хабардар етеді. Мұражай директоры қонақтарға барлық залдағы мәліметтерді таныстырып, тың деректерімен бөлісті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда мұражайда он мыңнан аса экспонат орналасқан.
Әулиеаталықтар көк пен жердің алтын көпіріндегі тарихи орынды ерекше таңданыспен тамашалады. Әсіресе, алғашқы космостық құрылғылар мен ғарышкерлер пайдаланатын заттар ерекше қызығушылық тудырды. Қонақтар қатарындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Бақыт Шағырбаев жұлдызды қалашыққа алғаш келіп отырғанын айтады. Сондай-ақ, біз М.Х.Дулати атындағы университеттің проректоры, профессор Сағат Жүнісбековті сөзге тартқанбыз.
- Бүкіл әлемге мақтанып айтатын байлығымыздың бірі - Байқоңыр. Өйткені, қазақ елін төрткүл дүниеге танытуда ғарыштық кешен қосқан үлес ерекше. Үш бірдей қазақ баласы ғарышқа сапар шегіп, есімдері тарихқа алтын әріппен жазылды. Бұл жер - ілім-ғылымның ордасы. Бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында ғарыш саласындағы мамандар даярлануда. Бұл дегеніңіз, қазақ елінің болашақта ғарышты игеруде өзіндік дәреже қалыптастыруға жасалған қадам, - деді ол.
Жамбылдық әріптесіне мұражайды таныстыру барысында облыс әкімі Байқоңырды туристік орталыққа айналдырудың қам-қарекеті жасалып жатқанын, алдағы уақытта да келіп тұруға шақырды. Өз кезегінде Кәрім Насбекұлы сырбойылықтарға алғысын айтып, мұражайға символикалық ескерткіш сыйға тартты. Сондай-ақ, мұражай тарапынан әулиеаталықтарға да сыйлық табыс етілді.
Байқоңырдан соң қонақтар Қорқыт ата мемориалдық кешеніне ат басын тіреді. Тұтас түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт бабаның кешенді ескерткіші бүгінде қайта жаңғыртудан өткен, сәулеттене, сәндене түскен. 2014 жылы қолға алынған құрылыс кешеннің биіктігін 2,7 метр биіктікке көтерді, әкімшілік үйінің жаңа ғимараты салынды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер аллеясы кеңейтіліп, кіреберісіне «Қасиетті арқар» мүсіні қойылды. Бүгінде дәулетті елдің сәулетін асырған киелі жер күллі түркітілдес елдердің орталығына, тағзым етер қасиетті мекенге айналды. Алдымен кешендегі мұражай жұмысымен танысқан қонақтарға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр бойының әрбір төбесі тұнған тарих екендігін жеткізді. Оғыздардың астанасы - Жанкент, Сақтардың астанасы Шірік-рабат секілді қалалар бой көтеріп, тарихымыз ұлт пен ұлысқа қорған болған жәдігерлерден тұратынын айтты. Мәдени орын таныстырылуынан соң құрбан шалынып, аруақтарға құран оқылды. Сондай-ақ, меймандар зиярат ету орталығының жұмысына қанықты.
Киелі мекен топырағын басқан жамбылдық делегация сапар барысында өз пікірін іркіп қалған жоқ.
- Жамбыл өңірі - таулы, жасыл желекке оранған аймақ. Ал, мына жердегі табиғат мүлдем басқаша. Ауа райы өте ыстық. Десе де, осындай көз сүйсінтер, мақтануға тұрарлық құрылыс жүргізе алғандарыңызға таңмын. Сыр еліне шақырып, қасиетті жерге әкелгендеріңізге мың алғыс, - деген Кәрім Көкірекбаев әулиеаталықтар атынан Айша Бибі кесенесі символикалық ескерткішін тарту етті. Өз кезегінде аймақ басшысы Жамбыл облысы әкіміне ризашылығын арнап, жастардың рухани қуатты болуы үшін тарихи орындар қосар үлестің зор екендігін айтты.
Қызылорда облысындағы аты аңызға айналған Нағи Ілиясов ауылы бар. Жамбылдан жеткен делегация "Қорқыт баба" кешенінен соң сонда аялдады. «Жақсыны - көрмекке» дейді халқымыз. Көркіне көз тоятын мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен бой көтерген әлеуметтік нысандарды аралап көрген қонақтар таңданыстарын жасыра алмады. Көпке үлгі боп отырған елді мекенде жасалған жұмыстар жай-жапсарын «Мағжан и К» шаруа қожалығы басшысы Дархан Ералиев таныстырды.
- Жыл сайын әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, сондай-ақ, көркейтіп-көгалдандыруға 40-50 млн теңгедей қаржы жұмсалады. Сондай-ақ, ауылдың тазалығы мен өсірілген гүлдерді баптау шаруашылықтың екі бригадасына, 40 шақты қызметкерге жүктелген, - деді ол.
Қонақтарға ауылдағы мәдениет үйін, былтыр пайдалануға берілген мешіт пен спорттық кешен көрсетілді. Жасыл желекке оранған елді мекеннің сұлулығына, әсем нысандарына риза болған Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Нағи ауылын аудан орталығына теңеді. Сондықтан, ол делегация құрамындағы қызметкерлерін үлгі алуға шақырды.
- Мұндағы шаруашылықтың еңбегіне, атқарған жұмысына кім де болса көңіл тоғайтады. Өйткені, елін, жерін сүйген азаматтар өз қаржысын ел игілігіне жұмсауда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ерен үлгісі десек, қателеспейміз. Көргендеріңіздей, халыққа барлық жағдай жасалған. Тіпті, азық-түлік қажеттігі туындаған тұрғындар мәселесі де шешімін тапқан, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Нағи атындағы ауылдың биылғы басты жаңалығы - «Мағжан и К» шаруашылығы өз қызметкерлеріне тұрғын үй салып беруді бастаған. Шаруашылық басшысы жыл сайын 20 шақты үйді жаңалауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, биыл ауылдық әкімдік ғимаратының құрылысына кіріскелі отыр.
* * *
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Рәміздер алаңында да болды. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев мәртебелі меймандарға өңірдің бүгінгі өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндады.
- Мынау өздеріңіз көріп тұрғандай жуырда Қала күні мерекесінде ел игілігіне пайдалануға берілген Рәміздер алаңы. Аумағы 3 гектар жерді алып жатқан бұл алаңда Елтаңбамыз, Әнұранымыз және 60 метр биіктікте көтерілген көк байрағымыз орналасқан. Жалпы құны 326,4 млн теңгені құраған жоба ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай салынған. Дарияның жағалауына орын тепкен бұл нысан шаһарымыздың шырайын арттырып тұр. Сол жақ жағалауда 93 мың халық тұратын жаңа қала бой көтереді. Өйткені, халық саны көбейіп келеді. Осыдан үш жыл бұрын облыста туу көрсеткіші 6,7 пайыз болса, қазір ол 10,4 пайызды құрап отыр. Бүгінде халық саны 800 мыңға жетті. Сонымен бірге, құрылыс нысандарын, тұрғын үй салу жағынан да Астанадан кейін екінші орындамыз. Күні кеше Қала күні мерекесіне орай «Сәулет» шағын ауданынан 360 пәтерлік 7 үй пайдалануға берілді. Былтыр 53 көпқабатты үй салынып, биылдың өзінде 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Жаңа жылға дейін оның 67-сі табысталады деп отырмыз. Осылайша соңғы екі жылда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың 28 пайызы облыс орталығынан баспаналы болады. Тұрғын үй құрылысында мұндай серпіліс бұрын-соңды болған емес. «Бәйтерек» ықшам ауданының 980 гектар болатын аумағына 6600 жер учаскесі орналастырылады. Онда болашақта 36 мың адам қоныстанады. Бұл да тұтас бір шағын қала десе болады, -деді өңір басшысы.
Тәуелсіздік жылдарында Сыр өңірі өркендеп, дамып, елдің әлеуметтік жағдайы да жоғарылады. Дария жағасына орын тепкен қала күн сайын жасарып, жайнап келеді. Мұны ең әуелі сырттан келген мейман бірден аңғарады. Жамбыл облысынан келген делегаттардың бірі ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы облыстың бұлайша қарқынды дамуындағы іргелі істерге таңданысын жасыра алмады.
- Расында Сыр елі танымастай болып өзгеріпті. Қала қақпасынан бастап мұндағы оң өзгерістерді, нәтижелі жұмыстарды көруге болады. Рәміздер алаңы да жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеруде, олардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыратын маңызды нысан екен. Сонау жерден көк байрақтың желбіреп тұрғаны кәдімгідей көкірегіңе мақтаныш сезімін ұялатады. Еліміздің көк туы әрқашан жоғарыдан көрініп, Әнұранымыз шырқала берсін,-дейді Ә.Әмзеұлы.
* * *
Келесі кезекте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған топ мәртебелі меймандарды күріш өнімдері мен түйіршіктелген құрама жем шығаратын «Жан-Арай» ЖШС агрокешені жұмысымен таныстырды.
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған арнайы делегация агрокешен жұмысымен танысу барысында ондағы құрама жем зауыты мен күріш ақтау цехында болды.
«Жан-Арай Жем» зауыты 2015 жылдан бері мемлекеттік және жеке әріптестік негізде жұмыс жасап келеді.
Кешен тәулігіне 60 тонна күріш ақтап, 80 тонна, жылына 30 000 тонна құрама жем өндіруге қауқарлы. Мұнда күріштердің "Янтарь", "Маржан", "Лидер" сорттары ақталып, республика көлемі мен Түркіменстан, Ресей, Қырғызстан секілді мемлекеттерге шығаруда. Жем зауытының өнімі де сапалы, техникалары тың. Айта кетейік, кәсіпорын құрама жемді неміс технологиясы бойынша өндіреді. Яғни, зауыттың қондырғылары дәнді-дақылдар өңдейтін жабдықтар шығаруда әлемдегі алдыңғы қатарлы германиялық «Петкус» компаниясында дайындалған. Жаңа құрама жем зауыты облыстың мал азығына деген сұранысты қамтамасыз етуде. Бір ерекшелігі, мұндағы технология қалдықсыз өнім шығаруға арналған. Агрокешен бас директорының орынбасары Қуат Шакизадаевтың айтуынша, зауыттан өндірілген жем дәрумендермен байытылған, яғни, кешенді дәрумендермен құнарландырылған. Олар негізінен бордақыланған малдарға, ірі қараларға арналған және әмбебап түрі де бар. Өндірілген жем аймақтағы мал бордақылау орындарына жіберіледі. Зауыт толық автоматтанған. Сонымен бірге Қуат Шакизадаев ағымдағы жылдың қазан айының аяғына қарай күріш ұнынан макарон өнімдерін шығару жұмысының жолға қойылатынын да айтты.
«Жан-Арай» агрокешені жұмысымен танысқан соң Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев тілшілерге алған әсерімен бөлісті.
- Сыр өңірі халқы аграрлы салада айтарлықтай табыстарға жетуде. Бүгін де, міне, ауқымды агрокешен жұмысымен танысып, мүмкіндігіне көз жеткізіп отырмыз. Шын мәнінде үлгі аларлықтай шаруа екен. Жалпы, бүгінгі шара аясында әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін Жамбыл мен Қызылорда облыстарындағы тұрақтандыру қорлары бірлесе жұмыс атқарады. Осы орайда біздің облыс тұрақтандыру қорына Қызылордадан 100 мың тонна күріш сатып алатын болады,- деді Абдалы Нұралиев.
* * *
Жамбыл облысының делегациясы Сыр бойындағы 11 ұлттық-мәдени орталықтың ортақ шаңырағы - Достық үйіне келді. Қонақтарды ұлттық дәмдермен қарсы алған этномәдени орталықтардың өкілдері қазақ тілінде ән шырқады.
Бұрынғы Алтынсарин атындағы кинотеатр ғимараты «Достық» үйі болып жаңғыртылғалы бері мұнда тұтастықты дәріптеуге арналған шаралар жиі өткізіледі. Өзіндік сәулеттік ерекшеліктерімен алыстан көз тартатын ғимаратта концерт және мәжіліс залдары, кітапхана, музей орналасқан. Ұлттық-мәдени орталықтарға өз салт-дәстүрлері мен тілдерін үйренуге, насихаттауға мүмкіндік жасалған.
Қонақтар Сыр бойында өмір сүретін ұлттардың тыныс-тіршілігінен хабар беретін жәдігерлер қойылған музейді, еврей этномәдени орталығы балаларының биін тамашалады.
***
Сыр еліне арнайы келген делегация мүшелері сапар барысында «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында болды. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған қонақтар алдымен «Үшқоңыр» деп аталатын Әуезхановтардың отбасында болып, ондағы балалармен танысты. Отанасы Ләззат Тышқанбаева оқу үлгерімі мен жетістіктері жайлы келген қонақтарға айтып берді. Үлкені Евгений - 15 жаста. Балалар өздерінің естелік кітабына Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ақ тілегін жаздырып алды.
Ал қызы Бибігүл биылғы жылы Астана күні қарсаңында Елбасының туған жері Үшқоңырға барып қайтқан сапары жайында айтты. Үйдің кенжесі Досымжан қонақтарға өзінің шығарған «Атамекен» деп аталатын өлеңін оқып берді. Сондай-ақ, балалар өздерінің аулаларына отырғызған бақша дақылдары мен тәтті тоқаштарын қонақтарға ұсынды. Балалар ауылының тәрбиеленушілері өздері салған картинаны Жамбыл облысының әкіміне сыйға тартты.
Шара барысында делегация өкілдері балалардың ойын, жатын, асхана, қонақ бөлмелерін аралап көрді. Мұндағы балаларға жасалған барлық жағдайды көрген қонақтар дән риза болды. Өз кезегінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев балаларға ізгі лебізін айтып, бүлдіршіндердің ертең ел мақтан тұтар азамат болып өсеріне сенім білдірді. Сонымен бірге бұл отбасына Айша бибі кесенесінің бейнесін мен Жамбыл облысының тарихы жайлы кітапты сыйға берді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мұндағы мектеп бітірген балалардың еліміздің белді оқу орындары мен Ресейдің жоғары оқу орындарында тегін білім алып жатқандығын жеткізді.
Негізінен «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында 8 отбасы тұрады. Онда қазіргі уақытта 46 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балғындар тәрбиеленуде. Жоба бойынша балалар ауылында әкімшілік ғимарат, спорттық алаң, 8 екіқабатты үй салынған. Бірінші қабатта қонақтарға арналған бөлме, ойын, оқу бөлмелері, асхана және екінші қабатта тәрбиеленушілер мен тәрбиеші-анаға арналған жатын, тұрмыстық бөлмелер орналасқан.
Делегация өкілдері балалар ауылының тұрғындарымен естелік суретке түсті.
***
Жамбыл облысынан келген делегация мүшелері аймағымыздағы индустриялық жобалармен де танысты. Сапар аясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Жабыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев аймағымызда салынып жатқан шыны зауытына барып, өңір экономикасының дамуына ықпалы зор жобаның құрылыс барысын көрді.
Өңірімізде ҚР Үкіметінің қолдауымен «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ-мен шыны зауытының құрылысы басталған болатын. Зауыттың жалпы құны 52,1 млрд теңгені құрайды. Ал жобаның стратегиялық инвесторы - АҚШ-тың «Steward Engineers» компаниясы. Оған Қызылорда қаласындағы индустриалды аумақтан 50 га жер телімі бөлініп, жобаның инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізілуде. Жуырда кәсіпорын қоймаларының құрылысы аяқталып, барлық құрал-жабдықтар әкелінеді.
Айта кетейік, шыны зауыты 2017 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Зауыт іске қосылған жағдайда жылына 197 мың тоннадан астам табақша шыны өндіреді. Кәсіпорын толықтай аяқталғанда энергия үнемдеуші, оқшауланған, ламинатталған және айна өнімдерін жасап шығаратын болады. Аталған нысан пайдалануға берілсе, 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Кәсіпорынның құрылысымен танысқан қонақтар мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
***
Қызылордадағы Жамбыл облысының күндері аясында екі аймақ арасында ынтымақтастық және өңіраралық байланысты нығайту жөніндегі меморандум қабылданды.
Облыс әкімдігінде өткен жиында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына тоқталды.
- Егемендік алғалы бері өңірдің ауыл шаруашылығы, өндіріс, кәсіпкерлік, білім, денсаулық, мәдениет, спорт сияқты салалардың қай-қайсысында да толайым табыстарға қол жеткіздік. Бүгінгі күні экономиканы әртараптандыру бағытында жұмыстар жүргізіліп, кәсіпкерлік саласында ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады, - деді аймақ басшысы.
Толайым табыстарымызға қарап, Мемлекет басшысының өзі: «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады», - деп жоғары баға бергені белгілі.
Қатпар-қатпар тарихы бар, талай сырды ішіне бүккен Жамбыл өңірінің делегациясын бастап келген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та жұмыс сапары барысында Сыр бойындағы оң өзгерістерге көз жеткізгенін айтып, өзі басқаратын аймақтың басымдықтарын кеңінен қамтыды. «Біздің аймақта ауыл шаруашылығы мен өндіріс жетекші салалар болып саналады. Бұрын сырттан алдыратын цементті енді өзімізде өндіріп жатырмыз. Индустриялық аймақтар құру жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аграрлық салада мал шаруашылығын қарқынды дамыту жолға қойылған», - деді Кәрім Насбекұлы.
Қос тарап өкілдері қатысқан жиын соңында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, БАҚ өкілдеріне арнап брифинг берді.
***
Кеше Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Қызылорда облысы мен Жамбыл облысы өнерпаздарының бірлескен концерті өтті. Шараны көрермендермен бірге Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев та тамашалады.
Қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған тағылымды кештің ашылу салтанатында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында бейнеролик көрсетілді. Мұнан соң алғашқы «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов кеш қонақтарына жырдан шашу шашты. Ол өз арнауында Сырдың қонақжай халық екенін, бұл кездесу қос өңір арасындағы қарым-қатынасты тереңдете түсетінін жеткізді.
Мұнан соң өнер саласында облыс мақтанышына айналған «Тұрмағамбет» атындағы халықтық аспаптар оркестрі күй күмбірлетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, қос өңірдің Шолпан Бимбетова, Нұртілек Ақтаев, Жарасқан Төлебай, Ерлан Ибәділдаев, Бақыт Шағырбаев сынды бірқатар өнерпаздары жырдан шашу шашты. Ал талай додаларда топ жарып, аймақтың атын шығарып жүрген «Томирис» би ансамблінің мың бұралған бишілері де «Сыр маржаны» биімен шараның шырайын келтірді.
Айтулы шарада Жамбыл облысынан келген «Тараз» триосы Кенен Әзірбаевтың «Көк шолақ», «Басты өлең» әндерін орындап, көремендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, қос өңірдің әншілері халық әндерін орындады. Тағылымды кеште көпшіліктің көңілінен шыққан бірқатар өнерпаздар Сыр елінің өнерді бағалайтын аймақ екенін жеткізіп, өз ойларымен бөлісті.
- Бүгінгі Қызылорда облысы өнерпаздарымен бірлесе өткізген концертімізді көрермендеріміз жоғары бағалады. Біз бүгінгі шарада Сыр өңірінің өнерді жоғары бағалайтын жұрт екеніне көзіміз жетті. Сонымен қатар, мәдениет саласының дамуы жолында еңбек етіп жүрген әріптестерімізбен бірге мәнді де мағыналы концерт ұйымдастырғанымызға қуаныштымыз, - дейді жамбылдық жырау Бақыт Шағырбаев.
Концерт соңында өнерпаздар «Қазағым, қасиетіңнен айналайын», «Қазақстан» сынды бірқатар патриоттық әндер шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, сахнада Әулиеата аймағының дәстүрлі әндері шырқалып, өңір өнерпаздарының орындауында Сыр мақамдарына тән жырлар айтылды.
Сыр өңірі негізінен аграрлық секторға негізделген аймақтар қатарына жатады. Дей тұрса да, соңғы уақыттары индустрияландыру бағытында да батыл қадамдар жасалуда. Тілшінің аймақ басшысы жиындарына қатыса отырып жасаған сараптамасында өңірдегі жетістіктер мен орын алған кемшіліктер «Индустриялық аймақтар игілікке айналуы тиіс» атты мақалада біршама қозғалыпты.
...Облысымызда экономиканың қозғаушы күші саналатын шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында алға ілгерілеу бар. Алайда кейбір аудандардағы жағдай көңіл қуантарлық емес. Әсіресе Жалағаш пен Қармақшы аудандарында кәсіпкерліктің дамуы баяулап қалған. Осының салдарынан бюджетке түсетін салық түсімдері күрт төмендеп кеткен. Бейсенбіде Қармақшы ауданында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен алқалы жиын өткен болатын. Онда аймақтағы шағын және орта бизнестің ахуалы талқыға салынды.
Облыс әкімі жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының және облыстық мәслихат жанындағы «Кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссияның бірлескен көшпелі отырысына төрағалық еткен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кіріспе сөзінде Елбасының шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше мән беріп отырғандығын айтты. Бұл барлық деңгейдегіжергіліктіәкімдергежауапкершілікжүктейтінінжеткізді.
- Экономиканы одан әрі жаңғыртып, жаңа технологияларға негізделген өндірістерді көптеп ашу - біздің басты мақсатымыз. Алайда, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін толық пайдаланып отырған жоқпыз. Оның ішінде бұл жұмыстарды Қармақшы және Жалағаш аудандарында одан әрі күшейту керек, - деді облыс басшысы.
Аймақ басшысының айтуынша, Қармақшы және Жалағаш аудандарында шағын және орта бизнестің дамуы баяу. Мемлекет ұсынып отырған бағдарламалардың игілігін көріп жатқандар қатары көңіл жұбатар жағдайда емес.
Жиында Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Махашов «2015-2017 жылдарға арналған Жол картасына» сәйкес осы күнге дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесін, кәсіпкерліктің даму барысы бойынша баяндама жасады. Оның сөзінше, бір жыл бұрын қабылданған «Қармақшы ауданының экономика салаларын дамытудың 2015-2016 жылдарға арналған жол картасы» аясында жоспарланған 21 іс-шараның 12-сі толығымен орындалған. 8-і орындалу сатысында болса, 1-і тоқтатылыпты. Ал, ауданда құрылған индустриялық аймаққа қажетті инфрақұрылым жүйелерін жеткізу үшін 112 млн. теңге қаржы бөлініп, бар жағдай жасалғанымен, қызметін бастаған жоба жоқ. Қынжылтатыны, бұл кемшілік жалғыз Қармақшыға ғана тән емес. Сондықтан да, облыс әкімі барлық аудан әкімдеріне индустриялық аймақтардың бос тұрмауын қатаң тапсырды.
- 2014 жылы республикалық бюджеттен 834,7 млн теңге бөлініп, Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі аудандарының индустриялық аймақтарына инженерлік инфрақұрылым тартылды. Сырдария мен Жаңақорған аудандарынан басқа, барлық аудандарда индустриялық аймақтар құрылған. Барлығында бір проблема - инвестициялық жобалар жоқ, ал жобаларды іздеп жүрген аудан әкімін тағы көрмейсіз. Тіптен, аудандарда тартылған инженерлік инфрақұрылымдар тиісті қызмет көрсетуші мекемелерге осы уақытқа дейін берілмеген. Осының өзі кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмей отырғандығына дәлел болып отыр, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы «Байқоңыр» кешенінің 14 нысанын Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру жөнінде шешім қабылданғанын, олардың ішінде кәсіпкерлік-әлеуметтік нысандар бар екенін айтты. Ендігі мақсат - сол нысандарды ел игіліне жарату, жаңа өндіріс көздерін ашуға пайдалану. Сонымен бірге, облыс әкімі Байқоңыр қаласына кіргізілетін тауарларға салынатын қосымша құн салығын бір елдің заңнамасымен төлеу жөнінде Заң жобасы мақұлданғанын айтты. Бұл өз кезегінде кәсіпкерліктің дамуына серпін болары сөзсіз.
Көшпелі отырыста, сондай-ақ, Жалағаш ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев ауданда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, Жол картасы бойынша 3 млрд 709,7 млн теңгенің 32 жобасын іске асыру жоспарланып, 603 жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі күні 2 млрд 65,2 млн теңгенің 15 жобасы іске қосылып, 159 жұмыс орны ашылыпты. Бір қуанарлығы, аймақ басшысының қолдауымен жұмысы тоқтап тұрған қызыл мия тамырын өңдейтін зауыт өз жұмысын бастамақ. Әйтсе де, аудан территориясындағы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізі бойында бірде-бір сервистік кешендер жобасы өз жұмысын бастамаған.
Отырыста, сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Н.Өмірсерікұлы, «Байқоңыр» ӘКК басшысы Т.Кенжебаев, облыстық өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ғ.Жақсылықов күн тәртібіндегі мәселе бойынша ақпараттарымен бөлісті. Сондай-ақ, жиынға арнайы қатысқан «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов өз пікірін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Жиын соңында аймақ басшысы аудан әкімдері мен сала басшыларына тапсырмалар беріп, әрбір істі жедел, тиянақты орындауды талап етті.
«Шәкірт бойына білім дарытқан әулет» атты мақалада ұстаздар династиясының қажырлы еңбегі тілге тиек етілген.
...Елбасы Н.Назарбаевтың «Ақыр аяғында, әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан, біз әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз» деген сөзі дәл қазіргі қоғам үшін қажет. Бұл орамды ой әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналғанда ғана еліміз әлемнің озық елдерінің қатарынан көрінері анық.
Адал еңбегімен елге танылған адамдар қай салада да кездеседі. Бүкіл бір әулеттің атадан балаға берілетін кәсібі арқылы елдің ризашылығына, құрметіне бөленуі сол еңбектің ақталғанын көрсетеді. Маңдай тер, табан етімен адал еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық отбасылар көп. Сондай отбасының бірі - Қызылжарма қыстағында тұратын Наурызбаевтар әулеті. Бұл үлкен отбасын жергілікті тұрғындар «ұстаздар династиясы» деп атап кеткен. Өйткені әулеттің отағасы мен отанасы Дауылбай Наурызбаев пен Гүлбаршын Қындыбаева бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жандар. Ерлі-зайыпты ұстаздар қазірде бұл дүниеден өткенімен, олардың ізгі ісін жалғастырушы ұл-қыздары, келіндері жетерлік. Екеуінен өрбіген төрт ұл және төрт қыз бар.
«Бақыттың да, байлықтың да анасы - еңбек» дегенді өмірлік қағидасына айналдырған Дауылбай ағайдың өткен өміржолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Қарапайым мектеп мұғалімі болудан басталған педагогтық қызметінде ол аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі, педагогикалық училищенің оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директорлығына дейін көтеріліп, еңбек демалысына шыққанға дейін абыройлы жұмыс жасады. Халық ағарту ісіне сіңірген еңбегі елеусіз қалмады. Ол кезінде «ҚР халыққа білім беру ісінің үздігі» атанғандардың алғашқылар санатында болды. Дауылбай Кенеханұлы қай қызметте болсын ізденімпаздығымен, ерекше білімділігімен, әділ басқарушылығымен ерекшеленді. Ол тәрбиелеген шәкірттер бүгінде елімізге, облысымызға белгілі жандар.
Қазіргі таңда Дауылбай ағайдың үш ұлы құрылыс, біреуі банк саласында қызмет етсе, үш қызы мен үш келіні білім саласында еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеу ісінде жетістіктерімен мақтана алатындай ұлағатты ұстаз қатарына қосылды. Қыздары Жанна мен Лиза Қызылжарма қыстағындағы №144 С.Әлжіков атындағы орта мектепте ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келеді. Олар тәрбиелеген шәкірттер қатарында «Алтын белгі» иегерлері, түрлі олимпиада жеңімпаздары бар. Ал үлкені Алма Наурызбаева да Алматы қаласында осы салада ұзақ жыл еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көруде.
Бұл әулеттің келіндері де әулет кәсібін жалғаған жандар. Келіндері Әймереке, Сағира, Алтын да ұстаздық жолды таңдаған. Бүгінде Әймереке, Сағира апайлардың отызжылдық тәжірибесі бар.
- Мен бала кезімнен ата-анамның ұстаздық жолда қызмет еткенін көріп өскендіктен болар, оқушы кезімнен мұғалім болуды армандадым. «Ұстаз болу - жүректің батылдығы» деп бекерге айтылмаған ғой. Ата-анамның білім беру саласына сіңірген еңбегі аз емес. Бала тәрбиелеу, басшылықта болу оңай шаруа емес деп түсінемін. Ұстаз болу үшін балаға мейірім, өз ісіңе деген шексіз сүйіспеншілік, ізденіс пен табандылық керек. Бізге әрдайым әкем өздеріңнің жүріс-тұрысыңмен, сөйлеген сөзіңмен, тіпті киген киіміңмен де оқушыға үлгі-өнеге көрсетуің керек деп отыратын. Қазірде осы ұстаныммен өзімнің қасиетті мұғалімдік мамандығымды атқарып келе жатқаныма жиырма алты жыл болыпты, - дейді қызы Жанна Наурызбаева.
Иә, мамандықтың қай-қайсысы да қадірлі, қасиетті. Десе де, барлық сала мамандарын дайындайтын, алғаш қолыңа қалам ұстатып, әріп танытқан, оң мен солыңды, жақсы мен жаманды ажырата білуге баулитын осы ұстаздар қауымы. Керек десеңіз, әр адамның өмірлік қағидалары, ұстанымдары да осы ұстаз берген білім мен тәлім-тәрбие арқылы қалыптасады. Сондықтан да Наурызбаевтар әулеті өздері тәрбиелеген сан мыңдаған шәкірттер арқылы елдің өркендеуі мен дамуына өз үлестерін қосты деп айтуға әбден лайық.
Бүгінгі күні еліміздің басты назарында тұрған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне аймақтың дайындығы жайлы тілші басқарма басшысынан «Сырбойылықтар көрмені тамашалайды» атты мақалада жауап беруге ұмтылады.
... «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін өткізу - Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастама еткен, Қазақстанның негізгі халықаралық жобаларының бірі болып табылады. Көрме бүкіл әлемдік жұртшылықтың назарында 93 күн бойы болатын келер жылдың ең маңызды және ұзақ оқиғасы екендігі мәлім. Қазіргі таңда Көрмені ұйымдастыру және дайындық қарқынды, бірнеше бағыттарда жүргізілуде.
«ЭКСПО-2017» - тек қана халықаралық емес, сонымен бірге ұлттық жоба. Өйткені, көрмеге келетін қонақтардың 80 пайыздан астамы Қазақстанның ішкі туристері болады деп күтілуде. Ішкі туристердің көрмеге келуіне еш шектеу болмайды. Керісінше, барлық жағдай жасалып, еліміздің өңірлерінен келетін қонақтарды қабылдап алу үшін тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал енді осы бағытта Қызылорда облысында қандай жұмыстар жасалып жатқанын білу мақсатында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Н.Өмірсерікұлын әңгімеге тартқан болатынбыз.
- Нұржан Өмірсерікұлы, облыстағы дайындық шаралары неден басталды?
- Ағымдағы жылдың маусым айында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін ілгерілету және дайындық бойынша өңірлік іс-шара жоспары бекітілді.
Осы іс-шара жоспарына сай, облыс тұрғындарын барынша ақпараттандыру және ілгерілету мақсатында облыстық деңгейде 73 бейнетүсірілім көрсетіліп, 85 мақала жарық көрді. Облыс көлемінде ЭКСПО-2017 көрмесі бойынша 73 билборд, 3 лайтбокс және 1 кіші архитектуралық формасы орналастырылды. Көрменің ресми логотипі Қызылорда қаласындағы 112 қоғамдық көлікке орнатылған.
Сондай-ақ, ЭКСПО-017 логотипі «Қайсар» және «Байқоңыр» футбол клубтарының формаларына орналастырылды. «ЭКСПО-2017» көрмесі және оның мүмкіндіктері туралы видеороликтер «Казақстан-Қызылорда» жергілікті телеарнасы арқылы тұрақты күніне 3-4 рет көрсетілуде. Жергілікті радио толқындарында ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде аудиороликтер жаңғыртылуда.
Мамыр айында облыс әкімдігінің қолдауымен және «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның қатысуымен көрменің негізгі мақсаттары мен ерекшеліктері, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 қатысушылары және ресми қолдаушыларына қойылатын талаптармен таныстыру мақсатында облыс әкімдігі ғимаратында «Роуд-шоу» жиналысы өтті. Нәтижесінде, «Астана ЭКСПО - 2017» Ұлттық компаниясы» АҚ мен жергілікті туркомпаниялар арасында өңірдің тұрғындары үшін көрме билеттерін сату жөніндегі бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Оның қатарында жергілікті туркомпаниялар мен қонақ үй бизнесінің басшылары арасында облысқа келген көрме қонақтарына жеңілдіктер ұсыну туралы меморандум да бар. «Байқоңыр Инвест» VII инвестициялық форум аясында қала ішінде көрмені насихаттау және кеңінен таныстыру мақсатында ЭКСПО-2017 логотипі ілінген «Ван Холл» жолаушылар автобусы жүргізілді.
Сонымен бірге, облыстың ресми сайтында көрме логотипі орналастырылды және де бұл логотип сол мезетте сайттан көрме туралы ақпаратты алу сілтемесі болып табылады. Облыстың веб-сайтында көрменің басталуына кері санақ күні орналастырылды.
- ЭКСПО-да қызмет көрсетушілер дайындау жағы қалай?
- Бүгінгі күні көрме қонақтарын қарсы алу және қызмет көрсету үшін еріктілерді оқыту және қайта даярлаумен айналысатын тренерлерді анықтау мақсатында оқытушылар арасында іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген Қызылорда қаласының жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері арасынан іріктелген 181 ерікті тізімі қалыптастырылды. Жақын арада «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясына облыстан қосымша 100 ерікті бағытталатын болады, оның ішінде, 30 ерікті - Байқоңыр қаласынан.
- Көрме қонақтары біздің облысқа да ат басын бұратыны белгілі...
- Көрменің өткізілу кезінде облысымызға көптеген шетел азаматтарының келуі күтілуде. Жасыратыны жоқ, сол келген туристердің 80 пайызы «Байқоңыр» ғарыш айлағын көруге қызығып келеді. Сол сылтаумен, қала мен аудандар бойынша көрнекті орындарды көрсету жоспарланып отыр. Атап айтатын болсақ, «Қорқыт ата» мемориалды кешені, «Қамыстыбас» көліндегі жағажай, «Жаңақорған» шипажайы, тарихи мұра - Жанкент және Сығанақ қалалары.
Бүгінгі күні облыстағы орналастыру орындарының сапасын, сондай-ақ, төсек-орын санын анықтау мақсатында басқарманың ұйымдастыруымен мониторинг жүргізілді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыстағы орналастыру орындарының базасы қалыптасып, Қызылорда облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсында орналастырылды. Сонымен бірге, көрме қонақтары мен қатысушыларының Қызылорда облысына келуі жөніндегі желілік кестесі бекітілді. Желілік кестеде туристік бағыттар мен логистика түрлерін көрсете отырып, облыстың тартымды туристік нысандары анықталған.
Ағымдағы жылдың мамыр айында 20 нөмірлі «Рема» қонақ үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қонақ үйдің 5 нөмірі «VIP» қонақтарға арналған. Аталған қонақ үй «Байқоңыр Инвест»VII Инвестициялық форумының қонақтарын қабылдады. Бұдан өзге, ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы 2 қонақ үйдің ашылуы жоспарлануда.
Бұдан бөлек, туристерді тарту үшін «Байкоңыр» кешенінің туристік әлеуетін ескере келе, «ЭКСПО-2017» көрмесінің өткізілу кезеңінде «Алматы - Байқоңыр - Алматы» және «Астана - Байқоңыр - Астана» чартерлік әуе рейстерін ашу мәселесі пысықталуда.
- Ал біздің облыс тұрғындарының Астанадағы көрмені тамашалауды ұйымдастыру, билет құны, оны сату жүйесі туралы айта кетсеңіз...
- Астана қаласында «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу кезеңінде облыс тұрғындарына баруға арналған квотасы - 75 000 адам. Облыс тұрғындарының (оқушылар, еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, мүгедектер және аз қамтылған отбасылар) Астана қаласындағы көрмеге қатысуын облыстық бюджет көзінен қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.
Қазіргі таңда мүдделі орталық мемлекеттік органдармен «Қызылорда - Астана» бағыты бойынша қосымша поезд құрамдарын қосу мәселесі пысықталуда.
Ағымдағы жылдың 10 маусымынан бастап көрмені тамашалау үшін онлайн-билеттер сатылымы басталды. Облыс тұрғындарына онлайн-билеттер мен жеңілдіктер жөніндегі барлық ақпарат жергілікті БАҚ-та тұрақты түрде жариялануда. Осы орайда, бүгінге облыс тұрғындары 362 билетті онлайн-режимінде сатып алған болатын. Жұмыс күнге арналған күні белгіленбеген билетін - 6 000 теңгеден, демалыс күнге арналған күні белгіленген билетін - 8 000 теңгеден және де күні белгіленген билетін 4 000 мың теңгеден сатып алуға болады.
Алдағы желтоқсан айынан бастап Қызылорда қаласының арнайы орындары мен кассаларынан билеттерді сатып алуға болады. Қосымша ЭКСПО-2017 билеттерін сатып алу бойынша түсіндірме жұмыстары ірі кәсіпорындар қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер арасында жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының (оқушылар, еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, мүгедектер және аз қамтылған отбасылар) Астана қаласындағы көрмеге қатысуын облыстық бюджет көзінен қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Басқарма бүгінде көрме билеттерін сатуды жүзеге асыру үшін халық көп шоғырланатын орындарға (ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері және т.б.) мониторинг жұмыстарын жүргізуде.
ЭКСПО-2017 билеттерін сатып алу шарттарын түсіндіру мақсатында облыстық блогерлермен кездесулер өткізілді, сондай-ақ барлық ақпарат «Фейсбук», «Инстаграмм» және «Вконтакте» секілді танымал әлеуметтік желілерде жарияланды.
- Әңгімеңізге рахмет!
«Құс шаруашылығы қарқынды дамып келеді» атты мақалада өңір үшін әлі де болса таңсықтау кәсіп саналатын құс шаруашылығымен айналысып отырған шаруашылықтар жайы әңгіме болады. Мақаланың кәсіп ашамын деген адамға берері көп.
...Қаз еті - жеңіл әрі дәмді тағам, майы - емге дәру, мамығы - жастық. Оның еті нарыққа шығарылғанда да басқа үй құстарымен салыстырғанда қымбатқа сатылатын көрінеді. Алайда қаз өсіріп, табыс табуға ниеттенетіндердің қатары қалың болғанымен, бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұған біз облыста бірінші болып қаз бен үйректі өндірістік бағытта өсіруді қолға алған «Жан-Арай Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен танысқанда көз жеткіздік.
Инфрақұрылымды дамытып, бәсекелестік ортаны қалыптастыруды, ауылшаруашылық өнімдерін тұтынушыға тікелей ұсынуды мақсат еткен кооперативке биылдың өзінде Алматы облысынан 10 мың дана жұмыртқа әкелінген. Бүгінде мұнда жеті мың жеті жүз қаз бен үйректің балапандары өсірілуде. «Жанар-Ай Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бас директорының орынбасары Қуат Шәкизадаевтың айтуынша, алдағы уақытта қала тұрғындарын экологиялық таза құс етімен қамтамасыз ету, үй жағдайында құс өсіруге қызығушылық танытқан азаматтарға қаз бен үйрек балапандарын сатуды ұйымдастыру арқылы жұмыспен қамту көзделуде. 2017 жылы балапан шығаратын жұмыртқаларды сырттан сатып алмай, кооператив арқылы дайындау мақсатында құстардың аналығын бөлек бағу қарастырылып, қысқа дайындық жасалуда. Алдағы уақытта қаз бен үйректің санын екі есеге көбейту жоспарланған.
- «Жан-Арай Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне 1 шаруа қожалығы және 8 жеке кәсіпкер мүше болып кірді. Шаруа қожалығы инкубатордан балапан шығарып, жеке кәсіпкерлерді түрлі қоспалармен байытылған құнарлы жеммен қамтамасыз етсе, 7 жеке кәсіпкер құс бағумен айналысады, 1 кәсіпкер сойылған құсты қаптамаға салып қала тұрғындарына ұсынады. Қазір орташа бір қаздың салмағы - 7-8 келі, ал үйректің салмағы - 4-5 келіні құрап отыр. Қараша айының ортасынан бастап 3 мың бас қаз бен үйректі етке сойып, 15 тонна сапалы құс етін қала тұрғындарына ұсынуды, 11 түрлі жартылай фабрикат шығаруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде "Қазына" сауда орталығымен құс өнімдерін сатуға келіссөз жүргізілуде. Сонымен қатар, құс өсіруге және бағуға «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нан 90 млн теңге қаржы алынып, әр кооператив мүшесіне 10 млн теңгеден несие алуға мүмкіндік туды. Осы қаржыға қажетті жабдықтар алынып, ғимарат салынуда. Бұйыртса, қаңтар айында инкубаторлық цех, құс сою пункттері ашылмақ, - дейді Қ.Шәкизадаев.
«Жан-Арай» ЖШС-ның қожалығында қаз жұмыртқалары арнайы жабдықта күтіп-бапталып, оның температурасы мен ылғалдылығы үнемі бақылауда болады. Сонан соң бір ай бойы күтімде болған балапандар алғашқы 20 күн дәруменделіп, арнайы жайда ұсталады. Әрі қарай Сырдария ауданының Айдарлы ауылы маңыңдағы көлде өсіріледі.
- Ауыл тұрғыны болған соң, құс өсірудің маған ауыртпалығы жоқ. Оның үстіне бұл шаруа өзіме ұнайды. Қазды құстардың ішіндегі ең қасиеттісі деп білемін. Біз мұнда оларға үш мезгіл жемін үзбей беріп отырамыз. Күнделікті 1 тоннадай жем жейді. Одан өзге тағы да басқа қоспа шөптері бар. Арнайы қадағалауда ұстаймыз. Өзімнен бөлек, 11 адам жұмыспен қамтылды. Еңбекақымыз тәуір, 50 мың теңге көлемінде, - деген қожалық бригадирі Мақсұт Жиренов қаздарды көл жағасына жіберді.
Көлдегі құстардың ұзаққа дейін иесін мазаламай жүзіп жүргеніне куә болдық. Сәлден соң жемазықтың күтіп тұратынына дағдыланған олар бір-біріне ілесіп, тобын бұзбай, кейін қайтты. Әңгіме барысында құстардың «Линда» тұқымынан екенін, жаз бойы таңсәріден көлде жүзіп, күн ұзаққа көкорай шалғын шөпке жайылатынын, қысқа да төзімді екенін естіп-білдік. Осылайша, инженер-технолог мамандығының майталманы Қуат Шәкизадаевтың екі жыл бойы електен өткізіп барып іске қосқан жобасымен егжей-тегжейлі танысып, алдағы уақытта табиғи таза еттің көпшілік сұранысына ие болатынына сенім білдірдік.
«Нәтижені күзде таразылайды» атты мақала Жаңақорған ауданының күзгі егін жайын қозғайды.
...Аймақта бүгінгі күнге күріш дақылының 43608 гектары (54,8%) орылып, 31919 гектары(40,1%) бастырылды және орта өнім гектарына 45,1 центнерден келуде. Егін орағында Сырдария, Жалағаш аудандары көш бастап келеді. Яғни, бүгінгі күні Сырдария ауданы 38395 тонна күрішті қамбаға құйып үлгерсе, Жалағаш ауданы 379222 тонна Сыр саласын жинап алды. Тиісінше қос аудан гектарына орташа 48-46 центнерден өнім жинауда. Диқандар үшін алтын күздің нәтижесі енді басталды. Жылдағыдай науқанды ерте аяқтайтын шиеліліктер жалпы орымның 71 пайызын еңсеріп, күрішінің 65 пайызын бастырып қойды. Қармақшы, Жаңақорған, Қазалы, Қызылорда диқандары да 40-60 пайыз аралығында күріш орылымын жақындатып келеді.
Үстіміздегі жылы Жаңақорған ауданының диқандары 32 мың гектар жерге түрлі дақылдарды орналастырды. Ауданда ауыл шаруашылығымен шұғылданатын 628 құрлымның 437-сі тұрақты айналысып келеді. Өңірдегі жалпы егіс көлемінің ішінде 7738 гектарыаймағымыздың басты дақылы - Сыр салысы. Дақылдарды уақытылы суғару, минералды тыңайтқыштармен мерзімінде қоректендіру, басқа да агротехникалық шаралар тиісінше өткізіліп, нақты кезеңде аталған дақылды жинау жұмыстары қауырт атқарылуда. Мәселен, апта басындағы мәліметке қарағанда аудан шаруашылықтарында күріштің жартысына таяуы орылды. Бұл орайда Бабан Құтыбаевтың басқаруындағы Келінтөбе ауылдық округі жеріне күріш еккен «Ынтымақ» шаруа қожалығы, Қаратөбе ауылдық округіндегі Құлмағанбет Исахановтың басшылығындағы «Сұңқар» шаруа қожалығы, Нәмәтулла Рүстемов төрағалық жасайтын «Түгіскен» шаруа қожалығы және Қожакенттегі «Жаңажол-Ажы» шаруа қожалығы, Өзгент ауылдық округіндегі «Өзгент-С» шаруа қожалықтары ұйымшылдық танытып келеді. Сондай-ақ, 3 мың гектарға таяу күріштік бастырылды. Әзірге орта өнімнің түсімі 38,8 центнерді құрап отыр. Алдағы орақ барысында өнім түсімі мұнан көтеріледі деген үміт бар.
Оңтүстік ауданда үстіміздегі жылы 1553 гектар бақша, 630 гектар көкөніс және 424 гектар картоп егілді. Бұл дақылдардан қазіргі уақытта тиісінше, 1021 тонна, 440 тонна, 156 тонна өнім жиналуда.
Жаңақорғандықтардың сонау сексенінші жылдары күздік бидайдан мол өнім алумен жақсы аты шыққаны көнекөздердің есінде, сол үрдісті жалғастырушы ізбасарлары қазірде жеткілікті. Мәселен, аудан бойынша 1240 гектаркүздік бидай егілген еді, одан орташа 20 центнерден өнім алынып, барлығы 2480 тонна астық қамбаға құйылды, немесе нарықтық қатынас талабына сай саудаға шығарылды. Күздік бидайды егіп, күтімге алуда Қыркеңсе және М.Нәлібаев атындағы ауыл диқандары шалымдылық танытып, орташа 25 центнерден өнім алуға қол жеткізді. Ал шамалы көлемдегі жаздық бидайдан аудан еңбеккерлері 18 центнерден орта өнім алды. Мұнда Жаңарық ауылдық округі шаруа қожалықтарының еңбек көрсеткіші жоғары.
Ауданда дақылдарды тамшылатып суару арқылы көкөніс егу үрдісі қолға алынуда. Биылғы жылы «Бесарық» бекеті маңына қызанақ орналастырған «Қызылорда Агро плюс» ЖШС қарамағындағы 2 гектар жерден мол өнім алды. Олар әр гектардан 90 центнер қызанақ жинады. Көкөніс егуден біраз тәжірибе жинақтаған «Тату-агро» ЖШС-ның да еңбек көрсеткіші жоғары.
Міне, қыркүйек айы орталанды. Егіс алқаптарында қызу еңбек жүріп жатыр. Диқандар қауымының ала жаз бойғы терінің өтеуі таразыға түсер күні де алыс емес. Бастысы - ауыл адамдарының ұйымшылдықпен жұмыс жасап, ел дамуына үлес қосуға деген ынта- жігерінің мықтылығы дер едік.
«Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген қазақта қанатты сөз бар. Сыр өңірі де Сырдарияны жағалай орналасқандықтан негізі кәсібі суға байланысты болып келеді. «Сыр мұрабы - Мәделхан» атты мақалада осы салаға бүткіл саналы ғұмырын арнаған азаматтың бейнесі айшықталады. Оның өмір белестері мен кейінгі ұрпаққа өнегелі өмір жолы әсерлі әңгімеленеді.
...«Азаматты туған жерініңқасиетті топырағы жаратады» деген сөз бар. Осы қағиданы Сырдың тұлғалы азаматтарының тарихы дәлелдейді деуге болады.Сыр елі күріштің отаны атанғандықтанатақты Ыбырай Жақаевтың шығуы заңдылық деп ойлаймыз. Ыбырайатамыз жүздеген жас күрішшілердірухтандырып, өңірдің өркендеп, дамуына зор үлес қосқаны анық.
Сыр өңірі - суармалы егіншіліктің туын тіккен өлке. Инженерлік жүйедегі суармалы жер Қызылорда облысын өзге аймаққа ұқсамайтын, ерекше өңір ретінде айғақтайтын, келер ұрпақтар үшін Сыр елі қадірін еселей түсетін маңызды қазына. Басқа өндіріс түрлері табиғи негізі мен қоры азаюына немесе таусылуына байланысты бәсеңсіп, болмаса тоқтап қалуы да мүмкін. Ол жағдай суармалы егіншілік саласында болмайды. Аға ұрпақ мол еңбек сіңіріп, қолымызға беріп кеткен инженерлік жүйедегі суармалы жер жақсы күтімі болса, бізге және кейінгі ұрпақтарға жемісін берері анық. Сыр елінде мелиорациялау жұмыстарының жоғары қарқынды орындалуын қамтамасыз етіп, өнегелі еңбек үлгісін көрсетіп кеткен Ержігіт Бозғұлов, Айқынбай Дүйсеков, Сабыр Арыстанбаев, Елтай Құттыбаев, Кенжебек Ерімбетов, Елтай Тыныштықбаев, Жанайбек Сақтағанов, Қуаныш Есханов, Әскербек Мақұлбеков, Тыныштықбай Сырғабаев, Исатай Алдабергенов және оралмас сапарға аттанғанына жылға жуық уақыт болған Мәделхан Нәлібаев ағаларымыздың шоқтығы биік.
Адам өмірге келгеннен үміт отын тұтатып, айналасына қолынан келгенінше мол ықпал мен қолқабыс тигізуге ұмтылатын шығар. Көпшілігінде солардың бәрі жүзеге асып та жатады. Дегенмен, туысы бөлек, жаратылысы өзге, болымды азаматтарға бұл мақсат аздық етеді. Олардың үміті жоғары, олардың көздегені биік, олардың өмірлік жолы мен ұстанымы да өзгеше. Сондай жаратылысы бөлек азаматтардың қатарына Мәделхан ағайымызды жатқызуға әбден болады. Ағамыз жасынан зерек болды. Қиындықты көп көрді. Жақсы оқыды. Соның арқасында осы өңір үшін маңызы жоғары мамандық иесі атанды.
Мәделхан ағайымызға қаратып айтқымыз келеді. Біздің ойымызша, ағамыз өмірде жолы болған, мол несібелі жан.Өйткені, ол кісі жерге нәр беруші мамандығын қалапты. Біздің Сыр өңірінде жас баладан бастап, еңкейген кәріге дейін білетін қағида- бұл аймақта су бермесең ешбір өсімдіктің, дақылдың өніп-өспеуі, өнім бермеуі. Содан ағамыз ұлы Сырдарияның нәрін жастайынан егіске жеткізіп берді, оны егіншілердің зор ықыласпен пайдаланып, өңір азаматтарын, ел халқының ырзығын көбейткенін көрді. Тіпті, көріп те қойған жоқ, сол маңызды іске ол кісі жан-тәнімен араласты, бағалы тамшы суды жолымен, ретімен пайдаланып,өмірге қажет өнімді алу жолын үйретті, баулыды азаматтарды.Осыдан Мәделхан ағайымыздың дәрежесі өсті, рухы биіктеді, соңында ел жанашырына айналды. Айналғаны сол болар, ағамызға Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген гидротехник атағы берілді. Бұл, түсінген адамға зор мәртебе еді.
Азамат өмірінде жақсы жұмыс атқарып, қоғамға қолынан келген үлесін қосса, оның тірлігі зая кетпегені. Екінші, азамат осының барлығына иелік жасап, оған қоса жұртқа пайдалы, өнегелі сөз қалдырса, оның өмірі одан да мәнді болғаны шығар. Үшінші, азамат осыларға қосымша соңына кітап қалдырса, оның бағасы мен қадірі жоғары болғаны да. Ал, тұлғалы азамат нақты мамандық иесі бола тұра, артына бірнеше кітап қалдырса, не болғаны?! Шамасы, осындай өрелі азаматтың жасаған еңбегін бағалау қиынның қиыны шығар.Мәделхан ағамыз соңына бірнеше кітап қалдырды.
Ендеше, Мәделхан ағамыз жазған кітаптарды санамалап көрейік. 2001 жылы «Су туралы толғаныс», 2005 жылы «Су - өмір шежіресі» кітабы жарық көрді. 2010 жылы «Шежірелі Сыр бойы», 2013 жылы «Қилы-қилы замандар-ай» атты кітаптары баспадан шықты. 2014 жылы «Сырдың шежіресі сыр шертеді» атты көлемді кітабын шығарды. Сөйтіп, бас-аяғы 14 жылдың бедерінде ағамыз бес кітап жазып, шығарыпты. Бұл, сонда қандай алапат еңбек десеңізші! Ағамыз соңғы кітабының мұқабасында: «Шежірелі Сыр бойы бабам мекендеген өлкесің, мен үшін ғажап көркемсің, ежелгі су мен ну елі Сыр елі өсіп көркейсін», - депті. Осы өлең жолдары ағамызға өмір бойы бағыт сілтеуші темірқазық болыпты. Бұған ардақты ағамыздың туған жеріне деген перзенттік зор сүйіспеншілігі, өзінің өмір бойы атқарған азаматтық игі істері мен туған өлкеге арнаған шынайы абыздық тілегі де толығымен сыйып тұрғандай көрінеді.
«Сыр туралы толғаныс» кітапбын парақтағанда айырықша көзге түсетіні «Сыр мұрабтары» тарауы. Онда Мәделхан ағамыз: «Ата-бабамыз Сыр мұрабтарына су мен жердің тағдырын сеніп тапсырып, Ахун, Ақсақал, Мұраб деп құрметтеп, су мен жердің тиімділігін арттырып, тасқын судан қорғануда бүкіл ел болып жұмыла еңбек еткен», - депті. Осы сөйлемде ағамыздың өзі таңдаған мамандығына деген ықыласы мен сүйіспеншілігі жатқандай. Мұны біз 1830 жылы туып, өсе келе Сыр өңірінде бірінші болып «мұраб» деген жоғары атаққа ие болған Нұртаза Қосымбетұлының өмірде өткен жолдарын ағаның тамаша суреттегенінен байқадық. «Нұртаза мұрабтың көрегендігі соншалықты, айналасын бірнеше рет телегей теңіз қарғын су басқанмен, еш уақытта бұл жерге су шықпаған, әдепкі көшіп келген кезде арық қазуға уақыттың тарлығына, мүмкіндіктің жоқтығына байланысты Нұртазаның диқандық кеңесімен ежелден егіншіліктің сырын жақсы ұққан ел, күзде қопа қамыстың шіріндісі мол, шағын саяз көлдердің су келер қылтанақ сағасын байлайды. Ерте көктемде судан шыққан жиектерін айналдыра жерағашпен айдап, арпа-бидай егіп, ортасындағы су тартылысымен ылғалын кептірмей, ұяның беті қатпау үшін құм сеуіп, қауын-қарбыз егеді. Жаз айларында жер астындағы мол ылғалды жоғары көтеру мақсатында ұяның айналасын терең етіп аударып тұрған. Көлтабанға егілген қауын-қарбыз тәтті әрі сөлді болғандықтан диқандар бұл әдісті жақсы игеріп, жер мен судың жағдайына қарай күзде егістік алқаптарға мол су жіберіп, ерте көктемде қолдан жасалған дайын суалмаға егін егуді әдетке айналдырған», - деп жазады.
Осылайша, ағамыз арғы ғасырдың аяғы, өткен ғасырдың басындағы егінші қазақ ауылының тірлігі мен күнкөрісін тамаша көрсетіпті. Енді ағаның осы айтқандарын, терең зерделеп қарасақ, бір ғасыр бұрынғы жерді ылғалдандыру әдістерінің артықшылықтарын су тапшылығы орын алған казіргі уақытта өз ретімен тиімді қолдануға болатынын байқауға болады. Демек, бұл өңірімізде бұрын өткен мұрабтардың істері мен бүгінгі заман су мамандарының өндірістік тәжірибесінің жалғастығы мен үйлесімділігі бар деген сөз. Мәселе сол жалғастықты зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне пайдалану. Бұл - бір өте құнды дүние.
Мәделхан ағаның тағы бір ерекше қырын айтпасқа болмас. Ол, ағамыздың суландыру жұмыстарының ертеден орын алған тарихын арнайы тарихшы-маман сияқты зерттеуі. «Су шаруашылығы мамандарын ынталандыру мақсатымен Екінші Николай патша 1896 жылы арнайы «Мұраб» атты медаль шығарып, суармалы егіншілікке айырықша еңбегі сіңген су мамандарына шекпен жауып, медаль берген. Осындай үлкен құрметке ие болып, медаль алған Сыр су мамандарының атасы Қосымбет ахунның ұлы Нұртаза ақсақал. Төңкеріске дейін 1910 жылы В.Г.Глушковтың басшылығымен гидрометриялық, 1911 жылы А.Н.Костяковтың басшылығымен гидромодульді зерттеулер жүргізілген. Төменгі Сыр бойында тікелей су шаруашылығымен айналысатын ұйымдар құрылды. Атап айтқанда, әдепкі жылдары Перовск уездік су шаруашылығы, 1923 жылы Ақмешіт су округі, ал 1924 жылы Қызылорда және Қазалы су округтері құрылды». Көрдіңіз бе, ол кісінің құнды мағлұматтарды келтіруін. Шын мағынасында бұл деректер қазақ тілінде алғаш рет жазылып отырғаны рас. Олай болса, Сырдарияның төменгі ағысындағы суландыру жұмыстарының тарихы жоғары деңгейде зерттелінуінің жақсы үлгісі деп айтуға болады.
Ағамыз 1994 жылы зейнетке шыққаннан кейін Қызылорда су торабы кеңсесінің бірінші қабатын босатып алып жұмысқа шындап кіріседі. Бұл іс оңайға соққан жоқ, әрине. Өткен кезеңдерде өңірді басқарған азаматтардың қабылдауында бір емес, бірнеше мәртеден болыпты. Облыстық мекемелердің басшыларымен де көптеген кездесулер өткен.
Ол кісіде алдына қойылған зор мақсат тұрды. Ол - осы өңірде еліміздің ешбір аймағында бұрын-соңды болмаған су шаруашылығына арналған мұражай жасау. Бұл мақсатты ағамыз өзінің қылшылдап тұрған жас кезінде-ақ алға қойғанын айтпасқа болмайды. Ағамыз ертеректе болған бір кездесуде: «Мен елге маман болып келгесін шамалы уақытта суландару саласының осы өңірге деген маңызын жете түсіндім. Сол кезден-ақ, осы саланы өркендетуге, дамытуға күш-жігерімді аямауға өз-өзіме уәде бердім», - деп еді. Міне, осыдан-ақ ағаның іске асырып кеткен игі істерінің түбірін ертеден іздеген жөн болар.
«Сыр шежіре» мұражайын жасауда кездескен қиыншылықтар турасында былай жазыпты: «Дүниеде адамды жалған жақындатып, ақиқаттан алшақтататыны баршаға аян. Дегенмен, «Болмасын деген оңбасын» деп болмасын дегендерге ащы, болсын деп кезінде қолдау жасағандарға тұщы, осы ащысы-тұщысы аралас шындықты өзгертпей, өз күйінде жазуды жөн көрдім». Бұдан байқағанымыз, өңір азаматтарының, аймақ жастарының мол тәлім-тәрбие алып жатқан аталған мұражайды орнатуда ағамыздың басынан өткізген машақаты мол болған сияқты. Өзге біреу болса: «Маған осы әуренің не қажеті бар, жүйкемді шаршатып, шашымды ағартып, одан да тиыш неге демалмаймын», - деп өз жағдайын қамдаған болар еді. Бірақ, Мәделхан аға ондай адам емес еді.
Мәделхан ағамыздың айтарлықтай еңбегі «Сыр мұрабы» қоғамдық бірлестігін ашуы. Бірлестікті ол кісі өзі ұйымдастырып, рухани жетекшісі болды. Сол бірлестіктің басшыларын Мәделхан ағайымыз өзі сайлап отырды деп те айтуға болады. Сол ұйымның мәжілістері Мәделхан ағаның қатысуынсыз өткен емес. Бүгін Мәделхан аға қасымызда жоқ. Сондықтан, сол қоғамдық бірлестіктің басшылығы мен қатардағы мүшелеріне жіті ойланар уақыт жеткен сияқты. Осыны бізге ағаның өмірлік жолы мен ұстанымы есімізге салып отыр.
Ертеде осы ағаның қамқорлығы мен шапағатын көрген жайымды айтқым келеді. Ол уақытта мен Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты Қызылорда филиалында факультет деканымын. Филиалға Одақтың өзге ірі орталығынан екі-үш маман келді. Олардың мақсаты студенттердің мамандық пәндерді оқу жағдайымен танысып, бітіруші түлектердің өңірдің су шаруашылығы саласында жарасымды еңбек етуге дайындығын да бақылау болатын. Ол азаматтар келешекте біздің түлектерімізді жұмысқа қабылдап, оларға алдын ала өндірістік және оқу практикаларының өту жағдайларымен танысқысы келгені белгілі болды. Сондықтан өңірдің сондай талаптарға сай келетін екі-үш мекемелеріне баруға ниет білдірді. Осыған байланысты Мәделхан ағамен ақылдастық. Біздің ұсынысымызды үлкен ықыласпен қабылдағаны әлі есімде. Ол кезде ағамыз Сырдария аудандық суармалы жүйелері басқармасының басшысы болатын. Содан не керек, ағамыз бізбен екі күн бірге болып бүкіл ауданның суармалы жүйесінің жағдайымен терең таныстырды. Сонымен қатар, бұл басқарманың басты міндеті - аудан көлемінде орналасқан шаруашылықтардың егісіне суды жеткізіп беріп, оның тиімді пайдаланылуына көмектесіп, қадағалау болатын. «Айдарлы» және «Амангелді» шаруашылықтарына бізді алып барып, олардың егістерінде дақылдарды суару жұмыстарымен таныстырды. Сөйтсек, ол шаруашылықтарда біздің филиалды бітіргендер су маманы болып істейді екен. Осының бәрін өз көздерімен көрген қонақтар риза болғанын біз де көріп, Мәкеңнің тапқырлығы мен көрегендігіне тәнті болдық.
1990 жылы біздің филиал өз алдына дербес жоғары оқу орны болып шыға келді. Сөз жоқ, бұл елеулі оқиға тақыр жерде орнатылған жоқ. Оған филиалда сол қиындығы да, қызығы да пара-пар кезеңде қызмет жасаған азаматтардың еңбегі негіз болғаны да рас. Азаматтардың қажырлы еңбегін ұтымды ұйымдастырып, Сыр өңірінде тарихта дербес екінші оқу орнының ашылуына жоғары ұйымдастырушылық жігер мен биік ынта көрсеткен талантты, талапты тұлғалы азамат Уәлихан Бишімбаевты айтуға тиіспіз. Кезінде өзінің көмегі мен қолынан келген септігін тигізген Мәделхан ағайымыз да сол жоғары оқу орнының Сыр өңірінде дербестікке құтты қадам басуына мол үлесін қосқан азамат деп айтуға әбден болады.
Міне, ардақты ағаның арамыздан алыстағанына да жылға жуық уақыт өтіп кетіпті. Сыр елі су шаруашылығы саласының мамандары айтарлықтай жетімсіреп қалғанымыз рас. Бірақ, ағамыз жазып, қолымызға ұстатып кеткен кітаптар, жадымызға сіңіріп кеткен өнегелі сөздері бар. Қасиетті Сырдарияның нақ жағасында ол азаматтың өз қолымен жасап кеткен «Сыр шежіре» мұражайы тұр. Ал, енді осы аз ба?! Жоқ, бұл көп, өте көп. Бұл - ағаның жасаған азаматтық үлкен ерлігі. Осылай айтпау мүмкін емес. Солай десек, ардақты ағаның өнегелі істерін көріп, зерделі сөзін тыңдаған қауым риза болады. Сонда біз не істеуіміз керек? Біз, Мәделхан ағамыз қасымызда жүргендей зерек болуымыз, ол кісі қырағы көзімен көріп тұрғандай өз ісімізге нық болуымыз, сол ағамыздың елге, су шаруашылығы саласына көрсеткен жоғары жанашырлығын жалғастырып, бүкіл Сыр бойы су мамандарын өлкеміздің жер мен суын сақтап, тиімді пайдалану жұмыстарына бас-көз болып бірігуіне шақыруымыз керек, үйретуіміз қажет.
Мәделхан ағамыз бен Нағима апайымыз өнегелі ұрпақ өсірді. Бүгін сол іні-қарындастарымыз ел үшін абыройлы қызмет жасауда. Өткен жылдың соңында ағамыз қатты ауырды. Сол кезеңде, сөз жоқ, ардақты аға өз ұрпағы мен ел тілеуінде жатты. Сонымен қатар, аға өзінің өмірлік дерлік бір өте маңызды, жоғары мағыналы атқарған ісінің нәтижесін де көргісі келгені анық. Оны ол кісі күтті де. Оны өз көзімен көріп кеткісі келді. Аға оны көріп кетті. Өзі салған мұражайдың келешектегі тағдырын анықтайтын жергілікті биліктің қаулысын көрді ағамыз. Бұл да тағдырдың тұлғалы азаматқа көзінің тірісінде берген мол сыйы болған шығар.
Жоғарыда айтқандарымызға орай бізге төмендегідей ой келіп отыр. Мәделхан ағамыз баршамызға мол қазына қалдырыпты. Сондағы ол кісінің көздегені өңірде өнегелі ұрпақтың өмір сүруі. Ол - ағамыздың көздеген мақсаты туған аймақта су шаруашылығының өркендеуі мен жақсы дамуы. Жазып қалдырған кітаптарында сол мақсатқа жету жолдарын көрсетіп те кеткен. Енді біздің алдымызда осыған орай келелі жұмыстар бар деп ойлаймыз. Ол - ардақты ағаның қалдырған рухани мұрасын барынша толық зерттеу. Ағаның өзі айта алмай кеткен ойларын жалғастырып, тереңдету. Осы игілікті іске барынша талапты жастарды, студенттерді тарту. Бұл, бір жағынан осы мамандықты таңдап, білім алып жатқан жастардың мақсатын одан сайын ұштап, тереңдетіп, олардың сол мамандыққа барынша ықыласын мол аударуына зор ықпал жасауы анық.
Мәделхан аға Сыр елі су шаруашылығы саласы мамандарының ақсақалы, ұстазы еді. Өйткені, тұлғалы азамат ес білгелі өлкеміздің жері мен суын ұғынуға, түсінуге құштар болып өсті, осы аймаққа маңызы жоғары мамандық иесі атанды, өмірден озғанша жер мен судың қамын ойлап, өңір азаматтарының, бүкіл еліміздің қамын шаршамай-талмай қамдап, мол еңбек сіңірді. Зерделеп қарасақ, ағамыз су маманы, ұстаз, зерттеуші, тарихшы, жазушы, философ, ұлттың өнеге-үрдісін насихаттаушы, ел болашағын қамдаушы қажырлы азамат. Ауылда, аймақта өзгенің қамын ойлап, өнегелі өмір сүрген, ұлағатты сөз бен игілікті істерін қалдырған тұлғалар көп болса, сол ауылдың, аймақтың келешегі жарқын болады деген де әңгіме бар. Ендеше, Мәделхан ағайымыз дәл сондай азамат еді. Ардақты ағаның рухы жаннатта шалқысын.
«Сырдан ескен сағыныш самалы» мақала қазақтың көрнекті қаламгері Дүкенбай Жосжановқа арналған.
....Өткен жылдың шілде айында ұлттық тарих пен мәдениеттің, төл әдебиетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қазақ даласының алып тұлғалы азаматы Дүкенбай Досжанға арналған шараға қатыстық.
Атадан мұраға қалатын - жер, бірлігі мен тірлігі жарасқан ел, көзі ашық, көкірегі ояу ер. Дүкенбай ағаның туған елінде осы үш мұралық құндылықтың сақталғаны анық. Ағаның шығармашылығына арналған кеш Ұлы даланың сиқырлы саздарымен, Сыр жырауларының әуезімен, «артында өлмейтұғын сөз қалдырған» Дүкенбай Досжанның ойларымен жүректерді тербеді.
Мен ағамен 2004 жылы Қарқаралыда таныстым. Ол кезде Мәдениет және ақпарат ми¬нистрлігіне қарасты Қарағанды облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында жұмыс істейтінмін. Бір күні бастығым Берік Дүйсетаев «Ертең Қарқаралыға жүреміз, жазушы Д.Досжанға сәлемдесіп қайтайық» деді. Сонымен жолға шықтық. Жазушының шығармаларымен бұрыннан да таныспын, енді көз көріп, әңгімелесетініме қуанып келемін.
Жазушы аға ол кезде «Ақ орда» романын жазып жатқан. Ағамыз аудан әкіміне «Мені мазаламаңдар, жұмысыма кедергі болмаңдар. Тыныш қойсаңдар, соған ризамын» - деп алдын ала айтып қойған екен. Дегенмен, Дүкенбай аға бізбен түс мезгілінде кездесуге уақыт бөліп, басымыз дастархан басында қосылды. Аға туған жерінің жон-жоталары, балалық армандары, мал бағып жүріп оқыған кітаптары, оның ішінде ауыл кітапханасындағы барлық қазақша кітапты оқып болған соң, түсініксіздеу болса да орыс тіліндегі кітаптарды оқығаны туралы әңгімелеп, сол кезеңге барып қайтқандай болдық. Жазушының бізге бөлген 3 сағаты біз үшін «бір өмірлік» сабақтай сезілді. Кездесуден кәдімдігей рухани «байып» қайттық.
2005 жылы жұмысым Астанаға ауысып, Мәдениет министрлігінің Тіл комитетіне келдім. Ұлым Әлібек сол министрліктің Ақпарат комитетіне жұмысқа шақырылды. Кітап шығару саясаты да сол комитетке қарайтын. Бір күні балам жұмыстан «Мен Дүкенбай атаммен таныстым» деп қуанып келді. Кітаптарын оқып, сыртынан «біздің атамыз» деп жүретін. Бұл да адамның бір қажеттілігі шығар, өзіне қатысты адамдардың жо¬ғары¬дан көрінгеніне қуану, әйтпесе біздің балаларымыз Қа¬рବғандыда өсті, «трай¬болизм» де¬геннен тым алыс, дегенмен туыстарын іздейді.
2007 жылы Тіл комитеті М.Әуезовтің 110 жылдық ме¬рейтойына арналған шараларды Семейде өткізетін болып, мен сол ұйымдастырушылық шаралармен шұғылдандым.
Отбасымызда қалыптасқан дәстүрдің бірі - кешкі шайда бір күнде басымыздан өткендермен бөлісу. Мен балаларға кездескен адамдарым, атқарған жұмысым туралы, тіпті қателескен жерімді де айтып отырамын. Олар да өз ойларын ортаға салады. Бұл әңгіме - біздің өзара сеніміміздің, рухани байланысымыздың көпірі. Бір жолы мен Семейде өтетін шара туралы айттым. Әлібек сонда «Сол шараға Дүкенбай атаны шақырсаңызшы, ол кісі М.Әуезовтің шәкірті, Абайды зерттеуші ғой. Сіз шараға шақыр¬саңыз, ортаға қайта оралғаны» деді. «Ақыл - жастан» деп, баламның айтқанымен ағаны шақырып, Се¬мейдегі шараны дүркіретіп өт-кізді. Екі-үш күн ағамен әңгі¬мелесіп жүргенде аңғарғаным өмірлік жары Сәуле туралы үлкен махаббатпен айтып жүреді екен. Ол кезде мен қаламгердің жұбайын танымаймын. Қазір Сәулемен достығымыз арқылы, оның шығармалары арқы¬лы Дүкең өз музасын адаспай тапқан адам екеніне күмән келтірмеймін. Сәуленің «Үшінші есіктің құпиясы» атты кітабын оқып шығып, ағаның хаттарымен танысып, сөз құдіретін сезіне білген жандардың жарасқандығына куә болдық.
Дүкенбай аға - ХХ ғасырдың ұланы ретінде сол кезеңнің бар¬лық жақсылығы мен жаман¬дығын басынан өткеріп, ерліктің, адалдықтың, әділдік пен адамгершіліктің үлгісі бола білген адам. Сан иірім жолдардан тұратын өмір деген өткелде жазушылық жолын - өз жолын адаспай тапқан жан.
Қаламгердің артында қалған еңбектерін көргенде, «Өз халқыңның сенімін ақтаудан артық абырой жоқ» деген даналы ойды түсінесің. Себебі, хатқа түскен еңбек мәңгілік. Ол - қазақ елінің тарихи қазынасы, келер ұрпаққа мұра, ғылымға негіз.
Бүгінгі таңда жастарды кітап оқымайды деп жатады. Осы кеште отырып түйгенім, кітап оқытудың жолы ретінде шығармаларды мамандыққа қажетті тізімге енгізу керек. Мысалы, Д.Досжанның мұрағаттық құжаттарға негізделген шығармаларын тарих, саясаттану мамандығы, халықтың салт-дәстүрі, өнері, тұрмыстық қарым-қатынасы туралы шығармаларын - мәдениеттану, психология, болашақ мұғалімдер үшін міндетті оқылатын оқулықтар тізіміне енгізуге болады.
Осындай шараларды ұйымдастырушылар қауымды - халық, халықты ұлы ететін игілікті іс атқаратынын біледі ме екен?! Себебі, халық жақсысы мен жайсаңына деген сағынышын, са¬налы құрметі мен салиқалы ізетін артында қалған бай мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, ерінің есімін мәңгі есте сақтау арқылы іске асырады. Ал Қызылорда облысының азаматтары, осы міндеттерін тиянақты тірлігімен, жоғары мәдениетімен, мықты ауызбіршілігімен, терең пайымымен таңғалдыра өткізді.
Сыр журналистикасында өзіндік орны бар, бүгінгі буынның ұстазы саналатын Жолдасбек Ақсақалов мерейлі 60 жасқа толды. Қаламгер журналистикада экономика тақырыбына талдаулар мен сараптамалық мақалаларымен қатар, танымдық шығармаларымен де жақсы таныс. «Жолдасбектің жолы» атты мақалада журналист жайлы былайғы оқырман біле бермейтін тың жайттар көптеп кездеседі.
...Бірде бейтаныс кісілермен дастарқандас, дәмдес болған жайымыз бар. Үлкендер отырған жерде әр тараптан әңгіме қозғалатын әдеті. Алдымен ауыл-аймақ, бота-тайлақтан бастау алған уәж бірте-бірте өрісін кеңейтіп, аудан, облыс көлеміне дейін көтеріліп барып басылды. Неге екені белгісіз, ендігі сөз ауаны газет және оның қызметкерлеріне қарай ойысты. Бұл күнде газеттер көп, жазғыштар да жетіп артылады, тек солардың сапасы сан соқтырады десті. Осы төңіректе біреуі жақтап, енді біреулері жақауратып пікір қосып жатты. Манадан бері үнсіз отырған маңыздылау көрінген кісі әңгімеге енді араласты:
- Жолдасбек Ақсақалов деген журналисті білетіндеріңіз бар ма? - деп жан-жағына назарын салды. Ешкім ештеңе дей қоймаған соң, ана кісі сөзін әрі сабақтап: - Сапалы, салиқалы мақалалар жазып жүр. Есеп-қисапты, қаржы жағын жақсы біледі. Шамасы экономикалық білімі бар болуы керек, - деп аялдады. Кезеңі келгендей болған соң, әңгімеге араласып:
- Жолдасбек ҚазГУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған, ал есеп-қисап жағын өз бетінше үйреніп, тәлім етіп жүр, - дедім. Ана кісі таңырқағандай болып:
- Онда ол қабілетті, қасиетті жігіт болды ғой, - деп тоқтады.
Бейтаныс жан тарапынан айтылған мына сөз ойымды оятқандай әсер еткен еді. Жолдасбек жайлы мақала жазуға да себепші болған сол сөз болатын.
...Ұмытпасам, Жолдасбек Ақсақалов университетті бітірген бойда "Ленин жолы" (қазіргі "Сыр бойы") газетіне корректор болып жұмысқа қабылданды. Бұл шамамен 1983-жыл болуы керек. Ол жылдарда оқу бітіріп келген жас маман еңбек жолын осы корректорлықтан бастап, азды-көпті тәжірибе жинақтаған соң барып тілшілік қызметке ауысатын. Біз білерде, кейін белгілі журналистке айналған Құттыбай Сыдықов, Сәрсенкүл Бихожа, Айткүл Шалғынбаева кезінде осы корректорлық мектептің қазанында қайнап, ширығып шыққан қаламгерлер қатарына жатады.
Жолдасбек бас редактор Нұрділда Уәлиевтің тұсында өнеркәсіп, транспорт бөліміне тілші болып қызметке кірісті. Ол жалындаған жас журналистің ашыла, айдындана түсуіне айтарлықтай ықпал етті. Біздің ішімізден Жолдасбектің табиғатын тап басып таныған Әділхан Бәйменов еді. Әдекең кісі танығыш, зерделі, зерек болатын. Ол өзінен бір мүшелдей кіші жас жігітті бауырына тартып, бойын үйретіп, ретіне қарай қол ұшын беріп, қолдап жүрді. Соның соңы ағалы-інілідей жарасты сыйластыққа ұласты.
Әділхан Бәйменов облыстық газетте тілші, бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, облыстық газет редакторының орынбасары, жаңадан ашылған тіл басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Ең басты есте қаларлығы сол, ол аймағымыздағы ең алғашқы тәуелсіз газет - "Ақмешіт апталығын" ашып, оған қызметке оқуды енді ғана бітірген жастарды тартып, баулыды, бағыт сілтеді. Әдекеңнің алдынан өрген, тәртіп, тәрбиесін көрген олар бұл күнде буыны бекіп, қабыр¬ғасы қатайған, қаламы ұшқыр журналистке айналғаны қуантады. Сол Әділхан Бәйменов алпыстың асуына аяқ іліктірген шақта жүрек талмасынан қайтыс болды. Шүкіршілік ететініміз - ол ұйымдастырған "Ақмешіт апталығы" үзбей шығып келеді.
- Әділхан Бәйменовпен жақсы сыйласып, армансыз араластым, - дейді ол. - Мінезге бай азамат еді. Екеуміз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында "Әділжол" деген шағын кәсіпорын аштық. "Әділжол" - Әділхан, Жолдасбек деген атаулардың алғашқы буынынан құралған. Шағын кәсіпті кітап шығарудан бастандырдық. Есеп жүргізудің жаңа шоттарын қазақшалап, Минфин жігіттерімен бірлесіп жинақ шығардық. Оны Қызылорда мен Шымкентке таратып, шала байып қалдық.
...Асылы, әр адамда әр нәрсеге бейімділік болады, ол кезі келіп, кезеңі туғанда «мен мұндалап» алдыңнан шығатын сияқты. Есеп жүргізудің жаңа шоттарын қазақшалау үстінде Жолдас¬бектің бойында жасырынып жатқан бейхабар бір қасиеті бой көрсеткен тәрізді. Ол содан былай экономика, қаржы секілді салаларға бірыңғай бетбұрыс жасады. Сол салалар бойынша газет-журналдарды үзбей ізденіп оқуды дағдыға айналдырды. Оның жұмыс столының үстінен есеп-қисапқа байланысты әдебиеттерді жиі көруге болады. Былайғымыз оларды оқымаймыз да, түсінбейміз де. Ал Жолдасбектің ондай әдебиеттер дегенде жаны бөлек.
- Арнайы оқу орындарында берілетін академиялық білім әрине қажет, - дейді ол. - Дегенде заман да өзгеріп, заңдар да өзгеріп жатқан мына кезеңде күнделікті ағымға ілесіп отырмаса, кенжелеп, кейіндеп қаласың. Мен экономика, бухгалтерлік есеп, қаржыға қатысты шығып жатқан қаулы, қарарларды, олардағы өзгерістерді қағыс қалдырмаймын. Солай дағдыланып, қалыптасқан сыңайлымын. Өзге журналист әріптестерімнен өзгешелігім сол ғана...
Әрине, бұл сырттай сыпайылық қана, болмаса Жолдасбек секілді экономика тақырыбына терең еніп, жан-жақты талдап жазып жүрген журналист аймағымызда жоқтың қасы. Тұстастарынан озатын тұсы да осы. Оның осы қасиеті кезінде біздің де қажетімізге жарады.
...Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел өміріндегі ерекше қиын кезең болғаны баршаға мәлім. Кеңес үкіметі құлап, барлық экономикалық, әлеуметтік байланыстар үзіліп, далбаса дағдарыс басталды. Еңбеккерлер еңбек¬ақысын, зейнеткерлер зейнетақысын айлап ала алмайтын жағдай қалыптасты. Міне, осындай қысылтаяң кезеңде облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов ағамыз мені облыстық газеттің бас редакторы етіп бекітті.
Жағдай барша қауым секілді газет қызметкерлеріне де оңайға түскен жоқ. Біраз жергілікті газеттер айлап-апталап шықпай қалып жатты. Бізде ондай жағдай орын алған жоқ, тек аптасына бес рет шығып тұрған газет енді аптасына екі рет қана шығатын болды. Ең басты қинайтыны газет басатын қағаз еді. Осы тұста облыс әкімі көмек қолын созып, өзінің резерв қорынан миллион сом ақша аударды. Ол кезде бұл көп қаржы. Сол сумманы редакция облыстық баспаханаға берді. Олар оны күрішке айырбастап, Ресейдің қағаз комбинатына асырды. Сонымен миллион сомға бір вагон қағаз келетін, шамамен қырық тоннадан астам.
Қағаз мәселесі осылайша шешімін тапқандай болды. Әкім: "Қағазға берілген қаржыны газетке жазылудан түскен ақша есебінен қайтарасың", - деген болатын. Облыстық газетке жарты жылға жазылу науқаны аяқталғанымен, алған қарызымызды қайтара қойған жоқ едік. Бір күні әкім телефон шалды.
- Әскербек, амансың ба, жағдайың жақсы ма? Ал енді алған қарызыңды қашан қайтарасың? - деді. Дауысы көңілді көрінді, соны пайдаланып:
- Үлкен кісілер ондай-ондайды ұмытып кететін шығар деп ойлап жүр едім, - дедім.
Сәкең: - Ондайыңды қой, тездетіп қаржыны қайтар! - деді. - Ол алдағы уақытта да қарыз алып тұруыңа жақсы болады...
Әкімнің мына сөзі бір қиындықтан құтқарғандай, алдағы күндерден үміт¬тен¬діргендей әсер етті. Қағаз мәселесі шешілгенімен жағдай оңып тұрған жоқ еді. Редакция қызметкерлерінің жалақы алмағанына бір жарым айдан асып барады. Облыстық қаржы бөлімінің бас¬тығы Камал Шөкенов ағамызға те¬лефон соқсақ:
- Әскержан, шыдаңдар, жалақы ала алмай жатқандар жеткілікті, оның үстіне зейнеткерлер қинап барады, бір қолымызды екеу ете алмай отырмыз, - деп қиналады.
Солайша көңілсіз күндер өтіп жат¬ты. Қызметкерлеріне айлық еңбекақысын алып бере алмаған басшыда не бедел болсын. Олар салғырт, атүсті аман¬дасатын тәрізді. Жанға батқаны да сол. Сол көңіл күйімді сезген болуы керек, Жолдасбек бірде тосын ұсыныс жасады.
- Әсеке, үнсіз отыра беруге болмайды, ашулы аң да тісін көрсетеді ғой, - деді. - Облыстық қаржы бөлімінің бюджет қаржысын бөлудегі кемшіліктері бар, соны газет бетінде көр¬сетейік.
Ол осы пікірін дәлелдеп, менің көзімді жеткізді, ақыры көндірді.
- Ал ендеше жаз! - дедім мен.
Сонымен Жолдасбектің шағын сын мақаласын газеттің бірінші бетіне көрнекті етіп жариялап кеп жібердік.
Сын мақаланы жариялауын жарияласақ та, ақырын асыға күткендей едік. Бір күн өтті, екі күн өтті, үн жоқ. Солайша аптаның аяғы да жетті. Содан облыстық қаржы бөліміне өзім телефон шалдым.
- Кәмеке, сіздің мекеме туралы біздің газетке шағын мақала шығып еді, оқыдыңыз ба? - дедім.
- Оқыдым, - деді Кәмекең.
- Пікіріңіз қандай? - деп жіңішкелегендей болдым.
- Жазылған жайға қарсы айтар дауымыз жоқ. Жолдасбек Ақсақалов деген тілшілеріңіз қаржы саласын жан-жақты біледі екен. Бюджет бөлудегі кемшіліктерді біз білмей істеп отырғанымыз жоқ. Біріне тартсаң екіншісіне жетпейді, бұл амалсыздан жа¬салып отырған жұмыс және ол жоғарғы жақтармен келісілген шаруа, - деді. - Ал енді сынадыңдар ғой, одан қорытынды жасаған болайық, айлық жалақыларыңды мүмкіндігінше уақытылы беріп тұруға тырысайық, - деп сөзінің соңын күлкімен аяқтап еді.
Камал Шөкенов ағамыздың сөзіне қайран қалдым әрі өте риза болдым. Басқа біреу болса "бізден басқа сынай¬тын мекеме таппадыңдар ма?" дегендей реніш білдірер еді, наз айтар еді. Кәмекеңді байсалды, байыпты басшы, ауызы ауыр абыройлы азамат деуші еді. Осы жолы соған көз жеткізгендеймін.
Жасы үлкен кісі кішірейіп, үлкен мәдениеттіліктің үлгісін көрсеткен соң, біз де қарап қала алмадық. Жолдасбекке: "Қаржының басшысы ағаңа барып амандасып, әңгімелесіп, қазіргі кез¬дегі жағдайларына қанығып қай¬тарсың, - дедім. Ол қарсы болған жоқ.
Арада бірер күн өткен соң Жолдасбек аса көңілді көрінді.
- Кәмекеңе бардым, қабылдау бөлмесінде облыстық деңгейдегі бес-алты басшы отыр екен. Ауыздағы қызға құлаққағыс қылып едім, артынша ар жағынан Кәмекеңнің: "Жолдасбек кірсін", - деген дауысы естіліп қалды. Ағамыздың алды кең екен, бұрыннан таныс-біліс адамдардай қарсы алды. Соңында қарамағындағыларға: - Редакция қызметкерлерін қағажу қалдырмаңдар, тиісті қаржыларын уақытылы аударып тұрыңдар, - деді. Мен аса риза болдым. Осындай жай-жағдайды терең түсінетін басшылар көп болса ғой шіркін...
Бұл экономика тақырыбына тайсалмай барып, Президенттің бұл тұр¬ғыдағы саясатына сай сараптамалық, тіпті сыни тұрғыдағы материалдарды журналист Жолдасбек Ақсақаловтың өндіріп жаза бастаған тұсы болатын. Осылайша қалам сілтесі оның абыройын асырып, беделін биіктете түсті. Бай¬қау¬ымша, басшы қызметкерлер де оған назар аудара бастаған сыңайлы, кездесіп, жүздесіп қалған жағдайларда ол жазған материалдар жөнінде жап-жақсы пікірлер білдірісіп қалып жүрді. Бұл кезде ол облыстық прокуратура, облыстық сот сипатты, облыстық са¬лалық мекемелер басшыларына және облыс әкімінің орынбасарларына еркін кіріп-шыға беретін болған еді.
1993 жылдың соңына қарай Жол¬дасбектің "Президентіміз не дейді?" де¬ген мақаласын газеттің бірінші бетінде жарияладық. Ол оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Оны Алматыға ұшып бара жатып оқыған облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов ертеңіне маған телефон шалып, ризашылық білдірді, соңынан мақала авторы туралы сұрастырды.
Облыс әкімінің Жолдасбек хақындағы сұрастырулары жайдан-жай емес екен, оны сәл кейінірек білдік. Арада екі-үш күн өткен соң ол:
- Облыстық әкімдіктен бөлім басшысы Қуаныш Махамбетов телефон соғып, мені өздеріне қызметке шақы¬рып жатқанын хабарлады, жауабын кешіктірмей беруімді өтінді. Бұл Шаухамановтың шақыруы екенін сезіп отырмын, - деді. Мен үшін бұл күтпеген жаңалық еді. Ойланыңқырап барып:
- Барғаның өзіңе жақсы, қалғаның маған жақсы, өзің біл, - дедім.
Экономика тақырыбына жарқыра¬тып жазатын жалғыз журналистен қол үзіп қалатын болдым-ау дегендей ойларда жүр едім. Оным бекер екен, Жолдасбек жылы орнын суытқан жоқ. Оның мәнісін кейін өзі айтты.
- Сізден соң әкеммен ақылдасып едім, - деді ол. - Ол кісі қарсы болды. "Сен күйгелексің, ол жауапты жұмыс, редакцияда жүре бер" деді. Әкемнің айтқанынан аса алмадым.
Жолдасбек аз іркіліп, әңгімесін әрі жалғастырды.
- Содан көп ұзамай облыс әкімімен бірге НОД-тың арнайы вагонымен іссапарға шығуға тура келді. Әкімнің менен көңілі қалғандай екен.
- Жұрт қызметті жағдай айтып, жалынғандай болып сұрап алады, ал сен шақырғанда неге келмедің? - деді. Қатты қысылдым, ағаттық жібергенімді аңғардым. Дегенде маған туыстығы, тіпті жекжаттығы жоқ әкімнің бұл сөзіне ренжігенім жоқ, қайта қуанғандай болдым. Басшының жанашырлығы, жақын тұтуы деген осындай-ақ болар...
Жолдасбектің мына сөзіне мен де іштей риза болғандай едім.
Ол нарық тақырыбына да дендеп енді. Бір жолы пединституттың профессоры Н.Күнқожаев телефон шалып, Жолдасбектің жай-күйін, жасын, білімін сұрастырып, риза болған рай танытты. Заман, уақыт талабына сай жазылған сауатты сын мақалалары оны абыройға бөледі. Әсіресе, ірі өндіріс басшысы А.Шәменов, зауыт директорлары Н.Қарымсақов, С.Дүйсенбаев, О.Моынқұловтардың оған деген көзқарастары ерекше болатын. Ол бір сын мақаласымен ЦКЗ-ның тәкаппар директоры Н.Поповты да жуасытып алған. Қысқасы, облыстағы "қызыл директорлардың" барлығы, сондай-ақ салық, қаржы салаларының басшылары Қ.Әжібеков, Д.Ысқақов, Н.Пірімов, С.Мырзабеков, Н.Жолдасбаев, С.Тәшімбет, Қ.Ыдырысовтар оған құрметпен қарады.
- Бірде трест басшысы Ф.Фаткульдиновке бардым, - дейді Жолдасбек. - Ол облыстың бірінші басшысымен ғана сөйлеседі деуші еді. Сонысына басып, "мынау кім?" дегендей мені менсінбеді. Алдын ала дайындалғанмын, жалақы қоры, рентабельділік, өзіндік құн дегендерді айтып, қолымдағы трест бухгалтериясынан алған анықтамаға сай түсінік беруін өтініп, бастырмалата жөнелдім.
Трест басшысының беті қайтқан тәрізді. Орнынан баяу тұрып: - Кеттік, - деді. Мені машинасына мінгізіп алып, қала сыртындағы қоймаларын аралатты. Ағаштар, бөренелерді, үйілген цементті көрсетті: - Азын-аулақ тиын-тебеніңді төлеп, қалағаныңды ал, - деді. Ол кезде ондай ой жоқ, ештеңе алмадым. Мақала да жазылмады. Кейін ол облыс әкімінің орынбасары болды, «ер шекіспей, бекіспейді» демекші, онымен жақсы сыйласып кеттік.
Журналист Жолдасбек Ақсақалов¬тың тілшілік өмір жолында осындай жағдайлар орын алып жатты. Оның баршасын көзінен тізіп, көгендеп айту мақсат та, міндет те емес. Нақа қажет болып жатса, оның да реті келер. Басын ашып айтатын бір жай, ол экономиканы, есеп-қисапты жетік білетін журналист ретінде танылды. Ол сол бағытынан, сол жолынан айныған емес. Қысқасы, экономика тақырыбы - Жолдасбект»ң журналистік жолы іспеттес.
2010-2012 жылдары ол облыстық газетке редактор болды. Бұл кезде әкім¬дік тарапынан экономикалық сарап¬та¬маны көбірек беру тапсырылды. Ол жөнінде Жолдасбек былайша еске ала¬ды.
- Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы екеуміз бір ай бойы газеттің бірінші бетіне күнара диаграммалар жариялап, оған түсінік беріп отырдық. Соның бәрін өзім жазамын. Шынына келгенде, бұл редакторға басы артық, ауырлау жұмыс еді. Кейін оны тоқтатуға тура келді. Қолдан жасалған мақтаулар жиілеп кеткен соң облыс әкімдігінің жауапты қызметкеріне: "Облыстың макроэкономикасындағы 20 цифрдың 7-і ғана мақтап, мадақтап дегендей, талғажау етуге келеді. Қалғандары жарамсыз" деген едім. Бұл әлдекімдердің шамына тисе керек, "Ақсақалов білгішсіне береді" деген сөздер де естіліп қалды.
Ол осыны айтып, көңілсіздеу тартып отырып қалды. Ал мен болсам оның өзі туралы ойланып кеткендей едім.
Адам болмысы әртүрлі, әрқилы. Кейбіреулер қызметі жоғарыласа, қолына билік тізгіні тисе болды, өзгеріп сала береді. Ол алдымен амандасудағы, адамдармен араласудағы айырмашылықтардан басталады. Жоғарыдағыларға жалбақтап, қарамағындағыларға қыр көрсететін жағдайға жетеді. Сырт көзге салқын, салмақты болып көрінеді. Солайша ортасынан өзін оқшаулау ұстайды. Ал Жолдасбек болса, соның бірін де істеген жоқ, бұрынғысынша жүріп, бұрынғысынша тұрды, бұрынғысынша пікірін ашық айтты, қысқасы, ол бұрынғысынша өмір сүрді.
Оның бұл қасиеті, әрине, біреулерге ұнады, енді біреулерге мүлде ұнаған жоқ. Сол бір алмағайып кезеңде Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаевтың: "Сіз бұл қызметті сұрап алған жоқсыз ғой" деуі Жолдасбекке олардың жұбатуы емес, өзін бағалаған қанағат сезімінің жылы шуағындай сезілген еді. Қорытындыда, ол екі-үш ай ауырып, редактордың столын босатып, өзінің үйреншікті мекені - экономика бөліміне қайта оралды.
Ол қазір де өзінің жанына жақын "Сыр бойы" газетінің экономика бөлі¬мінің басшысы. Соңғы кездері ол тарихи тақырыптарға барып, ел, жер, адамдар тағ¬дырына байланысты архивтік материалдарды ақтарып, көпшілік қауымға белгісіз, тіпті құпия болып келген жағдайларды жазып жүр. Онысы екі-үш кітап болып басылып шықты да. Оның бұл беталысына оқырман да, біз де ризамыз.
Айтқандай, мақаламыздың кейіпкері Жолдасбек Ақсақалов бүгінде алпыс жастың асуынан асқалы отыр. Осынау мерейлі жаспен оның өзін және жары Қамаш пен ұл-қызын қоса құттықтап, оған зор денсаулық, шалқар шабыт тілейміз. Сөз соңында «журналистік жолың жарасымды жалғаса берсін, Жолдасбек!» - демекпіз.
«Алыптар достығы» мақала қос Еңбек ерінің достығын дәрітейді.
...«Еңбек ерлікке жеткізеді, ерлік елдікке жеткізеді» дейді халық даналығы. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың қиын кезеңде халықтың қарнын тойдыру, елдің ырысын молайту барысындағы жанқиярлық еңбегін, Сыр өңірін енді жерсіне бастаған күріш дақылынан мол өнім алудың жолын іздестіргенін кім ерлік емес деп, кім елдікке бастар жол емес деп айта алар. Осы қатарда халық үшін қайыспай қызмет еткен ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев, мал шаруашылығының дамуына зор серпін берген Жазылбек Қуанышбаев, колхоздың ұйымдастыру жұмыстарындағы шебер басшы Нұрмолда Алдабергенов тұрар еді. Тағы да сол данышпан халқымыз: «Адамды өлтірген емес, адамды өлімнен алып қалған кісі батыр» дегенді айтады. Жоғарыдағы аты аталған қайсар жандар ұрпағының мың жасауына қам жеген, сол үшін терін төккен абзал азаматтар. Тамыры бір, тағдыры бір, заманы бір олар қазақтың берекесі мен беделі екендігі анық. Кейінгі ұрпаққа өнегелі ісін қалдырған олардың барынша қарапайымдылығымен қатар бір-біріне деген ыстық ықыласына, құрметіне қалай сүйсінбейсіз.
Ыбырай ата мен Жазылбек атаның арасындағы шынайы қар¬ым-қатынас, сыйластығы елге өнеге. Екі ұлы адамның достық пейілі өмірлерінің соңына дейін жалғасты. Көзкөргендер айтады: 1976 жылы Ыбекеңнің үйіндегі әжеміз Бибажар қайтыс болып, Жазылбек қария көңіл айта келеді. Аудан басшысының тапсырмасымен жергілікті азаматтар Жазылбек Қуанышбаевты Жаңақорған ауда¬нының шекарасынан күтіп алып, Жақаевтың үйіне дейін бас¬тап келеді.
- Жазылбек ақсақал көңіл айтты. Екі қария көрісіп, шер тарқатысады. Жамбылдық қонақтар екі «Волга» машинасымен келді. Сонан қайта елдеріне қайтқанша жолбасшы болып жүрдік. Екі алыптың, екі мәрте Еңбек Ерлерінің қатар отырып суретке түсуі сол кездің куәсі. Қазір кітап-журналдарда қайталап басылып жүрген сол фото. Оны аудандық газет фототілшісі Сейтхасан Хутаев түсірген еді, - дейді сол кезде жолсерік болған шиелілік азаматтың бірі Тұрахмет Ерниязов.
Ыбекеңнен шамалы жас кішілігі бар Жазылбек Қуанышбаев інілік жолымен мұнан бұрын да келіп, ағасына сәлем беріп кету дәстүрінен аттамаған көрінеді. Ыбекең мен Жазекеңнің үлкен достығы жөнінде Асқар Тоқмағамбетов:
«Кездесті, міне, солай екі батыр,
Боп қалды қосылғандай екі ғасыр,
Бірі тау, бір теңіз секілденіп,
Екеуі жұбын жазбай келе жатыр»,
- деп жазған екен.
Екі алыптың достығы мен көңіл жарастығын дәлелдейтін тағы бір оқиғаны еңбек ардагері Пердәлі Архабаев ағамыз былай баяндайды: «Сексенінші жылдардың бас кезі еді, Ыбекең Алматыдағы жазушылардың съезіне қатысып, сөз сөйлейтін болды да, астанаға алып бару үшін ол кісіге атқосшылыққа мені мен жездем Пәштайды бекітті. Пойызда бар жағдайын жасап, шаршатпай алып бардық. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжановтың өзі және де Орталық комитеттің жауапты қызметкерлері күтіп алып, Орталық Комитеттің резиденциясына жайғастырды. Жамбылдан Ыбекеңнің тұстасы екі рет Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев та келіп қатар жайғасты. Екеуі жарасымды әңгімелесіп, ой бөлісті. Арасында әзіл қағыстырып, күлісіп те алады. Кешке арасында Бибігүл Төлегенова бар өнер шеберлері келіп концерт қойды. Екі қарт өте көңілденіп, түнде жақсы демалды. Ертесіне Жазушылар одағының съезіне қатысып, Ыбекең сөз сөйледі. Диқан атамыздың: «Егінші - кетпеніне, қойшы - таяғына, жазушы қаламына ие болсын» деген әйгілі сөзі сонда айтылып еді».
Әлемдегі ең ұлы нәрсенің бірі - достықты құрмет тұтқан еңбегімен өмірлік ұран жазған алыптардың қарым-қатынасының бір сәті осылай өрілген еді.
Екі алып жалғастырған жол әлі жалғасып келеді. Диқан баба мерейтойына байланысты биыл аудан азаматтары Жамбыл облысындағы Жазекеңнің мекені Мойынқұм ауданына барып қайтты. Мойынқұмдықтар да Шиеліде өте¬тін салтанаттың сәнін кіргізіп, арнайы концерттік нөмір әзірлеп жатыр.
«Қыдыр қараған адам» мақалада Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева өз ұстазы санайтын Ыбырай Жақаев жайлы сыр шертеді. Өткен ғасырда қанаттасып еңбек еткен жылдар жайлы жан-жақты айтылады. Мақаланың тәлімді тұсы, жастарға берері мол.
...Тіршілік өз заңдылығы бойынша өте береді, күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, кей жағдайларға мән беруге уақыт таппай жатқанымызбен, адамның жадында ұмытылмайтын, мәңгі жаңғырып тұратын жағдайлар да кезігеді. Кейде есік алдында отырып, баяғы өткен өмірімді еске алып, көз алдыма келтіремін. Біздің дүниеге келген кезіміз аумалы-төкпелі қиын заман еді, «қызыл» мен «ақтың» шапқыншылығы, колхоздастыру кезеңі, тапшылық пен ашаршылық жылдары - бәрі де есте. Адам баласына ең керектісі тыныш өмір екен ғой. Әлгіндей қиыншылықтар салдарынан қалың жұртшылық сол кездері қара нанға зәру болса да, адамдардың бауырмашылдығы мен ынтымағы зор еді. Бәлкім, сондай зұлмат замандар адамдардың бір-біріне деген құрметін арттырып, бір қолдың саласындай ұйысуға жұмылдыра ма екен, әйтеуір, сол кездің адамдары еңбек етуден қорықпайтын, қиыншылыққа мойымайтын өжет те, батыл секілді көрінеді маған. Тағы бір айтарым, біреудің басына іс түссе, бүкіл әулет болып, ауылдастары болып, соның ауыртпалығын бөлісетін-ді. Біз де сол тәрбиемен өстік, сол өнегені мақтан тұттық. Мен жас кезімде әуелі бухгалтерлік курсты бітірдім. Сұлутөбеде есеп қызметкерлерін дайындайтын алтыайлық курс болатын, Соны 1940 жылы оқып шықтым. Қызметке енді араласам ба деп жүргенімде тұрмыс құрып, өзге босағаны аттадым да кеңсе қызметіне мойын бұруға мұршам келмеді.
Ата-анам Қазанбай мен Пәкизаның бауырынан он бала өргенімен, еңсесін көтеріп, ержете алғанымыз ағам Әбдіхалық пен мен ғана. Сондықтан да туған ағамның бір ауыз сөзін жерге тастай алмай, Жұмаділдаға тұрмысқа шықтым. «Осы жігіттің етегінен ұста, қор болмайсың», - деп еді ағам сонда. Солай болды да. Өлшеулі өмірдің қай қаптарын жұмырбасты пенде біліп болған дейсің?! Келін болып өзге босағаны аттаған соң, көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталды да, қызықты күндердің ду-дуы аласапыранға ұласты.
1941-жылдың күзінде күйеуім Жұмаділда, туған ағам Әбдіхалық, әкемнің інісі Жайынбай, баласы Тасболатпен бірге әскерге алынды. Шиелінің стансасында тұрған аждаһа ауызды қызыл вагон жарамды ер азаматты толғай жұтып, тарсылдап майдан жаққа күнара жөнеп жатты. Елдегі ауыртпалық, әйелдерге, жас бала-шағаның мойнына ілінді. Күнкөрістен бөлек, майдан шебіне азық-түлік, киім-кешек жіберу секілді ауыр міндет тұрды. Кейінгілердің бірі біліп, бірі білмейтін шығар сол кездегі еңбек майданына әйелдерді де алды. Чкалов қаласындағы аяқкиім фабрикасында жұмыс істеуге туған жеңгем Пернекүл де алынып, бейшара сол күйі хабарсыз кетті...
Жарамды ер азаматтардың барлығы майданға кетіп, ауылда кілең бала-шаға, қатын-қалаш қалды емес пе?! «Басқа түскен баспақшыл» демекші, міне, сол кездері үшайлық механизаторлар курсын тәмамдап, 1942 жылы трактор руліне отырдым. МТС-тің қарамағында «ЧТЗ» деген трактор жүргіздім. «ЧТ3» деген үсті ашық, жанында май құятын бөшкесі байланған трактор болатын. Әлгі тракторды оталдыру қияметтің қияметі еді. Моторды қозғағыш тетіктегі бір құлаш шынжыр темірді жылдам әрі күшпен тарту қажет. Сонда ғана трактордың моторы іске қосылып, тарылдай жөнелер еді. Менмін деп кеуде керген жігіттеріңнің өзі қолын шынжыр арқанға оратып алудан жасқанып, бұл тірлікке жасқаншақтай баратын-ды. Намысқа тырысып, трақторды оталдыруды тез меңгеріп алдым. Темірмен темірдей мықты адам жұмыс жасауы керек емес пе?! Тәуекел дедім, «оталдырып берші» деп кімге жалынып жүрейін. Колхоз бастық Ілиястың, «Әп, бәрекелді, күшіңнен» деп басын шайқай беретіні сонда ғой... Ыбырай Жақаевпен етене танысып, бірге еңбек ететінім де осы кез. Ерте көктем еді.
- «Қызыл Ту» колхозына барасың, Ыбырай Жақаевтың күріш егетін жерін жыртасың,- деді механигіміз. Трактордың түтінін бұрқылдатып, қазіргі кезде Ыбырай түбегі аталынатын «Қызыл Ту» колхозының жеріне бардық. Бұл алқап бұрын егін егілмеген, қалың жыңғыл мен шеңгел басқан ну екен, соны тазалап, бұтасын аршып, жерін айдауымыз қажет. Шаруаның басы- қасында Ыбекеңнің өзі жүрді. Жуас мініс аты бар екен, сонымен келді.
- Қарақтарым, мен де бұрын егін екпеген адаммын. Ел басына күн туып тұрғанда маған да диқаншылық жасауға тура келді. Пенде, шіркін, қашанда шыққан тауым биік болсын демей ме, тосын іс демей, абыроймен атқаруымыз керек. Ол үшін мына жерді жақсылап, қалыңнан тазалап, шөп-шаламын алып, егін егуге қолайлы жағдай жасайық, ерінбеңдер, шаршасаңдар, сәл отырып, демаларсыңдар. Әйтеуір, дәнімізді уақытылы жерге тастап алайық, болса да күтіміне барынша күш саламыз ғой, - деген Ыбекең атын бір түп жыңғылға байлай сала шеңгелдерді шабуға өзі бас болып кірісіп кетті. Колхоз апарған жұмысшы әйелдер қолдарындағы балта, кетпенмен жерді түбіртектен аршуға қайрат көрсетті. Оларға Ыбекең дем беріп, сөзбен көтермелеп, ортақ іске жұмылдырды. Өзі ерекше қайратты, бір өзі 4-5 адамның жұмысын жапырып істеп кете беретін еді. Сол аршылған алқапты мен трактор соқасымен айдап шықтым. Әрине, бұл қазір айтуға оңай болғанымен, қиямет шаруаның бірі еді. Сол шақтан менің есімде қалғаны жұмыс қаншалықты ауыр, таусылмастай ұзақ болса да, сол кезде еңбек еткен әйелдер, балалар бір қабақ шытпайтын, салмақты болды. Мүмкін, заман тынысын жете сезінудің әсері ме екен, қай-қайсысы да өз нормасын орындаса да, дала қосынан кетпей, екінші тапсырма алып, соны бітіріп тастауға кірісіп кететін. Ол кезде тамақ та жетімсіз, тіптен ыстық тамақтың өзі кейде болыңқырамай жатса да, қабақ шытпайтын, қандай төзімді, қайсар, қайратты жандар еді деймін.
Біздің үйдің отағасы Жұмаділданың Әшіркүл деген апасы Ыбекеңнің туысы Болғандайда еді. Сондықтан да құданалы болып, бұрындары жиындарда көргеніммен, ол кісімен жұмыс барысында алғаш бірге болуым ғой, қапсағай денелі, жүзі күнге күйген Ыбекең шаршау дегенді білмейтін еді. Жұрттың мазасын алар күйгелектігі жоқ, барынша сабырлы, әр істі ақылмен атқарар ерекше жаралған адам ретінде көз алдымда қалыпты. Күріш еккенді де сол жылы көрдім. Күріштің дәнін жерге сеппес бұрын алдын ала суға салып, жібітіп қояды екен, сонан кейін ғана топыраққа сеуіп, суға бастырады. Осылай күріш себуге де қатысып, екі күн Ыбырай түбегінде жүрдім, сонан кейін мені тракторыммен басқа алқапта жер жыртуға алып кетті.
Күзде күріш орылып, оны молотилкамен жегізер кезде тағы да сол баяғы алқапқа барып, еңбек майданына араластым. Еккен күрішінің әр гектарынан алған орта өнімі ойынан шықты ғой деймін, мен қырманнан кетер кезде маған ақырын ғана: - Балам, рақмет! - деді. Даңғайыр диқанның сол бір ауыз сөзі әлі күнге құлағымда жаңғырып, кейінгі қол жеткізген еңбектегі жетістіктеріме берген батасы ғой деп ұғынып, арқаланып жүремін. Не керек, көктемде жер жырту, тырмалау, малалау және де күзде күріш дәнін молотилкамен жегізу жұмыстарының басында, Ыбырай атаның жанында бес жыл қатарынан болдым. Көп тәлім алдым, шыдамдылыққа үйрендім, өмірдің қиыншылығын адал бейнеттің тамшылаған тері, еткен еңбектің нәтижесі ұмыттыратынын сездім. Адам өзін осылай бақытты санайтынын, алдағы өмірге сеніммен қадам басатындығын түсіндім.
Бүгінгі Нартай Бекежанов атындағы ауыл өткен ғасырдың басында «Атбайлар» деп аталатын. Бала кезінде өзіміз де көрдік, ауылдың түстік беткейі қалың жоңышқа әрі қарай шабындық болатын-ды. Осы ауылда туып, өсіп-өндік. Атақоныстың бар тарихы көз алдымызда. Ал республикаға ерен жетістіктерімен белгілі болған Шиелі ауданының көркеюі, оны басқарған азаматтардың барлығы да есімде. Олардың әрқайсысы осы күндердегі қол жеткен жетістіктерге хал-қадірінше қызмет жасады, ауылдастарымызға білгенінше жол көрсетті, бірлесе еңбек етудің басы-қасында жүрді деп түсінемін. Осы орайда ғасырға таяу жасаған ана ретінде кейінгі жеткіншектерге айтарым: «Өмірге адам болып келген соң, азаматтығыңды танытатын адамгершілігіңді айшықтайтын ақ-адал іспен айналыс. Боркемік жігіттерге, бойкүйез қыздарға айтарым, жан жағыңа қара, сілкін! Данышпан Абай атамыз айтпақшы; «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дер едім. Еліміздің егемендігінің арқасында білім алуға да, еңбек етуге де жарқын жол ашылды емес пе?! Көзіңді ашып қарасаң, сан тарау соқ¬пақты көресің, тізең діріл¬демей, қолың был¬ғанбай әрі қарай қадам бассаң, алдың - даңғыл. Адам өмір бойы ізденіп, оқып, білім алуы қажет. Мен осы күндері де қолыма кітап, газет-жорнал алып оқып отырамын. Көп нәрсеге қанығамын. Бұл да менің дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтан үйренген өнегем. Адамның ішкі күші мығым болмай, алға баса алмайды. Бір орнында тапырақтап айналыңқырап жүріп қалатындардың ішкі сенімі бос, білімінің таяздығының белгісі. Менің төсегімнің басындағы үстел үстінде көрнекті азаматтар, қоғам қайраткерлері жөніндегі естеліктер, Мұстафа Шоқай, Шахмардан Есенов, Ыбырай Жақаев, Нұртас Оңдасынов, Дінмұхаммед Қонаев жөніндегі кітаптар тұрады. Оқимын, естеліктерді айтып немере, шөберелеріме тәлім беремін.
Ыбекеңе қайта оралайын, үйіндегі тамағын көппен бірге бөлісіп ішетін көпшіл кісі еді. «Біздің үйден тамақтанасыңдар, бәрімізге жетеді», деп қостағыларды үйіне ертіп кетуші еді жарықтық. Барынша қарапайымдылығы ғой, Еңбек Ері атағы алғаш берілгенінде құттықтап бардық, сонда «Бұл «Алтын Жұлдызға» Шырынкүлдің де қосқан үлесі бар», - деп мені көтермелеп отырды.
Қыдыр қараған әулие адам ғой, менің осынша жасқа келіп, абыройға бөленуіме Ыбырай Жақаевтың берген батасы Алла қолдап, сеп болған шығар деп үнемі шүкіршілік айтып отырамын. Тәубә, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
«Сергек саналы буын өсіп келеді» аттысұқбатта қоғам өмірінің бүгінгі хал-жәйі туралы ой-пікірлер, мен толғаныстар әңгімеге өзек болған.
...«Соңғы уақытта бізде тез баюға асығатындар көп секілді. Оңай жолмен келген ақша қалай келсе, солай кетеді. Иә, ақша белгілі бір деңгейде сені тәуелсіз етеді. Бірақ уақытша ғана. Ал кәсіби шеберлігің мен ақылыңды сенен ешкім тартып ала алмайды. Өз ісіңнің шебері болсаң ғана, сені бағалап, құрметтейді». Мемлекет басшысының бір жолы жастарды осылай қайрағаны бар. Расымен. Тегін ірімшік тек қақпанда болмаушы ма еді?!
Жастар тақырыбына арналған жаңа айдар елге еңбегімен танылған тұлғалардың ой-таразысын әрі қарай жалғастырады. Ал бүгінгі сұхбат желісінде туған жеріне қалтқысыз қызмет еткен Алмагүл Божанова жұмысшы мамандығы мен еңбек адамының беделін көтеру мәселесін жастар жайымен сабақтастыра отырып ұсыныс-пікірлерін ортаға салады.
- Кешегі кеңес өкіметінің тұсында абыройы асқақтап тұрған еңбек адамдарын осы күні жеткілікті дәрежеде елей алып жүрміз бе?
- Кеңес өкіметін көбі сынап-мінеп жатады ғой. Бірақ әр заманның тәлімі, сабағы болады. Ол кезең еңбек адамдарын шыңға шығара білгенімен үлгілі дер едім. Сауыншы, малшы, күрішші, механизаторларды қоғам қатты құрметтейтін, дәріптейтін. Олар жоғары дәрежеге дейін жетті. Жоғарғы кеңес депутаты, съезд делегаты болды. Кейбіреулер «еңбек адамы ол жерде не айта алады?» деп ойлауы мүмкін. Жоқ, керісінше. Олар еңбек те етті, оқыды да, үлкен ортаға барғасын ойы да, өресі де жоғары болды. Биік мінберлерде туған жердің мәселесін көтере білді. Жаңа қоғам орнағаннан кейін білім, ой еңбегімен айналысатындар алға шықты да, нағыз еңбек адамдары ысырыла бастады. Ауқымды реформалар, жаңа технологиялар мен индустриялық-инновациялық жобалар заманында, бәрі автоматтандырылған тұста еңбектің формасы қоса өзгерді. Ол бұрынғыдай кетпенмен шөп шабу, отыра қалып сиыр сауу, үсті-басыңды май-май қылып мәшине жөндеу емес. Ғылыми жаңалықтар жағынан кенже қалып келе жатқан сала ауыл шаруашылығы десек, оның өзінен біршама өзгерісті көз көріп жүр. Егіс даласына шетелдік жаңа комбайн, жаткалар келді. Еңбек дегеніміздің өзі - өмір бойы талмай-тынбай іздену. Демек, біз дене мен ой еңбегін бір-бірінен бөліп-жара алмаймыз. Кім-кім үшін де басқаратын саласы, қорғаған ғылыми еңбегі немесе жазған кітабы үлкен күш-жігер жұмсаудың арқасында келеді. Есіңде бар шығар, шамалы уақыт бұрын Мемлекет басшысының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» деген бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Еңбекке құрмет әлсіреген кезде Елбасының бұл идеясы қоғам үшін жақсы қозғау болды.
- Иә, бұлттың арасынан күн шыққандай әсер еткені рас...
- Дұрыс айтасың. Олай болатын жөні бар. Жастар аты дардай мамандықтарда оқуға үйір боп алды. Енді кеп бір ғана құрылысқа кәсіби сылақшы, сырлаушы, бетон құюшыларды жеткізе алмай жатырмыз. Ал әлгі «авторитетный» мамандық алғандардың дипломы қалтасында, бәріне бірдей заңгер, экономист болу қайда?! Екінші мәселе, омырауы орден-медальдарға толы еңбек адамдары біршама уақыт бойы елеусіз қалды. Сондықтан Президенттің мақаласы ойымызды дөп басқан, дер шағында жасалған игі қадам болды. Кәсіптік-техникалық мамандықтар қайтадан түлеп, қара жұмыстың арқасында нан тауып жүрген кісілерге құрмет арта түсті. Өткен дә¬уірдің естелігін қайта жаңғыртқандай болдық. Келер жылдан бастап кәсіптік-техникалық мамандықтар тегін оқытылмақ. Міне, осы орайда КТМ-дардың беделін, материалдық-техникалық базасын көтеру қажеттілігі айқын сезіледі. Кезек күткен мәселелер неғұрлым тезірек шешілсе, жастардың бетін бері бұру соғұрлым оңайырақ болады. Президенттің мақаласы жарияланған соң біз аудан-ауданды аралап, кеңес одағы кезінде атақ-даңқтан кенде болмаған, бірақ жаңа қоғам орнаған тұста тасада қалып қойған еңбек адамдарын жарыққа шығара бастадық. Ол кісілерді үлгі ете отырып, жастармен кездестіріп, ұрпақтар сабақтастығына сеп болып келеміз.
- Елең-алаң шақта жұрттың көбі ауылдан қалаға ағылды ғой. Енді кеп «Дипломмен - ауылға!» тартуға мәжбүрміз. Кіндік қанымыз тамған өлкені тағы қалай түлете аламыз? «Қазақ ауылының болашағы» дегенде, көз алдыңызға не келеді?
- «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы әуел¬гіде негізінен мұғалімдер мен дәрігерлерді қамтыды. Ал механизатор, инженер, гидротехник, мал дәрігері, зоотехник сияқты мамандар ауыл өмірі үшін ауадай қажет. Қазіргі күні осы тапшылық ақырындап жойылып келеді. Оқу бітірген соң туған елге келіп еңбек етуге бекінген жастарға көрсетілетін мемлекеттік көмек пен жеңілдікті бұрынғыдан бетер арттырса, үлкен мотивация болар еді. Нарықтық экономика қалыптаса бастаған 2003-2005 жылдар елімізде «Ауыл жылы» болып жарияланғанын білесің. Қомақты қаражат бөлінгенінің арқасында ауылдар асфальтталып, электр энергиясы тартылып, мектептер мен балабақшалар салынып, ажары кіріп қалды. Ал осы күні «тірек елді мекендер» деген ұғым пайда болды. Облыс бойынша осы тізімге енген әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары немесе орташа ауылдарда біршама жұмыс жүргізілуде. Дәл осы қарқынмен жалғаса берсе, ауылдың болашағы жарқын.
- Елде жұмысшы мамандығының беделін көтеруге енді мән беріле бастады. Қара жұмыс істегеннен кеміп қалмайтынын жас буынның санасына қалай сіңіруге болады?
- Бұл жерде бір ғана мәселені алға тартқым келеді. Кәсіптік мектептерде, колледждерде өндірістік тәжірибенің ролі әлсіреп кетті қазір. Тәжірибеден өт¬кені жөнінде анықтама ғана алып, өндірісті көрмей қайтып келетін жағдайлар кездеседі. Ал егер ол шынайы ұйымдастырылып, оқушы немесе студент мамандығына қатысты жайттарды тәжірибе жүзінде көріп, көңілге бірдеңе түйген болса, өзі-ақ қызығып, үсті-үстіне білгісі кеп ұмтылар еді. Қазалыда, мысалы, сүт өнімдерін шығаратын зауыт бар. Онда түгелдей дерлік автоматтандырылған жүйе. Сиырды сауғаннан бастап қорапқа құйып, халыққа дайын күйінде ұсынғанға дейін. Егіс алқаптарында осы заманғы комбайндар мен тракторлар жүр. Баяғы «Нива» емес, жөндегенде киімің майдан көрінбей қалатын. Жастарды осындай орындарға апару керек. Еңбектің түр-тұрпаты баяғыдан әлдеқайда басқаша екеніне бала көз жеткізуі тиіс.
- Мемлекет басшысы айтқандай, бәрі бірдей академик, профессор немесе бизнесмен бола бермейді. Сөйте тұра, балаларымыздың жылы, жұмсақ жерде отырғанын жақсы көреміз. Сіз енді мұғалімсіз, ата-ананың ұл-қызының мамандық таңдауына араласқанына қалай қарайсыз?
- Қалай оқитынына, қарым-қабілетіне қарамастан балаға жоғары білім алып беру, соған тыраштану қазаққа тән қасиет сияқты. Әр баланың икемі әртүрлі. «Үштің» о жақ-бұ жағында жүрген кейбір оқушылар есейгенде кіл «беске» оқитын баладан асып түсуі мүмкін. Ал біз «менің балам шет елде оқуы керек», «менің балам сот болуы керек» деген қасаң қағидамен, керісінше, баланың мүмкіндігін шектеп отырғанымызды сезбейміз. Әркім өз қалауына қарай таңдау жасауы керек. Сынақтан өтпеген жағдайда қолындағы барын сатып, банктен қарыз алып, ақылы оқуға сүйреп апарғандағы еңбегін ақтамаса, соншама уақыт пен ақша шығындап қажеті не?!
- Қарап тұрсаңыз, қарауыл, даяшы не таксист боп жүргендердің дені - қазақтар. Бұдан нені көресіз?
- Облысты мекендегендердің түгелге жуығы қазақтар болғандықтан қандастарымыздың әр салада төбе көрсетуі - заңды құбылыс. Жалқаулықтың да барын жасыра алмайсың. Бүгін бітіретін тірлікті ертеңге қалдыру, оңай жерден нан табу сияқты көріністер арагідік болса да кездеседі. Бірақ онымен халықты жаппай жағымсыз етіп көрсетуге болмайды.
- Тепсе, темір үзетін жасқа келсе де, әке-шешесіне масыл болып отырған заман¬дастарымыз бар. Оларды «тәрбиелеудің» қан¬дай амалдарын ұсынар едіңіз?
- Ол былай ғой. Бір адамдар бар, ештеңеге басын ауыртқысы келмейді. Біреулер бар, жұмысқа әзер қолы жеткенде жауапкершілігі мен қиындығына шыдамай шығып кетеді. Өмір сүру салты бұзылған осындай категориядағы жігіттерді түзеу үшін ата-ана, қоғамдық ұйымдар түгел жұмылғаны жөн. Есебін тауып оларды тұңғиықтан алып шығатын жолды бірігіп іздеуге тиіспіз. Үлкендердің өзінен кейінгіге көңілі толмауы - қай заманда да қалмайтын үрдіс. Менің өзім кейде «ой, қазіргі жастар...» деп айтып қаламын. Бірақ көп жағдайда сергек саналы буын өсіп, қалыптасып келе жатқаны қуантады.
- Ал жұмысшыларды дайындайтын білім орындарының сапасына көңіліңіз тола ма?
- Толықтыратын тұстары әлі баршылық. Сондықтан оқу орындарының ұжымы өздерінің материалдық-техникалық, білім сапасына тұрақты сараптама жасап отыруы тиіс. Сөйтіп, тиісті орындардың алдында мәселе көтеру арқылы ғана ақырындап жоғын түгендеп, кем-кетігін бүтіндей алады.
- Жұмыссыздықтың басты себебі мен шешімі қандай?
- Бар мәселе - сұраныс пен ұсыныстың қай¬шылығында. Елбасының оңтүстік өңір жас¬тарын «Серпін» бағдарламасымен солтүстік аймақтарға, облыс әкімінің сырбойылық қыз-жігіттерді жолдамамен Ресейдегі оқу орындарына жіберіп, қажетті мамандар қатарын толықтыруға қадам жасағаны көңіл қуантады. Міне, осындай шаралар жұмыссыздықтың шешімі бола алады.
- Жастардың қамы деп жүрген еңбегіңіз нәтижелі болсын. Рахмет!
«Орта Азияның тұлғасы» атты мақалада жалаңтөс бахадүрдің өмірі мен билік құрған уақыты, артына қалдырған мұралары, оның қазақ халқы үшін жасаған қызметі қысқаша сипатталады. Тарих сахнасында мәңігілік ізін қалдырған тұлға турасында толғанысқа толы еңбектің оқырманына айтары бар.
...Мыңдаған жылдар бойы ұлы дала төсінде талай ел қорғаны болған даналар өткен. Олар өз заманында жауы мен жан аямай күресіп, халқын ерлікке, елдікке, бірлікке, ынтымаққа бастап, тайпалар мен ұлттардың жойылып кетпеуіне үлкен әсер еткен. Сөйтіп, тарих беттерінде өздерінің есімдерін мәңгі жадымызда жүретіндей қалдырған. Сондай ұлы тұлғалардың бірі де бірегейі - Самарқан қаласының әмірі, Тұран елінің бас әскери қолбасшысы,Орта Азиядағы теңдесіжоқсәулетшіЖалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының туғанына биыл 440 жыл толып отыр.
Сырдарияның Арал теңізіне құяр сағасына жақын жердегі Қазалы ауданының бүгінгі Жалаңтөс ауылында Жалаңтөс баһадүрдің дүниеге келгені 1576 жыл еді. Осы атамекеннен әкесі Сейітқұлұлының бес жасында қуаңшылыққа, жоқшылыққа, ашаршылыққа тап болған елін құтқару үшін қырық мың үйлі ауылдастарын бастапЖиделі-Байсын жеріндегі Бұқара шаһарына жақын Нұрата өңіріндегі Қызкеткен тауының етегіндегі табиғаты жайсаң жайлауға көшіп барады. Оған балалық кезден досы Шығайхан көмектесіп, Алашқа белгілі Сейтқұлға ұлан-ғайыр шұрайлы алқапты тарту ету мен бірге, сол жердегі қазақ жұрты мен қарақалпақ елінің ханы етіп сайлайды.
Өзі бай, өзі қажы, әрі шешен, әрі батыр Сейтқұл Алшын жұртының ортасында әділ билік жүргізген, халқына қорған болған. Ол екі әйелалған. Бәйбішесі Сары кемпірден - Сейітмәмбет, Төлеш, Ақша, тоқалы Қара кемпірден - Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Түрікмен, Қоян аттыұлдарыөміргекеліпті.
Жалаңтөс жас кезінен білімге құштар болып, мешіт медресесінен сабақ алады. Әкесінің жанында жүріп, ел басқару тәжірибесін санасына түйіп өскен зерделі балажасынан ерекше қабілетімен, ақыл-парасатымен, батыл табандылығымен көзге түсіп, қырағы да қайсар болып қалыптасқан баласының зеректігі мен аңғарымпаздығын байқаған әкесі оның келешегін ойлап, Тамды мен Қызылқұм қазақтарының ханы, сіз-біз сыйластығы бар Дінмұхаммедтің сұрауымен 12 жасында-ақ қарамағына беріп, қызмет етуге баулиды.
Сейітқұл Жалаңтөс ұлынан үлкен үміт күтіп, Бұқарадағы басқару мектебіне береді. Білімді терең меңгеріп, әскери өнердің қыр-сырына қаныққан ойлы оғлан Бұқара ханының көзіне түседі. Осы кездерде жан-жақтан ойрат, жоңғар, қалмақ біткен қаптап, қазақ жерін біртіндеп жаулап, орасан зор қауіп төндіріп тұрған. Осының алдын алу үшін Нұрата аймағынан әскери горнизон ұйымдастырып, жауынгер санын10 мыңға жеткізе отырып, әскери дайындық жұмыстарын жүргізеді. Ол кезде Бұқара мен Самарқан шаһарларында тұрақты кәсіби жауынгерлер жоқтың қасы еді. Нұрата өңірін тез игергені жайлы жағымды әңгімелер Бұқара ханынажетіп, Жалаңтөсті жанына алдырады. Мұнда да жаңадан әскер жасақтауды қолға алады.
Орта Азиялық ұлытұлғаЖалаңтөс баһадүр 1590 жылы жоғары дәрежелі қолбасшылар даярлайтын әскери мектепте оқиды. Шыңғысханның қолбасшылық өнерін үйренуге ерекше мән береді. Бұқара қаласындағы осы оқу орнында жүргенде Бұқараның ханы Имамқұл Жалаңтөсті қасына алуды ойластырып, басқаларға қарағанда ерекше қабілет-қарымы мен алғырлығына көңілі толып жүреді.
Имамқұл барынша қатал, әмірін мүлтіксіз орындататын хан болса дае кіадамнан жасқанып, айбынатын. Оның бірі - Жалаңтөс баһадүр болса, екіншісі - Бадахшан әмірі Қатаған Махмұтби еді, - дейді сол замандағы атқамінерлер. Имамқұл хан Бұқара хандығынан тәуелсіз Самарқан аймағын құрып, оған Жалаңтөсті әміретумен бірге, бас қолбасшылықты да қосып береді.
Бұқара хандығының жарты ғасырға жуық саяси өмірі Жалаңтөс есімімен байланысты. Жоңғарлар Бұқара мен Самарқанға шабуыл жасап, басып алуды сан рет ойластырғанмен, Жалаңтөс баһадүрден бата аламай, мысы басылып қалады да, көбінесе Жетісу және Ыстықкөл бойына әңгіртаяғын ойнатып, әмірін жүргізеді. Жоңғар хандығының негізін қалаған Батурқонтайшы 1643 жылы 50 мың қолмен қырғыздарға тұтқиылдан шабуыл жасап, 10 мыңдай адамды тұтқынға алып, жеңістеріне масайрап келе жатып, жолындағы жер жаннаты Жетісу өңірін жаулап алуды ойластырады. Бұған Белжайлаудағы Орбұлақ шатқалында Есімханның баласы, әз Тәукенің әкесі, дарынды қолбасшы СалқамЖәңгірхан 600 қолмен қарсы тұрады. Кескілескен шайқаста саны көп жауды жеңе алмасын білгесін Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүрге хабаржібереді. Бір жұмада 20 мың қолмен суыт жеткен Жалаңтөс Батурдың әскерінтас-талқан етіп жеңіп, тұтқындарын босатып, еліне қайтарады.
Жеңілгенін мойындаған Батур қонтайшы Жалаңтөс баһадүрге өзінің Қанза атты сұлу қызын ұзатады. Жалаңтөс Самарқанға оралғанда алдынан шыққан туған ағасы, Қоқан ханы Ақшаға қызды тарту етеді. Қанзада аты қазақ ортасында келе-келе сіңісіп Кәніспекке айналып, төртқара руының бір аталығы осы есіммен аталып кетеді. Бұл анамыздан Айдарбек, Ақылбек, Қалқаман, Елсемен деген ұлдар дүниеге келеді. Анамыздың адамгершілігі, адалдығы, ақылдылығы ерекше болады. Ақша хан бірде жорыққа кетіп, елге оралғанда: «Бұл қай ауыл?» деп сұрайды. Сонда жергілікті жердің адамы «Кәніспектің ауылы» дейді. Сол кезде атамыз санын бір ұрып, «Мен атымды шығарамын деп дүние кезіп жүргенімде менен бұрын әйелімнің атышығыпты ғой» депті. Төртқара руының Кәніспек тармағы осылайша пайда болыпты.
Орта Азияға танымал әмір Жалаңтөс баһадүрге Үнді, Хорезм, Тибет пен Иран патшалығынан, Қытай, Ауған, Қалмақ, Қырғыз, Қашқар, Парсы, Пакистан, Қазақ елдерінен қымбат сыйлықтар әкеліп, тарту етіп жатады. Бұл қазыналар саны мен құны жағынан мемлекет қазынасына түсіп жатқан барлық байлықтан да асып түседі. Бұл бағалы құнды заттарды Самарқанда 50 мыңнан 100 мыңға дейін тұрақты кәсіби әскер ұстауға, сәулетті құрылыстар мен зәулім сарайлар, медреселер салуға жұмсайды. Білімі қатарынан асқан жастарды Бағдаттағы оқу орындарына, Мысырдағы Әл-Әзхар университетіне жіберіп, қамқорлық жасап отырады.
Жер үсті, аспан асты ажарын асырып тұрған атақты Самарқан шаһарының орталығы Регистан алаңын, «Ширдор» (Арыстан медресесі) мен «Тилла Кари» (Алтынмен апталған) медреселерінсалдырып, әйгілі еткен. Тұрғызылған ғимараттар архитектуралық сән-салтанатымен шығыстың сәулет өнерінде ерекше орын алады.
Самарқанда 43 жыл әмірін жүргізген Жалаңтөс баһадүр 80 жасында дүниеден өтіп, АқсақТемірдің басуәзірі, қажы Ораз атасымен пікірлес әрі шынайы жолдас болған әулие, білікті діндар Махуми Ағзам бейітіне қойылады. Мұнда қыздары Малика, Ихлима бану, Айбибі және ұлы Сұлтанбек те жерленген.
Дүниежүзі тарихында сирек кездесетін ұлы тұлғаны мәңгі есте сақтап, ұрпағына үлгі-өнеге етуде облыста нәтижелі жұмыстар істеліп, Сыр шежіресіне өшпестей алтын әріппен жазылып қалды. Облыс орталығындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына, Арал қаласындағы стадионға, Қазалы ауданындағы ҚызылТу кеңшарына, Алматы, Астана, Қызылорда Ақтөбе, Арал, Қазалы қалаларындағы көшелерге Жалаңтөс баһадүр есімі берілген. Қызылорда қаласында Жалаңтөс баһадүрдің зәулім ескерткіші орнатылды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың «Жалаңтөс баһадүр» атты драмасы республикалық және облыстық драма театрларында қойылды.
Үстіміздегі жылы батырбабаның 440 жылдық мерекесіне орай лайықты құрмет көрсету мақсатында маңызды шаралар өткізу қолға алынды. «Батыр бабаның жасампаз ерлігі ұрпаққа ұран» деген атпен республикалық ақындар айтысы, Қазалы ауданындағы Жалаңтөс баһадүр ауылын сәулеттендіріп, абаттандыру, ұлттық спорт түрлерінен республикалық және халықаралық жарыстар өткізу, Қызылорда қаласындағыЖалаңтөс баһадүр ескерткіші аллеясын жаңаша сипатта көріктендіру, «Жалаңтөс баһадүр түріктес халықтардың қолбасшысы әрі даңқты тұлғасы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру, басқа да маңызды шаралар бар.
Бүгінгі және келешек ұрпақтың бақытты өмірі үшін елін қорғап,артында өшпестей мұра қалдырған Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлына Астана мен Алматы қаласында ескерткіш орнатса да артық емес. Бұл оның баға жетпес өлшеусіз еңбегіне көрсетілген зор құрмет болар еді.
«Мұстафа Шоқай және тәуелсіздік» атты мақала ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып жазылған. Алаш көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқайдың қазақ тарихындағы орны жайлы біршама тың деректер мен оқиғалар қамтылған.
...Жақында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Мұстафа Шоқайтану ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Орталықтың мақсаты ұлы күрескердің мұрасын зерделей отырып, оның өміршең идеяларын насихаттау болып табылады. Осыған байланысты жаңа айдарда саяси ғылымдарының докторы, профессор, орталықтың ғылыми кеңесшісі Әбдіжәлел Бәкірдің «Мұстафа Шоқай және тәуелсіздік» атты мақаласын ұсынып отырмыз.
....Сырттай қарағанда сонау Еуропада жиырма жылдан астам тұрып, Германия жерінде 1941 жылы қайтыс болған Мұстафа Шоқайдың еліміздің тәуелсіздігіне еш қатысы жоқ сияқты. Оның үстіне арада жарты ғасырдай уақыт өткенде ғана Қазақстанның төрінде Тәуелсіздік туы желбіреді. Бірақ та Мұстафа Шоқайды өзінің сүйікті қазақ халқының бостандық алғанынан еш ажырата алмаймыз. Ол мүмкін емес. Өйткені Мұстафа Шоқай мен Тәуелсіздік - егіз ұғым. Мұстафа Шоқайдың қадір-қасиеті мен мәні де осында. Оның қажырлы күреске толы өмірінің мағынасын мұнсыз түсіну мүмкін емес.
Адамзат баласының азаттығы мен еркіндігі кез келген халықтың табиғи атрибуты деп түсінген қазақтың тұңғыш ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің әйгілі шығармаларының бірі - «Сот реформасы жайындағы жазбасында»: «Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай деңгейінде тұрса да: өзіндік дамуы, өзін-өзі корғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы қажет» деген еді. Алайда ол кезде мұны «тәуелсіздік» ұғымы деп түсінетін де, оны асқақ идея етіп көтеретін де ешкім бола қойған жоқ. Заманы туғанда мұны Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері әуелі патшалық отаршылдықтан, сонан соң кеңестік қыспақтан құтылудың, азаттыққа жетудің бірден-бір жолы деп ұғынды, тәуелсіздіктің туы етіп асқақтата жоғары ұстады. Бірақ олар армандарына жете алмады. Дегенмен, олардың әркез халқым деп соққан жүректерінде тәуелсіздікке деген сенім оты өшпей қалған болатын.
Мұстафа Шоқай тәуелсіздік идеясына жайдан-жай келген жоқ. Оны сол кездегі заман туғызды. Оның тәуелсіз санасын қалыптастырған үлкен фактор патшалық Ресейдің отарлық саясаты болды. Мұны ең алғаш өзі дүниеге келген, өсіп-өнген саяси-әлеуметтік ортада сезінді. Мария Шоқай «Менің Мұстафам» атты естелігінде бала Мұстафаның саяси түсінігіне алғаш әсер еткен жайлар елдегі орыс қоныс аударушылары мен патшаның жергілікті шенеуніктерінің халықты басынған озбыр әрекеттері еді. Мысалы, олар Шоқай әулетінің екі рет кірпіштен салынған үйін ақысыз-пұлсыз иеленсе, ал егістігін тіпті тартып алыпты. Сонан соң Мұстафа Ташкенттегі гимназияны өте жақсы бітіргенде оған тиісті алтын медальды генерал Самсоновтың орыс баласына жаздыруы ұлы державалық шовинизмінің айқын көрінісі еді. Сондай-ақ сол кездегі Түркістан аймағының бас қаласы қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, орыс және басқа түрлі ұлт өкілдері тұратын Орта Азия кіндігі, патшалық Ресейдің әкімгершілік орталығы - Ташкенттегі қайнаған өмір оның саяси көзқарасын қалыптастырудың алғашқы баспалдақтары болды. Осында оқыған кезінде әр елден келген кісілердің түрлі өтініш-арыздарын шешуге қатыса отырып, жергілікті жұртшылық арасындағы әлеуметтік, құқықтық теңсіздікті көзімен көрді, жүрегімен сезді. Осындай отаршылдықтың өктемдігі мен патша шенеуніктерінің әртүрлі және әр деңгейдегі әділетсіздігі сезімтал санада мәңгілік терең із қалдырды.
Болашақ саясаткердің қоғамдық-саяси өмірінде оның Петербургте оқыған, қызмет атқарған жылдары ерекше рөл атқарды. Ең алдымен ол терең білім алды, сонан соң орыс қауымындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңірді. Оның әлеуметтік-саяси санасының өсе түсуіне және қоғамдық күрес сахнасына шығуына Ресейдің орталық аудандарында бірінші орыс революциясынан кейін құрылған саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламаларымен жете танысуы мол әсер етті. Егер ерте кездері ол мұсылмандардың мәдени реформаторлық қозғалысы - жадитизмнiң ықпалында болса, мұнда орыс зиялы қауымының революциялық-демократиялық және либералистiк топтарының ықпалымен саяси еркiндiк пен әлеуметтiк әдiлдiктi жақтады. Сол кездегі империя орталығында орын алған күрделі басқа да саяси оқиғалар оның дүниеге көзқарасын жетілдіре түсті. 1933 жылғы "Есімдегілерден... (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен) атты мақаласында "Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе, университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербург университетінде оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз" деп жазуы өзінің студенттер арасындағы саяси қозғалыстар ортасында болғандығын айғақтайды.
Петербургтегі кезеңнің Мұстафа Шоқай үшін тағы бір тағылымды жағы өз халқын азат ету басқа да түркі тектес езілген халықтарды патша өкіметінің отаршылық саясатына қарсы ұйыстырудың нәтижесінде ғана мүмкін екендігін түсінуі болды. Осы таным оның Мемлекеттік Думаның Мұсылман Фракциясы хатшылығына орналасқаннан кейін күшейе түсті. Болашақ ұлтшыл саясаткер Ресейдің езгісіндегі Түркістан өңірінен тыс түркі халықтарын - Еділ, Қырым татарларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын біріктіру қажет деп есептеді. Кейін шетелде жүрген кезінде де оның өз халқымен бірге өзге аймақтардағы халықтардың отарлық езгіден құтылуын армандауы және сол үшін күресуі жайдан-жай емес еді.
Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік санасының қалыптасуына 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, қазақ ұлттық «Алаш» партиясының негізін қалаған, оның бағдарламасының авторларының бірі, кейін Алашорда үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейханның ерекше ықпалы болғанын айта кету керек.
Мұстафа Шоқайдың күрескерлік болмысын айқындай түсуде оның эмиграциядағы кездері шешуші орын алатыны аян. Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы саяси күрестің жаңа амалының нақты мақсаты Мұстафа Шоқайдың 1929 жылы жазылған «Біздің жол» атты мақаласында былайша алға қойған еді: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды». Бұл бағыт ұлы күрескердің 1941 жылғы 27 желтоқсанда Берлинде Виктория ауруханасында жұмбақ жағдайда қайтыс болғанынша мәңгілік ұстанымы болып қалды.
«Мұстафа Шоқай... ол кім?» деген 1991 жылы мамыр айының 24 және 31 күндері «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген көлемді мақаласында Әнуар Әлімжанов өз кейіпкері туралы айта келіп, былай деп жазып еді: «Ұлылық дегеніміз - ұлы құлдық дейтін сөз бар. Ол халықтардың егемендігі, теңдігі туралы өз мұратының құлы болған адам, осы мұрат жолында, хас батырларша қайтпай, қайысай қызмет еткен адам». Мұстафа Шоқай дәл осындай адам болатын.
Көреген саясаткер Мұстафа Шоқай 1930 жылғы «Түркістан ақындарынан» атты мақаласында «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деген асыл арманы араға алпыс жыл салып жүзеге асты. 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда «Қазақстан Республикасы - тәуелсіз, демократиялық және хұқылық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленедi, өзiнiңiшкi және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргiзедi» деген қағидалар тайға таңба басқандай айқын жазылды.
Бұл күндері өзінің ұлы мерекесі - Тәуелсіздігінің ширек ғасырын тойлауға қызу дайындалып жатқанда қазақ халқы кешегі Алаш жетекшілерінің асқақ арманы болған идея үшін күреске бар қабілет-қарымын сарп еткен, осы жолда ғұмырын да құрбан қылған бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай есімін үлкен ілтипатпен еске алары сөзсіз.
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Махмутбай Әміреев тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «25 жыл, 25 жыр» өлеңдер топтамасын ұсынады.
1.
25 жыл азаттық таңы атқалы,
Шұғылалы шуағын таратқалы.
25 жыл ел болып егеменді,
Жар болғаны халқыма Жаратқаны.
25 жыл бодандық көрмегелі,
Еркін өсіп, өркендеп өрлегелі.
Тәуелсіз ел атанып еркіндікте,
Қанат жайып, құлашын сермегелі.
Тәуелсіздік күн көзі, ай нұрында,
Бақытыңда, бүгінгі байлығыңда.
Тәуелсіздік сан жылғы күрес, майдан,
Тарихың, таланың, тағдырың да.
2.
Қаншама ерлер далама қаны сіңген,
Қорған болып арымен, намысымен.
Бар ғұмырын өткізген арыстарым,
Ата жаумен айқасып, алысумен.
Судай болып шашылған шайқасыңда,
Қаны ерлердің әр төбе, әр тасыңда.
Ұлан дала иесі болып қалдық,
Бабалардың қаһарман арқасында.
Қанға бөкті кең далам қасиетті,
Қанша көрді халқымыз қасіретті.
Боз даламды бодандық етпеу үшін,
Боздағымның қаншама басы кетті.
3.
Алу үшін кең-байтақ даланы бай,
Аш көздердің ашылды араны ұдай.
Ата жаумен аңдысып, арпалысып,
Ат үстінен түспеді хан Абылай.
Қосын тігіп тау, тасқа, арқа, белге,
Ата жаумен айқасты Хан Кенем де.
Қанды қырғын, шайқастың ізі жатыр,
Сары дала, сансыз құм, сай, төбемде.
Ұлы далам киелі, қасиетті,
Қанша көрді қырғынды, қасіретті.
Аңдыған жау, алакөз шапқыншымен,
Алысумен ғасырдан ғасыр өтті.
4.
... Тоқсаныншы жылдары теңдік алып,
Өз-өзіне келгендей енді халық.
Көгімізде көк байрақ көтерілді,
Жерімізге көп күткен келді жарық.
Еркін, азат ел болдық Елбасы бар,
Беделімді бір биік белге асырар.
Халық үшін жаралған қайраткердің,
Қыдыр бабам қадамын қолдасын әр.
Қуаныштан нұр енді кеудемізге,
Еркіндіктен күй енді пернемізге.
Қолын созып көрсетті қолдауларын,
Сан құрлықтан сан түрлі ел де бізге.
5.
25 жыл. Қанша ай, күндері де,
Ірі ел болып үлгердік, іргелі де.
Ұйымға да әлемдік мүше болып,
Елбасымыз шығып жүр мінберіне.
25 жыл өсулер белесі ме,
Алатын да жайлар көп ел есіне.
Ұлттардың әлемдік ұйымының,
Мүше болдық қауіпсіздік кеңесіне.
25 жыл талабы, тағылымы ма,
Жауаптымыз біздер де барлығына.
Жер-Ананың ойлаймыз тыныштығын,
Алаңдаймыз әр елдің тағдырына.
6.
25 жыл ерекше салды ма із,
Жаңарамыз күн сайын, жаңғырамыз.
Шекарамыз бекіді, шегенделді,
Оны қорғар айбынды Армиямыз.
Ерлікке сай әр күнгі істеріміз,
Еркін даму жолына түсті еліміз.
Бейбіт күннің сенімді қорғандары,
Әуе, жерде қарулы күштеріміз.
Шаттық күйі ойнайды кеудемізде,
Сүйсінеді сан түрлі ел де бізге.
Еркіндікпен дүниеге бірге келді,
Өзіміздің қымбат төл теңгеміз де.
7.
25 жыл. Ұқсаймыз тауды асқанға,
Жақсылықтар секілді жалғасқанға.
Аңсай күтіп бұл күнді армандаған,
Атажұртқа оралды қандастар да.
Өмір кешіп, сан қиын өткелдерде,
Шаттық жасы төгілді жеткенде елге.
Бейбіт жерді қия алмай берекелі,
Қайта келді өзге елге кеткендер де.
Осылайша еліме ел қосылды,
Туған халқым оларға төр де ұсынды.
Абыройлы ақ, адал еңбегімен,
Ер азамат болды олар елге сыйлы.
8.
Арман емес алдыңда сағымданар,
Қорғайтын да, қолдайтын Заңың да бар.
Онда барлық игілік белгіленген,
Азаттықтың арайлы таңында алар.
Үлгілі іс көп келгенге үйренгісі,
Үлкендермен қашанда бірдей кіші.
Ассамблея халықтар достығының,
Өркендеген біздегі бір белгісі.
Татулығы жарасқан, ынтымағы,
Барлық ұлттар біздегі бір тұрады.
Бір Отаны, бір елі, бір тағдыры,
Бір Елтаңба, Әнұран, бір Туы әрі.
9.
Астана, Нұр Астана, гүл Астана,
Елімнің ақ ордасы, туы Астана.
25 жыл еркіндік алған елдің,
Жауһарындай жарқырап тұр Астана.
Ару қала Астана асыл арман,
Елбасымен қаланған тасы қолдан.
Асқақтаған ақ мәрмәр биік үйлер,
Жайқала өскен сұлу бақ, жасыл орман.
Алтын нұрын құйғандай себелеп күн,
Әр ісіңе Астана береді екпін.
Жауһар қала жақұттай бірі дерсің,
Жеті бірдей Жердегі кереметтің.
10.
Қауіпсіздік, ынтымақта талап бір,
Бар жүрекке ізгілікті тараттыр.
Осы жайлы болды Астана Саммиті,
Астанаға әлем бүгін қарап тұр.
Ырыс пен бақ бізге бүгін тұр құлап,
Бұлақ, өзен бұрды суын бұрқырап.
Біз басқарған ұлы ұйым ұраны -
Әлемдегі қауіпсіздік, ынтымақ.
Көбеюде бүгін табыс, жеңісім,
Кеңеюде көкжиегім, өрісім.
Астанада өткен Саммит ұраны -
Ұлтаралық татулық пен келісім.
11.
Жаймашуақ атады құба таңым,
Жақсы үмітпен жанымды жұбатамын.
Дірілдейді бір сәуле қыр үстінде,
Дүбірлейді думанды ұлы Отаным.
Ғажайып бар ерекше таң нұрында,
Жарқырайды мөлдір шық шалғынымда.
Таңмен тұрып тыныстар байтақ елім,
Байтақ елім - бақытым, байлығым да.
Оянады таңмен тау, арқа, белім,
Жасыл шырша, қарағай, тал, терегім.
Таңның таза лебімен тыныстайды,
Бар байлығым, бақытым байтақ елім.
12.
Ғарышкер Тоқтар, Талғат, Айдындарым,
Арда ұлдарым, қаһарман, айбындарым.
25 жыл еркіндік алған елдің,
Күллі әлемге көтеріп, жайдың бағын.
Осылайша еркін де ерікті елім,
Көкке өрлеп, өскенін көріп пе едің.
Көкжиегін кеңейтіп ғылымының,
Өзінің ұшырды Жер серіктерін.
Қырандарым халқымның шырқар бағы,
Ұландарым ерліктен бір танбады.
Мерейіміз биікке көтеріліп,
Ғарышта да қазақтың шырқалды әні.
13.
... «Есім хан ескі жолын» ел біледі,
«Қасым хан қасқа жолы» сендіреді.
Алысып ата жаумен ақ жол салған,
Ақ туы Абылайдың желбіреді.
Көтерген елді биік белесіне,
Нұраға нұрлы жолы ел есінде.
Сенімді ол бастаған бағытпенен,
Келеміз келешектің кемесінде.
Нұрлы жол болашақпен қатар аты,
Шашырар әр жүрекке шапағаты.
Нұрлы жол халқын сүйген Елбасының,
Ерекше елге деген махаббаты.
14.
Елбасы күні бүкіл елдің күні,
Ұлы Отан, туып-өскен жердің күні.
Көтерген Тәуелсіздік туын көкке,
Ел сүйген, елін сүйген Ердің күні.
Жалпының секілденген жарық күні,
Елбасы күні бүкіл халық күні.
Қашанда көкке биік көтеретін,
Елбасы ел мерейі, халық туы.
Еститін жақының да жат дауысын,
Елбасы қамқоршың да мақтанышың.
Қашанда ризамыз әр жүрекке,
Сеулелі үміт отын жаққаны үшін.
15.
Биік ұстап қашанда өр кеудесін,
Елбасым да мерейлі ел сенгесін.
Бауларым да бұзбасын тыныштығын,
Тауларым да тербеліп, теңселмесін.
Таусылмасын қызығы қыр үстінің,
Арайлансын алтын ай, күміс күнім.
Бұзылмасын ұйқысы сәбилердің,
Бұлжымасын достығым, туыстығым.
Бақыттымын әр бейбіт таңым үшін,
Басымдағы бүгінгі бағым үшін.
Бағалаймын жақындар амандығын,
Қаламаймын атомдар жарылысын.
16.
Қала көрдім жарқырап қырда жанған,
Дана көрдім дидарын нұрға малған.
Астананы көрдім мен Елорданы,
Айбынданып, күн сайын тұлғаланған.
Көрдім ғажап Арқаның ақ таңын да,
Балқып нұрға бар аймақ жатқанын да.
Ару қала көрдім мен Астананы,
Туған елдің айналған мақтанына.
Астанадан көрдім ел тыныштығын,
Бар халықтың бауырмал, туыстығын.
Шұғылалы Астана, шуақ қала,
Бүкіл елге таратқан нұр ұшқынын.
17.
Бас иген талай алып, ірілер де,
Елімнің абыройы бүгін өрде.
2017-де бізде өтеді,
Әлемге аты мәлім ұлы көрме.
Жауапты бүгінгі іс, талап әрі,
Көзін тұр бізге әлем қадағалы.
Біздің ел бұл көрмеде көрсетпекші,
Табиғи қуат көзін баламалы.
Көрмеге қатысады бар аймағым,
Өзінде өндіретін салар бәрін.
Атақты көрме өтетін Астананың,
Көреміз қайта түлеп, жаңарғанын.
18.
Қайта қайнап, қайта өмір қанаттанды,
Жаңа ұрпақ жайнатып, жаңартқанды.
Қарыштаған еркін ел қадамына,
Дүйім дүние көз жазбай қарап қалды.
Жас қанатын күнде өсіп, жайған қала,
Жарқыраған Астана арман қала.
Азиада, Саммит те осында өтті,
Бар әлемнен айрықша алған баға.
Кезі бар ма арманның аласарған,
Табысыма қандай ел таласа алған.
Елбасымыз ерлігі Сарыарқада,
Жаңа Астана, ғажайып қала салған.
19.
Елбасымыз - Тәуелсіздік тірегі,
Елордамыз - еліміздің жүрегі.
Қазақстан, қазақ елі байырғы,
Халқымыздың мәңгілік ел, ұлы елі.
Сан ғасырлар шықпаған ой, қиялдан,
Мәңгілік ел ұлы мақсат, ұлы арман.
Мәңгілік ел ұлы мұрат, игілік,
Желбіреген болашақтың туы алдан.
Елбасының Жолдауынан жанды үміт,
Жадымызда тұр әр жолы жаңғырып.
«...Жарқын іспен күллі әлемді
таң қылып,
Жасай берсін елдігіміз мәңгілік!»
20.
Тауларымның аласартпай биігін,
Көлдерімнің бұзбай мөлдір тұнығын.
Елбасының елге арнаған Жолдауы,
Асқақтатты Тәуелсіздік тұғырын.
Тербелдірмей теңізімнің тереңін,
Теңселдірмей әр бұта, тал, терегін.
Елбасының елге арнаған Жолдауы,
Көкке биік көтерді ел мерейін.
Жанымыздан ашылғандай тың тыныс,
Жата алмайсың жайбарақат, бір тыныш.
Елбасының елге арнаған Жолдауы,
Бойға сенім, қуат пен күш, құлшыныс.
21.
Бойына бүлдіршіннің білім еккен,
Жаралған ұстаз жаны құдіреттен.
Ең алғаш Еңбек Ері атағын да,
Елбасы берді ұстазға құрметпен.
Қашанда ұстаз орны төрде еді,
Жүректе шаттық шалқып, тербеледі.
Елбасы жарлығымен ұстаз болды,
Елімнің ең алғашқы Еңбек Ері.
Жарқылдап жанған оты жанардағы,
Жаңғыртар ой, білімді санаңдағы.
Жаныңды ұстаз аты нұрға бөлеп,
Жадыңда ұмытылмай қалар мәңгі.
22.
Аяулы Отаныммен бір атауың,
Қадамың құтты болсын, Нұр Отаным.
Бас қосып құшағында партиялар,
Бірліктің бірге тіктің ұлы отауын.
Кең ойлап ертеңіңді анық көрген,
Елбасым бар ісіңе бағыт берген.
Нұр Отан, нұр-шұғылаң жарқырасын,
Халқымның жүрегіне жарық берген.
Бастау ап асқақ арман, талап таудан,
Елімнің мүддесімен жарақтанған.
Нұр Отан, қадамыңа қуат берсін,
Халқыңмен бірге самғап, қанаттанған.
23.
Тәуелсіздік арқамды сүйегенім,
Бейбітшілік, тыныштық тілегенім.
Жаңа ғасыр көгіне жайып қанат,
Жайнап өсіп, жаңарып түледі елім.
Айналайын асыл ел, алтын халық,
Айқын мақсат, алдыңда айқын бағыт.
Әлемдегі үздік ел етемін деп,
Елбасың жүр алдыңда жарқыл қағып.
Әр сөзінен мейірім, шуақ тарар,
Әр ісінен халқым күш, қуат табар.
Болашаққа Елбасым жол бастаған,
Шамшырағы елімнің сияқтанар.
24.
Тәуелсіздік бақытың тұрған күліп,
Ойың еркін, бүгінгі тұлғаң биік.
Тәуелсіздік көктегі шуақты күн,
Әр жүректі қуантқан нұрландырып.
Тәуелсіздік азат ел, ұлан далам,
Ұрыстарда ерлерім ұрандаған.
Тәуелсіздік тыныш таң, бейбіт өмір,
Төбемізден шуақты күн аумаған.
Тәуелсіздік сөнбейтін шырақ жағып,
Бойымызға кеткендей қуат дарып.
Әр жүрекке от берген, жылу берген,
Тәуелсіздік көкте күн сияқтанып.
25.
Асқақтатып арман мен үмітті алда,
Қуанышпен тұрамыз күліп таңда.
Тәуелсіздік туын нық, берік ұстап,
Ұлы тойды ұлы елім ұлықтауда.
25 жыл азаттық таңы атқалы,
Тәуелсіздік арманның абат бағы.
Заңғар көкте бұл күнде қыран елім,
Шын болаттай шыңдалған қанаттары.
Бейбіт елді нұрлантып тыныш жатқан,
Таң шапағын шашады шығыс жақтан.
Тәуелсіздік, еркіндік ел бақыты,
Еңсемізді көтеріп ту ұстатқан.
«Тасқа қашап жыр жазған» Сыр сүлейлерінің сарқыты ақын Шәкизада Әбдікәрімов мерейлі 60 жас толды. Осыған орай жазылған мақалады автор ақынның адами бейнесін, ақындық қуатын мейлінше ашуға тырысқан.
...Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары. Студенттердің өмірі қыж-қыж қайнаған ҚазМУ қалашығы.
Сабағы мен сауығы қатар серпілген студент жастардың жиі жүздесетін жаз айы. Жатақхана алдындағы бірен-саран орындық босай қоймайды, босаған күнде де қыздарға қиып жіберетін жігіттер жапатармағай жинала қалады. Мұндайда өнерге деген жақындығы, етене ерекшелігі бар филология, журналистика, тарих факультеті студенттері әдеттегідей ән-жырдан жарыса кетеді. Бірі гитараға, бірі домбыраға қосылып, кейде дуэт, кейде трио болып, шырқай жөнеледі. Көбінше орындалатыны - Шәмшінің әндері.
Сол кездері бард әнші Табылды Досымовтың әндерін жастар жағы жатқа айтып, жиі орындай бастаған. Бір күні оның «Күнікей қыз» деген әнін естіп қалдым. Құлаққа жұмсақ, әрі жағымды екен. Ән бірден елтіп әкетті. Жігіттің қызға деген құмар көңілі есіліп тұр.
Үйіме қайтам, өкініп, тынып,
Сүйемін деуге бата алмай.
Төлеген болып, бекініп тұрып,
Жайықты кешіп, өте алмай...
Жаңалыққа жаны құмар жастардың білмейтіні жоқ. Несін айтасын, «Атыраудың аруына Қызылорданың жігіті ғашық болып, жүрек сөзін өлеңмен жеткізіпті-мыс» деген алып-қашпа әңгіме гу ете қалды. «Бұл ақын кім болды?» деген сұрақ тағы туды. Содан «Байқоңырдың білдей ақыны, есімі Шаһизада Әбдікәрімов» деп жастар дәріптей бастады. Мен бұрыннан таныс кісідей: «Біздің ауылдан. Қармақшы ауданының азаматы» дей салғанмын. Құдай ақиқатын ауыз¬ға салып тұр екен, шынында да солай болып шықты.
Дәм айдап, елге келдік. 1997 жылы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетіндегі оқытушылықтан мемлекеттік қызметке ауыстым. Қызылорда қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөліміндемін. «Бұрыннан таныс» жерлесім Шәкеңмен дәл осында қызметтік жұмысымыз түйісті. Ол Қызылорда арнайы экономикалық аймағы теледидарының төрағасы. Күнделікті жұмыс жүйесі бір арна бойымен жүріп жатты. Шаһар шырайы мен шайыр Шаһизаданың шығармашылығы шынайы түрде астаса берді.
Ежелден сүлейлер сүрлеуінен сарқыт алған ақынның екінші тынысы осында ашылды десе болады. Үлкен қаланың үміт оты ақын жүрегінде тербелді, қайнаған қоғамның бел ортасындағы қызу тіршілік тың туындылардың таптырмас тақырыбына айналды. Оның үстіне университетке Сыр елінің танымал азаматтары Бауыржан Омаров пен Амантай Шәріп қызметке келіп, Шаһизаданың шығармашылық диапазоны тіпті кеңейді. Оның бір үлгісі - қалалық телеарнаның қамту аймағы, тақырыптық талғамы өсіп, үлкен беделге ие бола бастады. Ұжымның ұйытқысы қазақ тележурналистикасын бір сатыға көтеріп, таңдаулы туындылары республикада топ жарып жатты. Өзі іріктеп алған ақын Әділ Ботпанов, мәдениеттің майталман өкілі Тілеген Бекарыстанов, Баян Құлтанова, жарқ етіп ерте сөнген Сахитжан Бермағамбетов секілді саңлақ азаматтар қатарға қосылды. Шәкеңнің шеберлік мектебінен шыққан сол шәкірттері талай биіктерді бағындырды, Сырдың бойында телевизиялық құрылымға деген қызығушылығы басым шығармашыл жастарды қалыптастырды. Біз етене араласу барысында Шәкеңнің шығармашылығын да тереңдеп тани бастадық. Жансарайы жауһар жырға толы ақынның алғашқы өлеңдері «Көктем тынысы» кітабына, сонан соң «Қарлығаш» топтамасына еніп, шабыт пен қалам құдіретін қанықтыра түскен екен. Ал «Байқоңыр», «Алтын қазық» өлеңдер жинағы оқырманның үлкен сұранысына айналып, арқалы ақын жаңа белеске жарқырап шықты. Қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен достығы, олардың шығармашылық бай¬ланысы кезінде қазақ-қырғыз арасында да елеулі із қалдырды. Соның жарқын белгісі, Шаһизада қырғыз ақыны Акбар Рысқұловтың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ өзінің өлеңдер жинағы қырғыз тілінде жарық көрді.
Ғасырдың беташарын ашқан Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шаһизада Әбдікәрімовтің Бішкекте басылған «Көк астындағы қағанат» өлеңдер жинағынан кейін Астанадан шыққан «Гладиатор» кітабы қолымызға тиді. Соның бәрі өлең деген құдіретке бас идіруге итермеледі. Бұл оның айшықты ақындық жолын айғақтайды. Санаңды сергіткен сардар өлең бүгінде руханияттың алтын қо¬рына еніп жатыр.
Ал енді Шәкеңнің мемлекет мүддесіне, қоғам өміріне қосқан еңбегі ересен. Соған сай абырой-атақтан да кенде емес. Омырауына «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденін тақты. Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласының құрметті азаматы. Ол екі шақырылымдағы Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты ретінде аймақтың өзекті мәселелерін шешуге өз үлесін қосты. Бюджет қаржысын ең жауапты салаларға бөлуге, облыстың қоғамдық-мәдени өміріне барынша қолдау көрсету үшін дауыс берді, ықпал етті.
Оқырманға ойлы кітаптары, көрермен аудиториясына телевизия саласындағы білікті менеджерлік қызметі арқылы жақсы танымал азаматтың тағы бір тамаша белесі бар. Ол - Қазақстан Ұлттық телерадио хабар таратушылар қауымдастығының президентіне сайлануы. Қазақстандағы тәуелсіз 22 телеарнаның басшылары тәуелсіз телерадио хабарларын тарататын стансалардың жұмысын одан әрі жандандырып, жетілдіре түседі деп Шәкеңе зор сенім артты.
Айтпақшы, «Күнікей қыздың» прототипі Майра Рахымғалиева екенін кейін білдім. Атыраулық арудың өлеңге өзек болуының өзі бір мәртебе. Ал жырдың мәтіні әдемі әнге ұласуы бойжеткеннің ұмытылмас бейнесін ақын жүрегіне қадап қойды. Бұл жастық алаудың сөнбес сәулесі еді.
Мемлекеттік қызметтегі руханият саласының өкілі болған соң мен өнер адамдарымен кө¬бірек араласып тұрамын. Ал мамандығы филолог шенеуніктің қаламгерлерге үйір болатыны өзінен-өзі белгілі. Әсіресе, жиырма жылдан бері қанаттаса қызмет істеп келе жатқан Шаһизада Әбдікәрімовке деген құрметім бөлек. Екеумізді ортақтастыратын тақырып жетерлік. Оған қоса ол бір кезде қалалық әкімдікке қызметке бірге келген Тұрар досым екеумізді ағалық ақ көңілімен үнемі аялайды. Мен оның бүгінде елге та¬нымал болған «Қоғам ТВ» телерадиокомпаниясын қалай аяғынан тік тұрғызғанын өз көзіммен көргендердің бірімін. Әдепкіде арнайы экономикалық аймақтың бұқаралық ақпарат құралы ретінде ашылған қалалық телеарна кейін тығырыққа тірелді. Қызылорда арнайы экономикалық аймақ мәртбесін жоғалтқан кезде көптеген қаржылық қиындық¬тар бой көтерді. Телерадиокомпанияны ұстап тұру қалалық әкімдіктің өзіне оңай болмады. Шаһизада Әбдікәрімов сол кезде осы ақпарат құралын өз күшімен сақтап қалуға бел буды. Ол еңбегі толығымен ақталды.
Қазір «Қоғам ТВ» нарықтың заманына бейімделген, материалдық-техникалық базасы жетілген алдыңғы қатарлы мекемелердің біріне ай¬налды. Телеарнаның шығармашылық ұжымы тұрақты. Осыдан жиырма жыл бұрын қыз¬метке қабылданған қыз-жігіттердің біразы әлі күнге дейін сонда жұмыс істейді. Бұл құрылтайшының қарамағындағыларға аса жайлы екенін көрсетеді. Оның тележурналистері тек Ақмешіттің айналасында қалып қоймайды. Алыс сапарларға жиі шығады. Құрал-сайманын арқалап, Қызылорда мен Құрама Штаттардың арасында жортып жүреді.
Олар Шәкеңнің шығармашылығынан, ал Шәкең болса, өзінің поэзиясынан нәр алады. Ақын құрылтайшы басқаратын телеарнаның сайыпқырандары сөздің күріші мен күрмегін ажырата біледі. Соларды өмір бойы баулып келе жатқан кейіпкеріміз өлең-жырға адал екенін былайша атап өтеді:
Талайымды өнерден көремін де,
Ойлаймын - жеңілем бе,жеңемін бе?!
Сен құлдықпен айқассаң аренада,
Мен сұмдықпен шайқасам өлеңімде.
Оянбаған көзінде намыс, үміт,
Кімге керек Суллалар қаны суық.
Мен де - бір гладиатор поэзияның
Парасатын қорғайтын жан ұшырып...
Осыны санасына сіңірген «Қоғам ТВ» сарбаздарының әрқайсысы журналистиканың гладиаторы болуға ұмтылады.
Шәкеңнің өз поэзиясына аса жауапкершілікпен қарайтынын жақсы білемін. Мұның мысалдарын көптеп келтіруге болады. Бірде ол бір топ жас әріптестерімен әңгімелесіп тұрыпты. Жаңа заманның жас ақындары шетінен желдей еседі. Бірінен соң бірі екіленіп өлең оқиды. Бірі газетке өлеңі басылғанын, екіншісі кітаптары тоқтамай шығып жатқанын айтып, жетістіктерін тізбелейді. Үшіншісі өлеңді қиналмай жазатыны, шабыт деген оны үнемі айналсоқтап жүретіні туралы әңгімелейді. Сол кезде Шәкең: «Рахат қой сендерге. Өлеңді жазғыларың келсе, жаза саласыңдар, газетке беріп, кітап шығару да өздеріңе түкке тұрмайды. Ал мен қатты қиналамын, өлең жазу деген мен үшін ауыр азап, қиямет-қайым!» депті. Осы тұста екпіні тау жығардай жас шайырлар «Ойбай мына ағамыз не деп кетті?» деп құлағын тіге қалыпты. «Неге?» деп сұрамай ма сосын. Сонда Шаһизада ақын: «Сендер өлеңді қағазға жазасыңдар. Ал мен жырды тасқa қашап жазам!» депті.
Бұл аз жазса да саз жазатын, жүрегімен жырлайтын ақынның өмірлік ұстанымы екеніне ешкімнің таласы жоқ.
«Суреттерім арқылы қателігін түсініп, райынан қайтқандар болды» атты сұқбатта қылқама шеберімен ой бөліседі.
Аңсаған Мұстафа - суретші, иллюстратор. республикалық отбасылық «Ақ босаға» газетінің көркемдеуші редакторы. Алматы қаласындағы сурет колледжінің, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы графикалық дизайн бөлімінің түлегі.
- Қоғамдағы әлеуметтік проблемаларға арналған графикалық суреттеріңіз әлемді шарлап кетті, тіпті, кейбірі қызу талқыға түсуде. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін сурет арқылы жеткізу қаншалықты тиімді?
- Сурет арқылы адамның көп уақытын алмай, айтатын ойыңды тезірек жеткізуге болады. Бұл - үнсіз-ақ айтарыңды айта аласың деген сөз. Шығармашылығымдағы негізгі мақсат - жастарға ұлттық тәрбиені насихаттау болғандықтан әлеуметтік проблемаларға арналған суреттерімді қазақи оюлармен безендіріп, онда қазақша жазуға тырысамын. Алайда ғаламтордың ғаламат күшімен шекара асып кеткен туындыларым бар. Осыған қарап біздің елдегі жастардың мәселесі өзге мемлекеттерде де бар екен деген ойға келемін.
- Әлеуметтік желілерге жариялаған шығармаларыңыздың ішінде халықтың ықыласына көбірек бөленгені қайсысы болды?
- Ең көп таралғаны - «Мамам мені өлтіретін шығар» деген суретім. Он шақты тілге аударылып, әлеуметтік желілерде, сайттарда талқыланып жатқанын көрдім. Қатты қуандым, бір өкініштісі, аты-жөнім қиып тасталынған. Суреттерімнің авторлық құқығын қорғау керектігімді білемін. Дегенмен, менде бір-екі емес, екі жүздей сурет бар. Олардың бәрінің құқығын қорғау үшін қаражат керек, барлығын бақылауға алу қиын. Сондықтан жастар менің шығармашылығым арқылы ой түйіп, жамандыққа жуымай, жақсылыққа ұмтылса, соның өзін жетістік деп білемін.
- Балаларға арналған жаңа әліппе жасап шығарыпсыз. Сенсорлы гаджеттерге жүктелген қосымша әліппені үйренуге қаншалықты баулиды деп ойлайсыз?
- Интернетте «осындай идеям бар, ол үшін бір әнші, бір компьютер маманы керек» деген болатынмын. Төрт адам суырылып шықты, «қатырамыз, балалар үшін жасаймыз!» деп. Оларға 42 әріпке салған суреттерімді жібердім. Қазақ балаларына қазақша тіл ашуды, қазақша ойлатуды үйрететін осы дүние қолданысқа енсе, керемет болар еді бұрыннан армандайтынмын. Себебі қазіргі заманда балалар кешке дейін телефонға телміріп отырады. Қарап отырмай, қазақша бір әріп үйренгенінің өзі өздеріне жақсы ғой деген ой ғана менікі.
- Шет елдерде қоғамға қажетті жобалар жақсы қаржыландырылады. Ал біздің елде қаншалықты қолдау бар?
- Ешқандай қолдау көрмедім. Айтатын ойымды ғаламтор арқылы-ақ жеткізуге тырысамын. Ең бастысы, БАҚ өнерімді, бастамамды қолдаудан кенде емес, бірақ үкімет үнсіз. Маған жастарға ойымды жеткізсем, сол да жетеді. Отанды сатпасын, жаман жолға түспесін, әке-шешелерін қарттар үйіне тастамасын деген сияқты мәселелердің азайғаны дұрыс.
- Суреттерді түрлі-түсті бояумен салуға қалай қарайсыз? Әлде осылай ерекшеленгіңіз келді ме?
- Түрлі-түсті бояумен салынған суреттер, әрине, әдемі шығар еді. Бірақ әдемі түстер айтайын деп отырған ойдан көзді алдап бұрып әкете ме деген себептен ақ-қара болғаны дұрыс деп шешкенмін кезінде.
- Суретті салып қана қоймайды екенсіз, тақырыптары да неше түрлі. Өзіңіз тауып қоясыз ба? Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты идея қалай келді?
- Әрине, өзім қоямын. Ал Қазақ хандығына арналған 55 суреттің идеясы фейсбук желісінде пайда болды. Бір сурет салып, осы сурет 550 лайк жинаса, жазға дейін 55 түрлі жейденің дизайнын жасап берем деген болатынмын. Лезде 1 000 лайктан асып кетті. Жазға дейін 55 түрлі дизайн дайындап, «Шашу» атты көрме ұйымдастырып, осылайша суреттерді шашып жібердік. Жастар әлі де «abai.kz» сайтынан алып, жейделеріне бастырып, киіп жүр.
- Қазақта иллюстраторлар санаулы ғана. Ол үшін адамға қандай қасиет керек?
- Еңбекқорлық керек шығар, сосын үнемі елде қандай жаңалық болып жатыр, соны бақылап отырған маңызды. Жазда қыстың суретін салып, қыста жаздың суретін салсаң, ешкімді елеңдетпесің анық.
- Сіздің дүниелеріңіз арқылы ақылға келіп, «Мен қателігімді енді түсіндім, рақмет!» дегендер болды ма?
- «Мамам мені өлтіретін шығар» деген сурет жасанды түсік жасаймын деп шешкен, бірақ оған қолы бармай, жылап жүрген екі қызды тоқтатқан екен, біреуі бөпесінің фотосын жіберді. Қатты толқыдым. Яғни мен осы жағдайда мақсатыма жеткенім.
- Туындыларыңызға сұраныс қандай? Сатып алғысы келгендер бар ма? Оларға не айтасыз?
- Енді сатуға арнап мағынасыз әдемі сурет салмасам, әлеуметтік тақырыптағы суретті ешкім сатып алмайды. Күн көру үшін көбелек, жылқы, тау, тағы сондай бірдеңелер салу керек шығар.
- Әңгімеңізге рақмет. Әлі де көкейге ой салатын туындыларыңызға куә болуды бұйыртсын!
«Әбіш Кекілбайұлының поэзиясы» атты мақалада филология ғылымының докторы, профессор Бағдат Кәрібозов заманымыздың заңғар жазушысының поэзия әлеміне жан-жақты талдау жасайды. Өлең өлкесіне ұмтылған жастар мен оқырманға танымды еңбектің берері көп.
...Қазақ әдебиетінің тарихында қазақ поэзиясының ерекше дәуірлеген кезеңі өткен ғасырдың 60 жылдарына тура келеді. Бұл жағдайдың басты себебі 1956 жылғы СОКП-ның ХХ съезінде жасаған Н.С.Хрущевтің баяндамасынан кейін «жылымық» аталған жылдардағы КСРО құрамындағы ұлттар мен ұлыстардың әдебиеті мен өнеріне шығармашылық еркіндік берілуі еді. Басқа да ұлттардың әдебиеті мен өнеріндегі сияқты қазақ әдебиеті мен өнерінде де ерекше өрлеу, даму үрдістері болды. Заман, қоғам шындықтарын тереңнен толғап, ашып суреттеген кемел тарихи романдардың, сондай-ақ, күрделі күрмеуге, шытырман шиеленіске толы драмалардың алғашқы легінің жарияланып, қоғамда үлкен дүмпу туғызған уақыттары осы кезеңге тура келді.
Қазақ поэзиясында да жаңарулар мен жаңғырулар, мазмұндық, түрлік жаңалықты сипаттар осы уақыттарда ерекше байқалды. Әсіресе, қазақ лирикалық поэзиясындағы соны серпін, өзгеше өрлеу жауыннан кейінгі көктей дүр ете қалып, көзге ерекше көрінді. Осы жылдардан бастап қазақ өлеңінің философиялық тереңдігі арта бастады, поэзияның уақытпен үндестігі - публицистикалық сипаты молайды, ақындарымыз мазмұн, түр жаңалықтарына жиі барды, әдебиетіміз, өлеңіміз ұлттық дәстүрге бірыңғай бет бұрды. Өздерінің шығармаларымен қазақ әдебиетінің тарихынан мәңгілікке орын алып қана қоймай, оның ілгерілеуіне, дамуына айрықша үлес қосқан бір топ таланттар шоғыры: Қ.Мырза-Әлі, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Ж.Нәжімеденов, Ф.Оңғарсынова және тағы басқалар әдебиетке осы уақытта келді. Осылардың бел ортасында Ә.Кекілбайұлының есімін атасақ, артық болмас еді. Өйткені Ә.Кекілбайұлының да әдебиетке өлеңмен, поэзиямен келген уақыты осы жылдарға тура келді. Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінен бастап, бүкіл поэзиясына дендеп қарағанымызда оның саңлақ суреткерлігінің, асқан ақындық қабілет-қарымының сол кездің өзінде-ақ ерекше байқалғаны - бұл біріншіден, екіншіден егер кейіннен Ә.Кекілбайұлы проза мен драмаға ден қойып кетпей, бірыңғай поэзиямен айналысқанда оның мықты ақын боларына ешқандай күмән жоқ еді. Бұл айтқандарымыздың шындығын оның өлеңдерімен дәлелдеуге болады.
Жалпы лирикалық поэзияның күші суреттілігінде, яғни ақынның сөзбен сурет сала алуына байланысты дер болсақ, Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінің өзі бұл қалыпты айрықша танытады. Ақынның «Туған жер» (1959) деп аталатын өлеңінде:
Өстім, қырда, қиырда,
Естімей орман шуылын.
Жүзімді қақтап құйынға
Селеудің тыңдап суылын.
Теңізден шетпін бұрқақты,
Тәнімді толқын көмбеді.
Сусай қалсам, су тарттым
Шыңыраудан шөлдегі.
Тақырға асық иірдім,
Құмақта қудым қозыны.
Күн жеп қойған киімнің
Иықта кеткен тозығы.
Өлеңнің лирикалық кейіпкері өзі туралы айтып отыр. Өлеңде өмірбаяндық дерек бар. Бірақ бұл жай сөз емес, табиғат суретіне, пейзажға сүйенген сөз және бір ғажабы қолмен қойғандай, анық, дәл, әсерлі және әдемі сөздер. Осы жерде суреткерлік қабілет, ақындық талант, оның өзіндік ерекшелігі мен даралығы төңірегінде бір көш әңгіме айтуға болар еді. Өлең шумақтары субъектіленген, сезімге суарылған, табиғат суреті, бөлшегі, құбылысы бұл жерде екінші орында, фон ретінде ғана алынған.
Өлеңді бастан аяқ оқып болғанымызда алған бірінші әсер ақынның көңіл-күйіне, айтпағына табиғат суреті - пейзаждың әсем үйлесіп, өлеңнің құрғақ сөзге емес, сезімге суарылған табиғат суретіне малынып тұруы арқылы оқырманды жіпсіз байлауы мен баурауы. Екінші әсер бұл өлең кім-кімнің болса да туған жерін еске түсіреді, сағыныш сезіміне бөлейді. Осылайша өлең мақсатына жетті, бітті. Нағыз өлең, ұлы суреткерлер ғана дүниеге әкелетін көркем шығармалар осылай болса керек-ті.
Әдебиеттанушылар өлеңдегі лирикалық кейіпкердің автобиографиялық және автопсихологиялық сипатты болып келетінін айтады. «Туған жердегі» автобиографиялық сипат байқағанымыздай, жалаң өмірбаян емес, өмірдің барша сұлулығын кере¬меттей табиғат суреті арқылы тамашалата ала¬тын жанды, суретті өмірбаян болғандықтан кез келген оқырманды толқытады, тебірентеді. Ә.Кекілбайұлының, бір ғажабы, ұлы суреткерлік қыры осы табиғат тақырыбына жазылған алғашқы өлеңдерінен-ақ тайға таңба басқандай анық танылды дейтініміз сондықтан. «Алматыда, күздікүні, бульварда» (1959) деп аталатын өлеңінен үзінді:
Теректер де жұлдырыпты кекілді,
Тауда тұман тастан тасқа секірді.
Күз жауыны тарсылдайды жер шұқып,
Жем іздеген жетім шөже секілді.
Сабапты жел қайыңды көк жоса қып,
Жайратыпты қызыл гүлді қоса атып
Сар жапырақ тұра бермей бұтақта
Жатыр орнын жаңа бүрге босатып.
Өлеңнен байқағанымыз - көзбен көргенді сурет¬ке, өлеңге айналдырудағы дәлдік, шеберлік. Осы дәлдік арқылы өлеңнің шынайылығы байқалып қана қоймайды, сұлу суреттен туған сұлу сезім терең ойға жетелейді, өйткені өлеңде табиғат су¬реті, оның детальдары бәрі де жанды, тірі адамға айналып кеткен. Өмірде бәрі өткінші, мәңгілік еш нәрсе жоқ екен. Күздің келуі арқылы ақын осы өмір заңдылығын тағы бір еске түсіреді. Суреткерлік қарым-қабілеттің күштілігі сондай, сөзбен сурет салу мен табиғат суретіне ынтықтыру арқылы жан-жүрегімізді сұлу сезімге бауратады. Нәтижесінде күзбен бірге ордалы ойға келеміз. Аса дарынды суреткердің алғашқы туындыларының өзінде осындай қымбат қасиеттер бар еді. Өлең өнеріміздің философиялық тереңдігінің артуы дегеніміз, осылайша, Ә.Кекілбайұлы сияқты сирек таланттарымыздың алғашқы өлеңдерінде-ақ жүзеге асқан болатын.
Ұлы Абай «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деді-ау. Ә.Кекілбайұлы болса, жас кезінің өзінде-ақ:
Махаббат деген - ақырет,
Тыңдата ма, бірақ, қыз.
Бәйгеден жүрек аты кеп,
Қызығын көрдік бір-ақ күз.
Мен өкінбей қайтейін.
Жүректі қайғы даты жеп,
Қапаста қалдым шырақсыз.
Қас пен көздей жақын ек,
Жер мен көктей жырақпыз.
Мен өкінбей қайтейін, - деп жазды.
Әдебиеттанушылар әлемдік әдебиеттануда «медитивті» лирика деп атап жүрген өлеңдердің үз¬дік үлгісі - бұл. Қазақ әдебиетінде Ұлы Абай, Мағжан мен Қ.Аманжоловтан кейін «медитативті» лирикалық үлгілер жаңа бір сатыға, сапаға көтеріліп, әлемдік әдебиет деңгейінде 1960 жылдардан бастап көріне бастаса, осы сипат, үрдіс Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінен байқалды. Жоғарыдағы өлеңді махаббат лирикасы деп өте шығуға бола ма?! Жоқ, әрине! Бұл ақынның ішкі жан дүниесінің толғанысы, тебіренісі, сезім-сырлары, өз-өзіне сараптама жасай отырып, толғануы, ал бұндай жай-күйдің әрқайсысымыздың басымызда болып қалуы әбден мүмкін ғой. Ұлы ақын өзі туралы айтса, бәріміз, халық туралы айтқаны (В.Белинский). Лири¬калық кейіпкердің сезімі неғұрлым терең жырланса, одан туатын ой да соғұрлым биік, әсерлі, ықпалды болатынына жоғарыдағы өлеңдерді мысалға келтіруге болады.
Философиялық тереңдік дегенде астарлы сезімнің терең тағылымды ойға құрылуын және ойдың қарама-қарсы ұғымдардың салыстырылып, салғастырылып берілуі арқылы айтылмақ сыр мен сезімді ұштай, өткірлей түсуін айтамыз. Бұндай өлеңдердегі ой мен сезім кейде ұғымдардың са¬лыстырылуы арқылы берілсе, кейде бір-біріне қарсы қойылып та бейнеленеді. Мысалы, «қас пен көздей жақын ек, жер мен көктей жырақпыз» деген сияқтылар. Әдетте өлеңді жіктеп-жіліктегенде философиялық өлең деп топтастырып жатамыз. Шын мәнісінде тек ойдан ғана тұратын өлең болуы мүмкін емес қой. Егер өлең бірыңғай ойдан тұрса, ол өлең емес, трактат болған болар еді. Өлеңде ой мен сезім бір-бірімен астасып, астарласып қосөрім беріліп отырады. Сезімнің сирек сарабдалдығы мен терең ойшылдықтың қабысуы арқылы дүниеге келетін өлеңдердің қазақ поэзиясында 60-жылдардан бергі уақытта кең етек алғанын айтсақ, осы үрдістің басында Ә.Кекілбайұлы, Қ.Мырза-Әлі шығармаларының тұрғанын жасыра алмас едік.
«Медитативті» лирикалық поэзияның үлгілерінде лирикалық кейіпкер үнінің басым болатыны түсінікті, бірақ лирикалық кейіпкердің өлең өміріндегі өрісі, айталық толыққанды әдеби бейнеге айналуы не айналмауы, сондай-ақ тұлға деңгейіне көтерілуі не көтерілмеуі дегендердің әр ақын шығармашылығында әртүрлі болатынын айтсақ, шындықтың ауылынан алыс кетпейтініміз ақиқат. Мәселен, Ә.Кекілбайұлы жарыққа шығарған соңғы өлеңдерде лирикалық кейіпкер үнінің күрделеніп, жан-жақтылық таныта бастағаны, толысқан, сомдалған лирикалық бейненің тұлғаға айналғаны танылады. Бұл да, әрине, ақындық қуатқа, таланттың қарым-қабілетіне тікелей байланысты. Ә.Кекіл¬байұлының «Далиған, қайран, далам-ай» деп баста¬латын өлеңі - осы айтқандарымыздың дәлелі. Жалпы даланың қазақ поэзиясында символдық бейнеге айналғаны қашан, ақындарымыз даланы жырласа, қазақ деп қабылдайтынымызға көп болған. Ә.Кекілбайұлының даласы да көзге ыстық, көңілге жақын, жылы.
Далиған, қайран, далам-ай,
Жиылмайды-ау етек-жең,
Аңғал өскен баладай
Құқай көрмей бөтеннен, - деп басталатын өлеңде қазақ халқының мінезі, әдет-ғұрпы, салт-санасы кеңінен жырланады. Кеңдік, кең пейілділік, қонақжайлылық, меймандостық, аңқаулық, аңғалдық, сенгіштік, ақындық пен ақынжандылық, т.б. қасиеттеріміз өлеңде әдемі өрнектелген. Осы өлең¬нің соңы:
Аңырайған сол аузың,
Аңқаюмен өте ме,
Нұқығаны заманның
Аз болды ма шекеңе - делініп аяқталса, Қ.Мырза-Әлінің бір өлеңі де:
«Аңқау халық екенбіз ғой біз деген,
Астындағы атын алты ай іздеген,
Әттең, бабам маңдайынан аққан сор
Ақырғысы басымырақ жатқан соң, - деп аяқталады. Бұл екі ойшыл ақынның қазақ болмысын жырлаудағы ұқсастығы ғана емес, ой түйіндеу¬лері мен тұжырымдауларының бірлігі де. Ә.Кекілбайұлының лирикалық кейіпкерінің ұлт болмысы, халық та¬рихы мен тағдыры, жаратылыс, дүние-таным мәселелері туралы толғануы заңдылық. Өйткені ол - тегеурінділігі терең теңіздей талант иесі, оның лирикалық кейіпкерінің интеллектуальдық дәрежесі өте биік, жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Бұл айтқандарымызбен Ә.Кекілбайұлы қазақ поэзиясына терең ойлылық, дидактика-философиялық сарындар әкелген ақын болды деп қорытындылаймыз.
Ә.Кекілбайұлының қазақ поэзиясында, өлеңінде бұрыннан бар дәстүрді ілгерілетуші, дамытушы болғанына дәлелдер көп.
Жазғы күн шапағын,
Өшірді. Түн келді.
Қап-қара жамылып,
Дүние бүркенді.
Алыстан жарқырап,
Көк айдын көлбейді,
Қорқақ ши қалтырап,
Қоға бас тербейді.
Кезектес ұйқаспен беріліп, 6 буыннан құралған, 40 жолдан тұратын осы табиғат лирикасында қазақ поэзиясы үшін дәстүрлі жыр үлгісінің элементтері, ұлы Абай дәстүрі бірге қауышып, жаңа бір үндестік тапқан. Бұл өлең де табиғат суреті - пейзажға жан бітіре суреттеудің ерекше үлгісі.
Әлділер де туыпты,
Әлсіздер де туыпты,
Әлін білмес әлектер,
Әр дауды бір қуыпты». Осылай басталатын өлең 6 шумақтан тұрады. Ұйқасы қара өлеңге келгенімен, бұның буын саны 11 емес, 7.
Ә.Кекілбайұлының соңғы жылдары жазған өлең¬дерінде эпикалық қуат, айрықша ақындық тем¬перамент байқалды. Бұл сипаттың кездейсоқ құбылыс емесі түсінікті әрине. Біріншіден, осы уақыттарда Ә.Кекілбайұлы қаламынан небір ғажайып эпикалық дүниелер, әңгімелер, повестер, романдар дүниеге келді, яғни, ол аса дарынды прозаик екенін дәлелдеп үлгірген еді.
Ә.Кекілбайұлы қаламынан туған күрделі драма¬лық дүниелер де - осы жылдардың туындылары. Сондықтан өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Ә.Кекілбайұлы өлеңдерінде эпикалық, драмалық сипаттардың болуы заңдылық. Бұндай даму үдерістері, яғни әдебиет тектерінің бір-бірімен жым¬дасуы, жақындасуы, бір-бірінің заңдылықтарын өз бойларына қабылдай бастауы ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі әлем әдебиетіне тән жағдай болатын. Әдебиет пен өнердің өз заңдылықтарына сәйкес, стихиялы түрде осылайша дамуы күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан құбылыс.
Ә.Кекілбайұлының «Түс пен жору» (1999) деп аталатын өлеңі: Алпысыншы жылдар. Жазушылар Одағы. Үшінші қабат үйдегі
Сол жақ қанат. «Қазақ әдебиеті». Қоңыржай бөлме түптегі.
Алпамса ақын. Талдырмаш сыншы. Тамақ үсті. Түс кезі.
Екеуара әңгіме. Сөйлеген бала. Тыңдаған жігіт. Көлгірсіген ешкім жоқ -делініп, 75 жолға созылған. Өлеңнің әр жолы 19-20, кейде 21-23 буыннан құралады. Өлең мазмұны лирикалық кейіпкердің яки ақынның қазақ поэзиясының дарынды өкілі М.Мақатаевқа түсін айтуына, жорытуына құрылған. Өлеңде әңгіме элементі, яғни эпикалық сипат басым. Көлемді, ұзақ, әр жолы 19 буыннан кем емес бұндай өлеңдердің де қазақ әдебиетіндегі бастауы сол 60-жылдардан тамыр тартады. Т.Айбергеновтің «Аруана бауыр дүние», «Сағыныш» деп аталатын өлеңдері тым ұзақтығына, әр жолының кемі 19 буыннан тұратынына қарамастан, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленгені белгілі. Кейіннен бұл дәстүр М.Шаханов шығармашылығында жал¬ғасты. Ә.Кекілбайұлының 90-жылдардың аяғында жазылған «Түс пен жору» сияқты бірнеше өлеңдері осы дәстүрді жалғастырып ғана қойған жоқ, дамытты, тереңдетті. Өлең-жырдағы эпикалық қуаттылық әдебиетіміздің ұлттық дәстүріне сыйым¬ды құбылыс болғандықтан, түптеп келгенде, бұндай жағдай қазақ өлеңінің ұлттық дәстүрге бет бұрып, дамудың даңғыл жолында келе жатқанын да дәлелдейді.
Ә.Кекілбайұлының осы жылдардағы жазған өлеңдеріндегі тағы бір ерекшелік - қанасына сыймай, ағылып-төгілген, асып-тасқан сөз нөпіріне, нөсеріне толы болуы.
Мысалы:
Қалайсың»-дейді қиылып, «Отырмын»-деймін бұйығып.
Барады жүрек жиі ұрып, барады сабыр сұйылып,
«Бері кел»,-дейді қысылып, «Жарайды»-деймін түңіліп.
Түндігін үйдің түсіріп, зәремді түн ұшырып,
Есігін зорға тапқаным, ентігіп зорға аттадым.
Босағадан аспадым, төрге қарай баспадым,
Түрінің көріп аппағын, сұсының көріп қашқанын,
Немене болып қалды деп, қаралай әбден сасқаным.
Жалма-жан оған ұмтылдым, «жолама» деп жұлқынды,
Тежеп-тентек құлқынды, кеуде тұсым бұлқынды,
Томпайтып алып ұртымды, бере алмай қызға сыртымды
Томсырайып мен тұрдым, тымсырайып ол тұрды.
Осындай экспрессивті түрде баяндалатын ұзақ-ұзақ шумақтардың не бір асыл сөздерге, бейнелерге, бейнелілікке толы болып келіп отыруы Ә.Кекілбайұлының ақындық, суреткерлік қырының ерекше сипаты күйінде қазақ поэзиясының соқталы мазмұны болып әр уақыт қала бермек. Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағыдай өлеңдерде драмалық сипат: сұхбат, әңгіме элементтері де бар. Бұның барлығы ақын Ә.Кекілбайұлы шығармашылығының сан қырлылығын, күрделілігін көрсетеді. Төгіліп тұрған сезім мен ортаймайтын ой ағынын құйылып тұрған асыл сөздер арқылы бере отырып, өлең нысанындағы адам, зат, құбылыстың бәрін де үздіксіз қозғалысқа түсіру, сөйте отырып қоршаған орта, әлем барлығына жан бітіре суреттеу - бұл енді ақын Ә.Кекілбайұлына тән стиль болатын.
Көріп отырғанымыздай, Ә.Кекілбайұлының ақындығы туралы айтқандығы есімізде болуы тиіс бір нәрсе - оның жоғарыда мысалға алынған өлеңдеріндегі жаңа леп, үн, қарқын. Өлеңдегі ұлы Абай дәстүрін, лирикалық поэзияның әлемдік тәжірибесін толық әрі терең меңгерген ақын Ә.Кекілбайұлы тыңнан түрен салғандай қазақ өлеңіне жаңа бір эксперимент жасап көргісі келген сыңайлы. Жоғарыдағыдай өлеңдер лирикалық поэзияның классикалық анықтамасына тура келе бермегенімен, бізге өте таныс, жат емес, жақын. Бұл жерде ақын қазақ поэзиясындағы дәстүрлі жыр үлгісін жаңғыртып, жаңартып бұларға лир謬калық сарын қосып, өзіндік жол салғысы келгендей көрінеді. Қалай болғанда да, бұл стиль әдебиетіміздің, өлеңіміздің ұлттық дәстүріне бөтен емес. Соны серпін, аса қуатты ақындық темперамент, эпикалық құлаш, Құрманғазының күйлеріндегідей дауылды, асқақ қалып, төгіліп-құйылып тұратын нөсер жаңбырдай сұлу сөздердің тасқыны - бұлар ақын Ә.Кекілбайұлының бітім-болмысындағы ерекше қырлар. Жалпы өнерпаздың стилі туралы айтқанда, оның табиғи бітім-болмысын бірінші кезекте есте ұстауымыз керек-ақ. Сондықтан ақын Ә.Кекілбайұлы, жазушы Ә.Кекілбайұлы, драматург Ә.Кекілбайұлы дегендердің алдында адам Ә.Кекілбайұлы тұрғанына ден қойсақ, Алла тағаланың Ә.Кекілбайұлын басқалардан артық жаратқанына ешкім таласа қоймас.
«Индустриялық нысандар аймақ экономикасына жұмыс жасайды» мақалада өңірдегі индустрияландыру бағытындағы бірнеше кәсіпорынның тыныс-тіршіліг баяндалады.
...Қызылорда облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен депутаттар қаладағы бірқатар индустриялық нысандардың жұмысымен танысты. Алдымен "РМЗ-Шапағат" ЖШС-на қарасты үй құрылысы комбинатында болған халық қалаулылары кәсіпорынның атқарып жатқан жұмысына жоғары баға берді.
Құрылыс материалдары өндірісі - ел экономикасының аса маңызды салаларының бірі. Осыған орай Қызылорда қаласында салынған үй құрылысы комбинаты жобасының жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын тұрғын үй құрылысына қажетті сапалы өнім шығаруда неміс технологиясын пайдалануда. Яғни, зауыт әлемге танымал «WEILER» компаниясының құрылғыларымен жабдықталған. Комбинат бетон-қабырға, баспалдақтар, әр түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен биіктігі 12 метрлік колонналар және тұрғын үй құрылысына қажетті өзге де материалдарды шығаруда. Айта кетейік, плиталар 120 метрлік қос қалыпта құйылып, тапсырыс берушінің сұранысына сай кесіледі.
Қызылорда облысы үшін тұрғын үй құрылысы өндірісінің маңыздылығы жоғары. Себебі, соңғы жылдары Сыр өңірінде құрылыс қарқын алып отыр. Ал осы құры¬лысқа қажетті материалдың дені бұған дейін өзге аймақтардан тасымалданып келген еді. Бүгінде бұл мәселе де өз шешімін тауып, аталған кәсіпорынның дайындаған өнімін облыс аумағындағы құрылыс жұмыстарына пайдалануда. Ең бастысы, өндірістің өнімі сапалы әрі бәсекеге қабілетті.
Өңірімізде соңғы жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған бірқатар жобалар облыс экономикасының алға өрлеуіне өз ықпалын тигізуде. Солардың қата¬рында "Хуа Ю Интернационал в Кызылорде" ЖШС да бар. Химия реагенттерін өндіретін компанияның өнімдеріне облысымызбен қатар еліміздің басқа да аймақтарынан сұраныс түсуде.
"Хуа Ю Интернационал в Кызылорде" - аймағымыздағы мұнай өнімдерін өндіруде пайдаланатын химиялық реагент шығаратын маң¬дайалды компания. 2009 жылы іргетасы қаланған кәсіпорын жылына 2 мың тонна химиялық реагент өндіреді. 2014 жылы аталған мөл¬шерде химиялық реагент өндірсе, өткен жылы 1,5 мың тонна өнім дайындады. Ал кәсіпорын ағымдағы жылдың 8 айында жалпы құны 607 млн теңгені құрайтын 978 тонна өнім шығарса, жыл соңына дейін өндірілген өнім көлемін 1,6 мың тоннаға жеткізуді жоспарлауда. Мұнда дайындалған химиялық реагенттер мұнай құбырларының шіруін, коррозияға ұшырауын, қақ тұруын төмендетіп, пайдалану мерзімін ұзартады. Сонымен қатар мұнайды судан айырып, таза дайын өнім шығарады. Компанияның өндірген өнімдері мұнай саласында үлкен сұранысқа ие болып отыр.
Облыстық мәслихат депутаттары «Жан-Арай» ЖШС агроөнеркәсіп кешенінің жұмысымен де танысты. Кәсіпорын негізінен күріш жармасын, түйіршіктелген құрама жем өндірумен, халықаралық стандарттар бойынша күрішті ақтаумен айналысады. Осыған орай, агроиндустриялық кешен күріш ақтау зауытынан және құрама жем өндіру зауытынан тұрады. Зауыттардың жобалық қуаты тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіруге және 150 тонна күріш ақтауға лайықталған. Бақдәулет Мақашов басшылық ететін кәсіпорын жұмысын облыстық мәслихат депутаттары жоғары бағалады. Серіктестік басшысы зауыт ішінен макарон цехын ашатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол қаражат мәселесі де шешіліп тұрғанын атап өтті. Жобаның жалпы құны 470 млн теңгені құрайды. Тиісті қаражатқа алдымен Оңтүстік Кореядан сапалы құрал-жабдықтар сатып алынады. Бүгіннің өзінде кәсіпорын тауарына бірқатар шет мемлекеттер қызығушылық танытып отыр.
Мұнан соң халық қалаулылары аймағымыздағы автобус паркiнiң құрылысымен танысты. Қалалық автобус паркінің құрылыс жұмыстарына ЕҚДБ-дан бөлек, жергілікті бюджеттен 6,92 млн доллар бөлінген болатын. Қазіргі таңда жұмыстың 73 пайызы бітіп тұр. Мамандар аталған нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Нысан ел игілігіне берілген жағдайда 500 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
«Балалар хирургиясының киесі» атты мақала әлемге әйгілі балалар дәрігері Камал Ормантаев жайлы жан-жақты жазылыпты. Оның өмір жолы мен кәсіби жетілу жолдары, жеткен жетістіктер, адами болмысы туралы айтылған.
...Бұрын ата-бабамыз «Балалы үй базар» деген сөзге шаңырағы мен босағасы берік, үйі күлкіге толы, дастарқаны мол, пейілдері кең, отбасы ошақ қасы берекелі деген мағына бергені белгілі. Жалпы, адамзат нәрестенің іңгәсі, сәбидің күлкісі, балдырғанның бал тілі, балаларының қызығы үшін малын да, керек болса, жанын да садақа қылған ғой. Тегінде адамзаттың ұрпақ жалғастығы, қоғамның өркендеуі, елдің болашағы мен мемлекеттің қауіпсіздігі тікелей балалар денсаулығына байланысты екені ақиқат. Бірақ өмір болған соң әркімнің көзінің қарашығындай көретін балалары, егеменді елдің ұрпақтары ауырмай тұрмайды, солардың ауруларын дер кезінде анықтап емдейтін жалпы педиатрияның бірегей саласы - балалар хирургиясы.
Осы салада 60 жылға жуық күн демей, түн демей мұзбалақ болып, балалар хирургиясының жалынына шарпылып, отына күйіп, мыңдаған балаларға шипагер болып, ата-аналардың құрметіне бөленіп жүрген жандардың бірі, Казақстан балалар хирургиясының негізін өз қолымен қалап қара шаңырақ дәрежесіне көтерген, бүгінгі күні Қазақстандағы балалар хирургиясының аты аңызға айналған абыз атасы болып саналатын медицина ғылымының докторы, ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР ҰҒА академигі, Ормантаев Камал Сәруарұлының еңбегі ұшан теңіз.
К.Ормантаев 1936 жылдың 11 қарашасында қасиетті Сыр өңірінде Қармақшыдан 20-25 шақырым жердегі Байзақ және Жайлау тоғайының ортасында орналасқан Калинин совхозының Қорқыт стансасынан 15 шақырымдай ауылында дүниеге келген.
Сәруар ақсақалдың Камалдан бұрын дүниеге келген 3 ұл баласы мен 3 қызы сәби кезде¬рінде әртүрлі аурулармен ауырып, шетінеп кеткен екен. Балалары тұрмай өле берген соң анасы екіқабат ке¬зінде жатырындағы шаранаға мерейленіп, тілеуін тілеп, бір балгерге барып жолығады. Ол кісі: шырағым, ұл туасың, атын Камал қой. Одан кейін тағы бір ұл туасың, оның атын Самал қой деп батасын беріпті. Сол көріпкелдің айтқаны келіп, бүгінгі абыз ақсақал Камал мен бауыры Самал жарық дүниенің есігін ашқан екен.
Балалық-балдәурен шағы 1932-1933 жылдарғы аштықтан кейінгі заман мен Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыртпалыққа тұспа-тұс келіп, жалаңаяқ, жалаңбас болып туған ауылында өтеді. Әкесі Сәруар елін, жерін жаудан қорғау үшін, күші басым фашист басқыншылармен жанпидалықпен Сталинград қанмайданында соғысқа қатысқан. Жарақат алып оралған.
1942 жылы анасының кітап пен нан салуға арнап тігіп берген дорбаны көтеріп, ауылдан екі шақырым жердегі бастауыш мектепке барады. Мектепке, өзі айтпақшы - «дұрыстап та бармайды, үйден сабаққа деп шығып кетіп, жолда ойнап, қарным ашқанда нанымды жеп, мектептен қайтқан балалармен үйге қайтатынмын, тек әкем «бұл болмайды» деп бірде ұрысқан соң ғана оқуға бет бұрып, үздік оқитын балалардың қатарына қосылдым» деп еске алады балалық шағын.
Орта мектепті Қармақшыда Жүніс деген туысы мен ұлты шешен молданың, кейіннен мектеп интернатта тұрып оқып, 1953 жылы үздік бітіріп шығады.
Адам болатын бала алысқа қарайды дегендей, қазақша тәрбие алған, қазақ мектебін бітірген, орыс тіліне шорқақ жасөспірім Камал өткен ғасырдың 50-жылдардың басында бойдағы талап жетегі арқасында, оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ екенін түсінген күш-жігердің айдауымен өмірі көрмеген Алматы қаласына, ондағы Мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түсуге бел буады. Медицина институты, оның ішінде педиатрия факультетін таңдау әке тілегі, яғни кеңесі болған. Ол кісі: «балам, сен Алматыдағы медицина институтына оқуға бар, өйткені сенің алдындағы бірге туған 6 бауырларыңның шетінеп кеткенін өзің білесің, екіншіден, мен қанды соғыста әскерлердің жанын алып қалған дәрігерлердің ерен еңбектерін көп көрдім, адамға өмірден басқа қымбат нәрсе жоқ», - дейді. Ол заманда Әке тәрбиесін көрген, Әке сөзі мен тілегін бұлжытпай орындау қазақ жастарына тән қасиет еді ғой. Сөйтіп, Қармақшыдан 1953 жылы бір мектепті бітірген 13 бала Алматыға, бәрі медицина институтына оқуға түсуге аттанады. Орыс тілінде әупірімдеп емтихан тапсырып, оның ішінде орыс тілінен шығарма жазып, ауылдан келген 13 баланың арасында тек Камал Сәруарұлы арманына жетіп, оқуға түседі. Ол кезде оқуға түсу әркімнің маңдайына жазыла бермейтін бақ десе де болады.
Сонымен орысшасы шамалы студентке бастапқы оқу жылы өте қиын соғады. Сабақ түгелімен орыс тілінде, оған қоса латын тілін меңгеру керек. Бірақ қайсарлығы бар, мінезі бар, қабілеті бар, талабы таудай студент бірінші курс емтихандарынан үздік деген баға алып, екінші оқу жылынан бастап жоғарғы стипендия ала бастайды.
«Бала анадан екі түрлі мінезбен, бірі - ішсем, жесем, екіншісі жан құмары - білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген талаппен туады» деп Абай атамыз айтқан ғой. Соны білген Камал қиындықтың бәрін шыдап, бірінші курстан бастап ойлаған мақсатына жетуге белсене кіріседі. Профессорлар П.П.Исаев, М.С.Саулебекова, С.О.Глозман, Х.Қ.Сәтпаева, М.И.Брякин басқарған анатомия, биохимия, патологиялық физиология, хирургия кафедраларындағы студенттік ғылыми үйірмелерге белсене қатыса бастайды. Ғылымға тояттай бастаған, білім алудан, ғылыми ізденуден жалықпаған Ка¬мал бесінші курста қазіргі Нижний Новгород, алтыншы курста Саратов қалаларындағы КСРО студенттерінің ғылыми форумдарында баяндама жасап, онда Одақтың балалар хирургиясының негізін салушы профессор С.Д.Терновскийден батасын алады. Осылардың барлығы білімге, ғылымға деген құштарлығын өршіте түседі. Сонымен К.Ормантаев 1959 жылы АММИ балалар емдеу факультетін «қызыл» дипломмен тәмамдайды.
Балаларға деген мейірбандығы, ішкі сезімталдығы, сәбилердің жанын түсінетін жүрек нәзіктігі - аузынан ана сүті кеппеген, белінен бесік табы кетпеген балалардың хирургі болуға басты себеп болады. Жас жігітке бұл талғам ана сүті мен әкесінің тілеуінен дарыған болар. Ойлаған мақсатқа жету жүрек ісі ғой. Жалпы, К.Ормантаевтың қазіргідей болып қалыптасуына білімді, адамгершілігі зор, өмірлік тәжірибесі мол танымал адамдардың септігі көп тиеді. Жас маманның білім мен ғылымға деген ынталығын көрген доцент Ф.Х.Мұсабаева «Бұлақ көрсең - көзін аш» деген қағидаға сай К.Ормантаевқа балалар хирургиясына мамандығы бойынша, сол кездегі белгілі ғалым, профессор М.И.Бря¬кин басқаратын ауруханалық хирургия кафедра¬сына ординатураға оқуға түсуге қолұшын созады. Ол кезде балалар хирургиясы әлі жеке сала болып бөлінбеген, сондықтан балалар үлкен адамдардың ауруханасында емделетін және операцияны үлкендердің хирургі жасайтын. Осы жылдардан бастап көкірегінің көзі бар Ормантаев Камал Сәруарұлы талмай ізденіс, ерінбей еңбектену, күндіз-түні балаларды емдеу мен ота жасауға машықтануды, ұйқысыз том-том кітаптарды, күрделі ғылыми еңбектерді үздіксіз оқуды әдетке айналдырып, жұмыстан рухани ләззат сезіне бастайды. Сол кезде-ақ балалар хирургі тек ота жасауға ғана емес, бұл мамандық өмірдің есігін жаңа ғана ашқан, өз иммунитеті жоқ, ағзаларының морфологиялық құрылымы мен қызметі жетілмеген, сыртқы ортаға енді ғана бейімделе бастаған нәрестелер мен оңы мен солын аңғара білмеген, жан мен тән күйзелісіне ұшырап, ата-аналарынан ауыр халде ажырап, әркімнің бетіне үрке қарап, бойларын үрей билеген сәбилерді алғаш маңдайынан сипап, мейірімділік көрсететін, сырқатын дер кезінде анықтап, оларға тиімді ота жасап, балалардың болашақ тағдырын шешетін осы балалар хирургтары екенін, үлкендердің дәрігерлерімен салыстырғанда, ауруға шалдыққан бір баланы уатып, көз жасын құрғатқан үлкен сауап екенін түсінеді.
«Қайрат етер мезгілде, жүк көтерер нардай бол» деген қағиданы ординатурада оқу кезінде ұстам қылған жас маман талабын байқаған профессор М.И.Брякин оны аспирантураға қабылдайды. Нәтижесінде 1966 жылы «Балалардың миы шайқалуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл Қазақстанда балалар хирургиясы саласында және қазақ азаматы қорғаған ең бірінші кандидаттық диссертация болатын. 1965 АММИ балалар хирур¬гиясының ассистенті болып орналасады.
Тегінде адамның арманы неғұрлым биік болса, оны сәттілік те тосады дейді ғой. 1966 жылы қазан айында Қазақстанға Мәскеуден КСРО Медицина Ғылымы Академиясының Педиатрия ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик М.Я.Студи¬никин мен Медицина академиясының жоғарғы аттестациялау комиссиясының мүшесі, атақты ғалым, жоғарыда аталған ғылыми орталықтың балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі проф. А.Г.Пугачев келеді. Осы жерде ұйымдастырылған Ғылыми кеңесте Қазақстандағы балалар хирургиясының дамуы мен болашағы туралы К.С.Ормантаевтың жасаған баяндамасын тыңдаған профессор А.Г.Пугачев: сен жақсы баяндама жасадың, мен сені сыртыңнан білем, өйткені жақында ғана сенің кандидаттық диссертацияңды бекіттік, құттықтаймын, - дейді. Сенің талабың да, білімің де жақсы екен. Ғылым қуған адам ізденімпаз, табанды болуға тиіс. Қандай қиындықтар болса да, алға қойған мақсаттан таймау керек, біз жақында Одақ көлемінде бір ғылыми-зерттеу жұмысын бастайық деп жатырмыз, сен доктарантураға кел, - деп ұсыныс жасайды. Өзі ұнатып таңдаған мамандық рухани қанағаттандырғандықтан және төккен тері мен еткен еңбегі еш кетпегенін, білім асыл қазыналы сандық екенін, оны ашатын кілт еңбек екенін, адам мен адамды теңестіретін білім екенін, шабыт тек іздеген адамға жұғысты болатынын, ғылым басқа жазған талант пен ұзақ өмірдің арқауы екенін жете түсінген К.С.Ормантаев қуана бірден келіседі.
Сөйтіп, 1967 жыл 20 қаңтар күні Мәскеуге докторантураға аттанады. Бірақ көп ұзамай тамағы ауырып, аяғы күп болып ісіп кетеді, қаражат аздығы сезіле бастайды, оның үстіне Алматыдағы бала-¬шағасын сағынып, торығып, бәрін жиып қойып Алматыға қайтуды ойлап жүреді. Сөйтіп құбы¬лып жүргенде, ойда-жоқта Мәскеуде жүрген Қазақстандағы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректоры А.Апсаттаров пен кейіннен Алматы Мемлекеттік медицина институтының ректоры болған проф. К.Маскеев жолығып қалады. Оларға ойын айтады. А.Айдарханов ағалық жасап: «Әй, Камал, мұндай азын-¬аулақ қиындыққа шыдамай Алматыға қайтам дейсің, оның дұрыс емес, жұрт сені оқи алмай келді деп сөз қылады, Мәскеуге жердің үстімен келіп, астымен қайтасың ба, қазақ деген намысшыл халықпыз ғой, қой ондай ойыңды, жігер мен қайратыңды жанып, шыдап бақ, ақылымды тыңдасаң, еңсеңді түсірмей, оқуыңды жалғастыр», - деп кесіп айтады.
Сол сөзден кейін бойына тың күш бітіп, ғылымға деген құлшынысы бұрынғыдан да артып, алған бетінен қайтпай, 1971 жылы 35 жасында «Балалар өкпесінің екіжақты созылмалы іріңді ауруларын хирургиялық емдеу тәсілдері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. 1972 жылы профессор атағы беріледі. 32 жасында-ақ Алматы медицина инс¬титутының балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болады. Адамның көңілі ғылымға шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленеді, тез қолға түседі деген осы шығар. Сөйтіп, К.С.Ормантаев ғылым докторы, профессор, балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болып шыға келеді.
Жас ғалым өз бойындағы мол білім мен тәжірибесін тек болашақ педиатрлар мен балалар хирургтарын дайындаумен шектемей, балалардың көптеген туа және жүре пайда болған ауруларын анықтау, операция жасау жұмыстарына да белсене кіріседі. Өзгелерді үйретіп жүріп, өзі де тәжірибе жинай бастайды. Камал Сәруарұлының тікелей белсене араласуымен балалар хирургиясы пәнін педиатриялық факультет студенттеріне ғана емес, емдеу факультеті студенттеріне де оқыту жолға қойылды. Бүгінгі күні К.С.Ормантаев бірнеше мың дәрігерлер дайындаған ұлағатты ұстаз.
Балалардың хирургиялық ауруларды дұрыс анықтап, дұрыс емдеу, асқынулар мен тіпті өлім¬ жітімді мүмкіндігінше азайту мақсатында білімді жас мамандар дайындаудың қажеттілігін, жастар¬дың ғылымдағы жолын ашу, олардың еңбегін бағалау үлкен ғалымның парызы екенін жете түсінген Камал Сәруарұлы өз білімін, өзінің білімге деген сенімділігін жастарға уағыз айтып емес, үлгі көрсетіп, оларды ғылымға ынталандыра бастайды. Сөйтіп, алдына игілікті мақсат қоя білген ғалым Қазақстандағы балалар хирургиясының ғылыми-тәжірибелік мектебінің негізін қалайды, балалар хирур¬гиясы кафедрасын Қазақстандағы ғылыми- тәжірибелік және ұйымдастыру орталығына айнал¬дырады, оны КСРО деңгейіне көтереді.
Академик Камал Сәруарұлы нейрохирургия, травматология, комбустиология, урология, өкпе хирургиясы және т.б. салалары бойынша жаңа ғылыми-зерттеулер жүргізді. Басты көңіл балалардағы бас-ми жарақаттарына бөлінді. 20 жылдық еңбектің нәтижесінде К.С.Ормантаев мамандар ықыласына ие болған «Балалардағы ауыр бас-ми жарақаттары» атты тың, ғылыми ой тұжырымы толымды монография жазады. Ол 1982 жылы Кеңес Одағы «Медицина» баспасынан жарық көрді.
Жалпы, Камал Сәруарұлы ғылыми жетекшілігімен 16 докторлық, 120 кандидаттық диссертациялар қорғалады. Ол тек ғылыми атақ-дәреже емес, балалар денсаулығының өзекті мәселесін шешуге, балалардың өмірін қорғауға бағытталған ғылыми ізденістер. Ол 310-нан аса ғылыми жұмыстың, 40 әдістемелік нұсқаудың, студенттер мен дәрігерлерге арналған 4 оқулықтың, балалар хирургиясы бойынша кеңестік нұсқаулардағы 9 тараудың және «Балалардағы остемиелит кезінде сүйек өзегін жуу» (1979) және «Балалар травма¬тологиясы» (1978) атты екі монографияның авторы. Соңғысы ҚСР ДСМ әл-Фараби атындағы сыйлығымен марапатталды. Тегінде ғалымның жазған кітабының төрешісі сол саланың мамандары ғой. Жоғарыда аталған ғылыми еңбектер жоғары бағаланған деп айта аламын. Шәкірттерімен бірге ауыр жарақаттар мен әртүрлі себепті перитониттер мен өңештің хи¬миялық күйіктеріне және туа¬біткен даму ақауларына ота жасауда бірқатар жаңа әдістерін ойлап тапты және тәжірибелік жұмысқа енгізілді. Олар 22 өнертапқыштық куәлігі мен 5 патенті арқылы дәлелденді. Кейде К.С.Ормантаев балалар хирургиясы мамандығын таңда маса, бүгінгі күні еліміздегі балалар хирургиясының дамуы қандай дәрежеде болар еді деген де ой келеді. Еліміздің балаларының бақыты үшін жаралған адам шығар деп те жорамалдаймын.
1980-1985 және 1993-2001 жылдары К.С.Ормантаев ҚР «Педиатрия және балалар хирургиясы ғы¬лыми-¬зерттеу институтының» директоры болып тағайындалады. Директорлық қызметін атқарған жалпы 13 жыл ішінде ол жаңа салынып жатқан об¬лыстық балалар ауруханасы ғимаратына «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу институтын» көшіріп, онда балалар және нәрестелер хирургиясы бөлімін ашады, балалар хи¬рургиясы мен педиатрияның әртүрлі мәселелерін кли¬никалық тәжірибеге енгізу және ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше назар аударады.
Сол жылдары Россия, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз ғылыми байланыста болды. КСРО делегациясы құрамында Чехословакия (Братислава, 1972); Австрия (Инсбрук, 1974); Швеция (Стокгольм, 1980); Түркия (Анкара, 1993, 1995, 1996); АҚШ (Сан¬-Франциско, 1981); Туссон, (1993); Айова, (1996); Атланта, (1997); Индия (Нью-Дели, 1994); Жапония (1994); Египет (Каир, 1995); Гонконг (1997); Голландия (Амстердам, 1998); Германия (Берлин, 1999); Мальта (2000); Ирландия (Дублин, 2002); Англия (Лондон, 2002) сияқты елдерде ғылыми баяндама жасап, аталған елдермен ғылыми қарым-қатынасты, ауруды анықтау мен емдеудің замануи жаңа техно¬логиялық тәсілдерін тездетіп тәжірибелік жұ¬мысқа қолдануға өз үлесін қосады. Сонымен қатар, К.С.Ормантаев еліміздегі «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми-тәжірибелік журналдың ұйымдастырушысы, бас редакторы болады. Ресейден шығатын «Хирургия», «Детская хирургия» және Орталық Азия медициналық журналдарының редколлегия мүшесі.
1981 жылы ғылымға сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді. 1989 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі, ал 1994 жылы толық мүшесі, 1995 жылы Қазақстанның алдын алу медицина Академиясының вице-президенті болып сайланады, 1999 жылы Камал Сәруарұлы бастаған ғалымдар «Балалардың травматология және ортопедиялық ауруларын емдеу жаңа технологиясы» ғылыми еңбегі үшін «ҚР ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты» марапатына ие болады. Сол жылы Камал Сәруарұлы «Парасат» ор¬денімен марапатталды. 2002-2003 Қазақстан үкіметтік емес меценаттық ұйымдар қоғамы «Жыл дәрігері» номинациясы бойынша «Алтын адам», 2004 жылы ғылым мен білімге сіңірген еңбегі мен қосқан үлесі үшін «Платина» сыйлығымен марапатталды. Қазақстан педиатрлар ассоциациясының құрметті президенті. Ол өзі туып-¬өскен аудан мен Қызылорда облысының Құрметті азаматы. Қандай зор табысқа ие болса да, ғылыми ізденістен еш айнымаған, ғылымның шыңына шықтым, жеткенім осы шығар деп ойламаған академик К.С.Ормантаев осы күнгі дейін ғылымның даму бағытына бас-көз болып жүр. Білімнің басы - бейнет, соңы - зейнет осы шығар.
Ормантаев Камал Сәруарұлы тағы бір ерекше қасиеті өзінің тұжырымы мен ұстамын ешуа¬қытта жасырып, шешуші сәтте тайсақтап бұғып қалмайтын және жел қалай соқса, солай бағытын өзгертпейтін, парызға мейлінше адал,екі жарылып өмір сүретін адам емес. Жайдақтық пен кеңқолтықтық тән емес. Шындықты кімнің болса да бетіне басып айтады. Биліктегілер тыңдай ма, жоқ қос құлағын бітеп, естігісі келмей ме, шындықты жасқанбай айтады. Зиялы қауымның ең басты парызы - шындықты батыл айту, ал біздің басты міндетіміз кемшіліктерді түзеу, әлеуметтік әділеттікті қолдау, жетістіктерімізді ешкім тартып алмайды деп санайды. Педиатрия факультеті жабылуы туралы, ұрпаққа қауіп төнді деп айтпаған, жазбаған, бармаған жері, шырылдамаған есігі қалмады. Қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалары да академикті қатты ойландырады. Осы сұрақ бойынша ол теледидардан және бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет сұхбат берді. Ондағы Камал Сәруарұлының есебі аса қарапайым, оның бәрі өз қара басының қамы үшін емес, тек ұрпақ болашағ.
К.С.Ормантаев - тек ғылыми жұмыспен ара¬ласып қоймай, өзінің сөзімен, ісімен, адамдық және азаматтық көзқарасымен еліміздің қоғамдық өмі¬ріне белсене араласқан ұлттық тұлға. Соның айғағы кезінде «Азат» және «Азамат» қоғамдық қозғалыстарының ұйымдастырушысы, белсенді мүшесі болған.
Камал Сәруарұлы үлгілі отбасы - екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде жанындай жақсы көретін құдай берген немерелері бар. Сыйласатын ағайын-туыстары, әріптестері баршылық. Қазақтың жайсаң мен жақсыларымен дастарқандас адам. Осындай өмір ләззатын сезінбеген, ата-аналары қызығына тоймаған сәбилерге операция жасамастан бұрын он рет ойланып, жүз рет толғанып, мың рет өлшеп, бір рет сабырмен операция жасап, болашақ ұрпақтың өміріне араша түсіп жүрген, бүгін жастарға бәтуалы сөз айтатын, түйінді ақыл-кеңес беретін, үлгі-өнеге болған, Абай атамыз айтқандай, ақылымен, ғылымымен, арымен, мінезімен ерекшеленген Камал Сәруарұлы Ормантаев биылғы қыркүйек айында 80 жасқа толғалы отыр.
Камал Сәруарұлы бақытты адам, өйткені, ол балалар денсаулығын қорғаған, ғылымды дамытқан, ерен еңбегі ел кәдесіне жарағанын сезінген және еңбегінің зейнетін көрген адам. Өмір туған адамның бәріне беріледі, бірақ қартайғанда өмірдің зейнетін көру әр пенденің басына жазыла бермеген шығар.
Сондықтан балалардың денсаулығын қорғауға өз ғұмырын сарп етіп, жұлдызы жанған, абыз Камал Сәруарұлына денсаулық, Алланың берген олжасы ретінде ұзақ өмір, Отанымызды өркендететін ұрпағымыздың денсаулығын қорғауда әлі де рухы зор болсын деп тілейміз!
.
«Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер грант иегері» мақаланың аты айтып тұрғандай, мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан өзгелерге үлгі болған азаматтың берекелі тіршілігі баяндалады.
...Облысымызда «Жұлдыздарға қара - Посмотри на звезды» жобасының жеңімпаздарына гранттар табысталды. Аталған жоба үш ай бойы еліміздің барлық аймағында өткен болатын. Мүгедек-кәсіпкерлердің бизнес-идеясын жүзеге асыруларына берілетін ақшалай гранттың бюджеті ағымдағы жылы 14,4 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, бір адамға берілетін гранттың жалпы сомасы 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін көбейіп, грант алушылардың саны 48 адамға дейін артты. Жоба аясында әр аймаққа 3 грант бөлінген. Ал біздің облыс 4 жеңімпаз анықталған жалғыз өңір болып отыр. Қызылорда облысының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерден жобаға қатысуға 20 өтінім қабылданып, нәтижесінде 4 жоба қаржыландырылды.
Грант иегері Жұмабек Көпбергенов, бала кезінен 2-ші топ мүгедегі. Өзінің шағын бизнесін осыдан бір жыл бұрын Шіркейлі ауылында алғашқы, әрі жалғыз дөңгелек жөндеу шеберханасын ашудан бастады. Ұсынылатын қызмет түрлерін арттыру мен кәсіпті кеңейту мақсатында бастауыш кәсіпкер «Жұлдыздарға қара - Посмотри на звезды» байқауына қатысуға өтініш білдірген. Оның бизнес-идеясы қолдау тауып, дөңгелек жөндеу шеберханасына қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 242 мың теңге қайтарымсыз грант берілді. Ал тағы бір грант жеңімпазы Бақытжан Жақсылықов та 3-ші топ мүгедегі. Ол 2005 жылға дейін өз мамандығы бойынша шеберханада қызмет атқарған. Кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ісмерлігінің арқасында ағаш ұстасы болып қызмет көрсете бастады. «Даму» қоры мен «Құс жолы» қайырымдылық қоры мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер жобасын мақұлдап, оған ағаш жону станогы мен басқа да бизнесін дамытуға қажетті құрал-жабдықтар алып берді.
Жоба аясында қайтарымсыз грант ұтып алған Бибайша Юсупова бизнеспен көп жылдар бойы айналысып келеді. 2009 жылы ол киім-кешек пен басқа да бұйымдар тігетін өзінің жеке кәсіпорынын ашады. Кәсіпкердің айтуынша, өңірде қыз жасауын тігуге көптеп тапсырыс берілуде. Оның цехына қажетті торлап тігетін машина мен өзге де құрал-жабдықтарды сатып алуға 300 мың теңге қаражат берілді.
Сырдария ауданының тұрғыны Айнаш Ақбергенова да қыз жасауын тігуді кәсіп етіп отыр. 2000 жылға дейін тігін цехында жұмыс жасаған ол қысқартуға байланысты жұмыссыз қалған еді. Мұнан кейін жеке кәсіппен айналысуды жөн деп табады. Кәсіпкер бұйымына бүгінге дейін тапсырыс берушілер саны артуда. Алайда ескі тігін машинасы мен басқа да тозығы жеткен құрылғылар олардың барлығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей келген екен. Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкердің өтінімі бойынша бөлінген гранттық қаражатқа торлап тігетін машина, тігін машинасы, бу үтігі мен электр пышағы сатып алынды.
Айта кетейік, «Жұлдыздарға қара - Посмотри на звезды» жобасын 2005 жылдан бері «Казкоммерцбанктің» «Құс жолы» қайырымдылық қоры бастаған болатын. 2012 жылдан бастап байқау жаңа деңгейге көшіп, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ серіктестік негізінде еліміздің барлық аймағында жобаны әкімшіліктендіруді жүзеге асыруда. Қатысушылар техникалық көмек пен кеңестерге қол жеткізумен қатар, «Даму» қорынан бизнес-бағдарламаларды тегін оқыту курсынан өтеді. 2005 жылдан бастап жоба аясында мүмкіндігі шектеулі 187 кәсіпкер қолдау тапса, өткен жылдың өзінде 71 азаматқа көмек көрсетілді. Ұйымдастырушылар жобаны жүргізудің маңызды принципі ретінде жеңімпаздарды анықтауда айқын әрі ашық түрде өтетінін айтып отыр. Осы мақсатта жобаның ақпараттық серіктесі ретінде БАҚ өкілдері шақырылып, тәуелсіз қазылар алқасының құрамына өткен жылдардың жеңімпаздары, «Казкоммерцбанк» пен «Даму» қорының аймақтық филиалдарынан өкілдер қатыстырылады.
«Еңбегі жанған әулет» атты мақалада жас кәсіпкердің қалыптасу жолдары, жасаған қайырымдылық көмектері көпке үлгі болғаны жайлы айтылған.
......Бүгінгі таңда аға буын өкілдерінен «Қазіргі жастардың өмірге көзқарасы қатты өзгеріп кетті. Бұрынғыдай емес адамға жанашырлық, үлкенге ізет сезімдері мүлде азайған» деген өкпе-ренішті жиі еститінімізді несіне жасырамыз. Бәлкім, солай да шығар. Алайда, көпке топырақ шашуға тағы да жарамас. Оған мына оқиға дәлел болады. Аузын ашса, жүрегі көрінетін өте ағеден адам. Ғұмыр бойы мал бақты. Зейнеткер атанғанымен, әлі де ата-баба кәсібінен қол үзген жоқ. Шаруа күйттеген жанның себеппен болмаса ауылдан көп ұзамайтыны белгілі. Бірде аяқ астынан бажасы дүниеден озып, жолға шығуға тура келеді. Күздің жауынды күні, оның үстіне қас қарайған шақ екен. Кемпірі екеуі ілесіп кететін машина тосып ұлы жолдың бойында ұзақ тұрыпты. Мезгілсіз уақытта әрі мидай далада көлік кездесе қойсын ба? Бірді-екілі өткендері шал-кемпірге назар аудара қоймайды. Жаурап, шаршаған қариялар үміттерін үзе де бастаған. Кенет... Әудем жерден әдемі, еңселі жеңіл машинаның қарасы көзге шалыныпты. Қымбат бағалы шетелдік көлік екенін пайымдаған Көшекең «Мұндай машина мінген адамның осал еместігі анық. Тоқтай қоймас. Дәмеленбегенім жөн» деген оймен қолын көтере коймайды. Қателесіпті. Дәл жандарына аялдаған машинадан түскен қос жігіт елпілдей амандасып, машинаға отыруларын өтінгенде, мұндайды күтпеген қарттар сасқалақтап та қалыпты. «Өздері мың жасағыр балалар екен. Бізді қаладағы баратын үйімізге дейін апарып салды. Олай етпегенде түн қараңғысында іздеп табуымыз күшке түсетін еді. Ақысын ұсындым. Алмады. Ағыл-тегіл алғысымызды жаудырып жатырмыз. Кейін олардың Мерей мен Медеу есімді ағайынды жігіттер екенін туыстарымнан білдім», - дейді Көшен аға.
Мүмкін, бұл кейбіреуге әшейін ұсақ-түйек сынды сезілер. Десе де, барға мастанбайтын дағды нағыз азаматқа тән екені дау туғызбайды. Оған қоса «жалтырады деп жастықты сөкпе, бәріңнің басыңнан өтері сол, қалтырады деп қарттықты сөкпе, баршаның жетер жері ол» деп текке айтылды деймісіз. Қарттарға жасалар әрбір қамқорлықты өскелең ұрпақтың санасына сіңір¬геннен ұтылмасымыз хақ. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған Есхожаевтар әулеті ауданға кеңінен танымал, өсіп-өнген шаңырақтың иелері. Атаның қаны, ананың сүтімен дарыған қара¬па¬йымдылық қасиеттерін ту қылған Мереке, Мейрамбек, Мерей, Медеу отбасылық бизнесті дамытып, шағын кәсіпті іргелі шаруашылыққа айналдырды. Ең кереметі ағайынды жігіттердің әрқайсысы бір-бір шаңырақтың арқасүйер отағасы атанғанымен, әлі күнге әкелері Бердібай, аналары Ақжарқынның сөзін екі айтқызып көрген емес. Бұл тағылым түскен жұртының отанасына айналған Айгүл мен Шәрбануға да тән.
Бәкең мен Ақжарқын ана перзенттерінің ғана емес күллі әулеттің ақылшысы, арқасүйер асқар тауы іспетті. Ағайын-туысқа да сыйлы, көрші-көлемге де құрметті. Олардың бар тілегі - ұрпағы, елі-жұрты, қала берді, жұмыр әлемнің амандығы, бейбіт өмірдің мәңгілік болуы.
Мереке іргесін қалаған іс ауқымын бауырлары ұлғайтты. Заман талабына сай мамандықтарды меңгерген ағайындылар нарықтың қатал сынынан сыр бермей өтті. Айтуға ғана оңай. Әйтпесе талай қысталаңды бастан кешіруге тура келген болатын. Қазалы қаласындағы бұрынғы автобазаның орнын алып, жаңғырту, көздеген мақсатқа сай нысан ашу зор күшке түсті. Кеңес заманында атшаптырым жерге орналасқан, жүздеген алуан маркадағы жүк көліктерінен жасақталған автобаза дәуірлеп-ақ тұрды. Сол тұста ауыл шаруашылығында еңбек ететіндіктен аталған ұжыммен тығыз байланысып жүрдік. Автобазаның су жаңа қуатты көліктері алыс сапарларға жиі шығатынын жақсы білетін едік. Кейін оңтайландыру саясатына тап келген автобаза тарап кетті. Үлкен кәсіпорын тіршілігін тоқтатты. Азып-тозған нысанның кейпі жүректі сыздатты.
Міне, осы шақта Есхожаевтар сәтті қадам жасады. Автобаза ғимаратын басқа бағытқа бейімдеуге барын салды. Бұл үшін он миллион теңге шығындалды. Ақыры қаншама қаржы жұмсалып, телегей тер төгілген бейнет өзін ақтады. Нәтижесінде ағайындылардың шағын күріш ақтау зауыты іске қосылды. Қаңыраған аумақ қайта түледі. Зауытқа ҚХР-да шығарылған «МСТР-60» маркалы линия орнатылды. Әр ауысымда сағатына екі тонна күріш ақтап шығарады. Мұнда түю, елеу, ақтау, тағы басқа жұмыстар атқарылып, дайын өнім алуан өлшемдегі қапшықтарға салынып, әзірленеді. Мерей басшылық жасайтын зауыттың сапалы өнімдері автокөлік және теміржол арқылы Қазақстан, ТМД елдеріне сатылады.
Ағымдағы жылы жеке кәсіпкер М.Есхожаевтың құны 80 млн теңгені құрайтын «Күріш өңдеу цехын кеңейту» жобасы аймақтық үйлестіру кеңесінен оң қорытынды алып, «Даму» КДҚ арқылы субсидияланды.
Сондай-ақ, құрылтайшысы Есхожаевтар болып табылатын «Агро өркен» ЖШС-ның қарқыны да көңіл куантады. Серіктестік биыл мың гектар жерге егіс ексе, оның 600 гектарына күріш дақылын сепкен болатын. Шығымдылығы бөтен болған жоқ. Гектарына 43 центнерден өнім жиналды. Диқан қауымның арасында мол өнімді білікті маман, жаңа техника қалыптастырады деген жазылмаған ереже бар. Бұл тұрғыда Есхожаевтардың айы оңынан туған. Олай дейтініміз, шаруашылықты жаңа үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларымен қамту тұрақты назарға алынған. Зауытта, серіктестікте көптеген адам тұрақты жұмыс жасап, отбасын асырауда.
Адал еңбектің өтеуі абыроймен аталып өтері аян. Бір мезет Мерейдің бағындырған белестеріне ой жүгіртсек. Ол облыс әкімдігі тағайындаған «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер», «Өнім өндіру және өңдеу саласындағы үздік кәсіпкер», «Үздік өнім өндіруші» аталымдарының, бірқатар құрмет грамоталары, диплом, Алғыс хаттардың иегері.
Біз білетін Есхожаевтар ауданның мәдениеті мен спортын дамытуға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға жәрдемдесуді азаматтық парызы есептейді. Талап оң болсын, береке қонған әулет.
«Ауыл имамдары: «Мәселе жаста емес, діни сауаттылықта» атты мақала бүгінгі таңда өзекті болып, қоғам талқысына түскен діни ағымдар мен шариғат мәселелеріне байланысты проблемалар таразыланады.
......Ауыл деп аталатын қазақтың қарашаңырағында берекелі тірліктің бастауына айналған қаймана қазақтың дінге де көзқарасы алабөтен емес. Әрбір елді мекеннің төрінен имандылық ордасына айналған мешіт үйлері бой көтерген. Жамағат жұма сайын және діни мерекелерде мешіт табалдырығын аттап, айқара құшақ жая бір-бірін қарсы алып жатады. Осы тұста елге ақыл айтар ақсақалдармен қатар жүретін ауыл имамдарының беделі жайлы сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз.
Қазақта «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген сөз бұл күнде кең таралып кетті. Әйтсе де, аталған сөздің түп төркіні ата-бабамыз ислам дінін қабылдай бастағанда-ақ шыққан деседі. Дінге енді ғана бетбұрыс жасап жатқан жандарға ауыр қылмас үшін тек парыз амалдарын ғана жасатқан. Халық тек қана парызды орындап, сүннетке әлі жете қоймайды. Ал бұл шақтарда имамның орындайтын парызы мен сүннеті қарапайым халықтікінен әлдеқайда қиынырақ жә¬не күрделі. Мұны түсінген жұртшылық «Е, бізге имамның істегенін емес, айтқанын ғана істесек те жарар» деген мағынада айтқан екен. Әйтсе де, уақыт көші зымырап, бүгінгі күнге келгенде әлгі сөздің мағынасы бұрмаланып жұртшылыққа жағымсыз әсер қалдыратын деңгейге жеткен. Шындығында солай, имамдар құран жаттайды, оқиды, оны өзгелерге үйретеді. Халық өздерінің иманы мен діни білімінің төмендігін ескеріп келген тоқтамы бұл күнде имам болмысы мен ел арасындағы абыройына айтарлықтай әсер етуде. Өзгелермен салыстырғанда иманы екі есе болу керек имамдар жайлы таңды таңға ұрып, ғибратты әңгімелер айта беруге болар, дегенмен имамдардың бүгінгі беделі қаншалықты?
Облыс аумағында 158 мешіт тіркелген. Мұнда келген жамағатқа ақыл-кеңесін айтып, уағызын тыңдататын имамдардың тек 30 пайызы ғана жоғары діни білімге ие. Тағы 30 пайызы орта білімге қол жеткізген болса, қалған 40 пайызы мешіт жанындағы курстардан алған білімімен шектеліп отыр. Олардың дені зейнеткерлік жасқа шығып, ақсақалдық міндетін атқарып жүрген азаматтар. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ербол Рүстемовтің айтуынша, жастарды діни білімге сауаттандырып, білікті имам ету жолында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
- Біз 2011 жылдан бастап «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінде білім алып жатқан 11 студенттің оқу ақысы мен жатақханасын бюджеттен тыс көздер арқылы төлеп отырмыз. Олар өңірімізде еңбек ететін болады. Аталған оқу орнында 60 студент білім алып жатыр. Олардың ішінде грант негізін¬де оқитындар мен магистр дәрежесіндегілері де бар. Облыс төңірегінде білікті имамдардың тапшылығы байқалғандықтан, біз жас имамдарды тарту мәселесін қарастырудамыз, - дейді Е.Рүстемов.
Осындай игі жұмыстың бір жемісі Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі «Әли Мұса» мешітіне магистр Берік Сүлейменовтің келуі. Біршама елді мекендер қазір мұндай білікті жас имамдармен толыққан. «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінде алдымен бакалавр, сонан соң магистратураны бітірген Берік Сүлейменов бұл күнде халыққа дін үйретіп жүрген білімдар.
- Меніңше, ең бастысы жаста емес, халықтың сұрағына толық жауап беріп, көңіліндегісін дөп басу. Бұл күнде дін атын жамылған теріс ағымдардың дұрыс емес екенін жеткізіп, Ханафи мәзһабын ұстанып жүргендердің ұстанымын күшейту жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бір жылда 2-3 мәрте семинар өткізіп, ауыл имамдарына дәріс оқимыз. Біз білім алған 6 жыл ішінде тек оқу-біліммен шектелдік. Тәжірибе жүзінде тек жұмыс істегенде көріп жатырмыз. Білім алып жүрген жастар тәжірибеге көп мән берсе екен, - дейді жас имам.
Кент орталығындағы мешіт өз қажеттілігін өзі қамтамасыз етіп отыр. Бұл өз кезегінде басқа мешіттерге де үлгі болса керек-ті. Ал облыс орталығынан 45 шақырым жерде орналасқан Қоғалыкөл елді мекені Сырдария ауданына қарайды. Осыдан біраз жыл бұрын ауылдағы көне «Бәлтік» мешіті апатты жағдайда қалып, ауыл тұрғындары баруды тоқтатқан. Одан бері де «мешітсіз ауыл» атанып, көлденең келген көк атты саусағын шошайтатын деңгейге жеткен еді. Ел азаматтары мұнда мешіттің қажет екенін ұғып, демеушілер көмегімен «Қоғалыкөл» мешіті бой көтерді. Ауыл жастары сәждеге бас қойып, намазға тізелер тең бүгілетін болды. Дей тұрғанмен, ауыл имамдарының беделі жайлы сөз қозғағанда «Қоғалыкөл» мешітінің имамы Үркітбай Досболов көптеген мәселенің тиегін ағытты.
- Ауыл имамдарының негізгі мәселесі елді имандылыққа шақыру болу керек. Бірақ бізде негізгі мәселе мешітті сол қалпында ұстап тұру болып кеткен сияқты. Имамдар кейде демеуші іздеп кетіп жатамыз. Қазір діни сауат алып жатқан көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыз бар. Біздің ауылдың өзінде «Нұр Мүбәрак» университетінде бір жігітіміз, басқа да медреселерде үш ба¬ламыз білім алуда. Оларға біз елге келіңдер, ауылда еңбек етіңдер деп жиі айтамыз. Бірақ, менің ойымша оқудан жаңа келген жас маман келісімен оның мойнына мешіттің барлық жауапкершілікті жұмыстарын артып қойсақ, төзбеуі де мүмкін. Іргеміздегі Шіркейлі, Н.Ілиясов ауылдарындағы мешіттерде барлық мәселелерді шешіп қойған, имам тек елді имандылыққа шақырып, теріс әрекетке бармау жағын ұйымдастырып отырады, - дейді Ү.Досболов.
Мешіт үйлеріне мемлекеттен ешқандай қаражат қарастырылмаған. Олар заң бойынша өз-өзін қамтамасыз етуі керек. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ербол Рүстемов бұл мәселенің шешілуіне жергілікті әкімдіктердің қарасатынын жеткізді.
- Кейде мешітке келетіндер саны аз болғандықтан, кейбір мешіттерге коммуналдық төлемдер мен имамдардың еңбекақылары қиындық тудырады. Мұндай жағдайда жергілікті әкімдіктер жеке кәсіпкерлерді демеушілік жасауға тартып келеді. Мешіттің барлық шығынын өз мойындарына алған шаруашылықтар да жеткілікті. Жоғарыдағы мәселе білікті жас имамдарды ауылдық жерлерге тұрақтандыруға да өзінің кедергілерін келтіріп келеді. Жастарды тартайын десек, жалақы жеткіліксіз. Сонан соң жергілікті тұрғындар арасынан зейнеткер ақсалдар шығып, имамның қызметін атқаруда, - дейді Е.Рүстемов.
Дей тұрғанмен, ақсақалдарды да арнайы курстардан өткізіп, жыл сайын аттестациялайды. Егер аттестациядан өте алмай қалса, имамды ауыстырады немесе қайта даярлауға жөнелтеді. Мұнда негізгі мақсат халықтың діни қажеттелігін өтеу, олардың көкейлеріндегі сауалдарға жауап беру.
Тақырыпқа тұздық
Тұрар Әбуов,
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі
Дін істері комитеті дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы:
- Имамдардың қазіргі қоғамымыздағы алар орны ерекше екені белгілі. Әсіресе, соңғы уақыттарда қоғамымызда орын алып жатқан келеңсіз жағдайларда имамдарға артылар жүк ауыр, жауапкершілік мол. Қазақ қашанда діннің жаршысы болған молдаларын ардақтаған халық. Қай мәселе болмасын, оның пікірінің салмағы басым болған. Осы орайда имамдық қызмет үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен имамдар да сол қызметке лайық болғаны дұрыс. Ол ең алдымен білімімен, діндарлығымен үлгі бола отырып, халықтың көңілінен шыға білетін парасатты, шешен тілді рухани көсем бола білуі тиіс. Алайда, радикалды ағымдардың ықпалына түскен адамдардың мешітте имамның насихатына, уағызына құлақ салмайтындығы байқалады. Бірқатар жастар мешітке келгені болмаса, онда айтылып жатқан уағыз-насихаттан, имамдардың өнегелі сөздерін тыңдаудан қашқақтайды. Міне, осы мәселені ескере отырып, имамдардың жамағатты тыңдата білуі үшін өзін жан-жақты жетілдіріп, осы жолда қандай шаралар қабылдауға болады деген мәселеде жұмыс істегені жөн.
.
«Агроөнеркәсіп саласының айтулы жылы» мақалада облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Жаханов саладағы жетістіктерді айтады.
...Диқан қауым егінін жинап, көңілін бір демдейтін қоңыр күздің берекелі шағы биыл мерейлі мерекеге, ұлан-асыр ел тойына ұласты. Ол - ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қабат келген даңғайыр диқан, күріштен дүниежүзілік рекорд жасап, өзін де, елін де жер-жаһанға танытқан екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы.
Ыбырай құдіретін әлемге әйгілеген жер мен дән, Сыр жері, Сыр күріші. Сондықтан диқан Ыбырай мен жер, дән - егіз ұғым. Сырда күріш негізгі дақыл болып орнығып, облыс егін шаруашылығының басым бағытына айналуы да Ыбырай Жақаев есімімен тікелей байланысты.
Даңқты диқан мерейтойына орай ертең облыс орталығында дән егіп, есімі дүниежүзі тарихына енген ерен еңбек иесіне арналған ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылады. Сенбі, жексенбі күндері салтанатты шаралар Шиелі ауданында жалғасады. Бұл егемендіктің тірегі - еңбекке, еңбек адамына деген ел құрметі.
Экономиканың нарықтық қатынастарға көшу және пайдаланылатын жер көлемдерін жекешелендіру кезеңінде бұрынғы ірі шаруашылықтар майда дербес ауыл шаруашылығы құрылымдарына бөлініп, жалпы егіс көлемінің қысқаруына әсер етті. Мәселен, 1991 жылы жалпы егіс көлемі 257 мың гектарды құраса, 2001 жылы 140,8 мың гектарға дейін төмендеп кетті. Ал, 2016 жылы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде жалпы егіс көлемі 2001 жылмен салыстырғанда 27,7 мың гектарға ұлғайтылып, 168,5 мың гектарды құрады. Оның ішінде аймақтың негізгі дақылы - күріш егісінің көлемі 21,0 мың гектарға арттырылып, 79,6 мың гектарға жетті.
Саланы әртараптандару бағытындағы дақылдардың көлемі нығайтылды. Тұқым шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдаудың арқасында 2016 жылы егілген егіс көлемінің 99,7% жоғары репродукциялы тұқыммен себілді. Бұл облыс бойынша соңғы 20 жылда болмаған көрсеткіш. Нәтижесінде 1991 жылмен салыстырғанда күріштің өнімділігі 12,0%-ға артып, үстіміздегі жылы барлығы 439,8 мың тонна күріш салысы жиналды және орта өнім 54,9 центнерден келді. Бұл - тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Өткен жылмен салыстырғанда жиналған күріш көлемі 3,8 мың гектарға кем болғанына қарамастан, жалпы өнім 16,2 мың тоннаға артық. Әртараптандыру бағытындағы майлы дақылдардан 5003 тонна өнім жиналды.
Сонымен қатар, 73,0 мың тонна картоп (2015 жылмен салыстырғанда 11,5 мың тоннаға артық), 96,7 мың тонна көкөніс (11,9 мың тоннаға артық) және 151,5 мың тонна бақша өнімдері (21 мың тоннаға артық) жиналды.
Облыс егіншілерінің негізгі мақсаты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы, өндірілген өнімді терең өңдеу арқылы оның экспорттық потенциалын арттыру болып табылады.
1991 жылға дейін облыста күріш ақтайтын бірнеше ғана зауыт болатын болса, бүгінгі күні аймақта әлемдік стандарттарға сәйкес күріш өңдейтін 17 ірі зауыт жұмыс істейді. Бұл зауыттардың жылдық қуаттылығы 514 мың тоннаны құрайды және жыл сайынғы жиналатын күріштің барлық көлемін өңдеуге толық мүмкіндік береді.
Үстіміздегі жылы Жалағаш ауданында «Магро» фермерлік қожалығы облыста алғашқы болып 54 гектар және Сырдария ауданының «Орда» шаруа қожалығы 100 гектар алқапқа қауынның бәсекеге қабілетті сорттарын егіп, 714 тонна қауынды Ресейге экспортқа шығарды. Сондай-ақ Жалағаш ауданында «АгроЭкоПродукт» ЖШС Қарағанды облысынан картоп дақылының 480 тонна 1-2 класс «Родриго» сортын әкеліп, 160 гектарға картоптың интенсивті сортын егуді жүзеге асырды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының машина-трактор паркі 35% жаңаланды.
Мал шаруашылығы саласында мал басының ең жоғарғы деңгейі 1991 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара - 20,5%, жылқы - 36,7%, түйе 43,8%-ға артты.
2011 жылдан бастап облыста «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба басталғалы 285 фермерлік шаруашылық 13,3 мың бас сиыр сатып алып, жоспар 34,4%-ға артық орындалды. Сонымен қатар, «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары табысты орындалуда.
20 жыл ішінде алғашқы рет құрама жем шығаратын зауыт іске қосылды. Осындай атқарылған ауқымды істердің арқасында үстіміздегі жылдың 9 айында облыс бойынша барлығы 23,5 мың тонна ет, 60,5 мың тонна сүт өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім тиісінше 5,2% және 1,2% құрады.
Айта кету керек облыс әкімінің тікелей қолдауымен 3 жылдан бері шаруашылықтардың мал азығына жұмсалған шығындырын 100 пайызға дейін өтеу қарастырылған.
Бүгінде облыста өндірілген мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау мақсатында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Бір мезгілде 3000 бастан мүйізді ірі қара малын бордақылайтын екі мал бордақылау алаңы («Шаған жер» және «Сыр маржаны» ЖШС) салынды.
Облыста өңдірілетін сүттің 85 пайызы, еттің 84 пайызы жеке секторда өндіріледі. Сол сияқты, облыста өндірілетін жеміс-жидектің және көкөністің басым бөлігі де жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде. Бүгінгі күні жеке сектордың әлеуетін пайдалана отырып, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді ұлғайту, әсіресе ұсақ отбасылық сүт, ет өндірістерін кооперациялау басты мақсат болып отыр.
Бұл бағытта жүргізіліп жатқан ұйымдастыру шараларының арқасында жыл басынан облыста 573 жеке шаруашылықтардың бірігуімен 104 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның ішінде, 17-сі мал шаруашылығына, 31-і егіншілік саласына, 32-сі кооператив өңдеу саласы, 1-і кооператив су шаруашылығы, 23 кооператив көпсалалы.
Жеке қожалықтарға қолдау көрсету мақсатында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы өңірімізге биылғы жылға 1741 млн теңгенің жеңілдетілген несиесі бөлінді. Биылғы жылы ғалымдардың қатысуымен өңіріміздің агроөнеркәсіптік кешеніне 12 инновациялық жоба енгізілуде.
Сонымен қатар, биылғы жыл аяғына дейін құс етін өндіру және экспорттау жөніндегі жобаны іске қосу бағытында жұмыс жасалуда. Жоба бойынша 1500 тонна құс етін өндіретін фабрика құрылысы келер жылы салынады. Сонымен қатар, жылдық қуаттылығы 15 мың тонна томат пастасын өндіру, тәуліктік қуаттылығы 50 тонна шұбат өңдеу зауыттары, жылдық қуаттылығы 2 мың тонна шұжық және жартылай фабрикат өнімдерін өндіретін және күріш лапшасы комбинаттары іске қосылатын болады. Жалпы, облыс еңбеккерлері биылғы ауыл шаруашылығы жылын табысты қорытындылап, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына толымды тартулармен келіп отыр.
Облыстық Ақмешіт апталығы газетінде жарияланған
«Алып кеп бір иіскетші немеремді...» атты мақала күнделікті өмір түйткілдері, атаның немереге сағынышы туралы ой қозғап, қоғамдағы келеңсіз жайтты сын тезіне алады.
...Қызылорданың қарбаласқа толы кешкі сəті... Жұмыстан шыққандар, мектептен қайтқандар, бəрі де үйіне асығып барады. Қоғамдық көлік ішінде келеміз. Бір кезде аялдаманың бірінен сөмкесін арқасына арқалаған мектеп оқушысы мінді. Əлгі баланың сөмкесі өзінен үлкен екен. Соны байқап отырған жасы егделеу келген кісі «балам- ай, сөмкеңді маған бер, ұстап отырайын» деді жанашырлық танытып. «Рақмет, көке» деп бала дереу сөмкесін бере қойды. Сырттан қарасаңыз, үлкен мен кішінің арасындағы əдемі ілтипат. Содан қария оқушы баланы əңгімеге тартты. Əйткенмен, əңгіме ұзаққа бармады.
- Қарағым, нешінші сыныпта оқисың?
- Жетінші сыныпта оқимын.
- Үнемі автобуспен қатынайсың ба?
- Иə, көке. Арасында əкем көлігімен əкеліп тастайды.
- Мен сияқты атаң бар шығар...
- Бар... - Онда атаң апаратын болсын. Менен солай сəлем айт, жарай ма? - деді күліп. Бала үнсіз қарады да, «Айтар едім, ол қарттар үйінде» деп тіл қатты. Содан бала да, əлгі кісі де үнсіз қалды. Қоғамдық көлік іші де тым-тырыс. Əдетте, неше түрлі əуендерін қосып қоятын. Сол кеште қосылмады. Бəрі де көңілсіз...
Күтпеген жерден мұндайды естіген соң, оған кім қуансын?.. Қазақтың бір шаңырағы қариясыз, немере атасыз қалса... Бүгінгі ұрпаққа өзінің туған əке-шешесінен безінетіндей не көрінді?
Біздегі «Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернат үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде тұрып жатқан адамдардың көбісі - қазақтар. Ақиқаты осы. Жанары жəудіреп, те- резеге телміріп, жақынын күткен жалғыз басты қарттардың жан-дүниесін айтсаңызшы... Безбүйрек бала мен қамқорсыз қызының мейірімсіздігінен тағдыры тəлкекке түскен кейуана қарттардың бəрі: «Əкең де осы жерде өлер енді, Тəңірдің жазуына көнер енді. Уа, жалған, сағындым ғой тым болмаса, Алып кеп иіскетші немеремді», - деп ақындарымыз жырға қосқандай күй кешеді емес пе...
Бұған кім кінəлі? Тар құрсағын кеңейтіп, мынау жарық дүниеге əкеліп, ақ сүтімен асырап, түн ұйқысын төрт бөлген анасын, бар қиыншылығын көтеріп, балаларым қатардан қалмасын деп маңдай терімен еңбек еткен əкесін қартайған шағында тастаған тасжүрек балалары ма? Жоқ, əлде сол ата- аналардың өздері қазыналы қарт бола алмады ма? Десе де, ата-ананы құрметтеу жайында хадисте де кеңінен айтылған. «Алланың разылығы - ата- ананың разылығында, Алланың ашуы - ата-ананың ашуында жатыр», - деген сөз бар. Тіпті, ата-анаға «Түһ», - деп айтуға да болмайды. Иə, туған ата- анаңнан бас тартпақ түгілі, ауыр сөз айтудың өзі қаншалықты күнə екені əрбір мұсылманға аян. Бір өкініштісі, елімізде өз балалары осылай- ша тағдырдың талқысына тастап кеткен қариялар күннен-күнге көбейіп келеді. Бəрінің айтары бір. «Қарға тамырлы қазақ едік. Тек тəрбиені ақсатып алдық. Содан үлкенге - құрмет, кішіге - ізет жоғалды. Қоғам қатыгезденді». Адам баласына бір рет берілетін өмір соңы осылай аянышты аяқталмау үшін қазірден бастап өскелең ұрпақтың тəрбиесіне қатаң мəн бере отырып, оларды имандылыққа, адамгершілікке баулу қажет. Тек сонда ғана өз ата- анасын сыртқа тепкен балалар саны азайып, ибалы, инабатты келіндер көбейер еді-ау... ...
Осылай ойға шомып отырғанда, əлгі оқушы бала «Көке, атамды уайымдаймын ғой. Бірақ, мен əкем сияқты жасамаймын. Оған ұқсағым келмейді. Керісінше, əкемді өзім бағамын» деп сəмкесін алып, қоғамдық көліктен түсіп кетті. Кішкентай болса да, баланың ақылдылығы бəрімізді тəнті етті...
«Ері қайтыс болған əйелдің əмеңгерлікпен тұрмысқа шығуы дұрыс па?» атты мақалада қазақы салт-дәстүрдің бүгінгі өмірімізге қаншалықты сәйкес болатыны жайлы автор ой қозғайды.
...Қазақ қашанда жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған халық. Бұлай деуіміздің сыры дəстүрге берік жұртымыздың тыныс- тіршілігі салтымен астасып жатыр. Соның бірі ретінде əмеңгерлік салтын айтуға болады.
Осыдан біраз жыл бұрын жақын туысымыздың қызын ұзаттық. Дəстүрге сай қызды алушы жақ құда түсіп, сырға салды. Сол тойда көпшілікті құданың жап-жас көрінуі таңқалдырды. Əйелдердің əңгімесі жаңа құда жайлы болды. Біреуі жасы кіші десе, ендігісі нəзік жандылар ерте қартаяды деп топшылады. Сонымен, қыз ұзатылды. Жастардың тойы өтті. Ендігі жаңа құдалар бір- бірін қонаққа шақырып, ағайын- туыспен жақын таныстықты бастады. Сол жиында жас құданың өз жеңгесімен əмеңгерлік жолмен некелескені белгілі болды. Осылайша, көптің көкейіндегі сұраққа жауап табылды. Өмірден ерте кеткен ұлының жесірі мен жетімін жылатпайын деген ана кенже баласын жеңгесіне үйлендірген. Анасының талабына баласы да қарсы келмей, жеңгесімен шаңырақ көтереді. Бүгінгіге оғаш көрінетін бұл ата дəстүрден ол кісілер жаман болған жоқ. Бауырын өз баласындай қамқорлығына алған інісі де ұрпақ жалғады. Жеңгесімен жұбайлық өмірі сыйластықта өтіп, ағасынан қалған ұлды үйлендіріп, парызын орындады.
Дана халқымыз «Аға өлсе, жеңге - мұра, іні өлсе, келін - мұра» деп жесір қалған əйелдің қайын ағасына немесе қайын інісіне, қандас туыстардың біріне тұрмысқа шығуын айтса керек. «Əйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қағиданы берік ұстанған қазекеңдер əмеңгерлік мəселесін заңға енгізген. Бір жағынан əлеуметтік, тəрбиелік маңызы болған. Өткенге көз жүгіртсек, «Жеті жарғы» заңында ері қайтыс болған əйелдің əмеңгерлікпен тұрмысқа шығуын міндеттеген. Себебі, көшпелі кезеңде жесір əйелдің жалғыз күн көруі, не бөтен адамға күйеуге шығуы əлеуметтік мəселеге айналған. Халқымыз жесірі бөтенмен бас қосса, ұрпағының болашағына алаңдаған. Өгей əкенің балаларға өгейлік танытуынан, күйеуінен қалған мал-мүліктің талан-таражға түсуінен сақтанған. Тіпті, жесір əйел əмеңгерлікке көнбесе, оны балаларынан ажыратқан. Сол себепті, бұдан жалғыз əйел емес, ер адамдар да бас тартпаған. Өйткені, олардың келіспеушілігі бауырына деген мейірімсіздік, туғанына опасыздық саналған. «Өлімнен ұят күшті» дейтін даналарымыз ұрпағының қамын ойлап, тұрмысын осылайша дəстүрмен сабақтастырған. Қазіргі қоғамда адам шошырлық жайттар орын алуда.
Жетім мен жесірді айтпағанда, толыққанды отбасында болып жатқан жағдайлар көңілге қаяу түсіреді. Анасы баласын, бала- сы анасын керексіз қылған заманда ескі жолды құптайтындар кез- десе бермейді. Өмір бар жер- де өлім де бар. Үлкен өмірге енді қадам басып, отбасылық өмірдің бақытын толық сезіне алмай ерте жесір қалып жатқан қаракөздеріміз көп. Олардың көбісі құрсақтағы сəбиі немесе əлі есін білмейтін бүлдіршінін құшақтап жалғыз қалып жатыр. Ал, оның одан кейінгі өмірінің қалай өрбитіні беймəлім. Бір білеріміз, үлкендердің «Өмірің əлі алда, жассың» деп келінді еркіне қоя береді. Немересі ата- əжесін əрі кетсе екі-үш жыл көреді. Одан кейін аралары алшақтай бастайды. Кейде араға ұзақ уақыт салып, немеренің іздеуімен қайта қауышып жатады. Ал, кейде ренішке толған бала көңіл есейе келе жеккөрушілік сезіміне айналады. Айта берсек, мұндай оқиғаларға өмірде жиі кездеседі. Тіпті, анасы баласын əке-шешесіне қалдырып, бөтен біреуге тұрмысқа шығып жатқандарды да білеміз.
Ақырында бала тағдыры екі ортада тəлкекке түседі. Батыстың мəдениетін құп көретін қазіргі жас тар əрине, бұл дəстүрді естісе жағасын ұстайды. Бұрындары əмеңгерліктен бас тартқандар сирек десек, бүгінде оған келісетіндер кездеспейді. Содан да болар, бұл дəстүрдің қоғамдағы орны ойсырап тұр. Есесіне, əкесіз жетімдер мен өгейдің қорлығын көргендер еселенуде. Не десекте, əркім өз өмірінің қожайыны. Балам - бауыр етім дейтін жұртымыз осындай келеңсіздікті болдырмас үшін бесігін түзеп, дəстүрін дəріптей білді. Өкініштісі, жаңа ғасырдың замандастары мұны ескінің тозығы жеткен қалдығы деп біледі. Бүтін ұлттың тағдырын өзімшілдікпен алмастырады. Əрине, зайырлы қоғамда таңдау өз еркімізде. Десек те, ескінің ұстанымын жаңғыртудан ұтыла қоймаспыз. Себебі, жоғарыда айтылған оқиға кейіпкері өзінің бір сөзінде: «Ана үшін бəрінен бұрын баланың бақыты маңызды» деген еді. Ал, сіз қалай ойлайсыз?
«Сүйектен бұйым жасайтын шебер» атты мақала зергер өнерге арналған.
...Қазыналы халқымыздан аманат болып жеткен қолөнердің бағасы қашанда кеміген емес. Ал, ел ішіндегі өнердің құдіретін алтынға теңесек, ол да артық айтқандық болмас еді. Сонау ықылым заманнан бастау алған өнегелі өнерімізді бүгінге дейін жаңғыртып, көпшілікке ұсынып келе жатқан азаматтар қатарының көптігі көңілге қуаныш ұялататыны сөзсіз.
Сондай қолы іс білетін шебер жандардың бірі - аралдық Оңғарбай Баймаханов. Он саусағынан өнер тамған ол мүжілген мал сүйектері мен мүйіздерін де тастамай, таңғаларлық керемет дүниелер жасап шығарады. Оларды əбден тазалап, одан кəде- сыйлармен қатар өзге де бұйымдар жасайды. Шебердің өзінің айтуынша, бұл өнерге Арал теңізі қайтқаннан бастап бет бұрған көрінеді. Бұрын мек- тепте қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі болып қызмет атқарған ол қазір осы сүйікті ісімен шұғылдануды қолға алған. - Бұл іспен айналысқаныма біраз жылдың жүзі болды. Қосымша ағаштан, теріден де дүниелер жасап, кəдеге жарататын əдетім бар. Кезінде бас киім тігумен де айналыстым. Қазір көбіне сүйек пен мүйізден кəде-сыйлар жасап жүрмін. Өйткені, қазір оған деген халықтың сұранысы өте жоғары. Бұрын мұғалім болып жұмыс жасап жүрген уақытымда оқушыларыма айдыны шалқыған Арал теңізі туралы, ондағы сан алуан балықтардың түрлері тура- лы əңгімелесем, олар үшін ертегідей болып сезілетін. Сондықтан, өз жұмысымның басым көпшілігін осы Арал теңізіне, ондағы тіршілік əлеміне арнап жасадым. Менің қолымнан туған дүниелерімнің көпшілігінің балықтар, құстар болуының басты себебі сол. Оларға жинақтап «Қайта оралған Арал» деп атау ұсынуым да осы жағдайға тікелей байланысты, - дейді шебер бізбен əңгімесінде. «Шебердің қолы ортақ» демекші қолөнерші жасаған дүниелерге өзіміз ғана емес, шекара асып келген шетел қонақтары да үлкен қызығушылық танытатын көрінеді. Тіпті, кейбіреулері арнайы тапсырыс беріп жасатса, енді біреулеріне шебер өзі сый ретінде ұсынады екен. Расымен де, үлкен шеберлікпен, аса ұқыптылықпен жасалған туындылар қараған көздің жауын алады. Нағыз шебердің қолынан туған дүниелер алыстан-ақ мен мұндалап тұрғандай. Алғаш 2006 жылы түркі тілдес халықтардың «Қорқыт жəне Ұлы Дала сазы» атты дəстүрлі халықаралық өнер фестиваліне төл туындыларын алып келген Оңғарбай шебер содан бері үлкен-кішілі көрме-байқауларға өз дүниелерін ұсынудан тартынып қалған емес.
Сондай-ақ, жақында ғана «Шеврон» компаниясының бастамасымен Орталық Азияның «Еуразия» қорының қолдауымен Қазақстан қолөнершілері үшін ұйымдастырылған «Шебер» фестивалінде де бақ сынап, байқау нəтижесін күтіп отырған жайы бар. Қолөнершінің ендігі басты жоспары - «Қайта оралған Арал» тақырыбындағы туындылар топтамасын бас қаламызда өтетін ЭКС- ПО-2017 халықаралық көрмесіне апаруды көздеп отыр. Ондағы мақсат - ықылым заманнан бері бабамыздан қалған өнерді елімізде ғана емес, əлем жұртшылығы назары алдында паш ету. - Маған бұл өнер əкемнен дарыған. Ағаштан түйін түйген əулеттен шықтым. «Əке көрген оқ жанар» демекші сол кісінің жанында жүріп, талай нəрсені бойыма сіңірдім. Ертоқым, қамшы, аяқ қиім сынды түрлі тұрмысқа қажетті заттарды өзіміз иінін келтіріп, жасап ала беретінбіз. Əкем екеуміз осыдан 23 жыл бұрын Қарқарада өткен үлкен көрмеге қатысып, бас жүлдені қанжығамызға байлап қайтқанымыз əлі есімде. Жалпы, қолы іс білетін адамға ештеңе кедергі емес. Мəселен, мүжілген сүйек те кəдеге жарайды. Тек қиялың ұшқыр болса болғаны. Себебі, əбден тазаланып, қайнаған мүйіз немесе сүйек икемге көнгіш болады. Содан кейін жасайтын дүниеңе байланысты егеп, желімдеп ойға алған дүниеңді лезде жасап шығаруға болады, - дейді алпысты алқымдаған қолөнерші бізге бұл кəсіптің қыр- сырын ұғындырып. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп шебердің балалары да бұл өнерден кемде емес. Өзінің айтуынша, қанға сіңген қасиет жібермейтін көрінеді. Бұл іспен түпкілікті айналыспаса да, балаларының қай-қайсысы тері илеудің, етік пен бас киім тігудің сырын жетік меңгерген. Тіпті, Ақгүл есімді дəрігер қызы төрт өрімді, сегіз өрімді қамшыларды ешкімнің қол көмегінсіз-ақ өзі өріп жасай береді екен. Міне, қаннан сіңген қасиет пен əкеден көрген тəлімнің бір парасы осы.
Ал, арнайы шеберханасы жоқ Оңғарбай қолөнерші бізге болашақта өзі секілді өнерге бір табан жақын жандардың басын біріктіретін «Шеберлер мектебін» ашуды жоспарлап жүргендігін жеткізді. Себебі, қолөнерші атадан қалған өнердің өміршеңдігін жоғалтпай, келер ұрпақ санасында мəңгі жаңғыруын шын тілейтін жандардың қатарында.
Аудандық «Жалағаш жаршысы» газетіндегі «Әйгерім кәсіптің кілтін тапты» атты мақалада кәсіп иесінің өз нәсібін тапқаны баяндалады.
...Шағын және орта кәсіпкерлік - ел экономикасын дамытып, әлемдік саудадағы абыройын асыратын сала. сондықтан мемлекет кәсіппен айналысатын жандарға қолдау көрсетіп келеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, еңбекпен кәсіп қылу- уақыт талабы. Бүгінгі таңда кәсіптің кілтін тауып, ер азаматтармен бірдей қызмет етіп жүрген қыз- келіншектер аз емес. солардың бірі - жеке кәсіпкер Әйгерім Гаюпова адал қызметімен көптің алғысын алып, құрметке бөленіп келеді.
Аудан орталығындағы А.Ізтелеуова көшесі бойындағы Әйгерімнің «Тәтті» наубайха- на кондитерлік дүкеніне соғудың сәті түсті. Дүкенге келушілердің қарасы көп. Сөрелерге нан өнімдерімен бірге торт, печенье, самса, кекс секілді кондитерлік тағамдардың түрлері қойылыпты. Сатушылардың бірі сауда жасап, бірі сұраныс қабылдап қызмет көрсетуде. Мұндағы сатушы қыз- келіншектердің келушілерге ыстық ықыласы мен ілтипатын көріп сүйсінесің. Дүкен іші тап-таза, кассалық аппарат жұмыс істеп тұр. Амандық-саулықтан соң Әйгерімге үйреншікті сауалымызды қойдық. -Жалпы еңбек жолыңыз, кәсібіңіз туралы айтып берсеңіз...
-Мен Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына жақын мандағы бұрынғы Калинин атындағы ауылда дүниеге келгенмін. Мектепті бітірген соң Ташкенттегі республикалық педагогикалық институтқа оқуға түсіп, орыс тілі мамандығы бойынша бітіріп шықтым. «Қыз - жат жұрттық» қой, дәм-тұз бұйырып, келін болып Сыр елінен бір-ақ шықтым. Аудан орталығындағы №123 дарынды балалар мектебінде мамандығым бойынша дәріс беріп ұрпақ тәрбиеледім. 5 баламен 53 жаста зейнеткерлікке шыққан соң кәсіпке бет бұрдым. Міне үш жылдан бері кәсібімнің нәсібін көріп келемін,-деді Әйгерім өмір жолымен таныстырып. Талап тауды жығады. Қарекет қылмай берекет болмас, Кәсіпкерлікке тіркелген Әйгерім іске кірісті. Кез келген жұмыстың тетігі қаржыға келіп тіреледі. Қаржының көзін іздеді.
Шүкір, қазір елімізде кәсіпкерлікке кең жол ашылып, жұмыс жасайтын адамдарға мүмкіндік беріліп отыр. Ізденіп жүріп несие алудың жолын тапты. Қажетті құжаттарын дайындап «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 3 миллион несие алуға қол жеткізді. Сол қаржыға Ресейден шыққан шағын наубайхана құрал-жабдықтарын сатып алып, үйінің алдындағы екі бөлмелі сарай ғимаратына орна- ластырды. Шағын наубайхананың құрал-жабдықтарының түрлері көп. Нан өнімдері мен кондитерлік тағам дайындау жұмыстары электрлі құрылғымен атқарылады. Санитарлық талапқа сай ұн тұратын қойма, дайын өнімдер сақталатын бөлмесі бар. Дүкенде үш адам жұмыс істейді. Осында қызмет ететін Сәрсенкүл Әлібаева, Шамшырақ Бегімбетова, Элмира Игенбердиевалар өз ісінің мамандары десе де болады. Қай мезгілде барсаңыз да дүкен есігі айқара ашық. Қызмет жасап, құрмет көрсетеді. Бұл дүкендегі бір ерекшелік - темекі мен ішімдік түрлері сатылмайды екен. Қолдан дайындалатын кондитерлік тағам түрлері, сапалы әрі бағалары да көңілге қонымды. -Мақсат - ақша жинап байып кету емес, халыққа қызмет ету.
Бал ұстаған бармағын жалайды, отбасылық бизнесіміз бар. Мектептерден, мерейтойлар мен мерекелерде сұраныстар көп болады. Ең бастысы, дүкен қызметіне тұрғандар дән риза, несие қарызымызды уақытымен қайтарудамыз-деген Әйгерім алдағы жұмыс жоспарымен де бөлісті. Атап айтқанда, келешек тағы бір нан пісіретін пеш алып, кәсібінің аясын кеңейтпек екен. Сосын мейрамханаларға барғандар көбінесе ішімдік ішіп, улап-шулап, демала алмайды. Сондықтан ғимарат салып, жастар барып мәдениетті түрде демалатын арнайы орын ашу ойында бар екен. Бұл әрине, келешектің жұмысы. Десек те, кәсіпкердің бұл жұмыстарды қолға алып, халық игілігіне қызмет ететініне кәміл сендік. Аудан халқы кезінде аудан басшысы болып ел басқарған, соғыс және еңбек ардагері Болтай Тасыбаевтың отбасын бақ қонып береке дарыған мерейлі отбасы ретінде құрмет тұтады. Ата-енеге қызмет етіп алғысын алған Әйгерім өмірлік серігі Берік Тасыбай екеуі 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, келін түсіріп, немере сүйіп отыр.
Облыстық «Сыр дидары» газеті «Сіз көп əйел алуға қалай қарайсыз?» атты мақалада қоғамда көп талқыланып жүрген мәселені өзге бір қырынан қозғауға талпыныс жасалған.
...Кезінде қанша қызға арман, қанша қаракөздің ғашығы болып, тек бір сұлудың бағын жандырып отырған əнші Мейрамбек Бесбаев «info@365info.kz» сайтында жарияланған сұхбатымен көптеген қыз-келіншектердің көңілін қалдырып алғандай. Дегенмен, оның сөзіне үзілді-кесілді қарсы шыға алмағандары да, қолдағандары да жетерлік.
Сайттағы жарияланған мақалада тілші: - «Кейбіреулер «көпбалалы отбасы болу үшін - көп əйел алу керек» дейді. Сіз көп əйел алуға қалай қарайсыз?»,- деп сұрақ қойған. Ал əнші болса: - Шама жетсе, неге алмасқа? Ұрпақтың көптігі үшін, Алла разылығы үшін алуға болады. Ал, жай мақтан, дақбырт болса, ондай тірлік ер жігітке жараспайды. Дінімізде, салтымызда бар нəрсе ғой екі немесе одан да көп əйел алу. «Тек» деген жақсы ұғым бар қазақта. Тектіден текті туады. Мысалы, кезінде Құнанбай атамыз Ұлжан апамызды екінші əйел етіп алмаса, онда дана Абай туылмас еді ғой. Адам тағдырға, өткен ата-бабаларымыздың ісінің дұрыстығына сену керек. Көп əйел алуға қарсы емеспін,-деп жауап берген. Əлеуметтік желіде қызу талқыға түскен бұл жариялым əдеттегідей нəзікжандылар жағынан біржақты пікірге ұласып, қарсы шығумен өрбіген жоқ. Ер азаматтар жағы боса да қолдап əлек. Дəл осы тақырыпты кезінде депутаттар қозғаған кезде, əйел азаматшалардың барлығы үдере көтеріліп, «қатынқұмарлыққа» балап, жеккөрушілік пікірлерін жариялаған болатын. Ал, бұл жол сұлуларымыздың сыпайсып қалғандарын байқап қалдық.
Себебі неде екен?... Дегенмен, көбісі: «екі не одан көп əйел алу үшін байлық керек. Қазірде жанұясын жігіттер зорға асырап жүр. Несиелері бар» деп жазды. Алайда, мəселе бұған ғана тіреліп тұрған жоқ екенін олар біле бермейді. Əрине, негізгі мəселе қаржы, дегенмен, одан бұрып екі əйелді құмарлық үшін алмау, екеуін де тең ұстай алу, денсаулығы жарау деген мəселелерді ешкім түсініп жатқан жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с-ға) бір жігіт келіп, өзінің қатты қиналып жүргенін айтады. Мəн-жайын білген Мұхаммед (с.ғ.с.) «сен үйлен» деп кеңес береді. Əлгі жігіт үйленеді. Біршама уақыттан соң тағы да келіп, жағдайының мүлде кетіп қалғанын айтады. Тағы да «үйлен» дейді. Екінші мəрте үйленеді. Одан да болмайды. Үшінші мəрте тағы да «үйлен» дейді. Тағы да үйленеді. Осыдан кейін санаулы жыл өтеді. Бір күні əлгі жігіт зекет беруге келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) одан жағдайын сұрайды. Сонда əлгі жігіт былай деп баяндайды: «Менің үшінші алған əйелім тоқымамен айналысады. Ол келген бойда алғашқы екі əйеліме жүн түтуді, сабауды, жалпы дайындауды үйретті.
Өзі тоқыды. Мен өнімдерді базарға апарып сатып отыр- дым. Сонымен жағдайым жөнделді. Міне, қазір осы жағдайға жеттім», -дейді. Ал, бүгінде, тек байлық қана деп топшылаймыз. Алла тағала əйелді ер адамның көмекшісі етіп жаратты. Ол үйде барлығын реттеп, сабыр мен қанағатқа бой алдырып, ысырап жасамай отырса, барлығы жақсы болар еді. Керісінше, ысырапшыл, қанағатсыз болып бір патшалықты құртқан əйелдер де болды емес пе? Мүмкін Мейрамбек осының барлығын таразылап барып айтқан болар.
Облыстық «Ақмешіт ақшамы» газеті «Көшербаев галстугін шешіп келді» атты мақалада аймақ басшысының жастар мәселесіне орай жасап отырған оңтайлы қадамдарын сөз етеді.
...Өткен аптада облыс әкімі Қ.Көшербаев «Достық үйінде» облыс жастарымен еркін кездесу өткізіп, жастарды толғандырып жүрген мәселелерін, ұсыныс-пікірлерін тыңдауға алтын уақытының 3 сағатын арнады. Айта кетейік, бұл аймақ басшысының жастармен, блогерлермен және әлеуметтік желілердің белсенді қолданушыларымен өткізген бірінші кездесуі емес.
Аймақ басшысы жиынды осыған дейінгі кездесуде жастар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілуі, берілген тапсырмалардың орындалуы туралы жағымды жаңалықтар айтумен бастады. Ретімен тарқатар болсақ, жастар «Сыр Алаштың анасы» экспедициясын ұйымдастыру, стритбол алаңдарын салу, Қызылордада марқұм Б.Шөкеновке арналған ескерткіш белгісінің эскиздік жобасын әзірлеу үшін конкурс өткізу және «Жастар фестивалін» ұйымдастыру сияқты мәселелерге қолдау сұраған болатын. Аймақ басшысы бұл ұсыныстар қолдау тауып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.
- Біз өз тарапымыздан жастар саясатына жаңа мазмұн, жаңа форма әкелуіміз керек. Елдегі жастардың да, саяси-қоғамдық ұйымдардың жекелеген мәселеге түрлі көзқарасы болуы мүмкін, бірақ елдің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылыққа келгенде сөз де, іс те, ұстаным да ортақ болуы тиіс. Ауылдың да, қаланың да жастарымен белсенді жұмыс істеп, оқитынына бағыт беріп, оқымайтынына оқуға жағдай жасап, жұмысқа орналастыруға немесе кәсіп ашуға көмек көрсетілуі қажет, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Жастар мәселесінің түйінін тарқатуда атқарылған және алдағы уақытта орындалатын жұмыстар жөнінде баяндаған аймақ басшысы, өзі арнайы осы кездесу үшін дайындатқан қысқаша видеоны көпшілік назарына ұсынды. Бейнекөріністе 1971 жылы 28 маусымда Оңтүстік Африка Республикасы, Претория қаласында дүниеге келген канадалық-американдық инженер, кәсіпкер, өнертапқыш және инвестор, миллиардер, әлемге белгілі «SpaceX», Tesla Motors және «X.com» компанияларының негізін қалаушы (соңғысы Confіnіty-мен бірікті, кейін PayPal деп атауы өзгертілді және 2002 жылы 1,5 млрд долларға сатылды, ал 2015 жылы $44 млрд-қа бағаланды) И.Масктың өмір жолы мен қазіргі таңдағы жарқын жетістіктері бейнеленген. 2015 жылы «Forbes» журналының рейтингінде, оның әлеуеті $12 млрд-қа бағаланған. Сонымен қатар, ол мұнай өнімдерінің пайдаланылу қажеттілігін түгелдей жоққа шығаратын үнемді электро-мобильді ойлап тапқан. Оның ең үлкен арманы Марс планетасын игеру. Осы ретте арнайы ұшқыш құрылғылар жасап шығарып, түрлі сынақтар өткізген. Әрине, сәтсіздіктерге де ұшыраған. Илонның айтуынша бір зымыранды бірнеше рет пайдалануға болады.
12 жасында-ақ атыс-шабыс ойынын компьютерде жасап шығарып 500 долларға сатқан жаңашыл өнертапқыш 26 жасында миллионер атанған. Аймақ басшысының айтуынша, қазір әлемдегі ірі миллиардерлердің бірі саналатын И.Маскті, күз айында Қызылордада көріп қалуымыз ғажап емес.
Сонымен қатар, Еуропада «Kіdzanіa» деген ойын саябақтары бар. Келушілер кезекке тұрып, адам қарасы үзілмейтін орын. Кәдімгі саябақтардағыдай әткеншектер мен сырғанақтар жоқ. Мұндай кешендер балаларға ойын арқылы үйрету принципімен жұмыс жасайды. Кішкентай меймандар өздерін дәрігер, өрт сөндіруші, шаштараз, аспаз ретінде көрсетеді. Яғни, бала кезінен өзіне ұнайтын кәсіпті таңдап, меңгереді. Бүгінгі кездесуде аймақ басшысы Қ.Көшербаев қаладан осындай ойын орталығын ашу жоспарланғанын айтты. Бұл тамаша бастама көпшіліктің көкейіне қонымды болды. Себебі, мұндай саябақтар балаға болашақ мамандығын таңдауға бағдар болатын, бақыт сыйлайтын мекен екені анық.
Қ.Елеуұлы бұл бейнекөріністі неге көрсетті, қытайлық миллиардер Джек Ма туралы, басқа елдердің үйреніп үлгі тұтарлық жақсы бастамалары туралы не үшін сөз қозғады деген ой туындауы мүмкін. Бұл іскер, көреген басшының «әлем осыншама қарқынды дамып жатқанда солардың істегенін неге біздің жастар да жасамасқа, неге үлгі алмасқа» деп жас өрендердің түйсігіне түрткі, санасына қозғау салуы болар дестік.
Аймақ басшысы сонымен қатар, Ресей Үкіметінің білім гранттары негізінде биыл Мәскеу және Санкт-Петербургтің маңдайалды оқу орындарында 500 сырбойылық жастың білім алуына жағдай жасалғанын, өзін олардың әкесі ретінде сезінетінін, биыл сол оқу орындарын тәмамдайтын мамандарға облыс аумағынан жұмыс орындарын дайындап жатқанын, сондай-ақ, биыл мектеп бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, оқуды жалғастыруға ниетті балалар 100 пайыз жоғары және орта арнаулы оқу орындарына қабылданатынын жеткізді.
- Биыл мектепті аяқтап, ҰБТ-ға қатыспаған 2 мыңға тарта бала бар, осы жастар 100 пайыз тізімге алынып, әрқайсысының жағдайы мен жоспары жеке қаралуы тиіс. Барлығы да оқумен, бірінші мамандық алу мүмкіндігімен қамтылады. Оған толық мүмкіндік бар, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Тағы бір ақжолтай жаңалық - әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға арналған облыс әкімінің оқу гранттары биыл 135 орынға көбейіп, жалпы саны 500-ге жетті. Сонымен қатар, осы жылы облыстағы орта және арнаулы кәсіби оқу орындарына арналған мемлекеттік тапсырыс 300 орынға көбейген. Осылайша, облыс есебінен жыл сайын бірінші мамандықты тегін алатын бала саны 3 мыңнан асты. Барлығын қоса есептегенде, 5200-ден аса қызылордалық жастар жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында мемлекеттік грант есебінен оқуға мүмкіндік алмақ.
Әрі қарай жиын жастар мен аймақ басшысының арасындағы еркін әңгімеге жалғасты. Суырылып шығып сөз алған «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы А.Сәдіров облыс орталығынан «Жастар саябағын» салуды ұсынды.
Аймақ басшысы «жасыл елдіктердің» бұл ұсынысын қолдап, Ә.Бөкейхан мен А.Яссауи көшелерінің қиылысында орналасқан «Невада-Семей ардагерлерінің саябағы» жанынан 50 сотық жер телімін бөлуді тапсырды. Алдағы уақытта онда жастардың демалысы үшін барлық жағдай жасалып, саябақ көгалдандырылатын болады. Өз кезегінде А.Сәдіров бұл жұмыстарды «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары өз мойнына алады деп уәде берді. Айта кетейік, 2005 жылы құрылған «Жасыл ел» еңбек жасағы осы уақытқа дейін 8 мыңнан астам жасты жұмысқа тартып, қаланы көгалдандыру жұмыстарына атсалысып келеді. Биыл жасаққа 1000 сарбаз жұмысқа қабылданбақшы.
Келесі кезекте «Жас құрылысшылар жасағының» жетекшісі С.Жұмабеков аймақ басшысына жұмыссыз жастардың мәселесін айтып, қолдау көрсетуін сұрады. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың айтуынша, жас құрылысшылар жасағының бұл ұсынысы толық қолдауға тұрарлық. Облыста жүріп жатқан құрылыс нысандарында бүгіннің өзінде 516 жастың жұмысқа тұруына мүмкіндік бар, аталған орындарға жас құрылысшылар жасағының мүшелері алынып, олар 40-60 мың теңгенің көлемінде жалақымен қамтылатын болады.
- Мен өзім де құрылысшымын. Еңбек жолымды сіздер сияқты жас құрылысшылар отрядынан бастағанмын. Қазір облысымызда құрылыс көлемі артып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Сондықтан жас құрылысшыларға қолдау көрсетуге біз дайынбыз. Өңірдегі құрылыс компанияларына 500-ден астам жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа орналастыру туралы келісім бар, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Айта кету керек, жас құрылысшылардың жасағы арқылы 2013 жылдан бері 900-ге жуық жас облыс көлеміндегі жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына жұмысқа орналасқан.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазір Қызылорда облысы құрылыс салу көлемі бойынша республикада көшбасшы аймақтардың қатарында. Тек 2015 жылдың өзінде Қызылорда қаласында 54 көпқабатты тұрғын үй салынып, 2684 сырбойылық баспаналы болды. Ал биыл 75 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді деп жоспарланып отыр.
Жерге, суға қатысты, жол жөндеу және басқа да мәселелер мен жастардың проблемаларын айтуда кездесуге келгендер жасқанып қалған жоқ. Амангелді ауылынан келген Рауан есімді суретші жігіт қалада суретшілер бас қосатын, өздерінің туындыларын халыққа еркін көрсете алатын жердің жоқтығын қозғап, суретшілердің арбаты болса деген ұсынысын білдірді. Сонымен қатар, өзен жағасындағы ауыл көрінісі бейнеленген өз туындысын аймақ басшысына сыйға тартты.
«Өркениетті Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Шаймұханбет психолог мамандар көптеп оқытылып жатқанмен, көбісі әртүрлі жағдайларда теориясын тәжірибеге ұштастыра алмай қалып жататынын, өзі куә болған оқиғамен байланыстыра айтып, бұл саланың маңыздылығы зор екенін, өзгерістер мен толықтыруларға мұқтаж екенін жеткізсе, «Асыл-Мирас» қайырымдылық қорының өкілі Г.Омарова мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары кездескен сайын арнайы бассейн болса деп сұрайтынын, соған қандай қолдау болады екен деп келіп отырғанын жасырмады. Оған қоса, өңірде қазіргі таңда радио жұмыс істемейтінін, облысқа бір радио керектігін айтты.
Мүмкіндігі шектеулі болса да, қоғамдық жұмыстардың, іс-шаралардың басы-қасында жүретін, тағдырға мойымаған Александр «инватакси» қызметі тоқтап тұрғанын, өзі сияқты жастарға шынығып, шыңдалатын бір орынның керектігі мәселесін көтерді. Бағына қарай бұл мәселе хаттамаға енгізіліп, екі аптаның ішінде арнайы жаттығу орны да, «инватакси» қызметі де шешілетін болды.
Жиында талантты, талапты, өнерлі жастардың басын біріктіретін, арманға қанат қағуына септігін тигізетін продюсерлік орталық пен ән жаздыратын студия керектігін Азамат есімді жас әнші тілге тиек етіп, бұл ұсыныс та алдағы уақытта оң шешімін таппақшы.
Басқосуға 80-ге жуық адам қатысып, оның 20-ы облыс әкіміне сұрақтарын қойып, жауабын алды. Қ.Елеуұлы кездесуде айтылған жастардың ұсыныстарын, жастар ұйымдарының жобаларын қарап, ұсыныстар дайындауды тиісті басқармаларға тапсырды.
Дәл сол күні кездесуге келе алмаған жастар жиынға қатысып отырған достарына «фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы тек жастарға қатысты мәселелерді емес, қоғамдық орындағы тазалық, тұрғын үй кезегі қашан жылжиды, көпқабатты үйлердің подъездеріндегі тазалық сақталмай отырғанын аймақ басшысына жеткізуін сұрап аманаттап жатқанын байқадық.
Еркін форматта ұйымдастырылған кездесу болғандықтан жастардың ұсынысымен, облыс әкімі «Арыс жағасында» әнін жастармен бірге шырқады. «Мен бүгін әкім емеспін, сендердің достарыңмын» деген сөзі қанаттандырды ма, жастар өздерін барынша еркін сезінді. Тіпті, аймақ басшысын құшақтап алғандар да болды.
P.S. Галстук туралы алғашқы түсініктерді көне Египет тарихынан кездестіруге болады. Иыққа тастай салған дұрыс геометриялық формадағы мата қиындысы тағушының әлеуметтік статусын анықтаушы рөл де атқарған. Осы ретте, аймақ басшысының жиын өтетін мәжіліс залына галстуксіз келгенін байқадық. Бұл іскер азаматтың бір сәтке болса да билік айтуға емес, жастармен тең отырып, қатар-құрбыдай сөйлесуге, сырласуға келгенін аңғартады. Әкім келгенше тоқпақтай галстугін тастамай отырған кейбір атқамінерлер Қ.Елеуұлынан үлгі алып, жаппай галстуктерін қалтасына тоғытып жатты.